• Cұхбаттар
  • 19 Қазан, 2023

Еркеш Қазтайқызы, актриса: Қуыршақ театры – тазалықтың мекені

Қуыршақ театры – үлкенге де, кішіге де ортақ мекен. Мұндағы тазалық, мәдени демалыс – кез келген театр көрерменінің жанын жадыратып, көңіл кірін кетіретіні де рас. Сұқбат кейіпкері Еркеш Жүнісова Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының түлегі. 2007 жылдан бері Мемлекеттік қуыршақ театрының артисі. Актриса Қуыршақ театрының көрермені, онда жұмыс істеудің ерекшелігі, жалпы ізгілік пен өнерді насихаттайтын адамдар туралы ойын оқырманымызбен бөлісті.

– Еркеш Қазтайқызы, Қуыршақ театрының артисі болуға кез келген актердің жүрегі дауа-лай бермейді. Үлкендерге арналған сахнаны емес, балалар әлемін таңдауыңызға не себеп болды? 
– Бұл салаға келуім өте қызық оқиға. Соны айтып берейін. Көкшетау облысында туып-өстім. Бала кезімде Қуыршақ театры гастрольдік сапармен біздің өлкеге келді. Сонда олардың қойылымдарын көріп таң-тамаша болдым, ерекше әсер алдым. Олардың ойыны, театр әлемі, өнер саласы – арманыма қанат бітірді. Тіптен актерлер отырған автобустарын сығалап, қызықтап қарап көргеніміз де есте.
Сол кезде  олар маған қол жетпейтін, ерекше, жаны нәзік, өздері көркем тұлғалар болып көрінгені рас. Бірақ оларға соншалықты қызыққаныммен, нақты актриса боламын деген мақсат қоймадым, тек бір әсем арманым болып, жүрегімді жылытатын. 
Тағдыр мені қаншама уақыт өткенде кішкене күнімде жүрегімде балалығымның ең әсем естелігі болып қалып қойған осы бір салаға алып келді. Бала кезімде қол жетпестей, биікте болып көрінген тамаша бір актерлер ұстазыма айналды. Кейін әріптес болып, сахнада бірге жүруді маңдайыма жазған екен. Ұстаздарым көп нәрсеге үйретті, өнер мен ізгілікті бойымызға сіңірді. Шама-шарқымыз келгенше қазір өзіміз де сол өнер ұшқынын өзгелерге жеткізсек деп жүрміз. 
– Қуыршақ театры өзге театрдан несімен ерекшеленеді? 
– Актердің қуыршақ театрында өнер көрсетуі – өте күрделі мамандық. Ол тіпті драма театрынан да күрделі дер едім. Қуыршақ театрының актері болу оңай деген пікір  көптеген адамдарда қалыптасқан. Қуыршақ актері дәл драма актері секілді білім алады. Вокалдық дауыс қою, жүру, сөйлеу мәдениетін де бар актерлермен бірдей үйренеді. 
Бірақ драма актері пластикасын, мимикасын көрерменге өз рөлі арқылы жеткізеді. Ал Қуыршақ театрының актері қуыршаққа жан береді. Қуыршақтың пластикасын көрерменге көрсетеді, дауысы­мен қуыршақтың эмоциясын көрерменге жеткізеді. Біздің мәртебелі көрермен үлкендер ғана емес, балалар екенін де естен шығармаған абзал. Баланың – жаны таза. Баланың әлемі мөлдір. Сол мөлдір әлемнің иесіне өнер тілі арқылы жақсылық пен жамандықты, бар мен жоқты көрсету үшін күндіз-түні еңбектенеміз. 
Демек, Қуыршақ театры  драма театрлармен бір деңгейде бәсекелес бола алады. 
– Адам мінезін қуыршақ арқылы көрсетесіз, қуыршақ болып сөйлетесіз, қуыршақ болып билейсіз. Жағымсыз кейіпкерлердің агрессиясын да қуыршақ арқылы көрсетесіз. Бұл эмоционалдық тұрғыда қиын емес пе? 
– Нағыз актерге ол ешбір қиындық тудырмайды. Образдан шыға алмай, рөлді өміріне кіргізіп алу кәсібилік емес, сауатсыздық деп ойлаймын. Егер әрбір рөлден соң ауыр жүкті арқалап шықсақ бізден не қалады? Актер де  адам. Өз денсаулығын да ойлауы керек, сонымен бірге өзіне берілген рөлді нағыз кәсіби шеберлікпен сомдай да алуы қажет. 
– Қуыршақ театрында жұмыс істегісі келген өнерпаздарға не айтар едіңіз?
– Қынжылатыным – актер мамандығына жеңіл қарайтындар қарасы көптеу. Оқу бітіріп,  жұмысқа тұруға келген жас мамандарды басынан бастап қайтадан үйретуге тура келетін жағдайлар да бар екенін мойындауымыз керек. Кейбір жас маман өз рөліне, керек десеңіз мамандығына жеңіл-желпі, үстірт қарай салатындай болып көрініп кетеді. Актерлікті өмірлік бағыт ретінде таңдап алған соң, сол саланың бары мен жоғын толық біліп, үлкен рөлді сомдауға дайын болып келген қандай тамаша! Иә, көпке топырақ шашуға болмас, арамызда талай талантты жастар да бар. Театр­ды, оның ішінде Қуыршақ театрын жан-тәнімен сүйетін, осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңуға дайын мамандарды, өнер иелерін көргенде іштей сүйсінеміз, өнерінің өрге баса беруін тілейміз. 
– Театр көрерменіне не айтар едіңіз?
– Оларға да айтарым көп. Білесіз бе, кей кезде қазақша спектакльдер болмай қалады. Өте өкінішті жайт. Ал қазақша қойылымның болмай қалу себебі – көрермен жоқ. Балаларыңыздың болашағын ойласаңыздар, мықты тұлға болып қалыптасқанын қаласаңыздар, баланы ізгілікке, саф өнерге баулығыңыз келсе, жай ғана адал азамат, жақсы тұлға болып ержетуін қаласаңыз, оны театрға әкеліңіз. Қуыршақ театрындағы қазақша қойылымда бала көрермен қарасы көбеюіне сіз де атсалысыңыз, көрермен дегім келеді. 
Қазақ тілінің шын жанашыры, қазақ өнерінің шын тілектес адамы Қуыршақ театрына көптеп келсе, нұр үстіне нұр емес пе?
– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұқбаттасқан 
Сая Жансеит

5693 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8398

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6851

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4600

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3981

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3948

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3907

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3637

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3635

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы