• Әдебиет
  • 02 Наурыз, 2023

Аягүлдің аяулы әлемі

Алматы қаласы белгілі жазушы, Президент стипендиясының және «Серпер» сыйлығының иегері Аягүл Мантайды еске алды. «Alatau creative hub» шығармашылық кешенінде өткен бұл еске алу іс-шарасында қаламгер шығармалары мен сұхбаттары топтастырылған «Аягүл» атты жаңа кітап оқырманға таныстырылды.
Жиынға жазушының оқырмандары мен көзі тірісінде сыйласқан жақын достары, әріптестері және туған сіңілісі Тоты Мантай қатысып, Аягүл Мантайдың өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер айтты.

«Қалам ұстайтындар көп. Бірақ солардың бәрі мықты жазушы бола бермейді. Талабы жақсы, ниеті бар, бірақ таланты жетпейтін жазушылар да болады. Ал Аягүл болса, жарқын үнімен, ерекше қалам қуатымен әдебиетке жалындап келген жастардың қатарынан еді. Әдебиетте көркем жазу үшін игеретін бірнеше фактор бар: тіл, образ ашу, көркемдік идея, композиция, сюжеті. Міне, осы фактордың бәрін бір шығармада қиыстыру әркімнің қолынан келе бермейді. Кейде жазушымыз деп жүрген кісілердің өзі шығармада ойын толық жеткізе алмай, ұзақ әңгімені шиырлап, тақырып айналасынан шыға алмай жүреді. Ал Аягүлдің шығармаларында оқырманды бірден баурап алатын көркемдік бар еді, себебі жазушының өзінде нағыз қаламгерлік талант болатын. Ол өмірден өткенімен, санамызда, көркемдік әлемімізде өмір сүреді. Ол – өзінің эстетикасы, көзқарасы бар ерекше жазушы», – дейді Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Нұрдәулет Ақыш.

«Аягүл әңгімелерінде оның өз өмірін, болмысын, мінезін, көзқарасын көп байқайтынмын. Бірде баспалар үйі жағында кезігіп қалдық. «Аяш,  әңгімелеріңде өзіңді жазасың ғой деймін?»– дегенімде: «Басқа кімді жазамын? Әрине, өзімді. Өйткені, мен өзімді жақсы танимын», –деп жауап берген еді. Аягүл шығармаларында өмірді жазды. Өзін қалай таныса, өмірді де өзгелердің солай танығанын қалады», – дейді ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері Тоқтарәлі Таңжарық.

«Біздің қоғам көп дерттен арылуға тиіс. Соның қатарында – үлкеннің кішіге, ер адамның әйел затына тізесін батыруы, кибербуллингтен де бойды аулақ әкетуіміз керек еді. Әдебиет – ұлттың ары болса, құқық – мінезі. Бүгінде мінез девальвацияға ұшырап жатыр, өйткені ар төмендеді», – дейді А.Мантаймен Мәскеуде бір жылдары оқыған заңгер Қазыбек Дәуітәлі.

Жиын барысында Ғабиден Жәкей, Дәурен Берікқажыұлы, Жанар Әбсадық, Мархабат Шойбекова, Салтанат Мадиярқызы, Гүлнәр Бағашар және т.б. сөз алып, Аягүл әлемінің аяулы естеліктерін айтты.

Аягүл Мантайдың 2009 жылы алғашқы кітабы «Жаңбырлы көктем» жарық көрсе, 10 жылдан кейін «Жүрекке оралу» жинағы баспадан шықты. Ол өмірден өткеннен кейін, белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың қолдауымен «Уақыттың көз жасы» атты кітабы шықты. Ал оқырманға таныстырылған «Аягүл» атты жаңа кітаптың безендірілуі де, онда енген сұхбаттар мен естеліктердің реті де, тіптен алғысөзі мен қорытынды сөз де (жазған: Б.Оңдасынова) жан-жақты ойластырылған еңбек екенін байқатады.

«Аягүл» атты жаңа кітапты құрастырған оның жақын құрбысы – Бану Оңдасынова. Жинақтың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен – ақын, әрі қоғам қайраткері Мақпал Мыса.

Кітаптың бірінші бөлімінде жазушының қаламдас достарының естеліктері, Аягүлдің сұқбаттары топтастырылса, екінші бөлімге оның әңгімелері кірген. Аз ғана ғана ғұмырында Аягүлдің қаламынан туған дүние оқырманды қандай сиқырымен баурады? Себебі Аягүл Мантай шығармашылығында жасандылық жоқ еді. Әдебиет – өмірдің өзі десек, А.Мантай шығармалары да өмірдің дәл өзін бейнелейтін. Бүгінгі заманның кейіпкерлері де жазушы шығармаларында толық көрініс тапқандықтан болар, оның кітаптарынан өткен мен бүгіннің сабақтастығы, ертеңнің аңсар арманы сезілетін. Ал түрлі тағдырлар тізілген кейіпкерлер галереясы Аягүл әлемінің тұңғиықтығының бір дәлелі болса керек.

Әдеби кеште Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті Наурызбай Асылбеков Аягүл Мантайдың «Соқыр сана» әңгімесінен көркемсөз оқыды.

Аягүлмен бір топта оқыған студенттер атынан журналист Динар Камилова Аягүлдің анасына деп алған шапан мен ақ жаулықты оның туған сіңілісі Тоты Мантайға тапсырды.

Кешті ұйымдастырған – Бану Әділжанқызы мен журналист Алма Сайлауқызы. Бану Оңдасынова кеш соңында алдағы уақытта Аягүл Мантай атындағы әдеби сыйлық ұйымдастырылатынын, қазіргі кезде концепциясы жасалып жатқанын хабарлады.

Астанадан бастау алып, Шымкентте жалғасып, Алматыда қорытындыланған қаламгерді еске алу кеші алда да жалғаса бермек.

Қарагөз  СІМӘДІЛ

 

4091 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы