• Қоғам
  • 20 Қазан, 2022

Студент сабақ оқи ма, жұмыс істей ме?

Студенттеріміздің барлығына бірдей жатақханада орын жеткілікті болмауы бізді алаңдатады. Орташа есеппен әр университетте 5 жатақхана бар екен. 2022 жылы оқу жылын бітірген түлектер саны 170 мың, грант саны 56 мың, ал бұл сан жалпы алғанда өткен жылдардан жоғары. Жатақхана төлемдері орташа есеппен 9 айға 150 мың теңге. Ай сайын 15 мың теңгеге студенттер жатақханаға ақы төлейді. Барлық Жоғары оқу орындарының жағдайы керемет деп те айтуға келмейді. Үлкен мегаполисте бірінші курс студенттері ғана жатақхана ала алатын мысалдар бар. Түнейтін жер таба алмай, жаңа қалаға келген студенттер вокзалдар мен саябақтарда түндерін өткізгені де рас. Соның бірі Сейдахмет Дамир былай дейді:

– Біз пәтер жалдап, төрт бала болып  тұрып жатқан едік, бір апта өткен кезде көрші үйдегі тұрғын шағым жасады. Пәтер  иесі бір түн түнеп шығуға мүмкіндік бермей кешқұрым пәтерден шығуға мәжбүр етті. Сол себепті, түн ішінде заттарымызды алып, достарымызбен вокзал орындықтарында түнедік. Екі күн бойы пәтер іздеген уақытта вокзалдың жоғарғы қабатында ұйықтауға тура келді. Күзетшілердің көзіне түсіп қалсақ, амалсыздан басқа орын іздеп кететін едік.

Пәтер бағаларының жыл сайын күрт артатыны барлығымызға мәлім. Қазір баға аспандап, 1 бөлмелі пәтер бағасы айына 300 мың теңгеге жетті. Оның өзінде бір пәтерге 3 адамнан артық тұрғызбайды. Студенттер  айына 100 мың теңгені төлеп тұра алмайды ғой, жүріп-тұруі, тамағын қосқанда студентке көмектесу ата-ананың өзіне ауыр. Студент пәтерге айына 100 мың теңге төлесе, тоғыз ай оқу жылында 900 мың теңге тек баспанаға кетеді екен.

Сол үшін студенттер ата-анасына масыл болмайын деп қосымша жұмыс істеп, оқу оқуы қиындайды. Бір мезетте барлығына үлгере алмайтыны рас қой. Студент ең алдымен білім алуы керек пе, әлде пәтер ақысын төлеу үшін жұмыс істеуі керек пе? Ал оған азық-түлік бағасының қымбаттауын қоссаңыз, студент екі есе жұмыс істеуі керек екенін түсінесіз. Мұндайда сабақты қалай оқимыз?

Ал Алматы маңындағы елді ме­кендер мен аудандарда тұрып, Алматыға келіп оқитын студент­тердің жағдайы мүлдем ескеріл­меген. Мәселен, Алматы облысы­ның маңындағы Талғар ауданы Қызылқайрат ауылының тұрғыны Нұрсейіт Мадияр былай дейді:

– Таңғы 5-те оянамын, алтыға таман жүретін ең бірінші автобусқа мініп, қала ішіне жетемін. Одан соң метромен университетке барамын. Егер автобусқа таңғы сағат 6-дан кеш отырсам болды, кептеліске түсіп, күллі жоспарым орындалмайды. Ауыл ішінде автобус сирек жүреді, көп жағдайда аялдамада 20-40 минут күтіп тұрамыз. Адамның көптігінен отыратын орын болмайтыны түсінікті. Келесі автобусты күтіп тұрғанда қалаға уақытылы жете алмай қаламын ба деп
уайымдап, бір автобусқа сансыз адам бір-бірімізді итере-митере мініп аламыз. Алматыға қатынап оқитын студент ретінде айтсам, осылай таң бозынан тұрып, университетке барып, қайтадан ауылыма қайту үшін, бір күнде шамамен
4 сағат уақытым жолға кетеді.

Алматыда Мадияр секілді қала сыртынан қатынайтын студенттер өте көп, олардың барлығына қала ішіне барып-келу қиындық туғызады.
Арнайы сағаттар бөлініп, оқу орындары осы жайтты қозғаса дейміз.

Сонымен, студент ретінде сұрақ қойғым келеді: студент сабақ оқи ма, жұмыс істей ме, кептелістерден қашу үшін күнде таң бозынан тұрып, үйіне кеш қарая бір-ақ бара ма?

Әнел САЛМАН,

Абылайхан атындағы

Қазақ халықаралық

 қатынастар және әлем тілдері

университетінің

журналистика мамандығының

 1-курс студенті 

958 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы