• Қоғам
  • 02 Ақпан, 2023

АЖЫРАСУҒА НЕ СЕБЕП?

Ажырасу – қиын. Өте қиын. Әйелдер үшін тіпті қиямет. Сіз оны айтасыз, әйелдер қауымы жақсы біледі, күнделікті ас үйде тұтынып жүрген заттарымызды алмастыруға қимаймыз ғой. Сонау келін боп түскен кезден ас қайнатып, сүт пісіріп жүрген қазаныңның өңі кетіп, түсінен ажыраса да, ойылып қалмаса ажырау оңай емес. Қандай жалтыраған, келбеті келіскен басқа жаңа ыдыс болса да оған көндіге алмайсың. Бауыр баса алмайсың. Ескі қазанда піскен астың дәмі бөлек, асы етене секілді болады да тұрады. Содан кейін ғой, көбіміз есік алдындағы сарайда, болмаса, қалалық келіншектер пәтердің балконында көр-жерді көбейтіп, жаңасын алсақ та, ескісін жинай беретініміз... Қимаймыз. Оны әжелерімізден де көріп өстік.

Бір көрнекті жазушымыз атам заманғы ескі мәшинкесімен жазады екен әлі күнге дейін... Себебі үйреншікті. Электронды мәшіңке шықса да алмастырмапты. Компьютерге де көңіл бұрмаған. Ескі мәшинкенің сытырлаған дыбысы көңілін бөлмейді екен, есесіне аттың тұяғындай дүбірлеп алдыға жетелеп отырады екен...

Ажырасу – ол бөлек. Ол жансыз заттан ажырау емес. Онда адамның тағдыры жатыр. Онда балалардың болашағы жатыр. Бәрін жинап шоланға апарып тастай алмайсың.

Ажырасу – қоғамның жазылмас жарасы.

Әлем кино өнерінде бұл тақырыпқа соқпай өткен кинорежиссерлер сирек-ау.

Бүгінгі қалтарыстарына үңілгелі отырған ирандық режиссер Асгар Фархадидің «Надер мен Симиннің ажырасуы» деп аталатын туындысы – осы ажырасудың ауыр салдары туралы кинолардың бірі. Алайда отбасылық кикілжің, түсініспеушілік туралы таптаурын драма емес. Көрерменін ойландырмай қоймайтын, ерлі-зайыптылардың  қарым-қатынасына, тіпті, әр адамның өз жанына үңілмесіне қоймайтын өзгеше туынды.

Сөз басында қоғамның жазылмас жарасы дедік. Расында бүгін үй болып, ертең шаңырақтың шайқалып жатуы ешкім таңырқамайтын құбылысқа айналды. Жастар ғана емес, егде тартқан адамдардың арасында да ажырасу оқиғалары жетіп артылады. Бір үйде бас құрап тұра алмаудың мың себебі бар. Екі үлкен адам кетісер. Тіпті екі жақта жүріп бір-бірінің қадірін білсе де, бірі бас иіп қайта қосылуға ниеттенсе, екіншісі иілмейтін жағдайлар болып жатады. Ақылдары толысқан, өмірге ұрпақ әкелген отбасылық жұптардың ажырасу туралы шешімдерінен зардап шегетін негізінен бауыр еті балалары. Ал бұл – қасіреттің үлкені.

«Надер мен Симиннің ажырасуында» да ата-анасының бөлінуін қаламаған он бір жасар Терменің жан-дүниесіндегі арпалысты анық байқаймыз. Ата-анасы үшін тығырықтан шығар жол болып көрінген ажырасу, жасөспірім қыздың тап-таза әлемін ойран еткен оқиға еді...Терме ажырасып кетіп бара жатқан анасына ермей, әкесі Надермен қалады. Бұл ата-анасының түпкілікті ажырасуына жол бергісі келмеген амалы еді Терменің.

Терме екі жаққа қараған әкесі мен анасының ортасындағы алтын арқандай көрінеді. Алтын арқандай керіледі. Ол қандай жағдай болмасын байланысты үзбеу үшін ширығады.

Режиссер ештеңені ойдан құрамай-ақ,­­­­­­­ өмірді таспалап, көрерменнің көз алдына тосады. Кино басталғаннан диалогтардың қарапайым да тереңдігі әрі шынайылығы сонша, көп сұрақтар өзіңе арналғандай қиналасың. Кино кадрынан көңілді құлазытатын қоңырқай тіршілік, тұрмыстық ауыртпалық сенің иығыңа да ауыса бастағандай күй кешесің.

Фильм отбасын құрғандарына 14 жыл болған ерлі-зайыптылар Надер мен Симиннің ажырасу үшін сотқа жүгінетін сәтінен басталады. Сөйлеу мәнерлеріне, түр-тұлғаларына қарап, екеуінің де білімді, мәдениетті адамдар екенін аңғарасың. Конфликт себебін сұраған сотқа, Симин отбасымен шетелге кеткісі келетінін, ал күйеуі Надердің барғысы келмейтіндігінен ажырасуға бел буғанын айтады. Шетелге алған визаларының мерзімі бітуге таяу, ал Надер болса Альцгеймер ауруымен ауыратын әкесін қалдырып кете алмайтынын айтса, Симин қызының болашағы үшін дамыған елге қоныс аудару қажеттігін алға тартады. Сот «Ажырасуға бұл себеп емес!» дейді. Расында бұл себеп пе?  Шетелге деген ынтықтық –  ұя бұзуға себеп пе? Мұны бәлкім жылдар бойғы жасырынып жатқан түсініспеушіліктің сыртқа лықси ақтарылған сәті деуге болар? Бұл, сірә, да әйелге тән қарекет емес. Сосын... одан да терең қазуға әрекет етесің.

Осылай басталған оқиға өрби келе әлеуметтік жағдаймен жымдаса өріліп, бұл фильмнің тіпті де ерлі-зайыптылардың өмірі туралы емес екенін байқатады.

Иә, бұл – қоғамдағы қарама-қайшылық, ескі мен жаңаның тайталасы туралы туынды. Сондай-ақ адамдардың писхологиялық портреттері ашып көрсетілген өзгеше фильм.

Фильмде әлеуметтік ахуалы қайшы екі отбасының болған оқиғаға сай ұстанымдары параллель  көрсетіледі. Бірі: әлгі ажырасып жатқан Надер мен Симиннің отбасы. Екіншісі: несие тұралатқан, жұмыссыз, ақшаға мұқтаж күйеуіне көмектесу үшін кез келген жұмысты істеуге әзір, Надерге күтуші болып жалданған әйелдің отбасы. Қолында жетектеген бір қызы бар, өзі аяғы ауыр Разие есімді келіншек Надер әйелінен ажырасып кеткеннен кейін, қарт кісіні күтуге жалданады. Бір күні жұмыстан ерте қайтқан Надер әкесінің ес-түссіз жатқан үстінен түседі. Әкесінің қолының төсекке байлаулы жатқанын көріп, ашуға булыққан Надер сол сәтте үйге оралған күтушіні ашумен есіктен итеріп шығарып жібереді. Келесі күні барып ол Разиенің іштегі шаранасынан айырылып қалғанын естиді. Надердің үстінен іс қозғалады.

Әрі қарай фильмде кінәліні анықтау үшін сот жүріп жатады.

Туындының өн бойы тартысты диалогтардан тұрады. Әркімнің өз шындығы бар. Кімді құптарыңды білмей дал боласың. Басқа кинолардағыдай мынау жағымды, мынау жағымсыз кейіпкер деп бөліп-жара да алмайсың. Дәрменсіз әкесі үшін күтушіге дөрекелік көрсеткен Надерге де жаның ашиды. Ақшаға мұқтаждықтан қарт кісіні жуындыруға, ауыр жұмысты істеуге мәжбүр болған Разиені де аяйсың. Әділеттілік қашанда қалталы адамдар жағында деп ашуға булығып, байбалам салып жүрген Разиенің күйеуін де ақтағың келеді. Әрқайсысының қателікке ұрынуының өзіндік себептері бар. Режиссер болса ешбір кейіпкеріне баға бермейді. Тек іс-әрекеттерін барлап отырады. Еш боямасыз өмірді көрсетеді.

Фильм соңы жұмбақ.

Фильмдегі бас кейіпкердің бірі Надер – бірбеткей, адал және ескі дәстүрді жақтаушы, тыныш өмір сүруді қалайтын консерватор адам. Ал әйелі Симин –ашық, жаңалыққа құмар әрі кез келген ситуацияға оңай бейімделе алатын оппортунист. Екеуінің көзқарасы арқылы астарлай қоғамның, мінез-құлықтың қайшылығын режиссер көрермен санасының сарасына салады.

Симин күйеуін көрген сайын да өзін жібермегенін қалап, жарынан бір ауыз жылы сөз күтеді. Өзінің арманынан да бас тарта алмай, жарын да қимай екі от­тың ортасында қалған шарасыз әйелдің бейнесі бізге таныс па?  Бұндайда қазақ әйелі қайтетін еді, мен болсам қайтер едім деп ойланасың...

Ал діндар күтуші әйел Разиенің күн­делікті тұрмыста дін талаптарын сақтауға тырысқанымен, бірақ күйеуіне көмектесу үшін Надерге жала жауып, қиянат жасауға әзір болғанын қалай түсінеміз?

Соңында істі ушықтырмай шешу үшін Симин бірбеткей күйеуін көндіріп, Разиеге ақша бермек болып үйіне келеді. Надер ақша берер алдында  «Разие менің кінәлі екенім рас болса, қасиетті Құранды ұстап тұрып айтсыншы» деген өтінішін білдіреді. Жапқан жаласын қасиетті кітапты ұстап тұрып растауға Рәзияның дәті бармайды... Ия, олар дінмен өмір сүреді, сенеді, бірақ ең ізгі талаптарын орындай алмайтын болып тұр ғой... Яғни  қоғам дінді жамылғанымен, астында әділетсіздік (мүмкін, шарасыздық) бұғып жатыр деген сөз...

Фильм ажырасып, ерлі-зайыптылық өміріне нүкте қойып жатқан ата-анасының бірін таңдауға мәжбүр болған Терменің сот алдында тұрған сәтімен аяқталады. Терме кіммен қалады? Әкесі Надермен ба, әлде анасы Симинмен бе?

Режиссер бұл шешімді де көрерменнің құзырына қалдырады...

... Анығында, ажырасу себебі – шетелге деген ынтықтық емес, азып-тозған ескі қоғамнан ажырауға деген талпыныс еді...

 Иран режиссері  Асгар Фархадидің 2011 жылы көрерменге жол тартқан «Надер мен Симиннің ажырасуы» фильмін көрермендер қызыға тамашалап келеді.

Фильм 61-ші Берлин халықаралық фестивалінің басты триумфаторы және сол фестивальда ең үздік ер адам және әйел адам рөлін сомдағаны үшін «Күміс аю» жүлдесін алды. 2012 жылы Оскардың «Ең үздік шетел фильмі» номинациясын иеленді.

Айнұр МҰРАТОВА

 

1243 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы