• Қоғам
  • 17 Қараша, 2022

ӘЛЕМ ХАЛҚЫ 8 МИЛЛИАРДҚА ЖЕТТІ. БІЗ ШЕ?!.

 «2022 жылғы 15 қарашада әлем халқының саны 8 миллиардқа жетті, бұл адамзат дамуындағы маңызды кезең болады». Бұл – БҰҰ сайтында жарияланған дерек. Жер шары осыншама халықты асырай ала ма, жоқ па? Бұл басқа әңгіме.

Рас, халықтың саны артып  барады. Мысалы, әлем халқының 7 миллиардтан 8 миллиардқа  дейін өсуі үшін 12 жыл қажет болды. Демографтардың пікіріне қарағанда,  9 миллиардқа жетуі үшін енді шамамен 15 жылдай уақыт қажет болады деп болжанып отыр. Ал жер шарының қай құрлығында халықтың демографиялық өсімі басым? Дерекке жүгінсек, әлем халқының өсімінің көп бөлігін Азия мен Африка құрлығы қамтамасыз етіп отыр.

Ағылшын зерттеушісі, дәрігер Томас Маккьюн­нің ойынша, әлем халқының өсімі туу көрсеткіштерінің артуына байланыс-ты емес, озық медицинаның дамуының арқасында осын­дай жағымды нәтижеге қол жеткізіліп отыр. 

Ал БҰҰ деректері Қазақстандағы демография туралы не айтады? БҰҰ мамандарының болжамына назар аударсақ, Қазақстан халқы 2022 жылдың соңына дейін шамамен 20 миллион адамға жетуі мүмкін. Бұл деректі пайызға шақсақ, қазақтар әлем халқының 0,24 пайызы шамасында ғана. Ал енді өзіміздің Ұлттық статистика бюросы келтірген деректерге назар аударайық. 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қазақстандағы халық саны 19 миллион 666,8 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар –12 131,1 мың (61, 7%), ауылдықтар – 7 535,7 мың адам (38,3%). 2022 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда халық саны 163,7 мың адамға немесе 0,8 пайызға өсті.

Иә, біз көбейіп келеміз. Демографиялық өсім артты. Қазақстандағы әйелдердің саны бұрынғыдай ерлерден басым. Санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) артық. Егер пайызбен айтар болсақ, ерлердің үлесі – 48,6% (9 324 840 адам), әйелдер үлесі – 51,4 пайызды құрады. Осылайша, Қазақстандағы 100 әйелге 99 ер адамнан келіп тұр.

Дәл қазіргі уақытта халықтың 80 ­пайызы қазақша біледі. Ресми мәліметке сенсек, 1991 жылы елімізде қазақша сөйлейтін халықтың үлесі 37 пайыз шамасында ғана болған. 2015 жылы бұл көрсеткіш 76,3 пайызға өссе, 2016 жылдың соңына дейін 80 пайызға жетті. Ал 2021 жылғы халық санағының алдын ала мәліметтеріне сүйенсек, қазір қазақша білетін ел халқының үлесі – 80,1 пайызға жетіп отыр. Өзге ұлт өкілдері ішінде Қазақстанда тұратын өзбектердің 72 пайызы, ұйғырлардың 71,7 пайызы, тәжіктердің 63,6 пайызы қазақ тілін біледі. Сондай-ақ еліміздегі әрбір төртінші неміс (25,2 пайыз), орыс (25,1 пайыз) және украин (23,7 пайыз) қазақ тілін меңгерген және сөйлей алады. Жалпы еліміздегі халықтың 15,9 пайызының ана тілі – орыс тілі, 3,2 пайызының ана тілі – өзбек тілі, 1,4 пайызының ана тілі – ұйғыр тілі деген мәлімет бар.

Ал бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Ал тіл білген адамда түйткіл болмайды.

– Қазақстанның әрбір азаматының парызы – мемлекеттік тілді білу. Мұны міндеті деп айтуға да болады, – деді бір сөзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

...Иә, әлем халқы 8 миллиардқа жетті дедік. Ал 20 миллионыншы қазақ қай аймақта жарық дүниенің есігін ашады? Бірқатар сарапшылар 2023 жылдың басында Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетеді деп жорамал жасап отыр. Ендеше дөңгеленген дүниеде қазақтың саны артып, қуанышты күндерге жете берейік.

Еркін  ҚАЛДАН

 

1123 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы