• Әдебиет
  • 02 Наурыз, 2023

ТАБИҒАТҚА ТІЛ БІТСЕ...

Алтай табиғатын, Алтайдың өсімдіктер әлемін, жануарлар мен аң-құстар дүниесін суреттеген Ә.Асқаровтың сөз қолданысына тоқталу маңызды. Оның табиғат суреттерін, фауна мен флораны қарапайым, әсірелеуі аз, жергілікті тұрғындардың сөйлеу мәнерімен жеткізгені сезіледі. Қолдан жасалған, калькаланған сөздер мен жасанды сөздер тізбегінен сомдалған табиғаттың «ғылыми» суреті емес. Содан болар, мұндай суреттеулерді «танымдық ботаника, танымдық биология, танымдық зоология» деуге болатын сияқты. Себебі автор әр өсімдікті, орман-тоғайдағы жан-жануарды өзінің танып-білуіне, жергілікті тұрғындардың сөйлеу әдебіне сай сипаттап, шығарма сюжетіне кірістіреді. 

 

Көркем шығармадағы құстардың және құс атауларымен келетін сөз тіркестері  автор қолданысындағы қызықты тілдік фактілер. Әр құстың үні, шығаратын даусы  болады, бірақ соны қалыптасқан жалпы елге танымал үн түрлерімен (айталық, қарға қарқылдады, сауысқан шықылықтады, үкі үһіледі т.б.) келтіре отырып,  жазушылар тегіс жазады. Ол дұрыс, бірақ осы үн түрлерін жергілікті тұрғындар сөз арасында, жай ғана әңгімелесіп отырғанда қалай айтады, сол жағын жеткізуде Ә.Асқаров қалың оқырман ғана емес, сөзтанушылар үшін жаңа тіркесімдер ұсынады. Бізге олар таныс қаламгердің құлағына бала кезден сіңген ерекше тіркесімдер болып көрінді. Мысалы, шауқарға шар ете қалады (Дәл төбемізден шар етіп шауқарға ұшып өтті), сондықтан ол қарға сияқты қарқ ете қалды деп жазбайды, шауқарға шар етеді дейді. Неге? Себебі: Шауқарға шарылдаса тамағын қорғағаны, яғни биыл балқарағай қабағат қалың деген белгі. Бұл екі сөйлем шауқарғаның шарылына байланысты мәтінде төрт түрлі қызмет атқарып тұр. Біріншісі  – жаңа тіркесім ұсынады, екіншісі – танымдық мәліметті жеткізеді, ол – шауқарғаның балқарағайдың дәнімен қоректенетіні, үшіншісі осы дыбысты қарға кез келген уақытта емес, негізінен, өз азығын қорғағанда шығаратыны, төртіншісі, әрине, балқарағайдың Алтайда  өсетіні. Ә.Асқаровтың  үкісі кейбір шығармалардағыдай үпілдемейді де, уһілемейді де, ол ентігеді: Етектегі орман жиегінен үкінің ентіккен үні шықты; Алтай бүркіті ауаны жай ғана жарып ұшпайды, сүмбідей жарады:  Көк аспанды сүмбідей жарып, бүркіт жүр қалықтап. Қалықтау мен сүмбідей жарудың арасында мағыналық айырмашылық көп. Қазақ танымында сүмбідей жару үшін құс қалықтап  ұшпайды. Сондықтан осы екі сөздің бір сөйлем ішінде бүркіттің ұшуына байланысты қолданыс табуының  үйлесімі аз көрінгені рас. Кекіліктің түсінің алакүрең болып суреттелуі де көп шығармашылық иелерінде кездесе бермейді. Автордың нақты суретті бергені байқалады, құс бейнесін көркемдеу үшін жазбаған, оның пайымына алакүрең кекілік түсінің сіңіп қалғаны сезіледі. Жергілікті халық осылай айтатындықтан болар, кекілік түсі алакүреңмен беріледі: Қасымыздағы тобылғының түбінен пыр-р-р етіп алакүрең кекілік ұшып шығып, екеуімізді де селк еткізді.

Құстар және құс атауларымен келетін тіркестер, олардың кейіптері де  автордың туған жер табиғаты туралы  терең танымынан туындаған, тілдегі лексикалық синтагманың тосындау үлгілері, мысалы: Жерошақ басындағы томар үстінде марқадай қомданып кезқұйрық отыр екен.

Келесі кезекте аңдар және аң атауларымен келетін тіркестер  тұр: Томар емес, күдір жатыр. Автор күдірдің қимылсыз кезін былай жеткізеді: Күдір сөйтеді, тіпті құлағын да қимылдатпай, өстіп тас секілді қатып қалады. Жергілікті жердің жер бедері мен түсіне ұқсас болу – аңдардың қорғаныш табу амалы. Мысалы,  жылдам қозғалатын, тау мен таста жүруі жазықта шапқылаудан да оңай тауешкілер тобының суреті былай берілген: Жартас бауырында қоңырқай түсті тағы бірдеңелер қозғалақтады. Ба-а-а, мыналар ешкілер емес пе! Сөйтсе, бұл ешкілердің тағы бір атауы бар екен, оны кейіпкерлер диалогындағы келесі сөйлем көрсетеді:

– Аға, олар қорықбас ешкілер, – деді аздан соң жамбастап жатқан маған еңкейіп: «Бізге текесі, құлжасы керек! Қорықбас сөзі «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» тіркелмегенмен, «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде тізілімге зат.жерг. белгіленіммен енгізілген екен: Қорықбас – Қарақұйрықтың серке текесі (былтырғы лағы). Міне, сөздіктерді уақ-уақ жаңғыртып отырудың пайдасы осындай. Жергілікті тұрғындар қорықбас ешкі деп тіркестіріп атайтын атау сөздікте жоқ, ал көркем әдебиеттің сөздердің тілдегі ғұмырын ұзартатыны жай сөз емес екені сезіледі. Автор сурет­теуіндегі құлжа бейнесінде қадірменді қазақ ақсақалының кейпі бар: Шудадай желкілдеген ақшулан сақалы бар, білектей имек мүйізді бөлекше жануар екен. Нақты емес, көбіне шамамен сөйлейтін (1 метр, 50 см., т.б. сияқты нақтылық аз) қазақ үшін және автордың дара стилі үшін де  мүйіздің білектей болуы – тосын қолданыс.  Бұрымы білектей, жуандығы білектей жылан  сияқты қолданыстар құлаққа сіңісті болса, мүйіздің білектей болуы – окказионал. Окказионалдар қаншалықты өміршең, ол уақыттың еншісіндегі нәрсе.

Алтайдағы енді бір жануар – ешкішек. Енді бір тұстан ешкішек маңырап, елік әупілдеді. Ешкішек туралы сөздікте мәлімет жоқ, ешкіше-нің үстеу екені тіркелген. Қазақ тіліндегі -шақ,-шек жұрнағының кішірейту мәні бар, ішінара болмаса, жаңа сөз тудырмайды. Ал ешкішек деп тұрғындар ұрғашы ешкіні де, жас малды да атауы мүмкін. Таз биіктен суыр аңқиттады дегендегі суырдың шығаратын дыбысы көпке таныс. Бірақ таз биіктің ассоцациасы шашы түсіп біткен жалтыр таз (тас төбесінде шашы жоқ, төбел таз) болса, автордың таз биігі ең биік (ең жоғарғы нүкте) деген мағынаны білдіреді.  Ал Алтай аюы үлкен де, зор да емес, зіңгіттей де емес, тайыншадай және бұқадай: Біреуі бұқадай зор, екіншісі кішілеу, тайынша аю. Бұл сөздер авторлық қолданыстар.

Көркем мәтіннің танымдық қызметі зор. Мысалы, Ә.Асқаровтың аңдар сайысын, аюлар жекпе-жегін, аюдың шектен шыққан ызақорлығын суреттеуі қысқа да нақты. «Енді бір мезетте үлкені екі-үш қарғып жетіп барды да, жас аюды шапалақпен тартып-тартып жіберді. Ал шапалақ жеген аю «Қашып кетудің орнына тұрған бойда өзінің кеудесін өзі ұрғылап айғайға басты. Келесі сәтте, мәссаған... темірдей тұяқтарымен өз қарнын өзі жарып жіберді. Тау дарытқан Алтайлық мінез, алтайлық намыс және өркеуделік, тауға тән шапшаңдық суреті бір-екі сөйлеммен салынса, осылай-ақ салынсын. Инстинкт буып, тырағайлап қашудың орнына  жанын қия салу – қиямет сурет. Автор осы суретті де сабат мінезбен, күйіп-жанбай-ақ жеткізеді, өйткені бұл көрініс жасынан қанына сіңген, көріп өскен.

Оқырманын Алтай алқаптарын таныстыру мақсатында бұғылар сайысымен қызықтырған автор (Өзеннің арғы бетіндегі дөңкиген тұмсық жақтан бұғының шақырған даусы шықты; Ізінше сол төңіректен оған жауап қайтарған тағы бір бұғының сырнайлы даусын естідім; Ойпырмай, бұғы сайысын көруім де мүмкін-ау деген ой мені дереу жолға жинады) өзгеше әлем. Автор оқырманды да, зерттеушіні де осы әлеммен қызықтырады, Алтай табиғатын тамаша білетінін көрсетеді. Автордың әрбір детальды қысқа суреттеуіне қарамастан, талдауға, тіркеуге  қажетті материалдардың қоры табылатыны сезіледі.

Өсімдік атаулары мен сөз тіркестері повестегі ең көп кездесетін қолданыстар: Бір тұстан шошайған топ шырышты көріп қалдық. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: «Шырыштаулы аймақта өсетін, сабағы жапырақсыз, гүлі ақ, қызғылт, сары не қоңыр түсті көп жылдық шөптесін өсімдік» деген түсінік берілген. Шырышты қабат, шырышы жұқты деген сөздерден мағынасы бөлек, жиі қолданылмайды. Ал долантопшы Алтайда өсетін бұталы өсімдік, оның күзге қарай жемістері  әбден піседі. Осы сәттегі өсімдік суреті автор сөз саптауында былайша өріледі: Қызарған жемісті көтере алмай иілген долантопшы да жиі кездесті; Қарақатты теріп емес, сауып жеуге болатыны жергілікті адамдардың сөз саптауынан аңғарылады: Беткейде қарақат сирек сияқты, жолай ат үстінен сауып дәм таттым. Осындағы сөз саптау синтаксистің  коммуникативтік аспектісіне жатады, өйткені сөйлем – қарым-қатынас құралы.

Гүлді де шөп, шөпті де шөп деп танитын қазақ үшін гүл атауларын білу қызықты. Автор айтуындағы күнгелді гүлі, түймедақ, гүлшөп атауларының соңғы екеуі жиі айтыла бермейтін атаулар қатарында, мысалы: Тамыз туа мұндай дала тағы өзгеріп салатын, енді ол аппақ түске еніп, түймедақпен құлпырып шыға келуші еді;  Жаздың басында мұндай даланы жайқалған шөп, қып-қызыл күнгелді гүлі басып кететін; Қалың өскен әлгіндей гүлшөптердің қазір гүлі түсіп, домалақ дәнегі ғана сарғаяды. Гүлшөп атауы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» табылып қалар деген үміт ақталмады. Гүлше, гүлшешек, гүлшік бар, бірақ гүлшөп жөнінде мәлімет жоқ болып шықты. «Қазақ тілінің әдеби сөздігінде» гүлт-гүмн аралығындағы буындарда гүл-шешек, гүлшоқ, гүлшырмауық бар, бірақ гүлшөп тіркелмеген. Осы арада авторлар кейбір сөздерге аздап түсінік беріп отырса, қаншама қазақ сөзі туралы мәліметке қанығар едік деген өтініш-тілек  тіл ұшына орала берді. Ал өсімдік атауларын зерттеген маман ретінде профессор Б.Қалиевтің «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен» гүл, шөп туралы, повестегі күнгелді гүлі туралы мәлімет іздегеніміз рас. Аталған сөздікте қыр гүлі, гүл-гүлім, гүліндей, гүлі солды т.б. тіркесімдер көрсетілгенмен,  нақ осы   күнгелді гүлі, гүлшөп туралы ештеңе айтылмаған екен. Затты атау үшін, термин үшін жасанды сөздер тауып, әуре­ленгенше осындай сөздерді пайдалана білсек, құба-құп емес пе. Міне, сөздікшілер үшін қажетті мәліметтер табылды деуге болады.

Табиғатты суреттегенде кездесіп қала бе­ретін тосын тіркесімдер – авторлық тір­кесімдер, стиль даралығының көрінісі, көркем шығарма поэтикасы. Ондай тіркесім­дер деп ойпаттың ұлтаны (бұл жердегі ойпат (табаны деген мағынада болар) – біздіңше жергілікті тұрғындар айтуындағы, ауызекі тілде қолданылатын ойпат, бірақ Маңғыстау ойпаты дегендегі географиялық термин емес, әрине, семасында ұқсастық бар): Ойпаттың ұлтаны шымдауыт, көк шалғын.

Бұлақ сылдырап ағады, сылдырап қашады, сылдыры естіледі деген бейнелі тіркестер таныс қолданыстар, ал шүлдірлеген бұлақ Ә.Асқаровтың көркем мәтінінде жүр, шүлдірлеуінің себебі ол шағын, сондықтан сәби сияқты, шүлдір-шүлдір дыбыс шығарады. Бұл суреттің нанымдылығы (лингвопоэтика критерийлерінің бірі) мен сүйкімділігі сезімге әсер етеді, эстетикалық күй тудырады, аяғын апыл-тапыл басып жүрген сәбиді көргендей әсер береді: Көлден шыққан шүмек сарқыраған өзен шығар деп ем, шүлдірлеген шағын бұлақ екен.

Бағдан МОМЫНОВА,

филология ғылымының

докторы, профессор

4488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы