• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2024

Қазақ аттан түскелі…

Дағжан Белдеубай,

«Ana tili»
 

Қазақ аттан түсіп, жаяу қалған күннен бастап құлдыққа мойынұсынған. Ол бәлкім үстіне мінгеннен әсер ететін жарықтық жылқы малының желіне байланысты болар. Жоқ әлде атқа мінсе қазақтың арқасы қозып шыға келетінінен бе екен? Оны індетіп зерттеген де ғалым жоқ әзірге. Әйтеуір жаяу қалсақ, қойдан қоңыр мінезге көшетін болмысымыз­ды білеміз. Осындай осал да адуын артықшылықтарымыз бен бүгінде уақыт тудырған толып жатқан мәселелер сөз болған ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел, жақында Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өткізілді. Дөңгелек үстелдің тақырыбы: «Қазақстанның шығыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде аудандастырылған қазақы жылқы өсіру мәселелері» деп аталады.

 

Адай жылқысы

 

Өткен жылдың желтоқсан айында адай жылқысының тұқымы әлемдік деңгейде мойындалып, бөлек жылқы тұқымы ретінде мәртебе берілгені мәлім. Бұл нені көрсетеді? Қазақ жыл­қысы деп сырттай өзіміз ат қойып, айдар таққанымызбен, патенттеп нақты құжатын алып дәлелдемесең, дүниежүзілік жиындарда сенің ұлтыңның меншіктенген тұқымдық малы екенін ешкім мойындамайды. Яғни заңды құжат қажет. Бұл жөнінде аталған істі оннеше жылдан бері қолға алып, нәтижеге жеткізген топ жетекшісі Дәурен Сыдықов былай деді:
– 2010 жылы бізді Ресейдегі Қалмақ республикасының басшысы шақыр­ды. Себебі қалмақ жылқысы тұқымының мәртебесі жоқ екен. Республика басшысы өз сөзінде: «Қалмақтар аттан түсіп, жаяу қалды, қалмақ жылқысының мәртебесі болмаса, халық дамымайды» – деді. Расында, тамырына оралмай ұлттың рухы көтерілмейді. Бізде қазақ жылқысы батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстікте сырттай бір секілді, бірақ ішінен бөлінеді. Қазақ жылқысының әр жердегі тұқымына мәртебе алып берсек деген ой сонда келді. 2011 жылдан бастап сол жолда жұмыс істедік. Адай жылқысы – қазақ жылқысының ішіндегі жалғыз мініс жылқысы. Алайда оның мініс жылқысы екенін дәлелдеуіміз керек болды. Маңғыс­таудың сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев қолдады. Адай жылқысын дүниежүзіне таныттық. Халықаралық жиырма екі жарысқа қатысып, 2014 жылы бес жылқыны Францияға апардық. Француздарға бір жағы бұл әрекетіміз күлкілі көрінген де шығар. Себебі тұқымның патенті жоқ. Төрт жылда бір-ақ рет болатын олимпиада секілді ойын. Екі кезеңнен өтіп, мықты жылқы екенін дәлелдедік. Алып Ресей оған дейін жиырма жыл әуреленіп, үш жылқысын ғана сертификаттаудан өткізген екен. Мұндай үлкен жарысқа тек өзіміздің тума жылқымен қатысуды мақсат тұттық. Арабтың және басқаның жылқысына мініп барсақ, қазақ болмағанымыз, сол мақсатқа жеттік. Осы жолдағы ізденістің нәтижесінде, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен, өткен жылы адай жылқысының тұқымын дүниежүзінде реcми мойындалған мәртебесін алдық. Генетикалық сертификат, генетикалық код болу керек. Жылқының жалынан талдарын қырқып алып, лабораторияға жібереді. Ресей лабораториясында 1348 бас жылқының генін зерттедік, заң бойынша тұқымды дәлелдеу үшін кемінде 700 бас жылқының зерттеуі қажет. Біздікі артығымен екі есеге жақын болды. 
Найман жылқысы туралы тарихта көп жазылған. Оған адай жылқысы секілді патент алу үшін үш облыста ауқымды зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Алайда бәрінен бұрын қаржылық қолдау болмаса, жұмыс жүрмейді. Жергілікті әкімдіктер мойнына алғаны жөн. Яғни саяси шешім шықса, мамандар жеткілікті, тәжірибе де бар» – деді. 
Дөңгелек үстелді жүргізіп отырған аталған университет ректорының бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов, Қазақ ұлттық Аграрлық зерттеу университеті мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылғанын, меморандумға сүйеніп, алдағы оқу жылынан Ат спортындағы ветеринария мамандарын даярлау ісі басталатынын айтты. Оқу бағдарламалары дайындалып жатса керек. Биыл елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына, аталған оқу орнында білім алушы жастар еріктілер ретінде қатысады екен.

 

Қазақ жорғасының орнына орыстың желісті аттары…

 

Еліміздегі жылқы мәселесін індетіп зерттеп жүрген осы университеттің профессоры Қайрат Ысқан нақты мәліметтер келтірді. «2023 жылғы еліміздің Ауыл шаруашылығы минис­трлігі мен Статистика агенттігінің берген дерегі бойынша, елімізде төрт миллион төрт жүз мың бас жылқы бар делінеді. Көшім жылқысы 1976 жылы (Батыс Қазақстан), мұғалжар жылқысы 1998 жылы бекітілді, адай жылқы тобы белгілі. Елімізде бес жылқы тобы қалыптасқан. Адай жылқысының тұқымы зерттеліп анықталғандай – екі тип, үш линия, өнімдік және спорттық бағытта өсірілетіні дәлелденді. Қостанай жылқысы туралы республикалық мәліметте 240 бас қана тіркелген. Бұл жылқы зауытының жағдайы мүшкіл, сұрастырсақ, 240 емес, небәрі отыз-ақ бас бар делінді. Жалаладдин типі, Қожамберді типі, Қызылордада құланды типі, Жетісуда найман типі, шығыс­та қаба типі барын білеміз. Ресми мәліметтерде Қазақстандағы асыл тұқымды жылқы – 27 мың. Яғни төрт миллион төрт жүз мыңның 0,5-0,7 пайызы ғана. Жылқы тұқымын қаншалықты асылдандырып жатқанымыз осыдан-ақ көрінеді. 
Қазақстанның әр өңірінде тасқа қашалған жылқының бейнелері сақ дәуірінен келе жатқан петроглифтерде бар. Ботай қорымы жұртқа мәлім. Сондағы сүйек қаңқасын құрастырып жасаған бейне оқулықтарда да берілген. Әлемде қыл құйрықтының төрт дене мөлшері бар, соған біздің заманымызға дейінгі жылқының (яғни Ботай жылқысының) тұрпаты сәйкес келетіні дәлелденген.
Үзеңгіні, ауыздықты ойлап тапқан біздің ата-бабамыз деп кеуде ұрамыз, бірақ ағылшындардан, басқалардан Қамбар ата тұқымын тану, таныту бағытында үш жүз жыл кейін қалып қойдық. Ащы болса да осы шындықты білгеніміз жөн. 
Қостанай жылқы зауыты 1888 жылы ашылған, жүз отыз алты жылдық тарихы бар. 1951 жылы түрлі будандардан Қостанай жылқы тұқымы шыққан. Міністік және арбаға жегістік бағытында. Мінісі бәйгеге қосатыны. Үш тип шыққан. Екі мыңыншы жылдардың басында сол кездегі Қазақстан Президентінің пәрменімен зауыт «Қазақ тұлпары» деген атқа ие болған. Ғалымдар қазақ тұлпары тұқымын шығаруды қолға алған. 2018 жылы жетекші ғалымдар жұмыстан кеткен, сонымен «қазақ тұлпары» тұқымын шығару ісі аяқсыз қалды. 
Төрт миллион төрт жүз мың бас­тың, тоқсан тоғыз пайызы өнім беретін жылқы болғасын, жиырма миллион халықты етпен, қымызбен қамтамасыз етіп отырғаны анық. Ең қызығы – шетелге жылқы өнімін шығармаймыз, керісінше, Ресейден жылқы етін сатып аламыз. Өткен жылы Павлодар облысында ұйымдастырылған Жылқышылар қауымдас­тығының ғылыми кеңесінде, Қытайға жылқы өнімін өткізу туралы сөз болды. Бірақ олар еш малды тірідей алмайды. Он жеті түрлі мал ауруының зерттеуі керек. Шыны керек ветеринариялық жағынан да ақсап тұрмыз» – деді. 
Қайрат Ысқан мырзаның сөзінің таңғалдырған тұсы – Қазақстанда жорға жарысы ұйымдастырылмайды, жорға қайсы десе, аңқау елге арамза молдалар орыстың желісті аттарын көрсетеді екен. Иә ғалым айтпаса да жорға, жүйрік тегінен берілетінін ат құлағында ойнап өскен біз де білеміз. Қой жорға, жол жорға, су төгілмейтін жорғаларды көру үшін атқұмар жұртшылық Монғолияға бару керек шығар деп ойлайсыз. Қазақта «Жорғатай» деген керемет ән бар. Ол жылқының жорғалығы құлын, тай күнінен көрінетініне дәлел. Мал көрген қазақ жорға тайды көрсе, бас білгізе салысымен әлгі малдың сол өнерінің өзін ұштауға кіріседі. Алты жасар ат болғанында жорға жарысына қосады. Демек, атажұрттағы қазақ аттан түскелі оны да ұмытқан. 
Өзін «ғалым емеспін» деп сөзін бастаған атбегі Орынбасар Құлбеков қызық мәлімет айтты. Адай жылқысының үйіріне айғырлардың түрлі тұқымдарын салып көріпті. Қызығы – бие іштенеді, бірақ құлындары дамымай қалады екен. Арабтардың және басқалардың әдісімен жылқыны ұзақ қашықтықта сынау, сөйтіп, тұқымның шыдамын дәлелдеу ісіне қатысыпты. Бастамашыл топтың құрамында Арабияға барыпты. Олардың бәйге ұйым­дастыруы, ат баптауы керемет екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде арабтарды Қазақстанға шақырыпты. Қазақ әрине, қонақжай халықпыз ғой. Дегенмен араб атсейістері қазекеңдердің жылқыны үйір­ден әкелген бойда бәйгеге қосқандай тірлігін көріп, таңырқасыпты. Яғни адай жылқысының төзіміне қайран қалса керек. Ұзағанда екі-үш апта жаратылған аттар жоғары нәтиже көрсетіпті. Сөз жоқ олардағыдай баптаса, халықаралық бәйгелерге ойланбай қосуға болады. Сөзін аяқтай келе «қазақ жылқысының әлемдік чемпионаттарда алдыңғы орындардан көрінуін көздейтінін» айтты. 

 

Жылқы түсіне байланысты 530 сөз

 

Біз білетін «Қазақ жылқысының тарихы» атты сексен баспатабақ кітап жазған Ахмет Тоқтабай есімді атақты ғалым сөзін: «Жылқы мәселесімен қырық жылдан бері айналысып келемін» – деп бастады. – Өзім тарихшымын, қазақтың тарихын, мәдениетін жылқысыз жазуға болмайды. «Қазақ жылқысының тарихы» атты сіздер атап жатқан еңбегім орыс тіліне аударылды. Ағылшын, қытай тілдеріне тәржімаланып жатыр. Біз дүние жүзіне жылқыны қолға үйретіп, тарту еттік. Ботай мәдениеті әлем халқына белгілі. Бірақ оның сыртында жылқыға қатысты біздің рухани мәдениетіміз өте бай. 
Жылқының түсіне, реңіне байланыс­ты бес жүз отыз сөз бар, соны жинадым, еш халықта ондай байлық жоқ. Бүкіл Еуропаның он сегіз елі біріккенде жылқының түсін, реңін білдіретін алпыс-ақ сөзі бар екен. Орыста отыз сөз. Жылқының сынына, басына байланысты отыз, бүкіл мүшесіне қарата айтылатын екі жүз сөз. Ер-тұрманға қатысты тоқсаннан астам, қазының отыз бес түрлі атауы бар. Жүрісін білдіретін отыз екі сөз жинадым. Осыншама байлығымызды көрсете білуіміз керек. 
Адамзаттық тарихқа атқа мініп шыққан халықпыз. Дінімізге де әсер етті. Біз аттың үстінде жүргесін жұлдыздарға, аспанға, көкке табындық. Ал жаяу халықтар неден қорықса соны, арыстанды тағы басқасын құдай қылып сыйынды. 
Он сегізінші ғасырдың аяғында орыс­тың, өзге де шетелдердің саяхатшылары қазақтың жылқы мәдениетін зерттегенде руларға байланысты тұқымдарын жазған. Адай жылқысынан бөлек, шекті, жағалбайлы, табын жылқылары мүлдем құрып кетті, найман, үйсін жылқысы аталады, үйсін жылқысының екі, екі жарым мың жылдық тарихы бар. Албан руының албанкүлік деген жылқысын да атап өткен жөн. Қытай империясы жылқыға өте зәру болған. Сондықтан үйсін патшалығынан жылқы алу үшін қыздарын да берген. Үйсін жылқысының бір тармағы қазақтар тұратын Шыңжаңдағы Монғол хүрэ жылқы зауытында өсіріледі, мен өзім сол жерде болдым. Іле жылқы тұқымы делінеді, бірақ оның арғы тегі үйсін жылқысы. 
Найман жылқысының тарихы орта ғасырлардан белгілі. Бір дәлел, Григорий Потанин есімді орыс ғалымы жазады, «Шыңғыс хан өлгенде, мүрдесінің басында жүгендеулі найман жылқысы байлаулы тұрды» дейді. «Ол нені білдіреді?» дегенге Потанин қайта өзі жауап береді. Оның пайымдауы бойынша, «бұл империядағы наймандардың рөлін, найман хандығын бағындырғанын» әйгілесе керек дейді. Найман жылқысы жорыққа мінетін тау және бойы биік, сұлу тұлғалы жазық жылқысы болып екіге бөлінеді. 
Рулық жылқыларды зерттеу қажет. Адай жылқысы туралы мәліметтерді 1985 жылдан бастап жинадым. Есбол Өмірбаев деген Маңғыстаудың атақты шежірешісінен бір аңыз жазып алғаным есімде. Адайлар Маңғыстау түбегін қайтарып алмақ болған кезде, онда түркіменнің теке және жәуміт деген екі тайпасы тұрған. Адайлар атамекенін иелену үшін екеуінің арасындағы алауыз­дықты пайдаланып, алдымен текеге көмектесіп, жәумітті ығыстырған. Адайларға сол үшін бір айғыр, бір қыз берген дейді. Бұл он сегізінші ғасырдың бірінші ширегінде болған оқиға туралы аңыз. Сол кезден бастап адай жылқысы пайда болған деседі. Соған байланыс­ты адайларда «Қыз жақсысы – теке түркіменде, жылқы жақсысы – теке түркіменде» деген мақал бар. 
Аталған «Қазақ жылқысының тарихы» атты еңбегімді жазарда төрт жүзден астам адамнан дерек жинадым, бірінші Монғолия, сосын Қытай, Түркіменстан, Ресей қазақтарында мол мәліметтер сақталған. Қазақстандағы қазақтар түгелге жуық ұмытқан. Себебі белгілі, 1929 жылғы санақта төрт миллион бір жүз жиырма бес мың жылқы болса, 1939 жылғы жасырын санақта үш-ақ жүз мың бас қалған. Сол кезде ру атымен аталатын тұқымдар генофонды жойылып кеткен. 
Зайсан казак-орыстарының атаманы Явучкин деген: «Қазақ атқа мініп шапса, ешкімнен, ешнәрседен қорықпайды, аттан түссе бұдан момын халық жоқ» дейді. Қытайда мынандай мақал бар: «Қазақ ат үстінде – жолбарыс, аттан түссе – қоян» деген. Отарлаушылар соны пайдаланып, қазақты аттан түсіріп, жылқы мінезді халықты, қой мінезді халыққа айналдырды. 
Алматының іргесіндегі Ұзынағаш елдімекенінің ар жағында «Жылқықырылған» деген жер бар, Семей жақтағы Таскескен ауданында Ататқан деген жерді де білеміз. Аталған аумақтарда жылқыны пулеметпен қырған. «Кінәсіз жануарларды неге қырасыңдар?» дегендерге социалистік жылқыларға келмейді екен, бойы аласа дейтін көрінеді. Мұны мен өзім етқұлағыммен ақсақалдардың аузынан естідім. 
Биыл елімізде бесінші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтетіні белгілі. Қазақта ат ойындарының қырықтан астам түрі бар. Қыпшақ-мамлюктері кезінде жылқы театры болған, мамлюк сұлтандарының сарайларында қыпшақ жігіттері ат ойындарын көрсеткен. Соны жаңғырту керек, ол біздің үлкен мәдениетіміз» – деді.

 

Атамның он мың бас жылқысы болған…

 

Адай жылқысының патент алуына қолғабыс тигізіп, осы жиынның өтуіне де бастамашы болған ақсақал Мәулітқазы Құлжатаевпен де тілдес­тік: «Орынбасар Құлбеков, Дәурен Сыдықов есімді азаматтармен бірлесіп жұмыс істедік. Менің де еңбегімді бағалап, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Алғыс хат» жолдапты. Рақмет дегім келеді. Ендігі міндет – найман жылқысының мәртебесін бекіттіру. Әскери қызметте болған адаммын. Өмір бойғы арманым – қазақ жылқысын әлемге таныту. Ары қарай атақты ағылшын, араб, тағы басқа жылқылардың генофонды Алтайдан тарағанын дәлелдеу қажет деп ойлаймын. Адай жылқысын патенттеу жолында көп мәселені әрине ғалымдар шешті. Өзім ғалым емеспін, бірақ жылқы бағытындағы ізденістің барлығына қолұшын беруге әзірмін. 
Мұндай мәселеге билік ынта білдірмесе іс ілгері баспайды, алдыңғы жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда сөйлеген сөзінде, қазақы жылқы тұқымын, тазы мен төбетті ұлттық мақтаныш ретінде әйгілеп, бекіттіру мәселесін көтерді, сол сөз бәрімізге демеу болды. «Мамандығы бөлек адам, неге жылқы мәселесіне кірісіп жүр» десең, атақты Кезеңқара, Шөрек батырлардың ұрпағымын. Қанымызда атқұмарлық бар. Атам Құлжатайдың он мың бас жылқысы болған. Сол мыңғырылған жылқыны қызылдар тартып алып, екі әйелімен қосып Құлжатай атамды атып кеткен. Құдай оңдап әкем Садық аман қалыпты. Біз содан тарадық, қысқасы қазақ жылқысына қатысымыз жоқ емес» – деді.

 

Тіс шұқығышы да күмістен

 

Жиында жылқыдан басқа да ұлтымызға қатысты түрлі мәселелер қозғалды. «Көшпелілер киіз туырлықты халықтар делінеді, ал археологтар Алтайдан тапқан ең ескі киіз жасалғалы тоғыз мың жыл болыпты. Бес мың жылдық тарихы жазылған ханзу (қытай) халқын білеміз. Сонда біздің тарихымыз тоғыз мың жылмен саналуы керек шығар. Қырғыз ағайындар киіз үйіне ақша бөліп әспеттеді. Қазақстанда «Мәдени мұра» бағдарламасына бөлінген миллиардтардан қазақ киіз үйіне бір тиын бөлінбеді. Ата-бабамыз тіс шұқығышын да күмістен жасаған ақсүйек ұлт болған. Оның медициналық тұрғыдан пайдасын білген».
«Қазақстанда бес миллион бас қаракөл қойы болған. Содан қазір 250 мыңы қалыпты. Дубайда құндыз ішік бір жарым, екі мың доллар, ал қаракөл ішік бес мыңнан он мың доллар арасында. Өзбектер қой тұқымдарын түгел сақтап қалды, бізде кейінгі ғалымдар емес, халқымыз өзі ғасырлар бойы ізденіп шығарған қаракөл тұқымы жойылып кетуі де мүмкін. Германияда жылда аукцион өтеді, онда бір қаракөл терісі алпыс, жетпіс доллар, біз тірідей басын сол бағаға сатамыз. Өз байлығымызды өзіміз бағалай алмай келеміз» – деген секілді аса маңызды пікірлер айтылды.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы ретінде арнайы қарар қабылданды. Онда жылқы тұқымын асылдандыру мәселесіне байланысты бөлек заң қабылдау, қазақтың жорға жылқысын өсіріп, даралап көрсетіп, насихаттау ұсынылды. Елімізде жылқы түлігін жеке азаматтар, кәсіпкерлер өз күштерімен өсіруде, үкімет осы мәселеге назар аударып, шошқаға субсидия төленетіні секілді жылқыға да субсидия бөлінуін сұрады.

934 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы