• Қоғам
  • 13 Қазан, 2022

АНАЛАР КЕҢЕСІ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Алматыда ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Қазақстан халқы ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Екі күнге созылған алқалы басқосуға еліміздің барлық өңірінен аудандық, облыстық Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелерінен құралған жүзден аса делегат қатысты. 

Жиынды Қазақстан халқы ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Шанай Нәзипа Ыдырысқызы ашып, басқосудың мақсатына тоқталды.

– Халқымызда «ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді  тербетеді» деген сөз бар. Біз Аналар кеңесін құрғалы бері өз алдымызға «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын іске асыруға мақсат қойғанбыз. Бүгін, ертең осы ауқымы үлкен жобаның еліміз бойынша қалай жүзеге асырылып отырғанын талдап, талқылаймыз. Өңірлердегі Аналар кеңесі төрайым­дарының есебін тыңдаймыз. Сондықтан баяндамаларыңызды барынша регламент сақтап оқуларыңызды сұраймыз.

Алғашқы болып сөз алған Ақмола облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы – Айнагүл Сабырбекқызы жыл бойы ауқымды бес жобаны жүзеге асырғандарын, оның барысында «Достық есігі» байқауы, «Бақытты бала, бақытты отбасы, бақытты Қазақстан» облыстық ата-аналар форумы өткенін айтты. Сонымен қатар мектептерде «Шаңырақ», «Күншуақ», «Өнеге» отбасы клубтарының жұмыстарымен таныстырды. Жалпы жыл бойы қырықтан аса іс-шара өткізгендерін жеткізді. Осындай ретпен облыстар мен мегополистерден келген Аналар кеңесінің төрайымдары өздері атқарған жұмыстарға тоқталды.

Ал сессияның екінші кезеңінде осы кеңестің мүшесі болып табылатын ғалымдар маңызды тақырыптарда баяндамалар оқып, болашақта атқаратын жұмыстарға өз ұсыныстарын білдірді.  Мәселен, филология ғылымының кандидаты Камал Әбілқасымқызы «Ұлттық тәрбие – мемлекетшілдік негізі» тақырыбындағы баяндамасында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды. Және жасөспірімдерді патриоттық тәрбиелеу жолдарын атап көрсетті.

Бұдан кейін сөз алған педагогика ғылымының кандидаты Сараш Сахиқызы «Ата мен әже – тұлғаны қалыптастырудағы маңызды буын» тақырыбындағы баяндамасында жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруде «Өркендеу» бағдарламасы – ғылыми қолданбалы жоба ретінде бүгінгі педагогика ғылымына және оның кеңістігі – білім беру саласына, оның ішінде жалпы білім беретін мектептерде жүзеге асыруға арналған құнды бастама екеніне тоқталды. Бұл жобада «Ата мектебі», «Әже мектебі», «Ана мектебі», «Аға мектебі» сияқты әлеуметтік институт саналатын халықтың тағылымдық мектептерін жандандыруға шақырды.

Ал «Қазақстандық ата-аналар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Бағила Балтабаева «Тегіңді сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле» деген тақырыптағы баяндамасында жас ұрпақты тәр­биелеуде ұлттық құндылықтардың мән-маңызына тоқталды.

Жалпы басқосуда көтерілген тақы­рып­тардың бәрі де өскелең ұрпақты тәр­биелеуде маңызды мәселелерді қамтыды.

Алқалы жиынның екінші күнгі жұмысына Қазақстан халықы ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің, Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов қатысып, Аналар кеңесі жұмысын белсенді атқарып жүрген төрайымдарды гүл шоқтары және бағалы сыйлықтармен құттықтады. Мұндай Аналар кеңесі пост кеңестік мемлекеттер арасында тек біздің елде ғана бар екенін, оның тәжірибесін енді Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан секілді көрші елдер алғалы отырғанын жеткізді. Сөзінің соңында Аналар кеңесі жұмысын жаңаша бағыттарда жандандыра беруге шақырды.

Жиын соңында кеңеске қатысу­шылар шебер аналардың жасаған заттарынан ұйымдастырылған көрмені тамашалап, естелік суретке түсіп тарқасты.

Нұрболат  АБАЙҰЛЫ

 

473 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы