- Тұлға
- 13 Сәуір, 2011
Алаш арыстарының ақ жолы – ұрпаққа ұлағат
Қазақ тарихында Алаш арыстарының орны ерек. Олар Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Ең алдымен, қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақсат етті. Сол жолда күресті. Бүгінде сол ақтаңдақтарымыздың ақиқат жолдары түбегейлі аршылған жоқ. Сол жолда еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі – Дихан Қамзабекұлы. Осыған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті оқу-әдістемелік жұмыс және стратегиялық даму проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлымен сұхбаттасудың орайы келген еді. – Дүйім жұрт өзіңізді алаштанушы ретінде жақсы таниды. Алаш зиялылары хақында жазған еңбектеріңізден де хабардар. Ендеше, ғалым Диханның балалығы жайында аз-кем әңгімелеп берсеңіз... – Кімге болса да туған жер ата-ананың алақанындай ыстық болады емес пе? Мен қазақтың киелі топырағында, яғни Түркістан өңірінде дүниеге келгем. Сол өңірде Келтемашат деген ауыл бар. Міне, сол ауылда менің балдәурен балалық шағым өтті. Қазақтың Түркістан өңірін елеулі ететін Қазығұрт қой. Өзім Түркістан мен Қазығұрт десе елең ете қалам. Содан кейін өзім зерттеуге атсалысқан Алаш тұлғасы Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ Алтайда туып, Түркістанда өскен» деген сөзін жадыма түйгенмін. Оны әр жерде қайталап отырамын. Айталық, біз жақтың қымызқұмар жұрты аузынан тастамайтын киікоты деген киелі шөп бар. Әжем жарықтық ылғи күбіні осы киікотыға ыстайтын. Мен бұрын «киікоты біз жақта ғана өседі» деп ойлайтынмын. Әне бір жылы Алтайды аралаудың сәті түсті. Түпотанның әрбір түп шөбіне қызыға қараймын. Кенет қарсы алдымнан киікоты шыға келді. Бір емес, мың түп. Қуаныштан айқайлап жібердім. Бұл – Қошке сөзінің дәлелі ғана емес, қарға тамырлы қазақтың дәлелі еді... Әкем Қамзабек пен анам Үрзада15 бала тәрбиелеп өсірді. Анамыз – қарапайым адам. Шымкенттегі А.Байтұрсынұлы мектебінде, кейіннен Қ.Сыпатаев атындағы қыздар мектебінде білім алған. Ал әкем – ғұмырын ұстаздыққа сарп еткен жан. Майдан алаңында болып, жау қолына түсіп, небір азапты да көрген адам еді. Туғанына турасын айтып жақпайтын турашыл болды. Ауылдың қазына қарттары айтқан құнды дүниелерді қағазға түсірген де осы менің әкем еді. Міне, осындай үлгілі отбасында тәрбие алдық. Әке-шешеміз негізінен жұмыста болып, ата-әжеміздің қамқорлығын көрдік. Олар тек адал еңбек етуге тәрбиеледі. Үйдегі шаруаларды әрқайсысымызға бөліп беретін. Соны екі айтқызбай орындауға тырыстық. Жалқаулансақ – таяқ жедік, орнымен істесек – алғысын алдық. Үйде білімнің, жақсы оқудың культі болды. Үлкендер жағы Мәскеуде оқыған соң, «ұятқа қалмайық» деп тырысып жүрдік. Отбасының әлсізі мен едім, бірақ әлгіндей тәрбие жұрт қатарына қосылуыма ықпал етті. – Жаңа ауылымның аты «Келтемашат» деп қалдыңыз. Осы Келтемашат деген не мағына береді? – Келтемашат – үстірт қарағанда, қазақтың сөзі емес секілді. Бала күнімізде Машаттың Кершетас маңайындағы өзбек ағайынның кейбір бұзықтарына кіжініп, «Бұл Машат өзбек сөзі-ау, Масат дейік» дейтін кезіміз де болатын. Бірақ халықтың жады мықты екен, ол – шынында, Масат емес, Машат екен. Онын сырын бізге, Машаттан су ішіп отырған 100 мың адамға, ақын Мұзафар Әлімбаев тауып берді. Көрші қырғызда бұлақты «башат» дейді екен. Бізде «б»/«м» дыбыстары жиі алмасады емес пе (мұның/бұның т.б.). Яғни көне түрік сөзі қырғызда сақталып қалған. Сонымен Машатымыз – бұлақ екен. Жалпы, үш Машат бар: Ұзын Машат, Келте Машат, Құр Машат. Соңғысының суы тартылып қалған. Міне, Келтемашат осындай мағына береді. Келтемашат – сулы, нулы, шұрайлы өңір. – Сіздің Алаш қайраткерлері туралы жазған еңбектеріңізді ел жақсы біледі. «Смағұл Сәдуақасұлы», «Руханият», «Алаш және әдебиет», «Пайым» атты кітаптарыңызбен қоса Қ.Кемеңгерұлы, С.Сәдуақасұлы, Ж.Аймауытұлы, Қ.Болғанбай сынды қайраткерлердің шығармалар жинағын да даярладыңыз. Алаш қайраткерлерін зерттеу барысында не түйдіңіз? Олардың бойындағы қандай қасиеттерді бағалар едіңіз? – Тағдыр мен тарих әрбір буынға өзіне тиесілі жауапкершілік артса керек. «Жариялылық» деп қоғам өзгеріп жатқанда біз студент едік. Содан бұрын айтылмаған, жазылмаған нәрселерді, деректерді айту, жазу – жаңа азаматтардың парызы секілденді. Әрине, ынта-жігер бар, біз соған қуана-қуана жегілдік. 1990-1995 жылдары мемлекет қаржысымен кітапхана-мұрағат аралаудың сәті түсті. Петербор, Мәскеуден мұрты бұзылмаған газет тігінділерін көрдік. Өзіміздің ҰҚК мұрағатына кіруге рұқсат алдық. Құмарлана мұрағат шаңын жұттық. Үлкен жетістігім деп сол дәуірдің ахуалын сезінгенімді айтар едім. Кітапқа мәтін даярлау барысында зиялылардың стилін, сөз қолданысын зерделедім. Алаш зиялылары – бірауызды, бір тілекті жандар. Оларды алалап, бөліп жүрген – бүгінгінің қулары, пысықайлары. Олар ел мен ұлт дегенде жанын беруге даяр болған. Сонымен қатар елге демократия, білім-білік алып келу үдерісінің бастауында тұрғандар да – солар. Осыдан олардың қасиеті, парасаты, көрегендігі айқындала береді. Алаш зиялылары – елшілдік пен Отанға адал қызмет етудің рәмізі. Олар – барды көбейтуші, үзілгенді жалғастырушы, жоқты жасаушы. Алаштың жасампаздығы, біліктілігі анық көрінеді. – Алаш қайраткерлерінің дінге, Исламға деген көзқарасы қандай болған? – Алаштың діншілдігі туралы екі пікір бар. Біріншісі бойынша, «олар діннен бойын аулақ салды». Екіншісі бойынша, «ақылдың дінін мойындады». Өкінішке қарай, бұл екеуі де – кеңестік-идеологиялық таныммен кіндіктесіп жатқан ойлар. Ашығын айтқанда, олар барды бар деп бағалады. Дінге деген өзіндік көзқарастары болды. Өйткені олар прагматиктер еді. Рас, олар дін-исламнан хабарсыз болған жоқ. Себебі бәрі де әу баста молда алдынан оқыды. Өсе келе дінге рухани ұстын ретінде қарады. Сонымен бірге қоғамның дамуына кедергі, адамдардың субъективті пайымдарынан туындайтын діни «комплекстердің» бәріне қарсы шықты. Мысалы, А.Байтұрсынұлы «Қазақ жойылмай қазақтың арабша жазуы жойылмайды» дейді. Мұны бірыңғай алфавитке апарып тіреуге болмас. Ахаң мұнда «қазақтың арабтекті сөздері жойылмайды» дегенді де меңзейді. Ә.Бөкейхан Міржақыптың «Бақытсыз Жамалын» шариғат шарттарына салып талдайды. 1914 жылы Мұсылман съезінде «мүфти кітап жазып, елден бағасын алған Еуропаның профессорындай болу керек» дейді. Смағұл Сәдуақасұлы «Қазақтың молдасы орыстың попы емес. Ол – бірінші мұғалім (учитель)» деп жазады. Біздің зиялыларға үлгі болған Исмаил Гаспыралының «Молла Аббас» романындағы бас кейіпкер Түркістаннан шығып, сонау әлемнің көзін ашқан Андалузия медреселерінің тағылымын алады. Дәл сол сияқты Алаш оқығандары діндарларымыздың білімді, парасатты болуына тілеуқор еді. – Бәрімізге белгілі, қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының шетелде, жат діннің қорымында қалған сүйегінің күлі Астанаға жеткізілді. Бар-жоғы 30 жасында Қазақстанның Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Жастар ұйымының басшысы, Оқу-ағарту халкомы, «Еңбекші қазақ» газетінің бас редакторы сияқты қызметтерді атқарып, бәрінде де туған халқының мүддесі үшін күрескен Смағұлдай арысымыздың сүйегінің елге оралуы ұрпақ үшін ұлағат емес пе? – Дұрыс айтасыз. Қазақта «топырақ бұйырған» деп жатады. Өкінішке қарай, 1933 жылы өлтіріліп (жасырын түрде), кремацияланып (өртеліп), Мәскеудегі «Дон христиан» зиратханасының ішкі қабырғасына қойылған Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің күлі 78 жылдан бері жер қойнына берілген жоқ-тын. Тәуелсіздіктің арқасында соны жүзеге асырудың сәті түсіп отыр. Шағын делегация улатпай-шулатпай, саясиландырмай оны 21 қаңтарда ұшақпен әкелдік. Арыстың денесін халқы қарсы алды. Имандылық шаралары жасалды. Бірақ жер қойнына әлі берілген жоқ. Өйткені жер аяғы кеңісін, сонан соң ұлттық қабірстан соғып, соған қояйық деп шештік. Алла жазса, 31 мамырға қарай бұл шара жүзеге асуы тиіс. Әрине, мұндайда қоғамдық түсіністік, парасат керек. Біз – тарихын түгендеп жатқан тәуелсіз елміз. Сондықтан 20 жылдың ішінде Смағұлдай арыстың жерленбеуі, Кейкі батыр бас сүйегінің әлі елге әкелінбеуі, табылған Міржақып сүйегінің елсізде қалуы халықты қатты толғандырып жүрді. Себебі олардың бәрі де – ел үшін құрбан болған ерлер. Мен смағұлтанушы және оның сүйегін елге әкелу жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі болғандықтан, мынаны айтқым келеді: біріншіден, елге жеткен қайраткер рухы бүгінгі жастарымызды елшілдікке, батылдыққа тәрбиелеуі керек; екіншіден, елордада Смағұл тағылымының жаңа кезеңі басталды. Енді оның бейіті Астанада орнап, рухы жастарымыздан «Сен ұлтың үшін, Отаның үшін не істедің?» деп сұрап тұрғандай болады емес пе? Міне, осылайша өскелең ұрпақ өзінің ата-бабасын тани алатын. Демек, Алаш арыстарының ақ жолы – ұрпаққа ұлағат. Ал оған үлес қосатын – біздер... – 1952-1972 жылдары Қазақстан қазиятының қазиы, мұнымен қоса Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының мүшесі болған, көрнекті қоғам қайраткері, аудармашы, ақын Сәдуақас Ғылманидың өлең-жырларын тауып, кітап құрастырғаныңызды естідік. Бұл еңбектер де тарихымызға қосылатын үлкен мұра ғой! Ендеше, Сәдуақас Ғылмани жөнінде де бірер ауыз әңгіме айтып берсеңіз... – 2010 жылдың аяғында Алматыдағы «Ел-шежіре» баспасы халық арасында Сәкен қалпе атанған Сәдуақас Ғылманидың «Шығармаларын» мемлекет қаржысына басып шығарды. Бұл кісінің кім екенін екі-ақ ауыз сөзбен айтуға болады. Біріншіден, ол – қазақта бұрын-соңды болмаған 110 мың сөзден тұратын арабша-қазақша сөздік әзірлеген тұлға. Екіншіден, әл-Фарабиді зерттеуге құмартқан Ақжан Машанидай ғалымға ұстаз болған ғұлама. Ал мына жинағы 30-жылдары қазақ ақын-жазушылары саясат теперішінен зардап шеккен күннің өзінде ұлт трагедиясын, діни құндылықтарды өлеңге түсірген қаламгер ізденісін көрсетеді. Дәлірек айтсақ, Сәдуақас Ғылмани – отандық тарих үшін әлі де ақтаңдақ тұлға. Оның мол мұрасын біз әлі жинап, жариялауға тиіспіз. Еуразия университетіндегі «Алаш» институты осы бағытта біраз жұмыстар жасап жатыр. Ғұламаның еңбектерін тарих, дінтану, филология, философия мамандары қатар зерттей алады. – Құдайға шүкір, Ислам діні өркениет дамып, ғылым мен технология алға қарыштаған сайын өзінің ақиқатын ашып келеді. Өйткені Ислам діні – ғаламдық дін. Біз де мұсылман еліміз. Бүгінгі таңда елімізде 2300 мешіт бар. Жұма намазына барған жамағат мешіттерге сыймайды. Алайда сол топ қауымның арасынан зиялы қауым өкілдерін аз кездестіреміз... Оның себебі неде деп ойлайсыз? – Меніңше, ерте ме, кеш пе, олардың басым бөлігі мешітке барады. Қазіргі үдеріс жақсы бағытта келе жатыр. Жастардың дінге деген ықыласы өте жоғары. Дінге қатысты зиялылардың екі тобын көріп жүрміз. Бір тобы діни әдебиеттермен қаруланған, білік-білімі бар, жөн-жобаны біледі. Бірақ жұрт көзінен тыс жүруді қалайды, діншілдігі үшін кеуде соқпайды. Екінші топ «ауызбен орақ орады», бірақ таласты мәселелерге келгенде, дінсіздің сөзін сөйлейді. Себебі парасаты таяз, білімі кем. Біздіңше, түптің түбі бұлар күрт азаяды. Жалпы, жақсылықтан үміттену керек. Өз басым Абай мен Шәкәрімнің, Алаш тұлғаларының ақыл-парасатынан, имани жүрегінен өткен Ислам құндылықтары біздің рухани өміріміздің ұстынына айналуы тиіс деп есептеймін. – Қанша айтсақ та, мемлекеттік тіл мәселесі әлі күнге өз деңгейінде шешілмей келеді. Жиында да орыс тілінде шүлдірлейміз. Біз мұны абырой көреміз бе, әлде қазақ әлі күнге мәңгүрттік психологиядан арылған жоқ па? – Қазақ тілінің аясын кеңейтудің бір-ақ жолы бар сияқты. Ол – заң мен талапты күшейту. Мемлекет – заңды орындата алған кезде мемлекет. Әйтпесе ол – мемлекет емес, жалпақшешей. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы халыққа арнаған Жолдауында «2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар саны 80 пайызды, ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деді. Міне, осы сөз қай-қайсысымыздың болмасын жадымызда жатталып, осы жолда бәріміз біріге қызмет атқаруымыз керек. Ол үшін кім болса да ең алдымен өзі үшін жауап беруі тиіс. Сонымен қатар мекеме басшысының да ұлтжанды азамат болғаны үлкен рөл атқарады екен. Мысалы, ректорымыз Б.Әбдірайым кеңес, мәжілістерді негізінен қазақ тілінде жүргізеді. Тіл білмейтіндер қазір тілін сындырып жүр. Ректор қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын жазғандарға қаламақы төлеп, ынталандырудың көзін тапты. Өткен екі жылда біздің ғалымдар 30 оқулық жазып шығарды. Бұл – үлкен жетістік. Әдетте университеттерде жастар комитетін ұлттық қасиеті аздау, бірақ тым пысық студенттер басқарады. Содан кейін бұйығы ауыл жастары өзін бөлексініп, қоғамдық жұмыстан аулақ жүреді. Біз осы үрдіске нүкте қойып, жастар комитетінің тізгінін ана тіліміз бен төл тарихымызды білетін студенттерге тапсырдық. Қазір қайсыбір оқу орнын алсақ та, айдай сұлу аруларының байқауы болып жатады. Оның жеңімпазын «Мисс» деп мадақтаймыз. Ректорымыз осыған қарама-қарсы «Қыз Жібек», «Ер Жігіт», «Ардақты ана» байқауларын шығарды. Бәрі де елдік үшін, бәрі де дәстүр үшін. Еуразия университеті қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарды қолдау үшін 30-ға тарта газет-журналдарды алдыртады. Апта сайын келетін 50 дана «Ана тілін» де 50 құрылымға таратып береміз. – Алдағы уақытта ғылыми атақ-дәрежеге түбегейлі өзгеріс енбек. Кандидаттық пен РһD-дің айырмашылығын айтып берсеңіз? – Қандай қоғам болсын, ғылыми дәрежесін өзі анықтайды. Мысалы, біз жоғарыда Сәдуақас Ғылманиды «ғұлама» дедік. Бұл – халық берген баға. Сол сияқты Абайды – «ұлы ақын» деп жатамыз. Бұл да – ұрпағының бағасы. Енді келіп «Ғылмани дінтану докторы емес», «Абай мемлекеттік сыйлық алмаған» десек, қандай қисынсыз естілер еді. Біз ғылыми атақ беруде Батыс жолын таңдадық. Енді бізде докторлық дәреже қорғалмайды. Бакалавр-магистр-философия докторы (РһD) үштік сатысымен жүріп отырамыз. Бірақ доцент, профессор деген атақтары сақталып қалды. Бұл еңбек өтілі мен оқу құралдарына қарап беріледі. Шетелде барлық ғылымды жиып, «философия докторы» дейді (әрине, іштей саласын көрсетеді). Ол бұрынғы ғылым кандидаты дәрежесіне сәйкес келеді. Бұрын Кеңес тұсында шетелге қоныс аударғандардың кандидаттығы осы РһD-ге теңестірілетін. – Семей өңірінде хакім Абай бабамыздың, Шәкәрім қажының, Мұхтар Әуезовтің туған жерін, Жидебайдағы Абайдың мұражайын аралағанда қандай күй кештіңіз? – Әулие қонып, нар шөккен ол жерлерде болдым. Мұражайдан бұрын Жидебайды алыстан айнала қоршаған тау-қырат сілемдеріне қарап, Абай дана шынында жер кіндігін жайлаған екен ғой деген ой түйдім. Мұражайдың тұжырымдамасы ұнады. Ақын заманын елестете алады. Хакімнің зираты маңайынан бірер шөпті жұлып алып, рухани байланыс болсын деп, екі томдығының арасына салып та қойдым. Жалпы, Абай өңірінің бар жерінен жақсылықтың, тағылымның лебі еседі. Өкінішке қарай, маған сәулетші Бек Ыбыраевтың жобасы негізінде жасалған кесене ұнамады. Мұны бейнелі түрде «Даладағы кеме» дейді екен. Бірақ ол сәтті шықпаған. Негізі, классиктердің бейіті қарапайым болады. Толстойды қараңыз, басқаны қараңыз. Біздікі айдалаға барып жүйесіз шашылған дүниедей көрініп тұр. Одан да сол қаржыны Абайға қатысты басқа нәрсеге төккенімізде ғой... Өзіңіз ойлаңызшы, Абай мен Шәкәрімнің жерде тұрған бейітінен жоғарыда тұрып, оларға бағыштап Құран оқу жарасымды ма? – Хижра бойынша, мұсылман Жаңа жылы мен шығыс күнтізбесі бойынша ұлттық мейрамымыз Наурыз тұрғанда 1 қаңтарды дүбірлетпей қарсы алсақ болмас па? Осы турасындағы өз ойыңызбен бөліссеңіз... – Рас, жыл санауда көп кілтипан бар. Мұның көбі дерлік шартты. Біз қазір 2011 жылы өмір сүріп жатырмыз деп ойлаймыз. Кейбір пысықайлар жылдың цифрлық құпиясын ашпақ ниетпен арамтер болып жатады. Осының бәрі – құр әурешілік. Қызық, бізде бір ғалым қайтыс болып, оның мұрасын насихаттайтын аудитория ашуды жоспарладық. Оның кәдімгі реттік нөмірінде көп цифрдың қатарында «4» деген сан тұрды. Содан университет бітірген, ғылыми атағы бар баласы келіп ұрыс шығарсын. «Мынадай жүйе бойынша «4» деген – «өл» дегенді білдіреді» деп дау шығармасы бар ма? Біз аң-таңбыз. Жалпы, әрбір ғимарат бөлмелері ретімен нөмірленеді. Бұл нақтылыққа, қауіпсіздікке, т.б. қатысты шарттар ғой. Қазіргі жыл санауымызда осындай қызықтар шаш-етектен. Өз басым мұсылмандық жыл қайыруды, ай, апта, тәулік таңбалауды жүйелі деп білемін. Өздеріңіз көріп отырсыздар, жердің қозғалғанындай, басқа да қым-қуыт өзгерістердей, Рамазан айы әр жылы жылыстап өзгеріп отырады. Мәуліт те сондай. Ендеше, біздің бәрін нақтылып, шегелеп қоятын күндеріміздің бәрі – жалған, өз-өзімізді алдау. Біз, әрине, ұшақтар соқтықпасын, пойыздар соғыспасын деп, әлемдік жыл есептеу мен уақыт есептеу бірізділігіне қосыламыз. Наурыз – жаңару мен өркендеу мейрамы. Оның пәлсапасы өте терең. Бұл – Парсыдан Сібірге дейінгі халықтардың айта қаларлықтай мерекесі. Қазақ оны «ұлыстың үлы күні» деп, мемлекеттік дәрежеге көтерген. Бұл жерде «ұлыс» – қазіргі народность емес, мемлекет деген сөз. Қазақстан – жағрапиялық орналасуы жағынан еуразиялық мемлекет. Сондықтан әлемнің көп бөлігі секілді «христиандық жаңа жылды» амалсыз «ресми жаңа жыл» деп айтамыз. Бірақ мұсылман елі болғандықтан, халқымыздың 72 пайызы Ислам дінін тұтынатындықтан, жыл, апта, тәулік мәселесінде исламдық ғылыми қағидаттарды ескере жүру артық болмайды. Мен 31 желтоқсаннан кейін дүние жаңара салатындай көңіл күйді, дарақылықты түсінбеймін және осы орайда пікірлестерім аз емес екеніне көзім жетіп жүр. 1 қаңтар – мен үшін Алла бұйыртқан көп күннің бірі. – Алдағы шығармашылық жоспарыңызбен бөліссеңіз... – Қазір Сәдуақас Ғылманиға байланысты ғылыми конференция өткізсек деп отырмыз. Сонан кейін белгілі арабтанушылардан ғылыми топ құрып, сөздігін әзірлеуге кіріспекпіз. Алдағы уақытта Кеңес Одағы тұсындағы Алаш жайында көңілімде жүрген ойларды түйіндеп, құнды зерттеу дүниесін жазсам деймін. Бүгінгі күннің қисынсыздықтарын тарих, дәстүр таразысымен зерделеген кітапты аяқтап қалдым. Тағы бір жоба: елге, жоғарыда атап өткеніміздей, Алаш арысы Смағұлдың сүйегі келді. Енді сол қайраткердің мұрасынан қазіргі жастар сабақ алатындай көлемді еңбекті дүниеге әкелсем бе деген де ойым бар. Әрине, мұның бәрі – алдағы күннің еншісіндегі дүниелер. Сонымен қатар «Алаш» институтының ғылыми-зерттеу, практикалық-ізденіс бағытын тоқтатпаймыз. – Әңгімеңізге рахмет! Алаш арыстарының жүріп өткен жолын зерттеп, зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізу барысында атқарып жатқан еңбегіңіз жемісті болсын! Әңгімелескен Толымбек ӘБДІРАЙЫМ
2916 рет
көрсетілді0
пікір