• Қоғам
  • 04 Тамыз, 2022

САЯСАТТЫ ӘЙЕЛДЕР ЖАСАЙДЫ, ЕРЛЕР ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Кеше түнде бүкіл әлем Тайваньға көз тікті. АҚШ өкілдері палатасының спикері Нэнси Пелосидің ұшағы Тайваньға келіп қонды. Бұл Қытай билігінің намысына тиді. 

Еуразия құрлығы Ресей - Украина соғысына алаңдап отырған сәтте «АҚШ-Қытай жанжалы өршіп кете ме?» деген күдік те болды. Кезінде Дональд Трамп мінберде тұрған сәтте оның баяндамасын  жұртшылықтың көзінше, қақ айырып бір-ақ жыртқан 82-дегі кемпір әлемдік саясатта АҚШ-тың қожайын екендігін тағы бір дәлелдеді. Көзі қарақты саясаттан хабары бар әлем Нэнси кемпірдің «ұшағы қай жерде ұшып келе жатыр, қанша минуттан кейін Тайвань территориясына кіреді?», бәрін-бәрін көріп, қозғалысты картадан бақылап отырды. Әлемді осындай кәрі, тіс қаққан саясаткерлер тығырыққа тірейді. Тіпті «Нэнсидің ұшағын қытай тарапы атып түсіре ме, АҚШ-Қытай     жанжалы басталып кете ме?» деген қауіп те болды. Қытайға да жан керек. Бірақ айдаһар елі әскери ұшақтарын әуеге көтеріп, Тайвань жағалауында бұрын-соңды болмаған әскери жаттығуларын бастап кетті. 
Саясаттанушы Асхат Қасенғали айтқандай, АҚШ-тың кәрі кемпірі сөйтіп,  «Қытайдың қан қысымын басына көтерді».  
– Пелосидің не айтатыны, қанша уақыт болатыны да маңызды емес, маңыздысы Тайваньға қонуы. Ол 5 секунд болса да Қытай өз территориясы санайтын аймаққа Бейжіңнің рұқсатынсыз кірді. Қытай енді оңтүстік-шығыс Азияда агрессиялық саясатын күшейтеді. Қару-жарақ саласына да қаржыны көбірек бөле бастайды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Пелоси қадамы сол аймақтағы милитаризм саясатының тұсауын кесіп кетті. Онсыз да «температурасы» жоғары аймақ еді. Кезінде Тяньаньмэнь алаңында қырылған қытай жастарына арнап гүл шоқтарын қойған Нэнси Пелоси тағы да Қытайдың қан қысымын басына көтерді, – дейді саясаттанушы.
Рас,  ғаламдық саясат ойынында ешкім де осал болмауға ұмтылар. Бірақ қорғанысқа қаржысын аямаған алпауыт ел ғана өзінің үстемдігін жасайды. Қазір халықаралық саясатта АҚШ-тың дегені болып тұр. «Әлемде екінші армия» саналатын Ресейдің өзін тығырыққа тіреп, Украинаға қару-жарақты үйіп-төгіп жатқан Америка дегенін істейді. Нэнси Пелоси сапары Қытайды да алаңдатып, әбігерге салды.  82-дегі Нэнсидің саясаттағы ықпалы сұмдық болып тұр. Кемпір де саясатта «ойын ережесін» жасай алады. Әрине артында АҚШ-тай алпауыт ел тұрса... Меркель де кезінде Германияның үстемдігін күшейткен. Маргарет Тэтчер де Англияның мықтылығын мойындатып кеткен. Демек «саясатты әйелдер жасайды, ерлер оны жүзеге асырады» деген сөз бекер емес. Елінде Ресеймен жан алысып, жан берісіп қан майдан болып жатқан тұста, Украина президенті Владимир Зеленскийдің әйелі де өткен аптада АҚШ-қа барып, қару сұрап келді. Қазір АҚШ-тың «Хаймерс» қаруы жауларын украин жерінде жапырып жатыр. 
Дәл қазір халықаралық саясатта бір ғана сауал тұр: Әлем қашан тұрақты даму қалпына түседі? Төрткүл құрлық мазасызданып, баға өсіп, екі ел арасындағы соғыстың ықпалы ғаламдық экономикаға орасан зор зардабын тигізіп жатқан тұста бізге қайтпек керек? Әрине, ең алдымен, қорғаныс қабілетімізді күшейткеніміз абзал. Онсыз болмайды. Тағы да бұрынғыдай көпвекторлы саясатымызды жүргізе береміз бе? «Қазақстан қолдан жасалған жасанды мемлекет» деп, артынан өз пікірінен тайқып шыққан  Ресейдің экс-президентінің сөзі бізді де қамсыз отырмауға итермелейді. 
– Төрткүл дүниеде шиеленіс потенциалы артуда. Ресей мен Батыс, Қытай мен АҚШ арасындағы саяси, экономикалық текетірес өзінің ең биік ашық та қызу шегіне жетті.Сонымен бірге әлемнің де саяси-экономикалық бет әлпеті өзгеру үстінде. Демократия, саяси плюрализм жүйесін мойындамайтын елдер экономикалық гегемонға айналу қаупі бар. Әлемдік ішкі жалпы өнім бойынша, АҚШ пен ЕуроОдақ елдері Азия елдерінен төмендеді. Бірақ бұл Азия елдерінің табиғаты мен менталитеті бізге сай емес. «Осындай күрделі заманда қалай өмір сүріп, жан сақтауға болады» деген сұрақ туады. Орта Азия елдері мен Түркі елдерінің одағын құру өте маңызды. Сол елдермен сауда-экономикалық, гуманитарлық қарым-қатынастарды дамыту керек. Екінші дүние жүзі соғысы кезінде, кіп-кішкентай Швейцария бейтараптықты өзінің бірлігімен, ынтымағымен, саяси күшімен ұстап тұрды. Сондықтан еліміздің ынтымағы мен бірлігін арттыру қажет. Әрбіреуіміз еліміздің тәуелсіздігі мен шекарасының бұлжымастығы басты мәселе екендігін есте сақтауымыз өте маңызды! Турбулентті заманда көпвекторлықтың да шегі болары сөзсіз, – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. 
Дұрыс пікір. Ұланғайыр территориясы бар Қазақстанда бос жатқан жер көп. Әсіресе шекаралық аудандарға  халықты қоныстандырмаса болмайды. Бәрі ел қауіпсіздігі үшін ­керек. Бізде көші-қон бағдарламасы бар. Әсіресе халқы тығыз орналасқан оңтүстіктегі жұртты солтүстікке көшіру бағдарламасын жүзеге асырған тиімді. Өткенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын қайта қарауды тапсырды
– Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте, халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек, – деді ол үкіметтің кеңейтілген отырысында. 
Дәл қазір бұл бағытта аздап қозғалыс бар. Мұны үкіметтің кеңейтілген үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да айтты. Қазақстанда жұмыс күші тапшы өңірлерге 1 147 отбасы немесе 3,8 мың адам қоныс аударған. Министрдің айтуынша, қоныс аударғандардың ішінде 540 адам – шетелден келген қандастар. Министр «Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының тұжырымдамасы әзірленгенін де атап өтті.  «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша да жұмыс жалғасып жатыр. 
Мұның бәрі ел қауіпсіздігі үшін керек. Елің үшін ­патриот болғаның дұрыс-ақ. Бірақ экономика мен қорғаныстың да  қуатты болғаны жөн. Әлем соғысты қаламайды. Әңгіме 82-дегі АҚШ-тың саясаткер кемпірінің Тайваньға Қытайдың рұқсатынсыз келуінен басталды ғой. Қытай намысы. Бір сапар мың күдік... Әлемге үстемдік етудегі «ойын ережесі» әлімсақтан осылай жалғасып келген, жалғаса да береді. Сондықтан біз үшін аймақта Орта Азия елдері мен Түркі елдерінің одағын құру өте маңызды. Әзірге орындалмас арман көрінер, дегенмен дұрыс, тиімді жол осы. 
 

979 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы