• Қоғам
  • 15 Желтоқсан, 2022

ЛУДОМАНИЯ: ҚҰМАРҒА ҚҰНЫҚҚАНДАР ҚАСІРЕТІ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

– Kaspi-де тиын бар ма?
– 600-ақ теңге қалды. 
– Маған ат, қазір 1000 теңге қылам. 
Бұл қоғамдық көліктегі мектеп оқушыларының әңгімесі. Ақырын телефонына көз салып едім, жарнамасы желіні жарған ойын түрі екен. Қорқып кеттім... Осыдан кейін қоғамның дертіне айналған бұл тақырып ойдан шықпай қойды.
Лудомания, гемблинг, игромания, құмар ойын әуестігі, құмар ойыншы – мұның барлығы әлем бойынша жайылып келе жатқан дерт атауы. Құмар ойынға тәуелділік тәннің емес, жан мен сананың ауруы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ойындардың психикалық ауытқуға әкеп соқтыратынын мәлімдеп, адам денсаулығына аса қауіпті сырқат қатарына жатқызып, дабыл қаққан. Ол ресми түрде психикалық ауытқу ретінде танылған, алкоголизм, наркомания, токсикомания сынды дертпен тең. Бірақ адам өз ауруын айғайлап айта ала ма? Ішіндегісін сыртқа шығарып, терттен жазыла ала ма? Әлеуметтік желілерде жарнамасы жер жарған ойындарға заң жоқ па? Бүгінгі әңгіме осы туралы болмақ. 

«ОЙЫН ОҚУЫМНАН АЙЫРДЫ»

Кейіпкеріміз Жәнібек Хамза (аты-жөні ауыстырылды – ред.) оқушы кезінен көшедегі терминал ойын автоматтарына әуестене бастаған. Терминалға 100 теңге салып, 3 мың теңге ұтысы оған үміт сыйлаған. Сол үміт сенімге айналып, құмар ойынға құныға түсіпті.

«Мектеп бітірген соң, өз қаламнан алысқа оқуға түстім. Ата-анамның бақылауынан шығып, еркіндікке бет алдым, қолымда телефон, жылтылдаған жарнама, күнделікті спорттық ойындар. Бар тапқан ақшамды ойынға тігіп отырдым. Үшінші курсты бітірген кезде, соңғы курсқа өте алмай, қалып қойдым. Ата-анам келіп, оқытушыларыммен сөйлесіп, сабағымның нашарлап кеткенін білді. Қарыздарымның көп екеніне көзі жетті. Көрінгеннен ақша сұрай берген соң, жас-тар арасында менің жағдайым тез белгілі болды. Ол әңгіме ата-анама да жетті. Сосын барлығын мойындап, емделуге шешім қабылдадым», – дейді Жәнібек Хамза.

Жас жігіттің емделуіне басты ықпал еткен – ата-анасы. Бүгінде оның арнаулы орталықта ем алып жатқанына екі айдан астам уақыт болған. Орталыққа келген соң, көп өзгеріп, психологиялық тұрғыдан да, физиологиялық тұрғыдан да оң өзгеріс байқалады.

«Емделуге келгенде салмағым өте аз болған. Өзіме физикалық тұрғыда қарап, жаттығу жасап, біраз салмақ қостым. Психологиялық тұрғыдан да біраз дайындық үстіндемін. Қазіргі таңда осы орталықта еріктілер қатарына қосылдым. Осындағы қызметшілерге  көмекші бола-мын. Екі ай жұмыссыз жатқан адам да дайын­ нәрсеге үйреніп алады. Дайын тамақ, дайын жағдайы жасалған нәрсеге үйреніп қалады. Сондықтан болашақ өмірге адамтация болсын деп мені еріктілікке тартып жүр.

Қазіргі уақытта әлем чемпионаты болып жатыр ғой. Алдыңғы келген кезде спорт туралы көп айтатынмын, қазір бұл тақырыптан алшақтаумын. Келген кездегі жағдайыммен салыстырсам, 70-80 пайыз нәтиже көрініп отыр», – дейді ол.

Емделушінің айтуынша, қандай да бір қателікпен осындай құмар ойынға кірген болса, саналы түрде әке-шешесіне мойын­дау керек. Өйткені қазіргі таңда ата-анадан артық қолдау білдіретін адам жоқ. Сосын өз өзімен күресу керек. Осындай орталықтарға барып ем қабылдап немесе өзі қалаған мықты психологпен жұмыс істеу керек. Сонымен қатар Жәнібек құмарға құныққан адам физикалық сау, бірақ психологиялық тұрғыда жынды құсап көрінетінін айтады. Айтуынша, көзі алақ-жұлақ етіп тұрады, қайта-қайта телефонын ақтара береді, сөйлеген кезде ақша туралы әңгіме болса қашады, үлкен суммадағы ақшаны естісе көзі жайнап кетеді, т.б. Құмар ойын ойнаған адам 100 теңге тігіп, 150 теңге ұтып алса да, оған ұтып алған нәрсе үлкен бақыт сыйлайды. Сондықтан алдамшы бақытқа, алдамшы сезімге берілмей, мүмкін болса құмар ойынға жоламау қажет екенін ескертті емделуші.

 

ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ ЕМІ БАР МА?

Қазір психолог, коуч мамандар өте көп. Алайда тәуелді адамдармен жұмыс істейтін психологтар өте аз. Психология-да көпшілікке таныс термин бар: бала кезгі соққы. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық жағдайда болатын соққы болады немесе ортасына байланысты адамдардың психологиялық өзгеруі болады. Қандайда бір нәрсеге тәуелді адамның негізгі себебін анықтап алу керек. Содан кейін ғана пациентпен қай бағытта, психологияның қай саласы бойынша жұмыс істеу керегін анықтауға болады.

«Мысалы, психоитерапия, психосоматика, психокоррекция, музыкатерапия бар. Тіпті иога саласы да психологияға қатты әсер етеді. Тәуелділіктен арылу мүмкін. Оны жазу үшін адамның өзінің тәуелділігін алмастыру керек. Мысалы, кейбір адамдар болады: ешқандай ішімдікке, есірткіге, құмар ойынға әуестігі жоқ. Бірақ олардың барлық әуестігі жұмыс болып есептеледі. Қазіргі таңда ойынқұмар адамның назарын,ой-өрісін, миындағы нейрондар дейміз ғой, солардың барлығын тірілтіп, соны басқа салаға аудару керек. Мысалы, кейбір адам суретті мықты салады немесе әнді жақсы айтады. Біреуінің шығармашылыққа немесе спортқа бейімі бар. Сол бейіміне қарай осы құмарлықтың орнын ауыстыру керек. Былай айтқанда, тәуелділікті алмастыру керек», – дейді психолог Герман Владимиров.

Маманның сөзінше, тәуелділікке бой алдыратын пациенттердің 90 пайызы үйінің ерке баласы немесе жалғыз баласы. Өйткені олар қатты қиындық көрмеген немесе ата-ананың қатты назарында болған жасөспірімдер көбіне осындай құмар ойынға әуес болады. Сонымен қатар жарнаманың көптігі де адамның ішкі түйсігі, ғажайыпқа сенетін адамдар осындай қадамға барады.

«Ойынқұмар адамдар көбіне өздері мойындап келеді. Өйткені олардың артында қарызы көп. Отбасының, жанындағы доста­рының сенімінен айырылған. Ұжы­мына сыйы жоғалған деген сияқты, жан-жақтан қысатын түрлі факторлардың әсерінен олар психологиялық түрде шаршайды. Сондықтан олар бәрінен шаршап, қандай ем-шара қолданса да қоюға тырысады. Бірақ мойындамай келетіндер де бар, әрине олармен жұмыс істеу қиын болады. Ең бірінші, біз туыс­тарына түсіндіреміз. Ол өзі мойындай ма? Тәуелді екенін мойындап тұрса, олармен жұмыс істеу әлдеқайда оңай. Егер адам өзі мойындамаса, онымен жұмыс істеуге болады, бірақ уақытты қажет етеді. Сонымен бірге сыртпен байланыс болмайды, интернетке шықпайды, қолында телефон болмайды. Орталыққа келгеннен кейін өзімен тағдырлас адамдарды көреді, олармен сөйлеседі, ақырындап өзі түсіне бастайды», – дейді психолог Герман Владимиров.

Бүгінде тәуелділікпен күрес жүргізіп емдейтін орталықтар баршылық. Сондай орталықтың бірі – «Ozger» оңалту орталығы. Негізін қалаушы – Нұрбол Бауыржанұлы. Оның өзі де құмар ойынның торына түсіп, екі жыл бойы өз өзімен күрескен. Медицинаға да, қазақи емге де жүгінген. Алайда нәтиже болмаған соң, ата-анасының, жақындарының қолдауымен оңалту орталығында ем алған. Сол орталықта емделіп жүріп, ерікті, кеңесші, басшының орынбасары сияқты баспалдақтардан өтеді. Басынан өткен тәуелділік пен құмарлықтан арылған соң, өзі сияқты адамдарға көмектесу мақсатында аталған оңалту орталығын ашып отыр.

«Қазір барлық амалдарды қарастырып, жобалардың жүйесін жасап, көріп, бас-тан өтіп, жұмыс істеп көргеннен кейін маған қатты қиынға соққан жоқ. Біздің орталықта штаттан тыс екі психолог маманымыз бар. Екеуі екі түрлі бағытта жұмыс істейді. Топтық және жеке жұмыс істейді. Одан кейін кеңесшілер клиенттерге қызмет көрсетеді, түсіндіреді.

Жалпы құмар ойынды қоюға болады. Ол үшін адамның ішінде күш-жүгері мықты болу керек, сосын уақыт керек. Құмар ойнайтын адамдардың көбіне жұмысты тек өзімен ғана емес, үйіндегі ата-аналарымен, туған-туыстарымен де жұмыс істеу керек. Өйткені ол ем қабылдап шыққаннан кейін онымен қалай сөйлесу керек, қарым-қатынасты қалай құру керек деген сияқты нәрселермен біздің орталық айналысады. Тек пациенттің өзімен ғана емес, оның туған-туысымен де аптасына бір рет психологтармен, біздің басшылық құрам жиналып онлайн немесе оффлайн форматта кеңесіп тұрамыз.

Ал емделіп-жазылу жағы адамның өзінің ішкі жағдайына байланысты. Жалпы біздің арнайы бағдарлама 3 айдан 4 айға дейінгі психологиялық бағдарлама. Біздің орталық қазіргі таңда 20 адамға арналған. Пациенттер туралы толық ақпарат берілмейді, тіркелмейді. Сондықтан қандай да бір базада сақталып қалады деген үрей болмайды», – дейді Нұрбол Бауыржанұлы.

Бұл орталық алкольден бас тарту, есірткіден құтылу, құмар ойыннан арылу, үйден алып, жеткізу қызметі, білікті психологтармен жұмыс, кодировканың барлық түрі, барлық құмарлық түрлерін гипноз арқылы кодировкалау сияқты қызмет түрлерін көрсетеді. Ең бастысы барлығы ананонимді түрде жүреді.

 

«ОЙЫН БИЗНЕСІ» ТУРАЛЫ ЗАҢ

Елімізде 2007 жылы 12 қаңтарда №219 нөмірмен қабылданған «Ойын бизнесі» туралы Заң бар. Жалпы 17 баптан тұратын бұл заң 2007 жылдан 2022 жылға дейін 31 рет өзгерістер мен толықтыруларға ұшыраған. Дегенмен, аталған заңда құмар ойынға жас шамасына қарай шектеу көрсетілмеген.

«Заңда көрсетілген «ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлерінің» біріншісі – казино. Ол елімізде Бурабай мен Қонаев қаласында бар. Екінші ойын автомат залдары, букмекерлік кеңсесі, тотализаторлар деп осы 4 нәрсе көрсетілген. Бұл жерде интернет қою арқылы да, автомат қою арқылы да жүргізіле береді. Балалар неге ойнайды дегенде, осы заңның олқылығы. Әдейі жіберіп қойған қателік деп айтуға болатын шығар. Өйткені, мысалы қылмыстық кодексте 456-466, әкімшілік кодексте 100-ден аса бап бар. Бұл «Ойын бизнесі туралы» Заң 17-ақ баптан тұрады. Бірақ қоғамға, жастарға алып келетін зияны өте көп. Өйткені «кәмелетке толмаған» деген сөз көрсетілмеген. Сол себепті, Заңдағы олқылықты пайдалана отырып, жеке тұлға деп келеді. Жеке тұлғаның жас шамасы шектелмеген. Сол себепті бұл үлкен мәселе болып тұр.

Қазір әлеуметтік желілерде құмар ойындардың жарнамасы ашықтан ашық жүреді. Бірақ оған заң бар. 15 бапта, кейіннен 2020 жылы толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Бұл жерде пайдасы мен зияны туралы жарнама жасау керек. «Азарттық адамның өміріне қандай, не алып келеді, азартқа тіркелген адам бәс тіккен адамға тәуекел өзінің тарапынан» деп айтып тұр. Сол үшін букмекерлік немесе тотализатордың ешқандай азаматтың болашақта ада болып кетуіне, күйзеліске ұшырауына ешқандай жауапкершілікті алмайды», – дейді заңгер Нұрлан Апақаев.

Құмар ойынға ұтылып, қарызға батқан адам – ерікті. Ойыншыға және ұсынушыға азаматтық кодекс бойынша ешқандай міндеттеме жүктемейді. Ойынның зардаптарынан ешқандай букмекерлік немесе тотализаторлар иелері Заңның алдында ешқандай жауапкершілік көтермейді. Тек қана заңсыз, лицензиясыз жұмыс істеген жағдайда ғана жауапкершілікке тартылады.

«Телефонда ойналатын құмар ойындарға қатысты Заң не дейді? Ештеңе! Керісінше телефон арқылы, телекоммуникациялық интернет жүйе арқылы ойын бизнесі әрі қарай дамытылып кеткен. Бұл қалай болады? Қандай жағдайда реттеледі? Мысалы, оқу орнында емтихан тапсырған кезде әртүрлі базаларды енгізген кезде, видеосы, жеке куәлігі бәрі куәландыру арқылы сол бала тапсырып отыр ма, басқа ма, тексереді. Білім саласында емтихан тапсырып жатқан адамға сондай қатты талаптар қоямыз. Ал интернет арқылы ойнап отырған, компьютердің ар жағында кім отыр, 5 жасар бала отыр ма, 15 жастағы жасөспірім отыр ма, оған ешқандай бақылау жоқ. ЖСН терсе немесе тіркелсе болды. Ойыны басталып кетеді, мұның өзі үлкен қауіп.

Сонымен қатар ойын үшін адамдар бір-біріне дұшпандық жасап, жек көрініштен өз өзіне қол салуы да мүмкін. Конституциямызда «ең қымбат қазына – адамның өмірі және адамның бостандығы мен құқықтары» деген жауап бар. Сол үшін осындай заңдарды қатаңдату керек деп ойлаймын», – дейді заңгер Нұрлан Апақаев.

P.S.

Психологтардың айтуынша, көп жағдайда лудомания дертіне ер адамдар шалдығатын көрінеді. Жалпы тәуелділікті екі санатқа бөлуге болады: химиялық және іс-қимыл тәуелділігі. Оның алғашқысына алкоголизм мен наркомания жатса, екіншісіне біз сөз етіп отырған игромания, лудомания, гэмблинг жатады. Құмарға құнығып қасірет тартпау үшін, әр адам ішкі ерік-жігерін үнемі арттырып отырған жөн. 
 

1442 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы