• Әдебиет
  • 23 Ақпан, 2023

Көбелектей қанат қаққан ерке өлең

Ербол Алшынбайдың 130 беттен сәл ғана асатын «Жоғалған таулар» атты жаңа жинағында мейірің қанатын, көңілің рахаттанатын дүниелер бар. Ең бірінші оның ақын ретінде өскенін байқайсыз. Тақырып игеру мен өлең техникасын меңгеру жағынан да алдыңғы жинағынан («Құлан ауған») едәуір өскен. Бірақ сол бұрынғы кітабындағы өлеңдерінің дені «Жоғалған тауларға» да еніпті. Соған қарағанда Ербол өте аз жазады. Бұл жақсы ма, жаман ба – айта алмаймыз. Айта алмайтын себебіміз – барынша көп оқып, аз өлең қалдырған ақындар бізде аз емес (Әлем әдебиетінде де). Есесіне өндіріп жазған, мол мұра қалдырған шайырлар да жоқ емес. 

 

Ақын мұрасы ешқашан көлеммен өлшенбеген. Көп пе, аз ба әйтеуір барынша көркем, шебер жа­зыл­ғаны маңызды. Аз жазып, жақсы жаза алма­ғандар да, көп жазып, көркем жазғандар да бар. Бұл қаламгердің өз ізденісіне, талабына ғана байланысты дүние. Өз басым, жақсы ақындардың жас кезінде көбірек жазғанын қалар едім. Осыны ескергенде Ерболдың молырақ жазғаны дұрыс.

«Жоғалған тауларды» оқығанда бұрынғы Ербол мен бүгінгі Ерболды қатар оқудың мүмкіндігі туыпты. Оның ерте кезде жазған жырларында тақырып игерудің балаңдығы мен шеберліктің аздығы сезілгенімен, шынайылығы басым. «Ит», «Ұры күн», «Ән» сияқты жаңа жинаққа енбесе де болатын өлеңдері бар. Кейінгі жазған біршама өлеңдері техникалық жақтан мығым болғанымен, қатардағы шығармалар деп қабылдадық.

«Ән» өлеңінде:

Емеспін тағдырдан мұң сұрап алар,

Арнамда сол сағыныш жылап ағар.

Сол әнді айтсаң жетпеген жер жігітке,

Аспан ару мөлдіреп тұра қалар, – дейді.

Ербол жерді жігітке теңейді. Бізде жерді қалың­дыққа, анаға теңеуші еді. Абай: «Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты» деуші еді ғой.

Өлеңнің техникасы деген тек буын мен бунақты, ырғақ пен ұйқасты ғана білу емес. Жалпы поэзияның метрикасын білу, сезу. «Сандуғаш», «Қалила» балладалары ішкі жанрдың талабын толық орындай алмағандай. «Қалилада» сюжет бар да, кейіпкердің ішкі дертін, мұңын ашу кем. Жалпы айтпақ ойын сезгеніңізбен, қысқа қайырылған қорытындыға тұшына алмайсыз. Бұғылыдан кеткен аңшы Қалила араға жылдар салып оралады. Оның өміріндегі үлкен қызығы – аңшылық, ат үсті. Бұғылысын қимай қайта оралғанда Қоңыр досына:

Ай, қарт Қоңыр, енді мені жұбатпа,

Атыңды ертте қыр басына шығайық.

Шын сақиға бүгілу жоқ бірақ та,

Ат үстінде өлу – ерге лайық!, – деп ақырғы тілегін айтады. Өмірін осылай түйіндеу үшін Қалила жүрегінен сан алуан сезім өткерді емес пе? Оның жалғыздығын, жанына батқан соқа басының трагедиясын ақын толық ашпайды. Ақын тарапынан баяндау бар да, үңілу жоқ. Оқиғаға тамсану бар да, тереңдеу жоқ.

«Сандуғаштың» да оқиғасы ширамаған. Қысқа оқиғаны өлең формасында бергенімен, тақы­рыбын, айтар ойын, түйінін арши алмаған, бір қайнауы ішінде қалған шығарма деп қабылдадық. Екі балладаның да әсері бірдей. Және бір айтары, бұл балладаларының тыныс белгілері дұрыс қойылмаған. Жалпы жинақта орнында тұрмаған тыныс белгілері бар. Ол не корректордың, не қалам­гердің өзінен кеткен қателіктер. Тыныс белгі – сөйлейді. Ол дұрыс қойылмаса, өлеңді түсіну де қиын. Ал өз орнын тапқан үтір мен нүкте, тыр­нақша мен сызықша қай кезде де оқырманға ойды анық түсінуге көмектеседі.

Бұл кітаптағы көзге түсетіні – «Қарқаралы ғазалдары», «Уақыттың дауысы» циклдері. Осы екі цикл ішіндегі «Аманжол құдығы», «Сағыныш» өлең­дері уақыт табының қуатын айқын сездіреді. Бірінде «ерні кезерген құдық» жылдардың қой­науын­да қалған тарихтан сыр аңғартса, екіншісінде қа­бырғадағы қара сағат шықылдағы өмірді өтпестей көрген пендені мүсіркеп тұрғандай. Нақты осы шақ пен өткен шақтың арасындағы параллель, құдық пен сағат табиғаты оқырманға байлауы жоқ уақыттың алапат күшін бейнелейді.

Ерболдың «Қойбастың зары» деген өлеңі:

Қиялым жорт қиырға құба керік,

Зар қосып алты қазға жылап едік.

Маңғыстау сол ерлерден сізге қалды,

Ал зары қалды маған мұра болып, – деп аяқталар еді. Сол айтқанындай Ербол поэзиясының өзегінде мұң, зар жатады. Ол мұң жеке басының трагедиясынан тумайды. Ұлттың, жердің тарихта кеткен өкінішінен туады. Сол өкінішін оның асқақ мұраты, далалық мені көтеріп тұрады. Кешегі тегін ұмытпаған, бірақ қапы қалған, жаралы оғландай күй кешеді. Мойнында бабалардан қалған аманатты көтеріп, шыр-пыр болады. Оның Ахмет Кенесаринның Сыздық сұлтан туралы кітабын шағатайшадан қотарып, кітап етіп шығаруында да сол аманатшыл жүректің әрекеті жатыр. «Өзек» деген жыры былай сөйлейді:

Талай-талай обаларды шаң жұтқан,

Тауларды да уақыт қой қалғытқан,

Молаларды қара тұман қылғытқан.

Қалаларды сұры бұйра құм жұтқан.

Сұры бұйра құм жұта алмаған қала бар,

Қара тұман ұта алмаған нала бар.

Мың жыл бойы жел кеміріп жықпаған,

Мың жыл соққан екпініне ықпаған.

Қадау-қадау мұнара бар далада,

Соның биік басына шық, жан аға!

Күңіренген тыңда желдің дауысын,

Сол уілден ағарар ма жан ішің!

Немесе кітабының беташары ретінде берілген «Нарадуын» оқыңыз. Қалың аңсар бар. Кітаптың ортасындағы «Тарих», соңындағы «Күн шығып келеді» өлеңдері сол аңсардан туған. Өзектес, тамырлас сезімдер.

«Жоғалған таулардың» ішінде екі поэма, үш баллада бар. «Тарымшы поэмасы» «Қазақ әдебиеті» газетіне шығып, ол туралы пікір баспасөзде айтылды.

«Көлеңкесіз адам» поэмасы да – көркемдік шешімге ұмтылған, көңіл кірбіңін, жан күйзелісін, адам табиғатының бір қырын ашуға талпынған тәуір шығарма. Ерболдың поэзиясында мистикалық сарын, аңыз-әфсаналық қабаттар, тарихи танымдар бар. Оқыған, білген дүниесін жүрегінің синтезінен өткізіп, өз тұжырымымен ұсына алады. Біз жоғарыда айтқан екі балладасында сол қасиеті көрінбей қалған. Оның үш балладасының ішіндегі тереңі де, ақындық интуицияға байы, көркем шешімі бары – «Өмірге келмеген ақын туралы балладасы».

Бұл тақырып бұрын-соңды қозғалды ма, білмеймін. Адам – қымбат, оның жаны түпсіз әлем, көңілі – теңіз, сезімі – мұхит. Бір шақалақ дүние есігіне жақындап келіп, жарық әлемге ене алмаса неден айырылғанымызды көп бағамдап бермейміз. Дүниеге келген жоқ, яғни ол – өлмейді. Бір ғаламат жүрек өз әлемінде қалып қояды. Оның тумаған жүрегінде тазалықтан да, пәктіктен де жоғары, сафтан да биік ғаламат дүние кетеді. Оның не екенін адамзат айта алмайды. Себебі – білмейді.

Адам баласының ең тазасы, асылы – сәби. Мұқағалидың «Мына өмірден хабарсыз жаңа туған сәби болғысы» келетіні сол. «Болғысы келеді». Бола алмайды. Ол ақынның аңғал аңсары ғана. Сәби – қуаныш, сәби – жұбаныш. Ал өмірге келмеген «ақын» қуаныш та, жұбаныш та бола алмайды. Ол – үлкен өкініш. Тылсым жұмбақ.

Көңілмен аңдап, жүрекпен сезіп бағасың. Оны Абай айтқан: «Ақылмен хауас барлығын, білмей-дүр, жүрек сезе-дүр». Ол өкініш – әдепкі өкініштен де ауыр. Ол жұмбақ дүниедегі бар жұмбақтан да қиын. Ақылмен ойлап жете алмайсың. Тек жүрек қана сезсе керек. Ербол ол жұмбақты шешуге талпынбайды. Сезінуге тырысады. Ақындық түйсікпен дәл болмаса да, соған жуықтап саған да сездіреді. Өмірге келмеген ақынның сөзін тыңдап бағасың. Ерболмен біре толқисың. Тебіренесің. Жоқтайсың.

Мен ақынмын, ақиқаттың ақ шашы,

Сұлу сөз ем шыңға біткен шынардай.

Қағып-қағып кәрі өмірдің қақпасын,

Кетіп барам кіре алмай.

 

Жарық дүние мен де саған іңкәр ем,

Шыбығымның қиды балғын діңін кім!?

Сорлы анамның соңғы суық жасымен,

Мен де бірге үзілдім.

 

Енді адамзат айта алмайтын сөз менмін,

Айта алмайды енді оны ешкім обал-ақ.

Жүрем толқып өзегімде шер мен мұң.

Сыңар құстай қанатымды сабалап.

 

Дала менің шерімді ұғар бір тумам,

Туласа егер қысқандай боп безгек қыр.

Кеңістікке симай толқып бұлқынған,

Мендегі сол айтылмаған сөз деп біл!

Өзің білмейтін тылсымның, өзің көрмеген ғайыптың, тілдеспеген «ақынның» дірілін сезесің. Үнін естисің. Ерболдың қобыз-жүрегі сені сол әлем­мен жалғап жібергендей күйге түсесің. Ақынымен тілдескендей. Оның жанының азасын автор кем сезінбейді. Өзі жоқтайды. Желге де жоқтады.

Мен жоқтаймын, жел де сені жоқтасын,

Жанарында жанбай қалған жасын бар.

Қағып-қағып кәрі өмірдің қақпасын,

Кірмей кеткен ақындар!

Осы жел – ақындардың сырласы. Жел пәни мен бақидың байланысы секілді. Әйтпесе Мағжан «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңінде былай жазар ма:

Қажыдым енді, күш бітті,

Көңілсіз, салқын, күн бұлтты,

Жел бұйығып тербелед.

Әлдекімнің өлгенін,

Оны қалай көмгенін,

Әңгіме ғып күңіренед.

Жел, күңіренбе, жасың тый,

Өлім күйі – тәтті күй.

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де, өлім, әлдиле...

Әлдиле, елім, әлдиле!..

Мағжан поэзиясындағы тұрпаты да, мағынасы да, сұлулығы да ерекше осы бір өлеңінің өне бойында сырын айтып жел жүреді. Сол сол Ерболға да сыбырлаған боп тұр. Мағжанның осы іңкәрлігін, махаббатын түсіну үшін тағы сол жүрек керек.

Ал мен өз ойымда Ерболдың сол балладасы мен Мағжан өлеңінің арасынан әлдеқандай байланыс іздеп әлек болдым. Ол ұқсастық өлең формасында, я тақырыбында емес, тіпті, поэтикалық қуатында емес. Рухында! Ербол бастаудың алдын сезінгісі келеді. Ал Мағжан соңғы нүктені сағынады.

Ақын Ербол Алшынбайдың «Жоғалған таулары­ның» ішінде тарихты айтып қамырыққан, намысты айтып шамырқанған, ақындық түйсікпен, зор шабытпен көңілдің жеткен жеріндегі ойды қапысыз аңдаған шығармалар бар екен. Соған қуандық. Демек, ақын олжасыз емес.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері

 

3563 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы