• Қоғам
  • 27 Қазан, 2022

«АДАМ ИТТІ ҚАУЫП АЛЫПТЫ» ДЕСЕ, ЖАҢАЛЫҚ ПА?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Ana tili»

«Журналист  талантты болса, науқасы да қатты болады. Ауруынан жартылай айыққан журналист – сыншы. Ал егер журналист осы сырқаттың созылмалы түріне шалдықса, жазушы болғаны». Бұл кімнің ұлағатты сөзі екені нақты  есімде жоқ. Бірақ өте тауып айтылған сөз. 

Бірақ бір нәрсе айқын. Журналистика ықылым заманнан дамып келеді. Фунциясы да – сол. Бірақ заман өзгерген сайын ақпаратты беру тәсілі де өзгереді. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында бүкіл Қазақстан нырығын  «сары басылымдар» жаулап алып, оқырманның ойы он саққа бөлінгені белгілі. Бірақ уақыт бәрін реттейді. Рас, бір пысықайлар сол кезеңді тиімді пайдалана алды. Кроссворд, сканвордтар шығарды. Нанымды, нанымсыз ақпараттарды оңды-сол ды таратты. Пайда тапты. Бірақ одан оқырман ұтқан жоқ. Нәтижесі – қайда сол «сары басылымдар?» Келмеске кетті. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Адам баласы сенімді ақпаратқа илануы керек. Мәселені жан-жақтан саралап, зерттеп барып жазылған мақала ғана оқырманның шынайы ықыласына ие болады.

Рас, әлі  де болса, фейк ақпараттың дәурені жүріп тұр. Оны жасыра алмаймыз.Бірақ фейктің де «сары басылымдар» сияқты бір сәттік дәурен екенін үнемі есте сақтауымыз керек. Ақиқаты, теріс ақпаратты терістейтін де журналист. Бұл бір. Екіншіден, бүгінгі уақыт заң үстемдік жасай қоймаған тоқсаныншы жылдардың кезеңі емес. Кез келген мемлекеттік ұйым немесе тиісті мекеме мен әкімшіліктің ресми өкілі өздеріне тиесілі ақпараттың растығын жедел мәлімдей алады. Сондықтан бүгінгідей алмағайып кезеңде оқырманның, ең алдымен, ресми ақпаратқа сенгені жөн. Дәстүрлі  журналистика дәйексіз сөйлемейді. Сенімсіз деректі жаңалық етіп, қоғамды шулатпайды. Түсі игі адамның өзі интернетке телмірген уақытта ақпарат
адастыруы да мүмкін. Ақиқатын оқырманның өзі айыра алуы керек. Отандық сайтта әлі «сайтани» материалдар жетерлік. Оқырманды оқыту үшін тақырыпты айқайлатып қоятындар әлі де бар. ЮНЕСКО Ұйымының бірталай жыл кеңесшісі, АҚШ-тың айтулы социологиялық журналын бес-он жыл басқарған Чарлз Андерсон Дейланың ақпаратты қалай беруге қатысты бір ұлағатты  сөз айтқан. «Адамды ит қауып алыпты»  деген жаңалық емес, Адам итті қауып алыпты» десең, жаңалық!». Осыдан 35-40 жыл бұрын айтылса да, бұл сөз көкейкесті ме? Өзектілігін жойды ма? Мейлі өркениет дами берсін, бірақ фейк ақпараттар да өмірде қосарланып, жүреді. Бұл – заңдылық. Дегенмен оқырман қай БАҚ-на сенеді? Мемлекеттік басылымдарға ма, телеарнадағы жаңалықтарға ма, жоқ әлде тәуелсіз сайттар мен газетке ме? Қалай болғанда да мұның ара-жігін айыра білу оқырманның өз еншісінде және ақпаратты қалай қабылдауына қатысты. Жоғарыдағы Чарлз Андерсон Дейланың пікріне қарама-қарсы қазақтың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезов те ұлағатты, ұғымды сөз айтқан. «Ит мені қапты деп, оны қапсам, адамдық аузымда не қасиет қалады?». Демек, бұдан шығатын тұжырым: оқиғаны бұрмалап беру арқылы кей блогерлер оқырманды шатастыруы ықтимал.

Ақиқатында бұрмаланған ақпарат артынан тағы да шынайы зерттеуді қажет етеді. 1940–1949 жылдары ықпалды әдебиет журналының бас редакторы болған С.Конолли  «Әдебиетті екі рет оқып түсінесің, ал журналистиканы бір-ақ рет оқығанда түсінуге болады» деп бекер айтпаған. Мақаланы бір-ақ рет оқу – бұл шынайы ақпаратқа көз жеткізу. Коноллидің де, біздің де айтып отырған әңгімеміз осы.

Бұқаралық ақпарат құралдары — халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Ал журналистика қоғаммен бірге өмір сүреді, қоғаммен бірге тыныстайды. Ал мақалада келтірілген кез келген дерек – сол кезеңнің тарихы. Демек,  Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай,  газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі.  Ал жұртқа қызмет ететін қуатты құралға оқырман қаншалықты иланады? Салмақты, сапалы ойы бар газетке жазылу және оны оқу оқырманның еншісінде. Анығы, ой саларлық дүние жаза алмасақ, бізге серт. Серт пен сенім. Журналист арқалаған жүк әмәнда жеңіл емес. Ғаламторды қанша мақтасақ та, ол газет пен журналдай бола алмайды.Тасқа басылған дүние қашан да  салмақты.

Ақпараттық технология дамыған сайын адамның ой-өрісі де кеңіп, тереңдей түседі. Біз расында өркениеттен тыс қала алмаймыз. Интернет, ғаламтор да қажет. Бірақ ақпаратты монитордан оқығаннан гөрі, газетті қолмен ұстап, сезініп оқығанның жөні бөлек қой.

Қазір әлемде ақпараттық майдан жүріп жатыр. Ал біз  ақпарат шбуылына қалай төтеп береміз? Ұлттық құндылық арқылы, қазақ руханияты арқылы ғана оларға тосқауыл қоя аламыз. Газет – үгіт насихат құралы. Ой-таным отауы. Біз ақпараттық шабуыл мен жаһандық қауіп-қатерге балаларымызды  қазақ мектебіне беріп, сананы рухтандырып, қазақыландыру арқылы ғана жауап береміз. Терең білім, саналы ақыл-ой мен ыстық жүрек пен мемлекетшілдік қана  «ақпараттық майданда» бізді қорғай алады.

Біз газет оқу арқылы Мұхтар Шаханов  айтқандай: «компьютербасты жарты адамдар»  болудан арыламыз. Алаш арысы Міржақып Дулатұлы  «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген.  Демек, Чарлз Андерсон Дейла үшін, «адам итті қауып алыпты» деген сөз жаңалық шығар. Ал біз үшін, «Ана тілі» газетінің оқырмандары үшін «адам итті қауып алыпты» деген оқиға жаңалыққа жатпайды. Демек, ақпараттың анық-қанығы мен салмақты, сараптамалық мақалаларды  оқу үшін қазір не істеу керек?

... «Ана тілі» газетіне жазылу қажет!

1296 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы