- Қоғам
- 11 Тамыз, 2022
КИНОҢ ҚАНДАЙ БОЛСА, ҚОҒАМЫҢ ДА СОНДАЙ
1. Экономикалық жоғары жетістіктермен шешілмейтін проблеманың бірі – сауатсыз надан немесе рухани мүгедек болу!
Халқымыз әрдайым өз ұрпағын дұрыс тәрбиелей алған. Мәдениеттің басты негіздері оңай әрі түсінікті болатын. Рухани және діни ұғымдардың іргетасы оңай қаланып, жалпы ұлт мәдениеті біртұтас болған. Ғасырлар бойы ата-бабамыз қалыптастырып кеткен салт-дәстүр – темірқазық іспетті соңғы ұрпаққа үлгі. Қазір осының бәрі маңызын жоғалтқандай. Жан-жағымыз түгел өзгерді. Күні бойы компьютер құшақтап, интернетте отырған бозбала қаламмен мұра қалдырған атасынан өзін ақылдырақ санайды.
Бұл тұрғыда белгілі антрополог, мифология мен дінтану саласын зерттеген маман Джозеф Кэмпбелл былай жазыпты: «Беделді болу – ақсақалдардың бұрыннан артықшылығы еді. Қазір біз олармен сөйлесе алмаймыз, ал дәстүрлі қоғамда олармен қарым-қатынас дұрыс орнаған. Себебі дәстүрлі қоғамда ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан. Бір мәселеде үлкен кісілермен кеңесіп, ақыл сұрау дәстүрі болатын. Қазір ол жоқ».
Қазір ақсақалдардың адамгершілік пен рухани құндылықтарын кешегі күннің тозығы деп санайтын жастар алға шығып барады. Кітап дүкендерінің саны, ондағы әдебиет сапасы және кино мен теледидар репертуарының өзі соның дәлелі.
Қазіргі заманның нақты көрінісі – бітпейтін жаһандық әдепсіздік, ұятсыздық пен парықсыздық.
Жаһандану мен ұятсыздық синонимге айналды. Қоғамның саналы бөлігі бұл процеске ішкі қарсылығын білдіріп жатыр. Мәдени деңгейдің бір көрсеткіші тарихыңды тану, бірінші кезекте рухани әрі моральдық даму. Өз мәдениеті мен дәстүрлі құндылықтарын бүгінгі заманға лайықтап сақтаған қоғам ғана көшбасшы ел бола алады. Бұл жерде экономикадан гөрі тәлім-тәрбиеге баса назар аударылуы тиіс. Бала кезден үлкенді сыйлау, еркін ойлау, табиғатқа жақын болу сияқты ата-бабамыздың тәрбие негіздерін санаға сіңдіру керек. Ішкі мәдени діңгегі мықты жастар қандай да бір өзгерістерге төтеп бере алады. Мемлекет өз тарапынан мәдениет деңгейі арқылы қалыптасатын болашақ ұрпақтың рухани-моральдық дамуына жауапкершілік алуы керек.
Тап осы мәселеде мәдениетке мемлекеттік қолдау қажет. Мәдениет адамның жанын қорғайтын болғандықтан, өнер саласын дамытуға бөлінетін қаржы, кем дегенде, елдің қорғаныс саласына берілген бюджетпен бірдей болуы керек. Мәдениет деген – елдің ұлттық қауіпсіздік саласы!
2. Қазіргі қоғамда өрескел психиатриялық белгілер сәнқойлық мәнер мен жүріс-тұрыс әдетінің үлгісі ретінде ұсынылған. Моральдің бұзылуы мен бұрмалануы міндетті түрде психикалық деформацияға әкеледі. Жас ұрпақтың, тіпті балалардың психикасына әдейі әсер етіп жатқан жағдайлар бар. Оны кейде «жыныстық тәрбие» деп алып, адам санасына, психикасына кері әсер ететін нәрсе ұсынылады. Мұның бәрі әдемі «гуманистік» деген қаптамада беріліп келеді. Психикалық ауруы бар адамның сырқатнамасында науқастың ұқыптылығы деген баған әрқашанда болған.
Егер науқас үсті-басын таза ұстамаса, бұл оның психикалық ауытқуының көрсеткіші. Бүгінде үнемі жыртық шұлық кию немесе мүлде кимеу, әдейі жыртық шалбармен жүру, шашын жуып-тарамаса немесе түймесін дұрыс салмаса, апталап қырынбау сияқты ауытқушылық белгілері, өкінішке қарай, кейбір жастар сәніне айналып отыр.
Немесе жастар аудиториясына арналған көптеген фильмдердің кейіпкерлерін алайық. Әдетте, бұл өз жолындағының бәрін қиратып, жан-жағын жайратып тастап проблемалардың бәрін бір сәтте шешетін, өте мықты адам-супермен. Психиатрияда бұл, әдетте, сезімталдықтан жұрдай, асқан қатыгез немесе шизофрения дертіне ұшыраған адам.
Заманауи адамның тағы бір көрінісі – бүгінде прагматизм ретінде берілген шектен тыс рационализм. Бұл да шизофренияның белгісі. Ақылынан адасқан адамда сезім болушы ма еді? Айтайын дегенім, бүгінгі таңда жастарда сезімнен гөрі прагматизм басымырақ. Бұл да психикалық ауытқудың бір түрі.
Ал ар-ұяттың азғындауының психикалық ауытқудан айырмашылығы бар ма? Балаларға қауіпсіз жыныстық қатынас туралы айта отырып, біз оларды жыныстық қызығушылықтарын қанағаттандыруға итермелейміз, қалыпты психиканы құрудың ең маңызды элементі болып есептелетін отбасылық және неке құрудың құндылығын төмендетеміз. Кинотеатрда немесе теледидарда олар басқа адамдардың жатын бөлмелерінде не болып жатқанын шектеусіз көре алады – бұл тек вуайеризм ғана емес, сонымен қатар жыныстық ауытқушылыққа әкелетін жағдайлар. Ал сексопатология психопатологияның бір бөлігі емес пе? Тәлім-тәрбиедегі осындай ауытқушылықтар бүкіл қоғамның санасын да деградацияға, демек, тоқырауға ұшыратып жатыр. Осыдан барып зорлық, педофилдер т.б. азғындық түрлері көбейіп барады. Адамның жан дүниесі мен көңіл күйін сезіндіретін эмпатиямен қатар, эволюция адамға психологиялық әсерін берді – көрермен бейсаналы түрде өзін экрандағы кейіпкермен салыстырады. Жастар арасындағы ең танымал фильмдердегі басты кейіпкер күнделікті өмірде еш артықшылығы жоқ қарапайым ғана болып, кейін әлемге қауіп төнгенде сол кішкентай адам бетпердесін жұлып алып, жаһанды құтқарушыға айналатыны бекер емес.
Аудиторияға әсер етудің тағы бір механизмі бар – бұл көрермен өзін экрандағы кейіпкерден жоғары сезінетін кез. Егер фильмнің кейіпкері ақымақ және күлкілі болса, көрермен бейсаналы түрде оған риза болады, өйткені ол өзінің ақылдырақ екенін және мұндай ақымақтыққа жол бермейтінін біледі. Бұл жанр комедия деп аталады. Адамдар әртүрлі күлкілі және ыңғайсыз жағдайларға тап болатын комедияларға күлу, ең алдымен, әр адамның экрандағы кейіпкерден өзін әлдеқайда жоғары санауы әрі соған риза болып, қанағаттануын оятады. Отандық түкке татымсыз комедияларға сұраныстың артуы мен соңғы жылдары ондай арзанқол дүниелердің көптеп шығарылуы терең ойға батырады. Көріп отырғанымыздай, медиа-өнімнің сапасы мен көлемі қоғам дамуы деңгейінің айқын көрсеткіші. Кино қандай – қоғам сондай.
3. Соңғы онжылдықтарда әрбір екінші режиссер америкалық немесе еуропалық табысқа жету жолын көшіруге тырысқанымен, отандық киноиндустрия ұзақ уақыт бойы көптеген пікір мен сындарға арқау болып келеді. Сәнге айналған «референс» сөзі, еліктеушіліктің үлгісі болып шықты. Оның үлкен қателік болғаны бүгін мәлім болып отыр. Бұл қателік бүгінгі отандық кинематографияны екінші деңгейлі, қызықсыз әрі мүлдем бәсекеге қабілетсіз етіп тастады. Отандық кино қазір қиын дағдарыста қалды.
Он жылдай бұрын жеке продюсерлер отандық кинематографияның алдыңғы шебіне шығып, бұл саланы продюсерлік кино арқылы ғана дамытуға болатынын мәлімдеген. Десе де, біздің киноиндустриямыздағы негізгі продюсер – мемлекет. Енді сол нәтижелерді қарап көрейік. Ол үшін сізге маман болудың немесе сандарды мұқият білудің қажеті де жоқ, онсыз да түсінікті. Тек қана санаулы фильмдер ғана өзін ақтап, пайда көре алды. Оның өзінде олар арзан сайқымазақ кинокомедиялар. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын фильмдердің түгелге жуығы кассада сәтсіздікке ұшырады, көбі өндіріс құнының бір бөлігін де ақтай алмады. Бұрын бюджет қаражаты есебінен фильмдер түсіруде «Қазақфильмнің» монополиясы болған. Сол кезде мемлекеттік киностудия жұмысының баяулығынан, қаражаттың ашық емес және әділетсіз бөлінуінен ысырапшылдық туындады деп есептелді. Қандай да бір жобаны іске қосу басшылық кеңселерінде жабық есік жағдайында өтті және ол режиссерлер мен сценаристердің адалдық деңгейі мен тәбетіне байланысты болды.
2019 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылып, киностудияның монополиясын тоқтатып, жекеменшік кинокомпаниялардың жұмысына қарқын беруі керек болған. Осы орталық құрылған үш жылдан аса уақытта кино саласында не өзгерді? Жобаларды іріктеудегі ашықтықты талап ету мен әділетсіздікке қатысты тағы сол айыптаулар, Орталық құрылған күннен бері тоқтамаған дау-дамай жалғасып, тіпті оның бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық істер қозғауға дейін жетті. Орталық қаржыландырған фильмдердің саны елуге таяп қалды, ең болмағанда біреуі өзін-өзі ақтады ма, үміт ақталды ма? Өкінішке қарай, жоқ. Кинотеатрларда салық төлеушілердің ақшасына түсірілген отандық фильмдерді көрсету өте сирек, әдетте ең ыңғайсыз уақытта, таңертең немесе түнде ғана көруге болады. Сол себепті оларды теледидардан ғана көре аламыз. Бірақ қазір елдің негізгі телеарналары шетелдік фильмдермен араластырып, мемлекет ақшасына тапсырыспен түсірілген, бірақ әлдеқайда арзанырақ қаржы жұмсаған өздерінің киноконтентін көрсетіп жүр. Қазір қазақ тілінде қанша фильм түсіріліп жатыр? Теледидардан қаптаған сапасыз сериалдарды есепке алмағанда, өте сирек ұлттық толықметражды көркем фильмдерді табуға болады, оның өзінде көбі қазақ тіліне дубляждалған. Соңғы рет Ұлттық киноны қолдау Орталығы өткізген жоба байқауында, Сараптамалық кеңес төрағасы Досхан Жолжақсынов мемлекеттік қолдауға өтініш білдірген режиссерлерге «Қай тілде фильм түсірейін деп жатырсыз?» деген сұрақты қоюмен болды.
– Қазақша, – деп орысша жауап береді режиссер.
– Өзіңіз қазақша білмей тұрсаңыз, оны қалай түсіресіз?
– Аудармашы мен редакторды жалдап, дубляж жасаймыз ғой.
– Айналайын, ендеше сол кино аудармашы мен редакторға-ақ кино түсіру мүмкіндігін беру керек шығар?...
Өкініштісі сол, бұл отандық кинематографияның даму векторын айқын көрсететін мәселе.
Иә, кейде отандық фильмнің кезекті халықаралық кинофестивальде жүлделі орын алғаны туралы хабарды бәріміз де оқимыз. Бірақ әлемде ондай 6 мыңнан аса кинофестиваль бар, оның ішінде беделді әрі белгілісі өте аз. Бұл жүздеген миллион теңгеге түсірілген фильмдерді қазақстандықтар өздері көрді ме? Фестиваль жүлделерімен марапатталған отандық режиссерлердің тұтас бір тобы пайда болды, олардың есімдерін қарапайым қазақ көрермені естіп жүр ме? Олардың көптеген туындыларын қазақ киносына жатқызуға бола ма? Негізінде бұл, әрине, авторлық фильмер. Киногерлер арасында «Егер фильмің қалағандай болмай қалса, оны авторлық деп атай сал» деген қалжың бар. Қысқасы, авторлық кино жанры біраз авторларды осылай асырап отыр.
Жалпы әлем тәжірибесінде ұлттық кино жылына екі жүздей фильм шығарудан басталады. Қазақстанда бұл әлдеқайда аз. Оның үстіне бұл есепке жанрлардың барлық спектрін қосу керек – тек тарихи және спорттық драмалар ғана емес, балалар, жасөспірімдер фильмдері, анимациялық және деректі фильмдер де... Осы тұрғыда балаларға арналған кем дегенде үш-төрт қазақ фильмін еске түсіріп көріңізші, атауға тырысыңыз, экраннан қашан көрдіңіз? Балалар қазір гаджеттерде, интернетте сағаттап отырады. Олар қазақша мультфильмдер көре ме? Олар тіпті бар ма? Егер бар болса – қайда? Марқұм Әмен Хайдаров тіріліп келіп, «Балапан» телеарнасында көрсетілетін мультфильмдерді көрген болса, бірден қайта өліп кетер еді.
Барлық кинопрокат қазір жекенің қолында. Олар нарық заңымен өмір сүреді, бұл бизнес. Кезінде мемлекет ең бай кәсіпорын – «Казкинопрокатты» банкротқа ұшыратып, сатып жіберді. Біз жиі сынайтын советтік дәуірде ең шалғай ауылдар мен аудандарда фильмдер көрсетілетін клубтар болды. Жылжымалы кино қондырғыларын есептемегенде, республика бойынша мыңдаған киноэкран жұмыс істеді. Тәуелсіздіктің 31-ші жылында, XXI ғасырда елімізде 400-ден аспайтын ғана киноэкран (кинотеатр емес!) бар. Сонда отандық кино кім үшін түсіріліп жатыр, халықтың миллиардтаған қаржысы не үшін жұмсалып келеді? Ғаламторда көрсетіліп жатқан жеке немесе шетелдік ақшамен түсірілген фильмдер жастардың санасына қалай әсер етеді, болашақта бұл қалай болады?
Бүгінде кино саласын терең реформалау қажеттілігі туды. Тез арада әрі жан-жақты реформа керек. Бұл саланың маңыздылығын бағаламау мүмкін емес. Кино – ол идеология. Кино – қару. Ең бастысы, қазір мәселе тіпті ақша бөлуде емес. Кем дегенде, мақсаттар мен міндеттерді дұрыс құру қажет: біз нені қалаймыз және оған қалай қол жеткізгіміз келеді. Бюджеттік ақшаға түсіріп, оны әрі тиімді ету үшін қандай жағдай жасауға болады? Отандық көрермен қазақ фильмінің келесі премьерасын асыға күтуі үшін не істеуге болады? Бұл мәселелер шұғыл түрде қолға алынбаса, тым кеш болады, даңқты да бай тарихы бар саламыз біржола өшеді. Біздің заманымыздың отандық киносы дегенде, жұрттың есінде қалатыны КВН-стайл фильмдер мен олардың сабинка, тоқал, той тақырыбындағы сайқымазақтары болса, әлбетте өте ұят болады.
Қанат ТӨРЕБАЙ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
9475 рет
көрсетілді3
пікір