• Әдебиет
  • 01 Қыркүйек, 2022

ӨЛЕҢ ДЕГЕНІМ - ӨЗІМ БҰЛ

Нұргүл МАУЛИНА

 

Өткен күн – домбыраның ескі шегі,

Көңілден талай жылдың көшті сеңі,

Жүректе бала күннен қалған саз бар

Сол әуен естір әннің естісі еді.

 

Сағағы сары жіптен тоқылатын,

Сар желген сағыныштың оқып атын,

Оймағын бармағына іліп шешем

Әндетіп жабу тігіп отыратын.

 

Сол күнге қайта апарар кім бар мені?

Шалғайға әкетіпті-ау жылдар легі

Мұңлы әуен сақталыпты жүрегімде

Сол әуен есімде әлі...

тым зарлы еді...

 

Кең жайып дүниеге қос қанатын

Сығалап терезеден кеш қонатын

Алакөбең әлемге жарық төгіп

Сәулесі жылт-жылт етіп, пеш жанатын.

 

Көңілдің бояулары көшті күрең,

Сол кезден қалған саз да ескі білем.

Елітіп әуеніне қалғи кетсең...

Жайлы жер бар ма екен сол пеш түбінен!

 

Өткен күн – домбыраның ескі шегі,

Көңілден талай жылдың көшті сеңі...

Аспан сұр түбіт тартса, есіме сол

Түбінде анам отырған пеш түседі...

 

***

Жүректі қайтсем екен, ән-ғашықты,

Кірпігім іліп алып таңда шықты,

Еңсесін езіп қоғам, иін түсіп

Көңілдің іргелігін шаң басыпты...

 

Кірбің тарта бастапты-ау, сый кілем де,

Көкжиек көлбеп (көңіл күйті кем бе?)

Той жасағым келіп жүр, жарқыратып

Жанымның жайлауына үй тігем де,

 

Сөйтсем бір асқақтайды-ау, тауым анық,

Өлең-жыр өз жылғасын тауып ағып,

Рәбиға жеңешемнің шашбауынан

Сыр сандықтың сар кілтін тауып алып,

 

Мұрат пен мақсат егіз, бақ құмар-ды,

Маңдайшаға ырым қып, тақ тұмарды,

Шер тарқату керек-ау, жақсыларым

Шоққа демдеп қояйын аққұманды.

 

Шәй ішейікші!

 

Рабиға – Рабиға Ағыманова, тұңғыш өткен қыз сыны байқауының жүлдегері, комп. Қ.Көбентайдың жары.

 

***

Жүзімнен шаттық көрген, арай көрген

Бағамды асырып жүр талай жерден,

Көңіліндей ақ түске бояпты да

Құрт беріп жіберіпті Оңай жеңгем!

 

Шаштағы аппақ селеуді санай келген,

Жыл мынау шаттығыңды тонай желген…

Жабырқап отыр едім, жан-күйімді

Тап басып таныған ә, қалай жеңгем?

 

Тіні тарқатылмайтын төзім берген,

Мейірімі мөлдіреп көзінде өрген,

Сыйластықтың сарқытын сақтап жүрген

Жеңгем еді ол шешемнің көзін көрген.

 

«Желбегей киген күннің жеңі де кем,

Есіңнен шығарма оны, тегі, көкем»,

Уыз татып тұратын балалықтың

дәмі аузында жүрсінші деді ме екен?

 

БІЛТЕ ШАМНЫҢ ЖАРЫҒЫ

 

Әр кеудеде айтпаған ән бар ұлы,

Естелік бар дәмі бал, арда мұңы.

Еркелік бар жүргізген ханға әмірін

Кеудесінде білтелі шам жарығы!

 

Жылу тарап, жайдағы салқынды алып,

Көлеңке суреттейтін қалпымды анық.

Қараңғылық жәйменен сейілетін

Шамнан сәуле тарайтын жалқынданып.

 

Сұлу еді сол шақтың түні, таңы,

Оны қалай жүрегің ұмытады?

Көңіліңді кіреуке мұнарласа

Сол әлсіз сәуле ғана жылытады.

 

Қоңыр үй сияқты еді күркесі әннің,

Жанарға тұнған шықты ірке салдым.

Көркеуделер, көңірсіп жүргендер көп

Түспегендер жарығы білте шамның.

 

Алаңсыз арнасынан тасып күнім,

Алдағы арманына асықты мың.

Сол шамның жарығына қарап, ұққам

Төр мен табалдырықтың қашықтығын.

 

***

Тағы өзімде, падишам да, төрем де,

Хансарайым – жансарайым өлеңде!

Әдемілік атаулыдан уыстап

Шашу шашқым кеп жүреді әлемге!

 

Жүректе жаз, көңілдегі күзді ұғып,

Мөлдіреген жыр моншағын тіздіріп,

Қаламымды қайта әперді қолыма

Жақсы адамның жанындағы ізгілік!

 

Жыр бұрымын жалтқа төсеп, отқа өрген

Құрбы қыздың жанарынан шоқ көргем!

Сол сәулеге жүрегімді жылытып,

Қоштаса алмай жүр екем ғой көктеммен!

 

Әдемі өткен әрбір сәттен теріп жыр,

Күй кеудемде күнге ғашық көрік жүр.

Бір құрбымның Ыстықкөлде қап қойған

Сыр сырғасын тауып алғым келіп жүр!

 

Жайлаудамын, ерік өзіңде, ерсеңіз,

Көңілімнің төрі өзіңде, келсеңіз,

Қасымда жүр, көк көйлегін киіп ап

Жеңешеме еріп жүрген он сегіз!!!

 

***

Шаттық тұнып шырайлы жүз – кесемде,

Бұл жерде мәңгі көктем! (күз көшемде),

Он жетінің ой-қыры адастырған,

Айнамды Айнакөлден іздесем бе?!

 

Бас бермей, құйғытқанда тұма жалған,

Жанарда мөлт-мөлт етіп тұна қалған!

Көзіндей күміс жүзік күн күлімдеп

Айдынға шағылысып сына қалған!

 

Сипаған жалынан жел, тағасын ән,

Ерке күй, сылқым дүние, сағасын ән.

Көмкерген шақтар қандай! Аққуымды

Күтсем бе екен сол көлдің жағасынан?

 

***

Жүрексіз жазу...

Бекер-ді.

Түнектен түскен жарық ем,

Жырыма қосқан шекерді

Шашудан теріп алып ем.

 

Ғұмырым әнмен әуре еді,

Құмырды тыңдай қалып ем...

Жырыма түскен сәулені

Көшіріп күннен алып ем.

 

Түндіктен жұлдыз тамыпты,

Күн күткен шуақ талып ең...

Жырыма құйған жарықты

Жанымнан қиып алып ем.

 

Арманды құшқан кезім-ді,

Жалғанға алау жағып ем,

Жырымда жүрген сезімді

Жүректен үзіп алып ем.

 

Еңсемнен баспай көш шемен,

Кемсеңдей берме, сезім – гүл,

Қоламта...

Табы өшпеген

Өлең дегенім – өзім бұл!

 

***

Сыбыры түннің...

тылсым-ды.

Гүлдәурен ғұмыр,

гүл сынды....

Қиялдың қимас құрбысы

Құба бел неге күрсінді?

 

Көңілдің қурап құрағы,

Тұғырын таппай тұр әлі...

Көзмоншақтарын төге сап

Күрең жол неге жылады?

 

Торқаның жеткен тозығы,

Бұйрығындардың боз үні.

Жұбатар екен қандай күн

Мендегі қоңыр қозыны?

 

АМАЛДЫҢ АҢСАРЫ

 

Жетектеп қыз ғұмырды төсі зерлі,

Көктемнің ілесейін көшіне енді!

Жырдан теріп ризық, несібемді

Көңілдің көк дөнені, көсіл енді!

Ақ боз үй анам тіккен, орның биік,

Шық тұнған шұғыласын таңның жиып,

Қызығып қырмызыға күн қарасын

Төгілтіп шығайыншы торғын киіп!

 

Бойыма бұла күш пен толар арын,

Ойына бұл өңірдің ораламын.

Желпитін самал соқса желегімді

Қайда екен менің қызыл орамалым?

 

Сұлудың сұқтандырмас сыры кімді,

Қазағым, қалт жібермен ырымыңды:

Ұзындығы – өлшемі ғұмырымның

Өрейін желмен тарап бұрымымды!

 

Жасынды жанардағы жалт ұрлай ма,

Кеудемді көктем гүлі толтырмай ма?

Қоңырауы көркіме сән қосатын

Үмітімді үкілер шолпым қайда?

 

Сақтасын сұлулықтың түзіп төрін,

Салайын саусағыма тізіп керім!

Тіл көзден таса жүр деп анам таққан

Қайда екен менің күміс жүзіктерім!

 

Қосады салтанаты салтыма сән,

Қасиет жиған бойға халқыма тән.

Ән салсам әуеніме қосыл құрбым

Тербесін арманымды алтыбақан!

 

АУЫЛДЫ АҢСАУ

 

Бұл күнде адам азайып барады күй ұғар,

Көңілде бірақ сыйласқан жанның сыйы бар.

Ауылды аңсап, сағынып жетем Бейнеуге,

Ақ мешіт болған ағамның мұнда үйі бар.

 

Ерекше мұнда жанарлар төккен мейірім,

Ұғасың қамқор жүректің ыстық пейілін.

Қалбалаң қағып шығады ағам алдымнан,

Ақтарып тастап ақ сүттей болған көңілін.

 

Жусанға жерік жүрекпен келдім елге осы,

Сағыныш толы жанымды менің емдеші!

Мен аңсап жеттім, ауылдың исін, жеңеше,

Жерошақ құрып, шайыңды шоққа демдеші!

 

Көлеңкеленіп, күн кейде шуақ төкпей жүр,

Өзіңдей болып маңдайдан ешкім өппей жүр.

Жарысқан желмен жаз күнім өткен бұл жерде,

Балалық дәурен, бал күндер қалған беткей бұл.

 

Елесіне ертіп өтіп бір кеткен сағым күн,

Естеліктерін тартты алға бала шағымның.

Қып-қызыл күрең, жаңадан туған ай сынды

Табаға көмген наныңның исін сағындым.

 

Сағындым кешті желіде бота боздаған,

Боздаған даусы жан-жүйелерді қозғаған.

Кербездік пенен паңдықты аруаналардан

Үйренсе, шіркін, сабыр мен салмақ аз ғалам.

 

Ауылдың қызы ем,

«Ауыл» деп жүрек соғатын,

Қиялдың құсы қияға ғана қонатын.

Өрістен қайтқан қоралы қойдың соңынан

Қамшылай сипап келетін әкем торы атын.

 

Ауылым десем тұлпары жырдың дара кеп,

Таңдайға мынау тылсымнан лағыл, тамады от.

Киесін ұғып табаным тиген мекеннің,

Жүрегім менің соғады мәңгі «Дала» деп!..

 

МҰРЫНДЫҚ

 

Күйкі тірлік, кімдер қожа, кім құрбан?

Күйбеңімен талайларды құл қылған!

Есімде әлі, сүйем, қарыс мұрындық

Әкем жонып отыратын жыңғылдан.

 

Күлгін нұрмен алау бояп от басын,

Шәйнек сыңсып, іліп қойып шоққа асын.

Қызыл ала жібек жүннен төгілтіп,

Шешем есіп отыратын ноқтасын.

 

Мал мен жанын шығармаған шашауға,

Өткен кездер ұста еді ғой жасауға.

Ол заманда мұрындық та, ноқта да

Бас білсін деп тағылатын асауға.

 

Өтті жылдар, уақыт сырын ұғындық,

Бәрі өзгерді, қоғамға сай құбылдық:

Бір ағамның мойынында жүр ноқтасы

Бір ағамның тұмсығында – мұрындық!

 

Ата-бабам, мұра қылған жеті өнер,

Сын айтасың, қай ұрпағың көтерер?

Бөріктінің басында жүр бұйдасы

Ал, жеңеше, жетекте де кете бер!

***

Аққулардан көрінбейтін көл беті...

Сол аққудан айнымайтын келбеті,

Желкеніне отырғызып жастықтың

Алматыға алып келген он жеті!

 

Өмір асу, өрге жүзер өткел-ді,

Өткен күнге арта алмайсың өкпеңді...

Көк көйлегім желбіреген көк белді –

 Келдім іздеп сол он жеті көктемді!

 

Жүрек аппақ – мәңгі дейтін жалғанды.

Тілек аппақ – жаңа жауған қардан-ды.

Ақ бұлттардың арасында қалқыған

Келдім іздеп сол бір аппақ арманды.

 

Жаз – жайдары, қыс – тамаша, күз – керім,

Кездер еді ол жуымайтын жүзге мұң.

Қайыңы көп, уайымы жоқ көшеден

Келем іздеп жастығымның іздерін.

 

Жанарыма жасырынған сырды ала,

Сағыныштың моншақтары сырғана!

Ештеңе де өзгермеген сияқты

Өтіп кеткен сол он жеті жыл ғана!

 

АПА...

 

Жылдар мынау – бұлдырап көшкен сағым,

Апа, сен айтшы қандай көшті аңсадың...

Жан сарайың тұра ма жап-жарық боп

Мөлдіресе жанарда бес моншағың?

 

Қызығын ертең көшер сеңге теліп,

Қиынын да өмірдің тең көтеріп.

Жаспен жуып алдың да жарқыратып,

Ілдің қайта орныма, төрге әкеліп.

 

Жаз ортайды, жетеміз, міне, күзге,

Жыры егізге сыр айттым, сыры егізге.

Ұшқаны аман болсын деп, қонғаны есен

Жаулығыңа түюлі жүреміз бе?

 

Мен Апа деп жазайын дастан атын,

Бұл – ғұмыр ғой өзіңнен басталатын.

Күндердің қуанышы алдыңда әлі

Қолтығыңнан демесе қос қанатың.

 

Ақ қайыңдай гүлдейтін кезін күткен,

Алып-ұшып, қойылмай сезім нүктем,

Қаяу салған сәттерім көптеу шығар

Биіктерден көрінбей өзің күткен.

 

Ата сыйлап, жансың ғой ене көрген,

Тауқыметті үн-түнсіз жеңе берген...

Шешем марқұм риза боп отыратын,

Әкем марқұм көрмейтін төреден кем.

 

Тәрбиең мен тәлімің - танығаным,

Кешір, апа, жуытсам жаныңа мұң.

Кеудемде бір жылт еткен жарық жүрсе,

Ол – ұямнан уызға жарығаным!

 

АҚ КӨЙЛЕК ЕМ...

 

Жанарын нұр, жүрегін жыр тербеген,

Салтанаты көз тартатын кермеден,

Ақ торғыннан төгілдіріп тіктірген

Ардай таза ақ көйлек ем – мен деген!

 

Ақ көйлек ем, армандардан тіктірген,

Анам берген иісі аппақ сүт сіңген.

Ақ жанымды алақанда аялар

Аяр күннен ардағымды күттім мен.

 

Ақ көйлек ем, аққу салған арман ән,

Армандарын армандарға жалғаған.

Көлеңкені көлегейлеп жабам деп

Сол көйлектің.... сау-тамтығы қалмаған.

 

Бір кездері базарда үстем бағасы,

(Алтын жіппен әдіптеулі жағасы),

Жағасы жоқ, етегі жоқ, жеңі жоқ

Сән құрайтын қалмаған еш шамасы

 

Ақ бояумен кестелі гүл теріппін,

Ақ көйлекті мен едім «ең көріктің».

Өз жарамды өзім таңып, жазам деп

Етегінен кесіп ала беріппін...

Жағасынан жыртып ала беріппін...

 

Күн күлмесе болсын қайдан өң нұрлы,

Жылдар озып, бояуымды оңдырды.

Жағасының жыртығынан жел гулеп

Менің жетім жүрегімді тоңдырды.

 

Ақ сәуледен алыстатып таңымды,

Құр сүлдерім... қапас түнге таңылды.

Ақ көйлектің орнында бөз шүберек

Жасырып тұр шұрқ тесік жанымды...

3787 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы