• Мәдениет
  • 15 Желтоқсан, 2022

ӘННЕН МӘН КЕТТІ

Халық өлеңі. Халық әні. Сөзі мен әні, мәні мен сәні жарасқан. Сондықтан бірде бір жолын алып тастауға немесе сөзін өзгертуге болмайды. Өйткені барлығы өзінің орнында. Ғасырлар бойы еленіп-екшеліп, сұрыпталып, осы күнге аман-есен жеткен халық сөзін бұрмалау – қиянат. Қазіргі әншілеріміздің ән сөздерін өзгертіп айтып жүргенін естігенде жаныңды қоярға жер таппайсың. 
Бір-екі белгілі әншіміз Мұхтар Шаханов сөзін жазған «Ақ бантик» әніндегі «Білмеймін, бой жетіп қалдың ба?» деген жолды «Білмеймін, ер жетіп қалдың ба?» деп бұрмалап айтқанын да естідік. Қыз бой жетеді. Ұл ер жетеді. Екеуін шатастыруға бола ма?

Нұржан Наушабайұлының:

«Домбыра күйге келмес бұрамаса,

Кім білер кімнің жайын сұрамаса,

Ер жігіт мал тапқанмен не болады,

Жұбайы бір жағынан құрамаса» – деп келетін жолдары ел аузында. Осы өлеңнің соңғы жолын әншілер «Құдайым бір жағынан құрамаса» деп айтып жүр. Алла беріп тұрса да, әйел ұқсата алмаса, қандай амал бар? Кейін «жұбайың» деген сөзді аңқау қазақ «Құдайымға» ауыстырып алған.

Халық аузындағы сөздер уақыт өте келе өзгеріске ұшырап отырғаны белгілі. Алайда сөзі әнге айналып, ел құлағында жатталып қалған мәтіндер орынсыз бұрмаланып кететін жағдайлар да жиі кездеседі.

Баспадым жардың шетін құлай ма деп,

Ішпедім арық суын лай ма деп.

Жаманмен дос болуға жасқанамын,

Күн туса ердің құнын сұрай ма деп» – деген халық өлеңі бар.

Ал  «Дүние-ай!» деген атпен және халық әні деп ән жинақтарында жарияланып жүрген мәтінде «Баспадым жардың шетін құлай ма деп» деген сөздерден басталатын халық өлеңінің кейінгі жолдарын әншілер «қорқамын дос болуға жамандармен, тар жерде ер-тоқымын сұрай ма деп» деген тіркеспен айтып жүр. Ер-тоқым қазақ үшін аса қасиетті бұйым. Ол оны ешкімге бермейді. Қазақ «айырылысатын ер ердің артқы қасын сұрайды» дейді. Немесе ердің (бұл арада азамат деген мағынада) құнын сұрауы мүмкін. Бірақ, ер-тоқым емес. Осы әннің қайырмасы: «Қыздар бұлбұл, жігіт дүлдүл, өтіп барады өмір құрғыр» деп айтылып жүр. Өмір құрымайды, жалғаса береді ғой. Сөзге бажайлап қарасақ, гүл қауызын таңертең күн сәулесі түскенде ашады ғой, бұлбұл да жаратылыста сол гүлдің ашылғанын көрген сәтте сайрай бастайды. Қыздарды бұлбұл қылып сайратып, жігіттерді тұлпар қылып шапқызып қойғанда не ұттық?! Әннің бағасын кеміттік.

Қостанайдың Науырзым өңірінде Байжан есімді әнші өткен. Біз  білетін сол Байжанның әнінде  «Жігіт – бұлбұл, қыздар – гүл-гүл, жастық өтер, ойна да күл!» болып айтылушы еді. Байжанның әнін кезінде облыстық филармонияда әнші болған Байқоңыс Мұхамеджанов тамаша айтатын. Қазіргі Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Қадыр Қаржауов осы әнді нәшініне келтіріп орындайды. Ол аталған әнді Байқоңыс ақсақалдан үйренгенін айтады. «Байжанның әні» аталып кеткен әнді ел арасында «Байжанның жұмбағы» деп те атайды. Оның мәтіні мынандай:

Байжеке, мырза көңілің болды қалай,

Бақшаны аралаушы ең талай-талай.

Қондырсам осынау тұрған қызыл гүлге,

Етуге ептеп сайран жайың қалай?

қайырмасы:

Қыздар – гүл-гүл,

Жігіт – бұлбұл.

Жастық өтер,

Ойна да күл!

Қарғаша қорбаң етіп түсіп қалма,

Бұтақтан мұжып таяқ ұстай алмай.

Болмаса қараң батып қашып жоғал,

Қояға құйрығыңды бекер малмай.

Шіркін-ай, қыз деген бір гүл емес пе,

Ойнаса қыз бен жігіт күн емес пе?!

Болғанда қыз қызыл гүл, жігіт бұлбұл,

Бұлбұл құс қызыл гүлге түнемес пе?!

Міне, мазмұны толық ашылып, мағынасы жағынан әннің сөзі де, қайырмасы да үйлесіп тұрған осы тамаша әннің ән жинақтарындағы келесі шумақтары:

Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,

Жамандар жақсымын деп айқайлайды.

Жүрген соң бауырында күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды, – деген жолдармен жалғасады.

Бұл жолдар да халықтың қара өлеңінен алынған, ән қайырмасына мүлде қатысы жоқ екені тайға таңба басқандай анық. Ол аз болғандай, қайырманың соңына: «Ахау, арман, дүние жалған» деген жолдарды және  «халау-ләйлім, халау-ләйлім» деген Алдаркөсенің шайтанға айтатын сөздерін де қосып қойыпты. Сондықтан әншілеріміз кездейсоқ естіген «әләуләйім» мен «халауләйімге» ілесе бермей, ән сөзіне абай болуы керек.

Бұдан да өткен сорақылық кейінгі уақытта теледидарды жаулап алды. Әннің сөзін бұрмалаушылар ғана емес, ән сөзі деп айтуға ауыз бармайтын жолдарды әуенге салып айтушылар пайда болды. Олардың біразы өздерін жұлдызбыз деп есептейді, теледидар жүргізушілері де оларды жұлдыз деп таныстырады. Ал сол «жұлдыздар» қалай сайрайды?

 «Сенсем бе екен-ай, көнсем бе екен-ай, құшағыңа енсем бе екен-ай!» деген сөздердің өзі жиіркенішті емес пе? «Жоқ, сені, жаным, ұмытқаным жоқ, жоқ, қадамашы жүрегіме оқ» немесе «Айналайын, сен маған ұнап қалдың, сені көріп орнымнан құлап қалдым» деген сөздерде поэзияның ұшқыны да жоқ қой. Тағы бір ән мәтініндегі:

Қош бол енді, менің сүйген арманым,

Қайда жүрсең орындалсын арманың,

Бірақ-бірақ сүйіп өтем мәңгілік,

Жаным менің, жаным менің, арманым! – деген бір ғана шумақтағы қайта-қайта қайталанған сөздер «арман, жаным» секілді әдемі сөздерді жауыр қылғандай.

Әли Оқаповтың «Биле» деген клипіндегі ән мәтіні кәдімгі жаңылтпаш. Сөзіміз дәлелді болуы үшін түгел келтірейік:

Ай, ән арнадым саған жай ғана, әдемі ай, ай,

Менің әнім әсте қайғырып, күрсінбейді,

Ол айта алмай жүрген сезімді жырлайды, жаным,

Жанымды баяу еріксіз жаулайтын сол қайғы жоқ менің әнімде.

Бұл әнім бұл әнім тек саған,

(жаным тыңда, тыңда, тыңда)

Ұнайсың, ұнайсың сен маған,

(жаным, тыңда, тыңда, тыңда)

Сен мені ойла!

(шын көңілмен мөлдіреген жүрегімді)

Бұл әнім, бұл әнім тек саған!

(жаным тыңда, тыңда, тыңда)

Биле, биле, биле, биле, биле!

Бұл не? Өлең бе? Қара сөз бе? Үйлескен ұйқасы жоқ, не мағынасы жоқ, «жаным, тыңда, биле» дегеннен басқа айтары жоқ, поэзия деп айтуға ауыз бармайтын осындай шатпақты ән деп қабылдауға бола ма?

Рано Умарова орындап жұрген «Сүйем дешi» деген кең таралған әннің сөзінің сиқы мынау:

Жаным сенсің, сүйем деші,

Лүпілдеген жүрегімді сүйем деші,

Жыламайын, сенім берші,

Назданайын, шаттанайын, күлімдеші.

Арманым да, жаным, сен ғана,

Құшақ жайшы маған сағына,

Ғашығымсың, асылымсың, сүйем деші,

Махаббаттың жалынына күйем деші,

Еркелеген айым деші,

Мен ұсынған пәк сезімді балым деші,

Аймалаған таң самалын,

Қалағаным бір өзіңсің, күнім, келші.

Мұнда да шала-шарпы ұйқас, орынсыз сөз қайталау, балдыр-батпақ, шалдыр-шатпақ. «Сенім берші» деген қазақ ұғымында мүлде жоқ тіркес. «Еркелеген айым деші» дегеннен не түсінесіз? Аспандағы айды еркелейді дегенді естігеніміз осы. «Еркелеші, айым деші» десе бір сәрі. «Аймалаған таң самалын» деген не? Айта берсек, сұрақ көп, жауап жоқ.

Қазанда топ жарып, бас жүлдеге ие болған Жанар Дұғалова баспасөз бетінде: «Ізін көрем» әнінің мәтінін ақын Ринат Зайытовпен бірлесіп жаздық. Бұл әнді көпшілік мақтады, жақсы қабылдады. Сәтті шыққан дүние болды», – деген пікір білдірген екен. Біз музыкасы мен орындау шеберлігіне дау айтпай-ақ қояйық. Бірақ ән мәтіні жетісіп тұрған жоқ.

Қадау-қадау ұлылар өрнегі,

Талай-талай сырлар шерткен даналарым.

Тарау-тарау тарих боп сөйледі,

Сонау-сонау ғасырлардан бабаларым.

Қол созып аспанға,

Айналып дастанға

Естілгендей маған.

Солар болған заманның өрнегі,

Көктен биік ұстап өткен жалаулары.

Жүрегім діріл-дірілдейді, дірілдейді, діріл-дірілдейді,

Домбыра үні күмбірлейді, жүрегіммен бірге.

Мәңгілік рухы тірі дейді, тірі дейді, тірі-тірі дейді,

Жеткендей біздерге, айналып бір жұмбақ күйге.

Бабалардың ізін көрем, ізін көрем,

Даналардың ізін көрем, ізін көрем.

Кемел даралардың,

Жамбыл, Абайлардың

Адаспаңдар деген сөздеріне сенем,

Ізін көрем,

Ізін көрем бабалардың салып кеткен,

Ізін көрем,

Ізін көрем даналардың жүріп өткен.

Жамбыл қалай Абайдың алдына шығады? Ырғақ үшін бе? Осы әндегі «даналар, бабалар» деген сөздер ғана құлаққа жылы естіледі. «Көктен биік ұстап өткен жалаулары» дегенде «жалауды көкке көтеріп» дегенді айтқысы келді ме? «Жеткендей біздерге, айналып бір жұмбақ күйге»  дегені де жұмбақ. Ол жұмбақты авторлар шешпесе, бізге шешу қиын болды.

«Меломан» тобы орындап жүрген «Сүйгенім бол» деген ән сөзінің сиқы мынандай:

Арман самғата берді ақ бұлтқа биік

Қара, қара көзіңді қалдым-ау сүйіп.

Бәрі-бәрі, бәріне өзің кінәлі,

Сенің көзіңнің оттай ұшқыны тиіп,

Барамын күйіп.

Нұрболат Абдуллин «Сағынып жүрмін» деген әнінде (сөзін кім жазғанын білмедім)

Кешігіп шын сүйген жанды білдім,

Кінәсі жоқ па оған тағдырымның

Саған адал едім,

Махаббатым менің сен дедім – деп торығады.

Не ұйқас жоқ, не ырғақ жоқ, сөздерінің мәні жоқ осындай әнсымақтар қаптап кетті. Шөп те өлең, шөңге де өлең болған заманда құр айқай бақырған ән болған соң, осы бір жаман дағды етек жайып кеткелі сүйкімі жоқ әндер сөз қадірін қашырып барады.

Кез келген ән бейнебаян түсірілмей тұрып, телеэкранға шығарылмай тұрып тексеруден өтсе, құрамында белгілі ақындар бар, комиссия дейміз бе, редакциялық кеңес дейміз бе, әйтеуір, білімді кісілерден құралған алқа әншілердің репертуарын ғана емес, ән мәтіндерінің мазмұны мен үйлесімін елеп-екшеп, сұрыптап отырса нұр үстіне нұр болар еді.

Ақылбек ШАЯХМЕТ

 

1760 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8375

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6838

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4587

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3968

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3935

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3894

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3624

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3622

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы