• Қоғам
  • 21 Шілде, 2022

ҚАРЖЫ МЕН ҚАЗЫНА ҚАЙТАРЫЛҒАН АҚША ҚАЙДА ЖҰМСАЛҒАНЫ ДҰРЫС?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында шетелге заңсыз әкетілген қаражат пен активтерді қайтару жөнінде айтты. 
«Мен өз уақытында заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттік меншікке қайтарумен айналысатын комиссия құрдым. Мұндай активтер мемлекетке қайтарылады. Мұнда ешқандай экспроприация жоқ. Мен «алып қою және бөлісуден» мүлдем алыспын. Мұның бәрі заңды түрде жасалды, әсіресе, егер ірі компаниялар, сондай-ақ орта компаниялар біздің заңнамаға сәйкес жұмыс істесе, әрине, экспроприация болмайды. Бұл біздің қоғамдағы әлеуметтік тұрақсыздықты тудырады. Бірақ сонымен бірге адамдардың өздері де куә», – деген еді. Сонымен қатар шетелге заңсыз әкетілген қаражат пен активтерді қайтару жөнінде ведомствоаралық жұмыс құрғанын жеткізді.

«Бір-екі күн ішінде мұны ­орындау мүмкін емес екенін түсінемін. Біраз жыл қажет ­болуы мүмкін, бірақ бұл жұмыспен айналысуымыз керек. Мұндай активтер заңға қайшы ­шетелге экспортталғандықтан, олар өздерінің заңды иелерін ­табуы керек. Ал заңды иесі біздің Конституциямызға сәйкес халық болып саналады және халық атынан барлық активтерді ­парламентке, бүкіл халыққа есеп беретін ­мемлекет басқарады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыдан кейін Қайрат ­Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевқа және «Оператор РОП» мекемесі басшыларының ісіне қатысты жаңа дерек шықты. Олар Люксембургтен 170 млн АҚШ долларын өз еркімен қайтарып, «Қазақтелеком», «Көліктік сервис орталығы» және басқа мүлікті жымқыру істері бойынша шамамен 36 млрд теңгені өтеді. Ал «Оператор РОП» мекемесінің ісі бойынша шамамен 180 млрд теңгені жымқырудың алды алынды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлерінің ісі бойынша Гонконг пен Біріккен Араб Әмірліктерінен шамамен 3 млн АҚШ доллары қайтарылса, Боранбаевқа қатысты істі тергеп-тексеру барысында «Қазмұнайға» 11,3 млрд теңге қайтарылған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, «Олимп» букмекерлік кеңсесінің басшыларына қатысты істе 5,5 млн доллар және 200 мың еуроны Ұлттық Банкке аудару рәсімі жүріп жатыр. Мемлекет пайдасына 4 ұшақ, 5 жер учаскесі, 15 автокөлік және Алматы қаласынан 30 жылжымайтын мүлік тәркіленген. Ал Шығыс Қазақстанда ­Анатолий Балушкинге прокуратура 77 жылжымайтын мүлікті тәркілеу ­туралы қолдаухатты сотқа жолдады. ­Жалпы ел қазынасына 230 млрд теңге қайтарылған.

Сонымен қатар бұрын тәркі-ленбеген заңға қайшы нысандарды тексеру жалғасып жатыр. Белгілі болғанындай, активтерді қайтару жөніндегі комиссияның жұмыс тобының отырысында Виктор Храпуновтың Шығыс Қазақстандағы сегіз жер телімі тәркіленгені мәлім болды. Бүгінде сондай 36 нысан (коммерциялық және тұрғын үй, жер учаскелері) анықталып, Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Храпуновтың 8 жер учаскесін тәркілеу туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Осы сияқты, Алматыдағы ­«Барыс-4» мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін. Бұған дейін бұл базардың шенеуніктер бұрын мемлекеттік үлесін 5 есе төмен бағамен өткізген. Нысан 1,5 миллиард теңгеге бағаланған, олигополиялардың бірінде оны бар-жоғы 307 миллионға сатып алуға мүмкіндік болыпты. Қазір сатып алушының атына мәмілені бұзу және объектіні мемлекетке қайтару үшін талап арыз берілді.

Осы орайда АҚШ Қазақстанға қылмыстық активтерді іздеуге және қайтаруға қолдау көрсететінін атап өткен жөн. Апта басында Бас Прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев бастаған Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының делегациясы Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары барысында АҚШ Әділет департаментінің басшылығымен, ФТБ және Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Кездесу барысында екі жақ нақты қылмыстық істер бойынша ынтымақтастықты нығайту, сұрау салуларды электрондық форматта беру, киберқылмыспен күрес саласында тәжірибе алмасу, сотталғандарды ұстап беру және беру туралы шарттар жасасу мәселелерін талқылады.

«Кездесу барысында Т.Тәшімбаев америкалық әріптесіне ағымдағы жылдың 5 маусымында Мемлекет басшысының Жарлығымен экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылғаны туралы жеткізді, оның негізгі мақсаттарының бірі елден заңсыз шығарылған қаржы қаражатын қайтару болып табылады.

АҚШ Әділет департаментінің өкілдері қылмыстық активтерді іздеуге және АҚШ-тан Қазақстанға қайтаруға қолдау көрсетуге дайын екендеріне сендірді.

Біз осы орайда саясаттанушы мен экономист маманға «Қайтарылған қаржылар қайда жұмсалуы тиіс?», «Тексеру жалғаса беру керек пе?», «Барлық олигархтарды бақылап, тексеру қажет пе?», «Қайтарылған қаржы республикалық бюджетке түсе ме, әлде арнайы қор құрыла ма, нақтыланбаған. Бұл жағы қалай болу керек?» деген сияқты бірнеше сауал қойдық. Сарапшылардың пікірінше, қайтарылған қаражат әлеуметтік мәселелерді шешуге таптырмас мүмкіндік болып отыр. Тек оны дұрыс пайдалана білу керек.

– Егер қаржы қайтарылса, әрине, әлеуметтік салаға, денсаулық сақтау саласына жұмсалуға тиісті. Ең бірінші мәселе, ауруы тек шетелде емделетін балалар бар, солардың мәселесін шешіп беру керек. Олар өзі аса көп емес, 300-400-дей адам шығар. Ақ қанмен ауырған, шетелге барып ота жасау керек деген диагнозы бар науқастар әлеуметтік желілерде көп жүреді. Одан кейін көп балалы аналардың игілігіне жұмсаған жөн. Денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайын да түбегейлі жақсарту керек.

Қайтарылған ақшаны арнаулы мекеме құрып, соған құю керек. Қанша ақша қайтарылғаны содан кейін нақты белгілі болады. Ал егер басқалай болса, онда қанша ақша қайтқаны, қайсысы қайда жұмсалғаны белгісіз болып кетеді. Нақты үкіметтің жанынан немесе Президент аппараты тікелей бақылайтын арнаулы қор құрып, соған шетелден қайтқан ақшаны құйып отыру керек. Ал оны нақты әлеуметтік салаға, білімге, ғылымға, ең қажетті деген жобаларға жұмсаған тиімді. Мысалы, көп балалы аналар, бес, он баласы бар аналар үйсіз жүр. Осындай жанып тұрған мәселелерді ­шешуге күш салып, қайтарылған ақша халықтың мұқтажына жұмсалуы керек.

Барлығы заң аясында болғаны жөн. Мысалы, ­олигарх ондаған миллион теңге табады ғой, соның белгілі бір ­пайызын салыққа төлеу керек, белгілі бір пайызын өндіріске жұмсаған тиімді. Мұның бәрін заң орындары, жергілікті басқару, мәслихат бақылағаны дұрыс. Ал мұны қадағалауды арнаулы полиция қолға алса, тағы да жемқорлық орын алып кетеді», – дейді саясаттанушы Сайын Борбасов.

Оның айтуынша, заңның салтанат құрғаны дұрыс. Олигарх та, қарапайым адам да заңға бағынып, заңның орындалуын қадағалауы керек. «Оны ең бірінші Парламент бақылап отыруы керек» деген пікірде саясаттанушы. Ал экономист Бауыржан Ысқақов заңсыз активтерді қайтару мәселесі «Әділетті Қазақстан», «Жаңа Қазақстан» құру бағытында қуанатындай жағдай екенін айтады. Дегенмен қайтарылған қаражатты республикалық бюджетке құюдың қажеттілігі жоқ көрінеді.

«Менің субъективті пікірім, жалпы қазіргі уақытта, әрине, бір кездері бақылаусыз кеткен, тамыр-таныстық арқылы немесе басқа да жолдармен көптеген қаражат кейбір адамдардың қолына өтіп кетті. Олар сол арқылы өте жоғары деңгейде пайда тапты. Ал ол активтерді республикалық бюджетке түсірудің аса қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Өйткені жалпы республикалық бюджет бекітілетін құжат болып табылады. Ол арнайы органдардың, республикалық немесе жергілікті атқарушы органдардың өздерінің өтінімдері арқылы қалыптасады, ол арнайы комиссия арқылы бекітіледі. Яғни қосымша тағы да арнайы қаражат әкелу арқылы біз нарықта бос ақшаның көбеюіне алып келуіміз мүмкін. Өйткені сол республикалық бюджетке жоспарлаған қаражаттың өзі кейде игерілмей, былайша айтқанда нарықта бос ақшаның қалып қоюы көп кездесіп жатыр. Сол үшін оған тағы да бір жоспарланбаған қаражатты аударудың қажеті жоқ. Бұл бір арнайы қорға түсуі қажет. «Қазақстан халқына» деген қор бар, жеке-жеке қор ашудың керегі жоқ. Бұл қордың өзі демеушілердің, тағы да басқа көздердің құралуынан қалыптасып отыр. Ең бір тиімді жолы, мысалы, әлемде осындай заңсыз жолмен қайтарылған қаражатты зейнетақы қорындағы сақтандыру деген түсінік бар, яғни сол сақтандыруға қосымша қаражат аударады. Сол қаражатты жабуға жұмсауға болады немесе қазіргі уақытта қандай әлеуметтік мәселе өзекті? Ол тұрғын үйге байланысты. Мысалы, Қазақстанда тұрмысқа ең зәру отбасылар бар, қаражаттың сомасына ­байланысты солардың тізімін қалыптастырып, соның пайыздық мөлшерін төмендетуге ­болады. Мысалы, бізде қалыптасқан банктік ипотека 15 ­пайыз болатын болса, соның жартысын жаңағы қаражаттарды жабу арқылы жеңілдетуге болады. Яғни қаншама миллиард қаражаттан өтінім берген әрбір отбасының 15 пайызының жартысын жауып беретін болса, ипотекаға рәсімдеген адамдарда жылдық төлем арзандайды. Демек қарапайым халық осы қаражаттың тікелей қалай әсер еткенін көреді және соны сезіне алады. Сонда мемлекет пен қарапайым халықтың арасында сенім күшейеді деп ойлаймын. Халық тікелей осындай көмектің болғанын көре алса және әлеуметтік үкіметтің барын сезінеді деп ­ойлаймын», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Экономистің айтуынша, тексеру жалғаса беру керек. «Жалпы облыстарда, аймақтарда осындай заңсыз алынған мүліктер, зауыттар көп. Соның бәрі тексеріліп, өзінің заңды иесіне қайтарылуы тиіс. Қайтарылған жағдайда оның да қаражаты тұрақты түрде тексерілгені дұрыс және олигархтарға да бақылау тұрақты түрде болғаны жөн», – деген экономист мұның науқандық сипатқа ие болмауы керегін алға тартты.

1028 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы