• Ақпарат
  • 17 Тамыз, 2023

Қазақтілді бизнес халық үшін де, мемлекет үшін де пайдалы

«Жауапты тарихи сәт келді. Қазақстан экономикасы қазіргі деңгейде қала алмайды. Біз мүлдем жаңа бағытқа көшу үшін елдің экономикалық дамуына тың серпін беруіміз керек». Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодарға барған сапарында айтқан сөзі. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық модельді әзірлеп, іске асыру қажеттігін мәлімдеді. Бұл ел экономистерінің алдына қойылған үлкен міндет және оған экономист-ғалымдар мен кәсіпкерлер қауымы үлес қосуға даяр. Міне, осы тақырыптағы өзекті мәселелер Алматыдағы Intercontinental қонақүйінде өткен «Sana Business Forum» атты экономист ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысқан ауқымды жиында кеңінен талқыланды. Белсенді іскерлік ортаның басын қосқан бизнес-форум бастан-аяқ қазақ тілінде өтті. 
 

Мемлекетшілдік сана және бизнес

Экономика, бизнес және қаржы салаларында қалыптасқан өзекті мәселелердің шешімін табуға және өзара тәжірибе алмасуға септігін тигізуді көздейтін кәсіби платформа ұйымдастыру идеясы – Таңдаулы экономис-тер клубының бастамасы.Елуге жуық сарапшы, үш жүзден астам кәсіпкер қатысқан жиынды ашқан белгілі экономист ғалым Мақсат Халық форумның басты мақсаты Үкімет, бизнес және ғылым арасында байланыс орната отырып, ел экономикасының даму мәселелерін, кәсіпкерліктің дамуындағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылау екенін айтып өтті. «Жиынның атауы «Sana» деп аталуы бекер емес. Қазіргі күрделі уақытта біз халқымыздың әл-ауқатын арттырып, өзіндік бірегей экономика құруға ұмтылу үшін ең алдымен санада өзгерістер болуы керек», – деді М.Халық. «Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайы. Бизнес үшін сын қатерлер мен мүмкіндіктер» деген тақырыпта баяндама жасаған ол елімізде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсу қарқыны 2008 жылдан бастап төмендей бастағаны жөнінде деректер келтірді. Қазақстан бизнесті жүргізу жеңілдігі (Doing Business) бойынша әлемдік рейтингте 25-орында. Бұл жаман көрсеткіш емес, бірақ әлеуметтік жағдай, көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлық факторлары ескерілмеген және статистикалық мәліметтер негізге алынған. Және де аталған рейтинг бизнестің дамуындағы мемлекеттің жетістіктерін назарға алмайды. «Мәселен, бес жыл ішінде елімізде ашылған жеке кәсіпорындардың 18 пайызы ғана нарықта қалады екен. Басқалары қиындықтарға төтеп бере алмай жабылып тынады. Ал әлемде бұл көрсеткіш – 50%. Бұл экономикалық саясатта көп дүниенің дұрыс емес екенін білдіреді. Бизнестің табыстылығының тағы бір көрсеткіші – өнім өндіруші компаниялардың экспортқа шығуы. Алайда бізде xалықаралық саудаға шығуда қиындық көп» дей келе, Мақсат Халық кәсіпкерліктің дамуын тұсап отырған мәселелерді ортаға салды. 
Қазақстан – әлемдегі инфляция ең жоғары елдің бірі. Биылғы мамыр айында инфляция 15,9 пайыз болды. Тауарлар мен қызметтер бағасын өсіруден рекордтық көрсеткіштерге жеттік. Соңғы бес жылдағы қымбатшылық  xалықтың әл-ауқатының қандай дәрежеде екенінің айқын дәлелі. Тұрғындар жалақысының басым бөлігін тек азық-түлікке жұмсайды. Әсіресе, ауыл тұрғындарының ахуалы жақсартуды талап ететіні белгілі.Осы орайда қазақ кәсіпкерлерінің мүмкіндігі қандай және артықшылықтары неде деген сауал өте өзекті. 
2000 жылдары басталған экономикалық өсім неге құлдырағанын айта келе, экономист ғалым мұның себебін еліміздің дербес экономикалық моделінің жоқтығында деп пайымдайды. Экономикамызда қордаланған мәселелер бар. Бұл жалпы экономикалық жүйеде көптеген дүниелер дұрыс емес деген сөз. Осы мәселелердің нақты шешу жолы – бізге жаңа бағдарлама керек. Президент айтқандай, жаңа экономикалық модельге өтуіміз қажет» деп қорытындылады сөзін М.Халық. 

Еліміз нарыққа көшкен жылдардан бері қазақ бизнесмендерінің үлкен қауымдастығы қалыптасты. Олардың арасында түрлі салада кәсіпорын құрып, жұмыс орнын ашумен қатар, мәдениет пен руханиятқа да қолдау білдіріп жүргендері  баршылық. Осындай ұлтқа жанашыр кәсіпкердің бірі, «TasGroup» қаржы компаниялары тобының басшысы, бизнес-форумның бас демеушісі Дулат Тастекеев «Ұлттың кәсіпкерлік рухы» деген тақырыпта баяндама жасап, адами капиталдың ұлттық экономикадағы рөліне тоқталды. «Елді дамытатын – отаншыл, білімді, ұлттық рухы мықты кәсіпкерлер. Рух адамды табысқа жетелейді» деді кәсіпкер. Талантты, талапты адамдарын қолдай білсе, елдің әл-ауқаты да көтеріледі. 
Жиында жұртшылықтың қаржылық сауатын көтеру жөнінде де сөз болды. Ұлттық банктің мәліметі бойынша 7 миллионнан астам қазақстандықтың басында несие бар. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайымен қатар, қаржылық сауатының деңгейін білдіретін көрсеткіш. Форумға қатысқан кәсіпкерлер қаржылық сауаттылықты арттыру жөнінде де сұрақ қойды. Мақсат Халық бұған: «Балаға бастауыш сыныптан бастап қаржы әліппесін үйретуге болады. 6-7-сыныпқа көшкенде «Экономикалық кіріспе» деген пәннен сабақ берсек, ал 9-10-сыныпта «Кәсіпкерлік негіздері» деген пән енгізейік. Ол пәндерді мамандар бергені жөн. Сонда өз ұрпағымыздың қаржы жөнінен сауаттылығын арттырып, бизнеске ынтасын ашар едік» деген уәжін айтты. 
Форумның бағдарламасы бойынша үш панельдік сессия ұйымдастырылды. «Шағын және орта бизнес дамуы: экспорттау және масштабтау мүмкіндіктері» атты бірінші панельдік сессияны журналист Ерболат Мұхамеджан жүргізді. Шағын және орта бизнестің дамуы талқыланған отырыста SONA lab, Med Progress, Nomad Goldman Logistics, Acvee Finance компанияларының негізін қалаушы Аслан Назаралиев мемлекеттік экономикалық саясаттың кемшін тұстарын саралады. АҚШ-та білім алған тәжірибелі кәсіпкер өз өнімдерін экспортқа шығару ісіндегі қиындықтарды тілге тиек етті. Назаралиев кәсіпкерлерден баж салығы алынбауы керек деп санайды. «ҚҚС бойынша белгіленген шектен асқан кезде қосымша салық 20 АЕК болады. 60 миллион теңге айналымнан жоғары салық салынады. Бәрін қосқанда кәсіпкерлерге арналған салық жүктемесі 30 пайызға жетеді. Бұны аяғынан нық тұрған кәсіпкерлер төлей алады, ал енді дамып келе жатқандарға қиын. Одан да бұл қаражатты бизнесті дамытуға қосымша өндіріс пен жұмыс орындарын ашуға неге жұмсамасқа» дейді кәсіпкер. 
Сондай-ақ отандық кәсіпкерлердің халықаралық нарыққа шығуын тежеп отырған тағы бір мәселе – арнайы сертификаттарды алудың қиындығы. Атап айтқанда, СТ-1 сертификатын алу талаптары өте күрделі. СТ-1 сертификаты – тауардың шыққан елін растайтын арнайы құжат. Бұл сертификат ресейлік тауарлардың кеден одағы елдеріне экспорты мен сол елдерден кіретін импорт үшін талап етіледі. «Бізге тіпті Ресейге өнім экспорттаудың өзі өте қиын. Мәселен, көрші өзбек елінде бұл талап анағұрлым жеңілдетілген. Осындай жасанды кедергілердің салдарынан кәсіпкерлер ғана емес, отандық бизнес ұтылып отыр. Мұның бәрі экономика саласындағы мемлекетшілдік сананың жоқтығына келіп тіреледі» деді А.Назаралиев. Кәсіпкер, сондай-ақ Алматыда қойманы жалға алу ақысы Мәскеуден де қымбат екенін айтты. 
 Белгілі кәсіпкер, Golden Bridge Partners серіктесінің директоры, Jańa Post компаниясының негізін қалаушы Болатбек Дәлелханұлы конструктивті  диалог болуы керек деп санайды. Құзыретті органдар шешім қабылдау үдерісінде кәсіпкерлердің пікірін ескеруі керек. Керісінше жағдайда қазіргідей кәсіпкерлер құдайдың құтты күні проблемаға тап болады да отырады. Мәселен, қазір транзит үшін алты АЕК тағы қосылды. Бұның бәрі бизнеске үлкен ауыртпашылық»  деді  Б.Дәлелханұлы. Кез келген кәсіп бірден аяғына нық тұрып кетпейді, ол біртіндеп өседі, сондықтан да мемлекет ШОБ-қа жағдай жасауы керек. 
Панельдік сессияда сөз алған кәсіп­керлер салада сабақтастықтың сақталмауы, дәйекті саясат жүргізілмеуі экономикаға зиянын тигізіп отырғанын жеткізді. Салалық министрлікке немесе тағы басқа жауапты орындарға жаңа басшы келсе жұмыс жоспары өзгеріп кететіні шындық. Мемлекеттік бағдарламалардың соңына дейін жеткізілмеуі кәсіпкерлердің жанына батады. 
Экономикалық саясат институтының директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі Қайырбек Арыстанбеков үкімет бизнес саласына тұмсық тықпауы керек деп есептейді. «Бұл Смайылов үкіметінің қателігі, қазақ экономикасының ауруы. Табыс тепе-теңдігін сақтамау салдарынан жылына миллиардтаған теңгеге ұтылып отырмыз. Сондықтан жаңа экономикалық саясат қажет» деп тұжырымдады экономист. 

Қазақ тілі ғылым мен бизнестің тілі болсын десек

Сана бизнес-форумының басты мақсаттарының бірі – Үкімет, бизнес және ғылым арасында байланыс орнату. Жиынға қонақ ретінде шақырылған әйгілі математик, Президент жанындағы                      Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев ғылым мен білімге, кәсіпке қатысты өз сөзін айтты. 
– Ғылым академиясы қайта құрылғанын білесіздер, – деді ғалым. – Үш айдан бері мен академияда жұмыс істеп жатырмын. Осы үш айда мен алпыс миллион бет қағаз жаздым, оның бәрі жоғарыға кетеді. Академия Үкіметке енгізген ұсыныстардың ішінде «Қазақ тілі ғылым тілі болуы керек» деген мәселе бар. Менің ойымша, қазақ тілі ғылым тілі болуы үшін, ең алдымен, университет оқулықтары қазақша жазылуы керек. Биыл қазақ мектебін мыңдаған бала бітірді. Ал университетте техника саласы бойынша қазақша жазылған бірде-бір оқулық жоқ. Рас, гуманитарлық сала бойынша жүз оқулық шықты, енді теxника саласынан шығару қажет. Мінеки, бүгінгі мақсат осы. Оған қоса академия оқулық жазу үшін екі-үш грант түрін ұсынып отыр, ол шағын және орта бизнеске де қажет кітаптар. 
Негізінде мемлекеттің тәуелсіздігі деген үш тұғырдан тұрады: экономикалық, әскери және теxнологиялық тәуелсіздік. Ең маңыздысы – технологиялық тәуелсіздік. Егер теxнологияң мықты болса, экономикаң мықты, теxнологияң мықты болса, әскерің мықты. Технологиялық тәуелсіздік деген не? Мысалы, кеше ғана коронавирус індеті болды, көп адамнан айрылдық. Сонда бізде бетпердеге қажет резеңке жасайтын фабрика жоқ екен. Биік үйлердегі жеделсатылардың ұңғысы бұзыла береді, өйткені ондай металл бізде шықпайды. Болат темір жасай алмаймыз, арматура жасай алмаймыз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», бізде қарудың неше түрі бар, бірақ бізде патрон шықпайды. Патрон деген мыс, ал мыс кені Қазақстанда көп. Бірақ оны өңдейтін теxнология жоқ. Осындай теxнологиялар қазаққа қалай келеді? Инновация деген ұсақ-түйектен, ең қарапайым заттарды өндіруден басталады, ине, шеге, резеңке дегендей. 
Екінші мәселе – кітап. Мен ағылшынша дәріс оқимын, сонда балалар бәрін қазақшалап айтып беріңізші дейді, сұраныс деген осы. Әлем әр бес жыл сайын өзгеріп жатыр, соған алдын ала болжам жасап отыру керек. Мысалы, шетелден автокөліктер келіп жатыр, оның аккумуляторын, тағы басқа бөлшектерін жасауды үйрететін қазақша оқулық жоқ. Біз бала күнімізде оқитын үш газет-журнал болды: «Қазақстан пионері», «Балдырған», «Білім және еңбек». Қазір сол техника туралы «Білім және еңбек» журналын қайта шығарайын деп жатырмыз. 

Ұқсата білсек, адами капитал жеткілікті

Бизнестің басты қозғаушы күші – білікті мамандар. Қазіргі уақытта мамандарға қойылатын талап жоғары. Осы тақырыпты талқылаған спикерлер кәсіпкерлердің уақыт талабына бейімделгіш болуы керегін атап айтты. «Lactomarin», «Lamifaren» компанияларының негізін қалаушы Әділбек Тұрғынбай баяндамасында кәсіп бастау, дайын өнімді сату және жеткізу жайлы өз тәжірибесі негізінде жан-жақты айтып берді. «Табысты бизнестің бір сыры жақсы команда құруда» деді ол. Сондай-ақ компанияға маман тарту жөнінде Сентрас Иншуранс сақтандыру компаниясының персонал жөніндегі директоры, Менеджерлер қауымдастығының мүшесі Айгүл Қуатқызы және Trade Help бизнес кеңесшісі, Халықаралық HR клубының мүшесі Аида Егембердиева егжей-тегжейлі баяндады. Олар елімізде қазақ тілінде кеңес беретін білікті де білімді мамандар жеткілікті екенін байқатты.  
Бизнес-форумға еліміздің әр аймағынан үш жүзден астам адам қатысты. Олардың арасында шағын кәсіп иелері, бизнес бастағысы келіп жүрген жас көп. «Мықты команда құру: Бизнестегі тиімділік және нәтижелілік» атты Ескендір Бестай жүргізген екінші сессияда өткізілген дәрістер жас кәсіпкерлерге өте пайдалы болды. Мәселен, HR жөніндегі маман Айгүл Қуатқызы: «Бизнестің жетістікке жетуінде көшбасшының адамгершілігі өте маңызды. Кез келген кәсіпорын қызметкерлері өздерінің басшысынан ең алдымен әділеттілік күтеді» деп компанияға қызметкер қабылдаудың жай-жапсарына тоқталып өтті. 
 Кәсіпкер әрі инвестор Алмас Рысбеков бизнесте тиімділікке жетудің сыры кәсіпкердің адамдармен жұмыс істеу қабілетінде екенін айтады. «Көшбасшы адамның қабілетін көре білу қасиетіне ие болуға тиіс. Жақсы команда құру – кәсіптің тұрақтылығының кепілі» деді ол. 
 Болатбек Дәлелxанұлы бизнес­те сергектіктің пайдасы зор екеніне тоқталды. «Сергектік спортпен айналысу, дұрыс ұйқы, дұрыс тамақтану, табиғатқа жақын болу, кітап оқу сынды бес бөліктен тұрады. Осының бәрі адамның сергек жүруіне ықпал етеді. Сергек адамның күш-жігері мол, кәсіпте жетістікке жетеді». Бұл тақырыпты да жастар қызыға тыңдады. Белгілі бизнесмен өз тәжірибесіне сүйене отырып, менеджменттің басты қағидаларын  атап берді. 

Кәсіпкерлердің мойнында ұлт аманаты бар

Кәсіп, адал еңбекпен мал табу – ұлтымыздың байырғы түсініктерінің бірі. ХХ ғасыр басындағы Алаш идеясының өзегі де ұлттық экономика арқылы мемлекетті дамыту болатын. «Жапон үлгісі арқылы даму стратегиясын ұстанған Алаш қайраткерлерінің әрқайсысы бір-бір тау тұлға еді. Әлихан Бөкейхан экономист болған. Олар ұлттық мемлекетті сақтап, өркениетті ел құруға ұмтылды» деді Мақсат Халық. Ал экономист Қ.Арыстанбеков: «Сонау 1913 жылы «Қазақ жерінде өндіріс жоқ. Қазақ сыртқа шикізат шығарады, ал сырттан сол шикізаттан жасалған нәрсені 5-6 есе қымбат бағаға сатып алады. Бұл надандықтан келген кемшілік» депті Ахмет Байтұрсынұлы. Бұл ұлт көсемінің макроэкономикадан білімі болғанын білдіреді және бұл сөздер қазіргі күні де өзекті» деп атап өтті. 
Жас кәсіпкерлер Алаш идеясымен таныс және сол жолды жалғастыруға құштар. EASYTAP жобасының негізін қалаушы Мағзұм Төлештің компаниясы үш мемлекетте, он тоғыз қалада жұмыс істейді. Отыз жастағы кәсіпкер жаңа технологиялар саласы негізінде оффлайн-бизнес құрудың әдіс-тәсілімен таныстырды. «Кәсіпкерлер тек өз пайдасын ойламай, мемлекетке көмектесуді жадында ұстауы керек. Кәсіпкерлерге үлкен аманат жүктелген» дейді Мағзұм Төлеш. 
Бизнес-форумның үшінші бөлімі «Инновациялар және Data Science: Кәсіптің жаңа тыныстары» тақырыбымен өтті. Қаржы саласының шолушысы, коммуникация жөніндегі кеңесші Айбар Олжай жүргізген отырыста цифрлық дәуірдегі үрдістер сөз болды. Data Science – мәліметтер туралы ғылым – цифрлық форматтағы мәліметтерді талдау, өңдеу және ұсыну мәселелерін зерттейтін информатика ғылымының бір саласы. Бұл жаңа заманның мамандығы. Data Scientist компания мәліметтерімен жұмыс істейді: ақпаратты талдау негізінде міндеттердің шешімін ұсынады. Мәселен, белгілі бір компанияға тұтынушыларды тартады, сатылымға болжау жасайды, өндіріс сапасын арттырады. Соның негізінде бизнес өз стратегиясын құрады, тиімділікке қол жеткізеді. 
Жерлесіміз, америкалық AES корпорациясы Арлингтондағы бас кеңсесі Робот техникасы және дрондар жөніндегі бағдарламасының жаһандық жетекшісі Әсел Аяпованың айтуынша, қазір дүние жүзінде екі мамандыққа үлкен сұраныс бар, олар: Data Scientist және жасыл энергетика маманы. «Алдағы уақытта бұл үрдіс Қазақстанға да келеді» деді ол. Америкада табысты жұмыс істеп жүрген Әсел АҚШ-та жасанды теxнология жақсы дамып жатса, Қазақстан цифр­ландыру жағынан алда екенін атап өтті. «Америкада біздегідей egov.kz пен Kaspi. kz қосымшасына барабар қызмет жоқ, енді-енді қолға алынып келеді. Есесіне, оларда кәдімгі пошта керемет дамыған. Бұл жеке мәліметтердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында болуы да мүмкін. Олар бұған баса мән береді» деді Ә.Аяпова. Айта кетерлігі, Әсел соңғы жылдары Америкада дрон роботтарды қолдана отырып, өнеркәсіпте қауіпсіздік деңгейін көтеруге және жаңағы бизнестің тиімділігін арттыруға арналған бағдарламамен айналысқан. Жалпы дамыған елдерде үлкен компанияларда қызмет етіп жүрген қазақстандық азаматтар туған еліне көмек көрсетуге құштар екенін байқатты. 
Цифрға негізделген Data Sciensе мамандығы математика ғылымымен тығыз байланысты. Daryn online платформасын құрушы Айбек Қуатбай бұл саланың 80 пайызы математикадан, 10 пайызы бағдарламалаудан тұратынын айтты. «Математиктерге кез келген елде сұраныс жоғары. Цифр мен мәліметтерді талдауға жетік мамандар шекесінен шертіп тұрып жұмыс таңдай алады» деді А.Қуатбай. Иә, математиканың даму деңгейі басқа ғылымдардың даму деңгейін айқындайды. Сондықтан да мықты математиктер әрдайым сұраныста. 

Ұлт кәсіпкерлерін қолдау – болашағымызды қорғау 

Қазақстан экономикасы алдағы 15-20 жылдықта қалай дамиды, бет-бейнесі, ерекшелігі қандай болады? Әлемдік қауымдастықта Қазақстанның экономикасының үлесі немен ерекшеленеді? Ұлттық экономика министрлігін толғандыруға тиіс бұл сұрақтардың жауабын «Sana Business Forum» отырысына қатысқан кәсіпкерлер бірлесіп іздестіріп, әрқайсысы өз ұсынысын жеткізді. Айтпақшы, ұйымдастырушылар Ұлттық экономика министрлігіне арнайы шақырту жібергендерін, бірақ ешбір өкіл келмегенін айтты. Бұл салалық министрліктің қордаланған мәселелерді бірлесіп талқылауға дайын еместігі ме, әлде қазақ тілінде өтетін форумды елемегендері ме деген екіұдай пікір тудырады. Құзырлы органдар атсалыспаса да жиынға қатысушылар ұсыныстарын Үкіметке жолдауға ниетті. Уақыт кешеуілдеуді ұнатпайды. 
Бір күн бойы үздіксіз өткен ауқымды бизнес-форумды экономист, UІB бизнес мектебінің директоры Мақсат Халық түйіндеді. Жиынның жоғары деңгейде өтуіне қол ұшын созған демеушілерге алғыс айта келе, ол бұдан былай әр сала бойынша жеке отырыстар өткізуді ұсынды. «Экономикадағы жағдайды жақсарту үшін контрциклдік макроэкономикалық саясатты қолға алып, ақша-несие саласын жетілдіру, бизнес қауымдастықтықпен жұмысты нығайтқан жөн. «Біз Алаш идеясына негізделген ұлттық экономикалық модельден құралған жаңа бағдарлама қабылдауымыз қажет» деп түйіндеді сөзін М.Халық. 
Қорыта келгенде, еліміздің бизнес және жаңа технологиялар саласында дәйекті дамуы үшін маман даярлау мәселесі өткір тұр. Бұл ретте қазақстандық университеттер нарыққа бейімделіп, сұранысқа сай мамандарды даярлауға көшуі қажет. Отандық кәсіпкерлерімізге мемлекет тарапынан салық саясаты, несие және басқа жағынан қолдау қажет. Өйткені ішкі нарықты қорғау – елді қорғау. 
Тұтастай қазақ тілінде өткен бизнес-жиын экономикада, бизнесте, банкіде тіліміздің қолданысын арттыруға еш кедергі жоқ екенін көрсетті. Оған тек батыл іс-әрекет, ерік-жігер, мінез бен намыс қажет. Қазақтілді бизнестің дамуы халық үшін де, мемлекет үшін де пайдалы. Отаншыл, ұлтқа жанашыр, бәсекелестікке қабілетті кәсіпкерлер қазақ ұлтының тілі, ділі өркендеуі үшін қызмет етуге, жастарды іскерлікке үйретуге дайын. 

Дина ИМАМБАЙ

1032 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8250

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6769

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4516

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3899

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3866

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3826

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3555

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3553

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы