• Ақпарат
  • 21 Қыркүйек, 2023

ХАЛЫҚҚА АЙТЫС КЕРЕК ЕКЕН...

Кезінде академик, жазушы Сәбит Мұқанов айтыс өнері туралы былайша ой өрбіткен еді: «Рухани құндылықтар бастауының қайнар көзі – айтыс өлеңдері. «Айтыс – халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бірі. Одан халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси-шаруашылық тұрмысы да, мәдениет дәрежесі де, замана идеологиясы да, әдет-ғұрпы да, жалпы, әлеуметтік және жеке адамдардың қарым-қатынастары да, заманына лайық өрбіген тартыстың формалары да көрінеді. Сондықтан айтыс жанрының тақырыптары әлденеше тарау болып бұтақталып кетеді, сол бұтақтардың бәрі халық тұрмысының шындығын біршама дұрыс та, дәл бейнелей алады». 
 

Қоғамдық пікір қалыптастырудың басты шарты – шындық. Шынайы шын­дыққа көзі толық жетіп, оны сезінген бұқара халық өзі өмір сүріп отырған қоғамның бүгіні мен болашағын байыпты бағамдай алады. Сол арқылы келешекке қадам басып, көшін түзейді. Ондай руханият көзі – әрине, айтыс өнері екені ақиқат. Ақынның үн-әуезі, дауыс ырғағы, домбыра шертісі жыр шумақтарына үстеме мағына беріп, тыңдаушы-көрерменге зор әсер етеді. 
Ең бастысы, қоғамның көлеңкелі тұстары мен күнгейін көрсете отырып, айтыс ақындарының белгілі бір ойға-пікірге халық мүддесін топтастыра біледі. Бұл тұрғыдан, сөз жоқ, айтыс өнері үлкен рухани ықпалға ие болды. Сөз өнері тұрғысынан алып қарасақ, айтыс өлеңдерінің өзіне тән табиғи ерекшелігі болады. Мәселен, көркем әдебиетті адам оқу арқылы санасына сіңіреді. Газет-журнал материалдарын да дәл солай қабылдайды. Бұл жердегі айтыс жырларының ерекшелігі сөз құдіреті тыңдаушыға немесе көрерменге үн-әуез, айтысушы ақынның ым-ишарат, қимыл-әрекеті арқылы, бірнеше үстеме сипаттар арқылы сіңеді. Кітап пен газет-журналды әр адам өз көзқарас, түсінік деңгейінде қабылдайды. Ал, саз аспабы арқылы әуенмен әспеттелген жырлардың немесе сөздің тыңдаушыға әсері өзгеше болмақ. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы мынадай пікір айтады: «Сөздің асыл болуы – ұнауымен. Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігі, әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады. Әуез әдемілігі сөзді дыбыс жағынан тәртіптеп, үйлестіріп тізуден болады. Күштілігі сөздің қалыпты мағынасының үстіне күш қосатын әдістерді істеуден болады».
Осы пікірлер айтыс өнерінің қандай заман, қандай қоғам болсын, қажеттігін көрсетіп, өміршең өнер екенін дәлелдеп тұрған жоқ па?! 
Таяуда ұлы Торғай даласын сапарлап қайттым. Қостанай облысының Аманкелді ауданында халық батыры Амангелді Имамановтың 150 жылдық мерейтойына арналған «Ардагер Амангелді – ердің ері» атты республикалық айтыс өтті. Айтысты Қазақтан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты, ақтаңгер айтыс ақыны Аманжол Әлтай жүргізді. Халық ақыны Әсия Беркенова бастаған бес адамдық қазылар алқасы сөз додасына төрелік етті. Құрамында халық қалаулысы, ақын Жанарбек Әшімжан, ақын-ғалымдар Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Айбек Қалиевтар бар қазылар құрамының әділ шешіміне көрермен қауым зор ризашылық танытты. Айтысқа бас-аяғы он төрт ақын қатысты. Оның алтауы Қостанай-Торғай өңірінің ақындары болса, қалған сегіз ақын республикамыздың әр аймағынан келген екен. 
Алғашқы өз сайысы алматылық Қазырет Бердіхан мен Аманкелді ауданының тумасы Батырлан Сағын­таев арасында өрбіді. Қазыреттің есімі елге жақсы таныс, кейінгі жылдарда ел мақтауына ілігіп жүрген азулы ақын. Әлі үлкен додалы айтыстарға шыға қоймаған жас ақын Батырланның сөз саптауын елеңдей күткеніміз рас. Алдында ғана әлі отыз жасқа да іліге қоймаған осы Батырланның ел мен жердің шежіресін түпсіз білетін тереңдігіне, білімдарлығына куә болған едік. Біз сол ұшан-теңіз білімнің айтыс сахнасында көл-көсір төгілуін күткен едік... Бірақ Батырлан тыңдаушыға сол білетіндерін там-тұмдап қана жеткізді. Әрине, үйде дайындалған шумақтарды тыңдай отырып, аяқ-асты шығып қалатын қағытпаларды қапысыз аңдып отырдық. Қазырет Алматыдағы асыл домбыра айтысында Батырланның кезекті айтыстан бас тартып шықпай қалғанын тілге тиек етіп: «Қырғи көрген торғайдай бұғып қалдың», – деп бір түйреп өтті. Торғайдай деп ақынды айтты ма, әлде жалпы Торғай өңірін меңзеді ме екен... Ол жағын білмедік. Одан кейін Батырланға «Таяуда үйленіпсің, ұйқың қанбай жүр ме?» деген қалжыңдарын да жанамалап жеткізді. Батырлан да қарап қалған жоқ:
Ірілік танытатын жерге келіп,
Ініңнің жыр арнама төсегіне – деп жауап қайтарды. Жалпы алғашқы жұп болған соң ба, айтыс соншалықты биік деңгейге көтеріле алған жоқ. Айтыс жыры «аттың жалы, түйенің қомында» туатын туатын сөз барымтасы ғой. Көрермен сахнадағы айтыскерлерден аяқ асты айтылатын, жауаптаса отырып бір-бірімен қағысатын сөз қарымтасын күтеді. Қазіргі айтыстағы қатып қалған қағида айтыстың үш кезекке құрылуы. Базбіреулер айтып жүргендей айтысқа деген теріс көзқарасты осы қатып қалған үш кезек қалыптастырған-ау деп ойлаймын. Екі ақын ұзақ сонар үш кезек жыр толғайды. Айтыс үш кезектен болу керек деген заң қайдан шыққанын, кім ойлап тапқанын білмеймін. Неге бес, сегіз, он кезек болмайды. Қысқа, қысқа қайырып айтысса сол үш кезекте жырлаған уақыттың жартысы ғана кетер еді-ау! Ұзағынан толғау жыршы, жыраулардың табиғатына тән емес пе?! Үш кезекке дағдыланған ақындар соңғы кезекте халықпен қоштасу одасы мен қарсыласын мақтауға немесе бата мен тілек айтуға ыңғайлана бас­тайды. ХIХ ғасырдағы айтыс үлгі­лерінен үш кезекке құрылған жыр сайысын өз басым кезіктірген жоқпын. Сексенінші жылдардағы Жүрсін Ерман ұйымдастырған телевизялық айтыстарда «Қайым», «Түре», «Өтірік айтыс», «Қыз бен жігіт», «Тақырып» сияқты айтыс түрлері болатын. «Сүре» айтысқа тек облыстың бас ақындары ғана шығатын. Ал қазіргі айтыстың бәрі сүре айтысы болып кеткен...
Қостанайлық айтыскер Тоба Өтебаев пен Абай елінен келген ақын қыз Әсем Ереженің айтысы көп-көрім көңілімізді көтеріп тастады. Мезетті қамтыған шынайылық көрерменге жақсы әсер қалдырары сөзсіз. Әрине, қазіргі айтыстан ел көбіне әзіл-қалжыңды күтері сөзсіз. Әсіресе қыз бен жігіт айтысынан. Әсемнің бұл айтыстағы ерекшелігі әзілдесіп отырып-ақ ел мен жер проблемасын сабақтасыра алғандығы дер едік. «Осында келін қылып алып қаламыз» деген Тоба ақынның сөзіне «Державин елді мекенінің ойқы-шойқы жолымен құдалар қалай келмек» деп көпшіліктің көкейінде жүрген сауалды да орынды ескертіп өтті. Тек Тоба ақынның Әсемді «Жабайы аруға» теңегеніне «Қап, әттеген-ай!» деп қалдық.
 Қостанайлық Марғұлан Оспанов пен ақтөбелік Жұлдыз Қожабекованың айтысы да жарасымды деңгейде өтті. Жалпы кез келген айтыста ақыннан бір ауыз сөз қалғанға не жетсін. Кейде алпыс шумақ жырдан ауыз толтырып айтатын бір ауыз сөз есіңде қалмайды. Есті сөз қайтседе ел есінде қалады. Мысалы Жұлдыз ақынның: «Әбілахат әндері, әбілхаят суындай», «Еркелікті жаралап кетер болсаң, елің соны ерлікке балайды ма» сияқты қайрымдары сол мезетте-ақ санада жатталып қалған. 
Қостанайлық ақын Марғұлан Оспанов пен ұлытаулық Төлеген Жамановтың сөз қағысы да биік дәрежеде болған жоқ. Айтысты асқақ үн, адуынды жырмен бастаған Марғұлан ақын екінші кезекте жүрісінен жаңылып сала берді. Бұл әрине, сөз жоқ жаттап келген шумақ­тарын ұмытып қалғанның көрнісі. Нақты сурып салып отырған ақын сөзден абдырап, жырдан жаңылмаса керек. Талғамы терең көрермен айтыстың көркемдік деңгейінің де жоғары болғанын қалайды. Мысалы «Қарулы сарбаз қылған қараңғы елді», «Ел өртеніп» деген сөздердің айтылып қалуы мен «Пейіліңді» деген сөзді айту үшін «үйіріңді», «түйініңді» деп қарадүрсін ұйқастарға ұрынып сөз мағынасын арзандату ақынға абырой әпермесі анық. Төлеген ақын жырының көркемдік деңгейі қаншалықты биік болғанымен қарсылас ақын деңгейінен қара үзіп кете алмады.
Бесінші жұптағы Сыр бойының ақыны Мұхтар Ниязов пен алматылық Шұғайып Сезімхан арасындағы сөз сайысы белгілі дәрежеде айтыс табиғатын ашқан тартымды қағысу болды. Қағытпа сөздің шебері Мұхатар ақын Шұғайыптың қандай уәжі болсын орынды жауап қайтарып отырды. Жоғарыда айтып өткен ұзақ сонар толғаудай емес, Мұхтар ақынның айтысу стилі халық көңіліне бір табан жақын. Мұхтарда қарсыласпен қағысу, қарпысу жиі көрніс тауып жатады. Дегенмен екінші күні Батырланмен айтысқан Мұхтар ақынның «Шалбарыңның ауы тізеңе барғанша жүрдің» деген сөзі ыңғайсыздау естілді. Белгілі бір орталарда ғана айтылатын сөздер болады. Тілде тиек болмайды десекте жас та, үлкен де отырған көпшіліктің алдында мұндай сөздерге абай болған жөн. 
Алтыншы жұп болып шыққан Арқалық қаласының ақыны Айбар Рағатов пен астаналық Мейірбек Сұлтанханның арасындағы айтыста ой қайшылығы болғанымен, логикалық тұрғыдан үйлесімді емес. Бәлкім Айбардың тәжірибесінің аздығы болар, Мейірбек ағасының шабытын тұсаулап тастағандай әсер қалдырды. Бата бердің, бата алдым деп шиырлай беру тыңдаушыны жалықтырып жібереді. Болмайтын, сөз қылмайтын тақырыпқа байланып қалу айтыстың әрін кетіреді. Жырлаймын десе тақырып өте ауқымды еді...
Соңғы сөз сайысы шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен қостанайлық Салтанат Өтелбаеваның арасында өтті. Сөз жоқ, екі күнде де қыздармен айтысқан Нұрлан ақын бұл айтысқа шалқар шабытпен келген екен. Қыздармен айтыстым деп елдік сөзді де ысырып тастамады. Төгілтіп жырлады. Ел мен жердің тағдырын жасын жырына арқау етті. Арулармен жарасымды әзіл өрбітті. Дегенменде Нұрланның Жұлдыз ақынмен айтысқанда қыздың омыртқасын бетонға, қабырғасын арматураға теңегенін жылы қабылдай қоймадық.
Сонымен екі күнге созылған жыр додасы да аяқталды. Ақтық сынға Нұрлан Есенқұлов, Әсем Ереже, Мұхтар Ниязов, Шұғайып Сезімхан, Батырлан Сағынтаев, Жұлдыз Қожабековалар жолдама алды. Финалдық айтыстың көлеңкелі, күнгей тұстары туралы жоғарыда аз-кем тоқталып өттік. Ең бастысы айтыс көпшіліктің көңілінен шықты. Стадионға жиналған қарақұрым халықта қисап жоқ деседе болады. Халыққа айтыс өнері керек екен. Айтыстың болашағы ақындардың қолында!

Қойлыбай АСАН,
филология ғылымының 
докторы, профессор

 

547 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7739

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6479

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4225

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3608

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3569

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3534

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3264

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3255

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы