• Әдебиет
  • 16 Ақпан, 2023

ОҚЫРМАН ЖҮРЕГІНЕН ОРЫН ТАПҚАН

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Еңбекқор. Идеяшыл. Газет адамы...
Әдекең 1991 жылдың тамыз айынан бері жақсы танитын журналистикадағы қандыкөйлек әріптесім. Осы уақыт ішінде қанша лауазымды қызмет атқарса да, қаламына деген адалдығы  мен қарапайымдылығын жоғалтпаған әріптеске дән риза боламыз. 

Әлі есімде, «Жас Алаш» газетіне енді аяқ басқан кезіміз. Сейдахмет Бердіқұловтан қалған бір дәстүр бар-тын. Жұмысқа қабылданған жас алдымен секретариатта макет сызу мен мақаланы әрлеудің қыр-сырын үйренеді де, сосын барып бөлімге ауысады. Біз де сөйттік. Ары қарай, ақпарат, саясат, экономика бөлімінде ақпарат майданында иық тіресе қызмет еттік. Сол таныстық сыйластыққа ұласты. Екеуміз «Жас Алашта» 10 жыл, ал «Айқын» газетінде тағы да 5 жыл бірге жұмыс істедік.

Әдекеңмен қатар істеген 15 жыл нені ұқтырды? Нені ұғындық, нені білдік?

Оның жас маман ретінде «Арай-Заря» журналында әжептәуір тәжірибе жинақтап, аты ауызға ілінген тұсы. Жастар журналы «Арайдың» даңқы аспандап тұрған кез. Студент жастар «Арай» мен «Өркен» газетін сүйсіне оқыды. Әділбек студент кезінен осы басылымдарда мақала жазып, оқырман назарын шығармашылығына тез аударды. Жұртшылықты елең еткізген осындай мақалаларынан кейін 1989 жылы Әділбек Қаба ең беделді басылым «Лениншіл жас» газетіне қызметке шақырылды, ал біз қаламгерлік қызметін экономика бөлімінің тілшісі болып бастаған тұстан бері үзеңгілес келеміз.Ол аталған басылымда әуелі тілші, аға тілші, көп ұзамай экономика, саясат, әлеумет, заң бөлімдерінің меңгерушісі қызметін атқарды. Еліміз тәуелсіздігін алып, «Лениншіл жас» газеті «Жас Алаш» болып аталған кезде Әділбек Қаба ұзақ жыл беделді басылымның жауапты хатшысы, кейін бас редактордың орынбасары қызметін атқарды.

«Жас Алаш» ол кезде де елдің басына түскен ауыртпалықты батыл көтеретін. Әсілі, Әділбектің мінезі жұмсақ көрінгенімен, журналист ретінде мақалалары өткір. Сол шыншылдығы үшін талай талауға түскенін де әріптестер жақсы біледі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қоғамдағы қордаланып қалған түйткілді мәселелерге биліктің назарын аудару мақсатында оттан да, соттан да өтті. Қаншама адамдардың тағдырына арашашы болды. Жалпы жастарға тән қайрат, жігер, әділдікке талпыну, талапшылдық «Жас алаш» журналистеріне тән қасиет еді. Дәл осы атақ-даңқы дүркіреген «Жас Алаш» тілшілердің ортасында журналистік принципінен айнымай Әділбек Қаба да жүрді.

Қазақ журналистикасының ұста­ханасы іспетті болған «Жас Алашта» ол табаны күректей 16 жыл қызмет істеді. Аталған басылымның тоқ­саныншы жылдардың ортасында тиражы 300 мыңға жетті. Бұл шын мәнінде «Жас Алаштың» дүркіреп тұрған шағы еді ғой. Газеттің бас редакторы – Уәлихан Қалижан, орынбасарлары – Сағат Ерғали мен Сапарбай Парманқұл. Газетті қызықты әрі оқырманға жақын тақырыптарды көтеру үшін сан салалы қосымшаларды ашу қажеттілігі туындады. «Сергектік» – спорттық, «Ырғақ» –музыкалық, «Мыңнан бір мезет» танымдық, «Сүзеген сөз» – сатиралық қосымшалары осылай дүниеге келді. Тіптен, бұл қосымшалар артынша жеке газет ретінде тіркеліп, шыға бастады. Бұл оқырманның қызығушылығын арттырды. Міне, осы кезеңде Әділбек шығаратын «Мыңнан бір мезет» газетінің тиражы 130 мыңнан асты. Ол апта сайын шығарған 8 беттік танымдық газетті оқырман қолдан қолға көшіріп, іздеп жүріп оқитын. Тіпті сол кезеңде ел жиналған жиын-тойда, басқосуда да сол газетте жарияланған қызықты мақалалар мен танымдық оқиғалар талқыланып жатушы еді.

«Жас Алаштың» өзінің және төрт қосым­шасының санын қосқандағы жалпы тиражы сол кезде 300 мыңнан асқанын оқырман қауым әлі ұмыта қойған жоқ. Бірақ кейін нарықтың ауыртпалығы басылымға да салмағын түсірді. Газеттің тиражы төмендеді. Халық күнкөрістің қамымен кетті. Басылымның жабылу қаупі де төнді. Тіпті журналистердің бірнеше ай жалақы алмаған кезі де болды. Ішінде өзім де бармын, бірақ жұмыстан қалмай, күнде редакцияға баратын едік. Газетке бас редактор болған Төрехан Данияр қаржы көзін тапты, сөйтіп, «ЖА»-ны аман сақтап қалды.

Ал Нұртөре Жүсіптің бас редактор болып келуімен «Жас Алаштың» екінші тынысы ашылды. Нарықтың ұңғыл-шұңғылын терең білетін заманауи басшы басылымға жаңа леп әкелген жас толқынды тартты. Дәл осы кезде «Жас Алаштың» 15 қосымшасы қайта дүниеге келді. «Ырғақ», «Жібек жолы», «Дәулет», «Қоңырау», «Руханият», «Студент», «Қалқан», «Ақ отау» және тағы басқа қосымшаларын қайтадан шығару туралы идеяның бас­тауында Әділбек Қаба тұрғанын қазіргі жас қауым біле бермес. Бас редактор бұл бастаманы қолдады. Дамытты. Сөйтіп, Әдекең редакциядағы тілшілерге сан-салалы қосымшаларды бөліп беріп, қай кезде шығатыны туралы арнайы кесте жасады. Қысқасы, «ЖА»-ның кейінгі қосымшалары осылай дүниеге келген еді.

 Айтпақшы, Әділбек Қаба «ЖА»-ның жауапты хатшысы қызметін атқара жүріп «Мыңнан бір мезет» апталық газетін бір өзі 12 жылға жуық уақыт шығарды. Қосымша бұрын-соңды болмаған сұранысқа ие болды. Сөйтіп, ол өзінің қаламгерлік қызметінде ғасырлар бойы ауызекі таралып келген қазақ аңыз-әпсаналарын ыждаһаттылықпен жинап, халыққа қайта ұсынды. Қазақ мифологиясына қатысты дисертация жазды, ғылыми жетекшісі, философия ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы әлеуметтік ғылымдар акедемиясының вице-президенті Қатыршат Шүленбаевтың алғысөзімен ғылыми танымдық кітабын шығарды. Ел ішінен жинақталған аңыз-әпсаналар, табанды еңбекпен көп жылдар бойы жинаған дүниелері қазақ мифологиясының көп томдығының мазмұнын толықтырды.

Оның тақырып таба білудегі тосын бастамалары «Айқын» басылымында да жалғасын тапты. Газеттің мазмұны артты. Әділбек Қаба әріптесіміз Серік Жанболат екеуі «Айқын» газетінің негізін салушылардың бірі екенін де ұмытпауымыз қажет. Бұл басылымда бірінші орынбасар болып, жаңашыл бас редакторлар Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омарұлымен бірге істеді. Бес жыл қызмет атқарды. Газеттің ешбір басылымға ұқсамайтын өзіндік жолы бар ақпарат құралына айналуына әріптестерімен қатар үлкен еңбек сіңірді.

Мұхамедхайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетін тамамдаған Әділбек Қаба 2009 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы аппаратында басқарма бастығы қызметіне кірісті. Ақиқатын айту керек, Әдекең бас прокуратураға барған кезде онда екі-ақ адам қызмет ететінен хабардар едік. Бас прокуратураның не істеп, не қойып жатқаны қарапайым жұртқа беймәлім болатын. Ол бұл жерде де өзінің жаңалықшылдығын танытты.Тіл басқармасы мен баспасөз қызметін қосып, жаңадан байыпты басқарма ашты. Бұрын екі адам қызмет істеген бөлім енді басқарма болып, штаты 9-10 адамға ұлғайып, мықты мамандарды қызметке тартты, жұмыс ауқымын кеңейтті. Елімізде болып жатқан оқиғаларды күнделікті жариялап, баспасөз кеңесін беріп отыратын спикерді белгіледі. Журналистерді жинап, бүкіл ел ауқымында болып жатқан заң бұзушылықты жұртқа күнбе-күн жеткізіп және құқық бұзушылықтардың алдын алу, болдырмау мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жария етіп отырды. Осы кезеңде Бас прокуратура мемлекеттік органдар ішінде баспасөзге ең ашық орган болғаны жұрттың есінде. Өңірлердегі облыстық, аудандық прокуратуралардың өзінде баспасөзге жауапты адамдар нақ­тыланды. Соның нәтижесінде, заңды­лықтың сақталуы бойынша өңірдегі болып жатқан жағдайдан халық толық хабардар болып отырды. Осы кезеңде Әділбек Қаба Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігіне қарасты «Тіл және қоғам» журналының бас редакторы қызметін қатар атқарды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты ғалымдар мен тілшілердің ғылыми-талдамалық материалдарын ұйымдастырып тұрды. Бір сөзбен айтқанда, журналистикадан қол үзген жоқ.

Кәсіби біліктілігімен көзге түскен Әділбек Күнесханұлы ұзамай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратына қызметке шақырылып, заң шығарушы органда 8 жыл қызмет етті.Ол осы уақыт ішінде Сенаттың заң шығарушылық қызметі мен қабылданып жатқан заңдар туралы қоғамды жан жақты ақпараттандырып, билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға күш салды. Айта кету керек, мемлекеттік органдардың ашықтығы көп жағдайда баспасөз қызметі басшысының іскерлігіне байланысты болып келеді. Бұл орайда Әділбек Күнесханұлы баспасөз қызметін басқарған кезеңде Сенат депутаттары өте белсенді болғанына куәміз. Әділбек Қаба ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сенат төрағасы қызметін атқарған кезеңде Төрағаның баспасөз хатшысы, баспасөз қызметі бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Әдекеңнің Сенаттағы жұмысы да жаңашылдығымен де есте қалды. Ол парламентте Сенаттың веб-сайтын заманға лайықтап жаңартып, инс­таграм мен фейсбук парақшаларын ашуда және оның оқылымдылығын арттыруда белсенді жұмыс жасады. Қоғаммен, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс күрт жақсарды. Парламентте қандай заңдар қабылданды, бұл заңдар ел өміріне қалай әсер етеді, бұрын қабылданған заңдардың артықшылығы неде деген мәселелерді үнемі халыққа жеткізіп, БАҚ құралдары арқылы жарияланып, әрқайсысына түсініктеме беріліп отырды. Әр заңның бабы бойынша арнайы кесте құрылып, депутаттар сөз алып, халыққа түсіндірме жұмысы жүргізіп жатты.

 Ал 2020 жылдан бастап Әділбек Қаба бастапқыда Мәдениет және спорт министрлігінің, қазір Ғылым және жоғарғы білім министрлігі құрамына енген Тіл саясаты комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.Бұл лауазымда ол тілді үйретудің жаңа әдістемесін қалыптастыру, тіл реформасы, мемлекеттік тілдегі контентті көбейту, ұлттық корпусты дамыту, ІТ бағдарламаларды дендете енгізу, тіл заңнамасын жетілдіру, тағы да басқа басым бағыттар бойынша жұмыстар жүргізді.

Міне, 1980 жылдан, яғни 43 жылдан бері еңбектенуден, оқып, үйренуден, өзін жетілдіруден, сол үйренгенін атқарған қызметіне сарқа пайдаланудан бір таймаған еңбектің қараторысы Әділбек Күнесханұлының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен және басқа медальдармен марапатталды. Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.

Әділбек шебер журналист қана емес, бірнеше кітабымен оқырманын қуантқан жақсы қаламгер. Оның лирикалық сезімге толы өлеңдері, өрнекті жырмен өрілген философиялық толғаныстары оқырманға жақсы таныс. Шытырман оқиғаға құрылған «Қабір қазған», «Қасиет», «Мыңнан бір мезет» атты кітаптары оқырман жүрегінен орын тапты. Қаламгерді ақын ретінде танитын, туындыларын іздеп оқитын оқыр­мандары қалыптасты. Әділбек Қаба­ның «Сіз бақытты болыңыз», «Махаббат маусымы» атты жыр тотамаларын да жұрт­шылық жылы қабылдады. Әсіресе, жақында ғана ютуб арнада жарияланған «Қабір қазған» атты туындысын екі сағатта он мың адам оқыса, үш аптада 2 миллион­нан астам оқырман оқығанына қарап, қаламгердің бұл салаға да еркін бойлай алатын мүмкінідігі барын байқағандаймыз. Ол оқырманын тек тілінің шұрайымен баурап алды. Бұл шынайы жазылған шығармаға деген оқырманның ыстық ықыласы дер едік.

Әділбек Қаба журналистік шебер­лігімен, танымдық тақырыптағы ізденістерімен, ақындық, жазушылық талпынысымен оқырман жүрегінен орын тапқан қаламгер. Ендеше алпысқа алқынбай жеткен әріптесіміздің алар асуы әлі де алда деп білеміз.

1682 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы