• Әдебиет
  • 24 Қараша, 2022

КОМЕНДАНТ ПЕН АРТИЛЛЕРИСТ

(Алақандай эссе)

Қалмұқан Исабаев пен Әзілхан Нұршайықов. Жолығып тұрған жері Жазушылар Одағы ғимаратының маңайы секілді. Әлдебір басқосу. Сол басқосудың алдында қазақтың баршаға танымал қос қаламгері кездесіп қалған болар, сірә. Күнге қарай алмай тұр ма, әлде көбірек әуреленген Шүкірді жақтырмай тұр ма, кім білсін, әйтеуір екеуінің де қабағының қыртысы қалыңдау... Әсіресе, Қалекеңнің оңқай асықтай шиырыла қалған тұрысы сол күнгі қиқы-жиқы көңіл-күйінен де хабар бергендей.

Қалмұқан ағамның шыбынның шаты айырылып кететін жалтыр басына сұмдық жарасатын мына бір қалпақ-баскиімнің бренді сияқты еді. Ал Әзағаң қашан да ұқыпты, өте тиянақты, мұнтаздай тап-таза қалпымен бес минуттық сөзіне бес күн дайындалып, сақадай-сай келіп тұрған беті. Елге белгілі екі ағамды байланыстыратын көп нәрсе бар. Біріншіден, екеуі де қан кешкен майдангер. Оның үстіне, атқыштар дивизиясының жауынгерлері. Бірақ екеуінің әскери атағы екі түрлі. Қалекең сұрапыл соғысқа кіші лейтенант болып кіріп, полковник шенімен аяқтаған. Ал қып-қызыл өрттің ортасына қатардағы жауынгер боп кірген Әзағаң сержант атанып оралған. Сержант болғанда да, ханға сәлем бермейтін сержант. Полковниктің де полковнигі, сержанттың да сержанты болады... Екіншіден, екеуінің де Кереку өңіріне қатысы бар. Қалекең – Баянауылдың тумасы. Әзағаң осы Павлодарда журналистік шеберлігін шыңдаған. Облыстық газетті басқарған. Үшіншіден, екеуі де «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істеген. Төртіншіден, екеуі де жұртқа жайлы, кең пейілді қаламгерлер болды. Бердібек Соқпақбаевтың ұзақ жыл үстел тартпасында жатып қалған «Ергежейлілер еліне саяхат» деген шығармасында қаншама жазушының ішінен Қалмұқан есімі бекерден-бекер ілтипатпен аталмаса керек. Ал Әзағаң жұртты жанына жолата бермейтін Батыр Баукеңнің тілін тапты. Тілін тапты да, адам айтқысыз даңққа бөлеген әйгілі шығармасын жазды. Қалмұқан Исабаевтың ең көп оқылған дүниесі – «Жолдас комендант». Себебі бұл туынды тосын тақырыпқа арналды. Өзі де соғыстан соң Германияның Ильменау деген қаласының коменданты болған. Бір емес, екі емес, табандатқан тоғыз жыл қырық мыңға жуық тұрғыны бар шағын шаһардың отымен кіріп, күлімен шыққан. Сондықтан біз романдағы Шмальштад қаласының коменданты Төлеген (Вернер) Ақыловтың ойлы образына кәдімгідей құлдық ұрдық. Сендік. Серпілдік. Сүйсіндік.

Біздің жастау кезімізде мынадай бір қалжың айтылатын еді: «Нұртас Исабаев керемет кеш өткізіпті. Оны Бейбіт Исабаев жүргізіпті. Исатай Исабаев сахнаны көркемдепті. Қалмұқан Исабаев ортаға шығып, бата беріпті. Ал Әлімжан Исабаев (Сабыржанұлы) соның бәрін телевизорға түсіріпті». Сонда көрсетілгендей, қадірі бөлек Қалекем қолына қалам ұстаған бүкіл Исабаевтың төбе биі тәрізді еді. Шүкір Шахай түсірген мына суретте де пәрменді полковник сыпайы сержанттың қасында жиылған жұртқа шекесінен қарап тұр... Несі бар, бәрі де жарасады Қалекеме! Сондай-ақ сержантың да осал емес. Әлгі бір әзіл өлеңде айтылатындай, «Тіл қатса егер ол демде, Тектілігін ұқтырар. Қарт сержантты көргенде, Генералдар тік тұрар»...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 

1898 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы