• Қоғам
  • 26 Қаңтар, 2023

ЖЕР МЕН ЖАЙЫЛЫМ ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

Еліміздегі жайылым жетіспеу­шілігі туралы даудың туындағанына оншақты жылдың жүзі болып қалды. Бұл ашығын айтқанда, бұрынғы жүйенің билігі тұсында алғашқы премьер-министр Сергей Терещенко кезінде жерді оңды-солды жекешеліндіріп, жалға беріп, сатқанының салдары екені анық. Ал «Жаңа Қазақстан» құрамыз десек, сол кемшілікті қысқа уақытта түзеу керек. Бұл бағытта кезінде ауыл шаруашылығы саласында өмір бойы қызымет еткен білікті мамандар, парламент депутаттары «Жайылымдар туралы» Заң жобасын әзірлеп, оған 2017 жылы 20 ақпанда бұрынғы басшы қол қойған болатын. Одан бері 6 жыл уақыт өтсе де Үкіметтен бастап, облыс, аудан, ауыл әкімдері заң бойынша заңсыз жекешеленген жерлер мен игерілмей жатқан жерлерді қарапайым ауыл тұрғындарына – «егін егейін, мал өсірейін» деген шаруаға қайтарып бере алмай отыр.

Себебі түсінікті, Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің облыстық, аудандық басқармаларының бәрінде, облыс, аудан әкімшіліктерінде сол бұрынғы жүйенің адамдары отыр. Тіпті болмағанда бұдан отыз, жиырма, он жыл бұрын басшы болғандардың «өнімдері» қызмет етуде.  Кезінде жалға берілген, заңсыз жекешелендірілген жерлерде солардың қолы, мөрі тұр. Сондықтан олар «өз қолдарын өзі кесе алмайдының» керін келтіруде...

Бұл жағдайды былтырғы «қаңтар қасіретінен» кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та түсінді. Мәселен Президент былтыр сәуір айында Премьер-Министр Әлихан Смайловқа заңсыз айналымдағы жер телімдерін мемлекетке қайтарып алу жөнінде арнайы комиссия құрып, жұмысты ашық та, әділ жүргізуді тапсырған болатын. Содан соң 2022 жылдың 9 тамызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жер заңнамасының сақталуына тексеру жүргізуге мораторийдің күшін жоюды көздейтін Жарлыққа қол қойған еді. Жақында сол комиссия осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының қорытындысын жариялады.

– Осы жылы тағы 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда. Бұл орайда, елді мекен­дердің маңында орналасқан ауыл шаруа­шылығы құрылымдарының жерлерін қайтарып алу маңызды. Оларды қоғамдық пайдалануға немесе жеке қосалқы шаруашылық кооперативтеріне беру қажет. Қолданыстағы заң бұған мүмкіндік береді. Осыған байланысты, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы Комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде, өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 миллион гектар жер қайтарып алынды. Оның ішінде 4,8 милн гектары – жайылымдық жерлер, – деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек Премьер-Министр ауыл айналасындағы жерді ғана пайдалана бермей, елді мекендерден алыс, шөбі шүйгін, таулы аймақтар­дағы немесе құм ішіндегі, жазық жерлердегі өрістерді пайдалану керектігін айтты. Ол үшін шалғайдағы құм арасындағы,  далалық жайылымды жерлерді сумен қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

Осы басқосуда Ауыл шаруашы­лығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бүгінгі таңда жайылымдық жерлер 183,4 миллион гектарды құрайды екен. Оның ішінде 82,4 миллион гектары – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 63,9 миллион гектары –  босалқы жерлер, 21,2 миллион гектары – елді мекендерге іргелес жерлер, 15,9 миллион гектары – басқа санаттағы жерлер. Нақтырақ айтқанда орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері болып жіктелетінін мәлімдеді.

 Министрдің мәліметінше, еліміздің 15 өңірінде, әсіресе Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жеке қосалқы шаруашылықтарда мал жаю үшін жайылымдардың тапшылығы байқалған. Оның айтуынша, бұл мәселе ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты туындаған көрінеді. Кейінгі 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7 пайызға өссе, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 16 пайызды құрайды екен.

– 2022 жылы заңсыз жерлерді мемлекет меншігіне қайтарғаннан кейін олар қажет еткен азаматтарға беріліп, жер пайдаланушылар 1,85 миллион гектар алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін игеруді бастаған. Яғни жер шынайы қажет тұрғындарға берілген.

Биылғы 16 қаңтардан бастап елімізде мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геоқызметін іске қосқан. Бұл өз кезегінде азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар береді. Сонымен қатар жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуда ашықтыққа кепіл болады.

Интерактивті картаны енгізу айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсерге оң ықпал етіп, жер учаскелеріне қатысты алаяқтық үдерістерді азайтады және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппараттың жүргізіп жатқан жұмысына халықтың бағасын алуға көмектеседі деп үміттеніп отыр.

Қазір жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге деген немқұрайлылықтарынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 миллион гектардан асады.Оның 29,3 миллион гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жемшөп алқаптарын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізілуде, – деді Е.Қарашөкеев.

Сонымен қатар Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 миллион гектар алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жүргізілген. Бұл республиканың 272,5 миллион гектар аумағының 75 пайызын құрайды. Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрін қамтиды.

– Қажетті ақпарат көлемі бар цифрлық ауыл шаруашылығы картасы 2024 жылдың соңында аяқталады және ауыл шаруашылығы жерлерін одан әрі қайта бөлуге мониторинг жүргізу үшін негіз болады, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.

 

ҚЫТАЙ МЕН МОНҒОЛИЯ  ЖАЙЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІН  ҚАЛАЙ ШЕШКЕН?

Жайылым жетіспеушілігін шешуге жауапты құзырлы органдардың басында Ауыл шаруашылығы министрлігі тұр. Министрдің «мал басы көбейгендіктен жайылымдық жер жетпей отыр» деген уәжінің жалған екендігіне бірнеше мысал келтірейік. Мәселен, 1990 жылы елімізде 36 миллион қой болған. Ал қазіргі таңда 18 миллион ғана қой бар. Сонда бұрын жеткен жер қазір неге жетпейді?

Енді жер көлемі бізден ондаған есе кем Монғолиядағы мал санына келер болсақ 70 миллионға жуықтаған. Нақтырақ айтқанда, қойдың өзі 32 миллионнан асып кеткен. Ешкісі 28 миллион, жылқысы 4 миллион, сиыры мен қодасы 6 миллион. Ал түйесі 500 мыңнан асады. Сонда бұлар жайылым тапшылығын қалай шешіп отыр?

Монғолиямен өте тығыз қа­рым-қа­тынастағы Ресей зерттеу ор­талықтарының мәліметіне сүйенсек, Монғолияда барлық таулы аймақтардағы жайлау мен қыстаулардың бәрін пайдаланады екен. Техника бара алмайтын тауларға жүктерін түйеге артып-ақ көше беретінін Ресей блогерлерінің деректі фильмдерінде көрсетеді. Мұндай таулардағы жайылымы бар жерлерге малшыларға үй мен қораны мемлекет өзі салып беріп, ет, сүт, тері, жүн өңдеуді де өздері жүргізіп отыр. Сонда малшылар өнімдерін қайда өткіземіз деп бастарын ауыртпайды. Тіпті олар мал сүйектері мен тұяқ, мүйіздерін де Қытайға сатып отыр. Мал өнімдерін қалдықсыз өңдейтін қытайлар оны да қажеттеріне жаратуда.

Ал енді халық саны жөнінен әлемде бірінші орындағы, мал басы жөнінен екінші орындағы Қытай мемлекеті де жайылымды жерлерді шаруаларға қоршап беріп, эрозияға ұшыратпай, үнемді пайдаланудың нәтижесінде жайылым тапшылығына ұшырамай отыр. Бұларда да таудағы жайлаулар мен қыстауларды ұтымды пайдаланады. Ондай қиын жерлерге қора, үй салып беруді мемлекет өз мойнына алған. Ондай қыстауларды «төр қыстау», «орта қыстау», «төменгі қыстау» атаған. Жайлауларды осылай жіктейді. Үй мен қыстауларға күн нұрын орнатып қойған. Малдың жемі мен шөбін өндіруде де әр түрлі тыңайтқыштарды пайдаланудың нәтижесінде – жоғары өнімділікке қол жеткізген олар, мал азығынан да қысылмайды. Бұл жөнінде Қытай телекомпаниялары деректі фильм жасап, бір аймақтың тәжірибесін екінші аймаққа таратса, екіншіден насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуде. Қытай мен Монғолияда малдарды көктемгі, күзгі емдеу, жүнін қырқу, күпкілеу сынды жұмыстардың бәрін мемлекет ұйымдастырып, керекті дәрісімен қамтамасыз етеді. Малшы балаларын интернатта оқытады. Қысқасы, малшы басқа мәселеге алаң болмай мал бағуға жағдай жасаған.

 

ҚАЗАҚСТАНДА НЕГЕ ЖЕР ЖЕТПЕЙДІ?

«Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанда неге жайылымдық жер жетпейді?» деген сауалға жауап іздесек, көптеген күмәнді мәліметтерге кездесеміз. Мәселен, еліміздің тұңғыш Премьер-Министр Сергей Терещонко бастаған бұрынғы облыс әкімдері Кулагин, Метте сияқтылардың 500-800 мың гектардан жерлері бары жөнінде ақпарат бар. Олардан кейінгі Өмірзақ Шүкеев, Даниал Ахметов, Боқауовтардың әр қайсысында екі-үш шаруаға жетер жерлері барын жақында депутаттар айтты. Әлі де талай әкімнің жерлерін өзгенің атына жаздырып қойып, бұғып отырғаны анық. Егер Әлихан Смайылов бастаған тексеру комитеті «кландарға» жалтақтамай шынайы әрекет етсе, бәрін де анықтар...

  Екінші мәселе – бізде бұрынғы колхоздар мен совхоздар кезінде пайдаланған алыс аймақтардағы қыстаулар мен жайлауларды бүгінде мүлде пайдаланбайтын болды. Себебі қиындықтан қашады. Бір сөзбен айтқанда, жалқаулық. Біздің малшылардың бәрі электр энергиясы бар, жеңіл машина жететін, жанға жайлы жайлау мен қыстауға ғана барғысы келеді. Өйткені елімізде малшы жетіспейді. Малшылар «ерке». Сәл қиналса, малды тастап кетіп қалады. Ал олардың жауапкершілігін арттыратын арнайы заң жоқ. Бүгінде бізде бұрынғы ата-бабаларымыз секілді көктеу, жайлау, күздеу, қыстау деген түсінік ұмытылды. Малшылардың 50 пайызы қыстаудан шықпайтын болды. 50 пайызы жайлауға шыққанымен оның 40 пайызы қыстауға тура тартады. Күздеуде 10 пайызы ғана күздейді. Ал көктеу мүлде ұмытылды. Сондықтан да малшылар көбіне бір жерде отырған соң, бүгінде қыстаулар маңының жайылымы оты қашып, тозып, деградацияға ұшыраған. Бұл мәселені реттеуі тиіс әкімдер, ауыл шаруашылығы басқармасы, мен ветеринар мамандар жайылым түйіткілін шешуге араласуды қойған. Кабинеттерінен шықпай жұмыс істегенді оңтайлы көреді.

Келесі бір мәселе, бүгінде ауылда көп жұмыс болмағандақтан, елдің бәрі мал ұстайды. Кемінде 2-3 сиыр, жылқы, 20-30 қой, ешкі бар. Тіпті ауылда отырып-ақ жүз қой, оншақты жылқы, оншақты сиыр ұстайтындар кездеседі. Міне, осы малдардың бәрі ауыл маңының айтақырын шығарды. Енді ол жерлердің қалпына келуі қиын. Ал осы малдарды бірлестіріп, отарға айналдырып, жайлауға шығару жұмысын ешкім ұйымдастырмайды. Жалпы еліміздің қай аймағынан болсын, осындай жұмыстарды ұйымдастырып, белсеніп жүрген ауыл, аудан әкімдерін көрмедік. Ауыл әкімі, ауданға, аудан әкімі облысқа есеп беріп қойып, кабинеттерінен шықпайды. Қорыта айтқанда, осы мәселелердің бәріне Үкіметтен бастап, облыс, аудан әкімдері көңіл бөлмей жайылым мәселесі де, мал бағу мәселесі де шешілмейді. Қордаланған үстіне күрделене береді.

925 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы