• Қоғам
  • 11 Тамыз, 2022

АУЫЛДАН КЕТКІМ КЕЛМЕЙДІ

Әр адам баласына өзінің кіндік қаны тамған, өсіп-өнген алтын ұясы, яғни туған жері ыстық. Менің әжем де сондай адамның бірі. Жас ұлғайған сайын ауру-сырқау, уайым-қайғы көбейеді екен. Соны көрген ата-анам ауылдағы әжеме «Қалаға неге көшпейсіз? Ауылда ештеңе қалмады ғой, сағынсаңыз ауылға келіп тұрамыз» деп қанша айтқанымен, әжем көнбейді. Сондағы айтатын екі-ақ ауыз сөзі: «Қара шаңырақты тастап ешқайда кетпеймін. Бекерге әуреленбеңдер». 

Осыдан-ақ шаңырақ деген ұғымның қаншалықты қадірлі екенін түсінгендей боласың. Қаладағы дамыған инфрақұрылым, инновация, озық технологиялардың ешқайсысы ауылдың таза табиғаты мен табиғи өніміне тең келмейді. Бірақ заман талабы ма, әлде адам өзгерді ме, қазір жас-кәріге дейін қалада тұруды құп көреді. Мүмкін, ол да жөн шығар. Қаланың мүмкіндіктер мекені екені анық. Ауыл мен қала тұрғындарының өмір салтын салыстыруға мүлде келмейді. Қалада үнемі қарбалас тіршілік, ал ауылға келсең ішіңде жан тыныштығы орнап, жердегі жұмаққа тап болғандайсың. Ауылда болашақ жоқ деген бос ұғым. Себебі бүгінде туризм күннен-күнге дамып жатыр. Шет елден келген жиhанкездер, әсіресе Қазақстанның табиғатына қызығады. Ауылдың тұмса табиғаты, жусанның иісі, күнбатыстың өзі қандай тамаша десеңізші?! Бұл нәрсені жүзеге асыруға не кедергі екенін түсінбеймін. Біріншіден, еліміздің экономикасына үлес қосамыз әрі жастардың санасындағы ауыл туралы ақылға қонымсыз ­приоритеттерден арылатын едік.

«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген өлең жолдары осындайда еріксіз есіңе түседі. Мына жаhандану заманында техниканы игеріп, медианы білмесең қоғам көшіне ілесе алмайсың. Алайда ұлттық руханият пен құндылықтарымыздың  алтын бесігі – ауылды жадымыздан шығармай, сағынғанда келіп тұруды ұмытпайық!

Әсел ЕРБОЛОВА

729 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы