• Тұлға
  • 28 Сәуір, 2011

Тағылым

d0bed0bcd0b0d180d0bed0b2«Асылы, адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, өзінің тәжірибесін бір салаға жұмсап, оны өмірлік мән-мағынасына айналдырған азаматтар бар. Соның бірі – Қазақстанның «Құрметті теміржолшысы», ғалым-академик, профессор Амангелді Жұмағалиұлы Омаров. Жетпістің қиясына жақындаған ардақты ағамыз кезінде Түрксіб теміржол желісін салған Түрксіб ардагері, әйгілі теміржолшы, алғашқы қазақ теміржол ғалымы, ұстаз Жұмағали Омарұлы Омаровтың ұлы екенін де айта кетелік.  Әкеден алған тәлім-тәр­биені бойына сіңіріп, теміржол саласын ата кәсіпке айналдырған арынды тұлға Амангелді Жұмағалиұлы – теорияның негізін шынайы тәжірибемен ұштастырып, оны өз қолымен жасай білген жоғары санатты маман. «Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» дегендей, ол кісінің мән-мағынаға толы еңбек жолынан талай қызықты жайттарды кезіктіруге болады. Амангелді Жұмағалиұлы – 1941 жылдың 30 сәуірінде Қарағанды облысына қарасты Балқаш қаласында дүниеге келген. Ол кісінің арғы атасы қалмақ-торғауытты Қалба, Тарбағатай тауынан қуып шыққан әйгілі Биғашұлы Байжігіт батыр болып табылады. Аталары қалмақтың бетін қайтарған батырлар болса, әкесі Жұмағали Омарұлы, жоғарыда атап өткендей, Түрксіб­тің алғашқы құрылысшысы, еңбегімен елін көтерген ердің бірі. Кезінде Жұмағали Омарұлы бала­сы Амангелдіге әкелік көрегендік­пен теміржолшы мамандығының қыр-сырын, мән-мағынасын ой-санасына қалыптастырған еді. Расында, теміржолшы мамандығын жан-тәнімен қызыға қалаған жас Амангелді Ресейдің әскери тәртібіне негізделген, Новосибирск қаласындағы теміржол көлік инженері институтының (СГУПС) Теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы факультетіне түседі. Осы институтта әйгілі жол мамандары, ғалым В.Г.Альбрехт, Н.П.Кондаков тәрізді жаңа ойлы, жас толқын ұстаздар дәріс берген еді. Бір сөзінде ол: «Студенттік кезіме ой жүгіртсем, инженер-маман болып қалыптасуыма ұс­таздарымның септігі көп тиді» деп ашық айтқан-ды. Ол кездегі студенттер өндірістік тәжірибенің негізімен байланыстырып диплом жұмысын жазатын. Міне, сол алты айға созылған тәжірибені студент Амангелді Омаров сонау Иркутск облысындағы Зима деген станцияда өткізеді. Жетекші ұстазы бірге жүрмегендіктен, инс­титутта оқыған теорияны іс жү­зінде қолдану студент үшін на­ғыз сынға айналған кез. Қысы 40 градус С-ден төмен түсетін Новосибирск қаласында апта бойы қар жауып жатса да, қалың қар астынан жол тазартылып, «Транссібір магистралі» тоқтамай жұмыс істеуі керек. Сондағы орыс мамандардың іскерлігін, еңбекқорлығымен қоса өз ісіне жан-тәнімен берілгендігін көрген болашақ маман қазақ баласы өзінің қалаған маманды­ғын барынша меңгеруге ұмтылды. Сонау 1966 жылы аталған институтты тәмамдаған Амангелді Жұмағалиұлы жолдамамен «Қазақ теміржолы» бойындағы Арыс станциясына бригадир, кейін аға мастер болып еңбек жолын бастайды. Бұл – қызығы мен қиыны мол өмірге басқан алғашқы қадам болатын. Осыдан соң ауыр өндіріспен байланысты Қарағанды жол дистанциясына қызметке ауыстырылады. Әуелі аға жол мастері болып, кейіннен іскерлігі мен ұйым­дастыру қабілетімен танылған Амангелді Омаров осы дистанция­ға бас инженерлікке тағайында­лып, Қарағандыда төрт жыл үзбей қызмет атқарды. Ал 1971 жылы Балқаштың жол дистанциясының басқармасына бастық болса, 1972 жылы Қарағанды жол дистанциясына басшылық қызметке ауыстырылған еді. Айта кетерлік жайт, көп нәрсеге қаныққан маман осы жерде нағыз іскерлік көрсе­тіп, «Қарағанды-Сортировочная» станциясын жаңарту, көмір тиелген жүк вагондарының құрамын тежемей, транзитті жүк көлігін тез арада өткізу мәселелерін оңтайлы шешеді. Амангелді Жұмағалиұлының білгір­лігінің арқасында ұжым бірлестігі «Социалистік жарыстың» алдыңғы орнына шығып, қол жеткен межені ұстап тұрудың өзі қалыпты жағдайға айналады. Тың игеру теміржолының (Целин­ная железная дорога) бас­қар­масы маман А.Омаровты 1977 жылы қызмет баспалдағында көтерумен қоса, оған зор сенім артады. Сол жылдары Қарағанды те­міржол бөлімшесінде екінші жолды жаңадан салып, Қарағанды-Жарық-Мойынты аралығын то­лық электрлендіруді қолға алады. Жобаға белгіленген жоспарды нақты өмірге әкелуде Амангелді Жұ­мағалиұлы алғыр да білікті маман екенін осы жұмыста тағы бір мәрте көрсетеді. Теміржол саласындағы жұмыстың барлық сүзгі-елек сынағынан сүрінбей өтіп, мол тәжірибе жинақтаған ол 1983 жылы Алматы жол магистралі басқармасының орынбасары қыз­метіне тағайындалды. Бұл шойын жолдың астындағы шпалдарды темірбетондарға, тұтас рельстерге пойыздарды тоқтатпай ауыстыр­ған кез болатын. Амангелді Жұмағалиұлы өзі­нің жоба-жоспарлауымен 1988-1990 жылдары Ақтоғай-Достық-Алашанькоу халықаралық теміржол магистралін жаңартып жөндегені, шекарадан өтетін жолдың Қытай (СУАР) жеріндегі техникалық-экономды негізіне (ТЭО) сәйкес дәлме-дәл жүргізгені бүгінгі ма­мандарға үлгі бола бермек. Осы халықаралық қатынас магистралін 1991 жылы қабылдағанда А.Омаров Алматы теміржолының басқарма бастығы қызметіне Қазақстан Республикасының сол кездегі Көлік министрі Н.К.Есенғарин та­­ғайындаған еді. Екі елдің ке­лісімшарт хаттамасына қолтаңба қойып, мөр басу Қазақстан Рес­публикасы атынан Амангелді Жұмағалиұлына жүктеледі. Бі­рін­ші жүк тасымалдау пойызы 1991 жылы 20 шілдеде жолға шықты. Ал 1992 жылдың 20 маусымында алғашқы Алматы-Үрімші жолаушылар по­йызы, екі елдегі туған-туыстарының құшағын қосқан тарихи сәт осы күнге дейін көз алдымызда тұр. Содан бері Жапония, Корея, Вьетнам, Сингапур елдерінен сан алуан жүк тасымалданып, миллиондаған адам осы игілікті сәтімен пайдалануда. Қазақстанның халық шаруа­шы­­лығын көтеруде Алматы темір­жол бастығы А.Омаров шойын жол бойындағы мамандар мен жұмыскерлердің әлеуметтік жағ­дайын естен шығарған емес. Станцияларда көптеген тұрмыстық үйлер, мектеп пен балабақшалар салуға, ауызсумен қамтуға орай мыңдаған шақырым су құбырын Ағадыр, Жарық, Балқаш, Саяқ, Ақтоғай, Шеңгелді және Достық қаласында жаңа жүйеге келтіруге де атсалысқан А.Омаров болатын. Амангелді Жұмағалиұлы өз са­ласын ғылыми негізде де зерт­теп, көптеген ғылыми ең­бек­тер мен мақалаларын жариялады. Қажырлы еңбегі мен басшылықтағы көп жылғы тә­жірибесінің арқасында Аман­гелді ағамыз 1997 жылы Ал­матының М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясына (КазАТК) ректор болып тағайындалады. Ол кісі 200-ден аса ғылыми жазбалардың, 20 монографияның және 10 авторлық құжаттың авторы болып табылады. Ғылыми еңбектерінің ішінде: «Қазақстан теміржолының тиім­ділігі» (Прага, 1995), «Жолдағы дос­тық пен қарым-қатынас» (Прага, 1996), «Шөл даланың жылжымалы құмында теміржол салудың жобасы» (Алматы, 1999), «Қазақстандағы теміржол жатқан жер қыртысы» (Алматы, 2000), «Қазақстандағы те­міржолдарды жобалау, салу және күтіп ұстау» (Алматы, 2001), «Ма­шиналар паркін техникалық қайта жарақтауды ұйымдастыру және жаңа машиналарды жасау» (Алматы, 2002) және т.б. ғылыми еңбектерін айтуға болады. Өндірістік, ұйымдастырушы­лық және ғылыми жұмысты қатар алып жүрген А.Ж.Омаров 1999 жылы «Теміржолдағы жер қырты­сы тау-тасының физикалық-меха­ника­лық әсері» атты тақырыпта техника ғылымдарының докторы ғы­­лыми дәрежесіне диссертация­сын қорғады. Ұстаздық қыз­мет­тегі жетістігі үшін 2000 жылы «Теміржол, автомобиль жолы және аэродром құрылысын салу» ма­мандығы бойынша Амангел­ді Жұ­мағалиұлына профессор ата­ғы берілді. Инженерлік, ғы­лыми, педагогтік және жалпы адамгершілік тұрғысынан ал­ғанда Амангелді Жұмағалиұлын әріптестері жоғары бағалайтыны ақиқат. 1996-2000 жылдарда Ха­лықаралық көлік академиясына, Ха­лықаралық информатикалық ака­демиясына, ҚР Инженерлік ака­демиясы мүшелігіне қабылдан­ған Амангелді Жұмағалиұлына академик атағы берілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Білім беру ардагері» атағын да иеленді. Амангелді ағаның зайыбы Кәрима Абылқасқызының ма­мандығы – экономист. Ұзақ жыл бойына банк жүйесінде қызметте болған Кәрима апай – балаларын әке жолына баулып өсірген сүйікті жар және бақытты ана. Амангелді Жұмағалиұлы білім және ғылым саласына да өз үлесін айтарлықтай қосты. Осыдан он жыл бұрын Қазақстанда теміржолшы мамандардың жетіспейтіндігін ба­ғамдаған ол 2000 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін (ҚҚЖУ) ашқан еді. Заман талабына байланысты бұл жоғары оқу орнын жекеменшік түрде құруға тура келді. Шын мәнісінде, еңбегі, білімі, талабы зая кеткен жоқ. Университет – көлік және комму­никация кәсіпорындары мен экономиканың басқа салаларына бакалавриаттың – 16 түрлі маман, магистратураның – 9 түрлі маман, философия докторы РһD – 4 және колледжде 11 түрлі мамандық иесін дайындайды. Осынша мамандарды даярлауға ар­налған студенттер үшін оқу ғи­мараты №1 (2002 жылы салынды), оқу-зертханалық ғимараты №2 (2006), ал зертханалық және тәжірибелік жұмыстары мен оқу тәжірибесін өткізуге арналған полигоны (2007), жабық спорт-сауықтыру кешені (2008), оқу-зертханалық кешен №3 (2010) және студенттік жатақхана жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні мектеп-студия құрылысы дайындалуда. Университет кешенінің зерт­ха­налық жабдығының қызметіне келсек: «Станция кезекшісі»; «Поезд диспетчері»; «Сұрыптау станциясы»; «Тұрақты токтың рельстік тізбектерін зерттеу»; «Рельстік тіз­бектердің жұмыс тәртібін есептеу»; «Бағдаршам әрекетінің прин­циптері мен құрылғыларын зерттеу»; «Түзеткіштерді эксперимен­тальды зерттеу»; «Амплитудты де­текторын зерттеу»; «ҚТЖ зерт­теу»; «Байланыстың сандық жү­йесі»; «Сигнал спектрлерін зерттеу» туралы толық көлемдегі оқу бағдарламасын қамтитын және басқа да көптеген зертханалар бар. Сондай-ақ оқу мен ғылымға, мәдениетке және спортқа қажетті жағдайлар жасалған. Барлық аудиторияларда заманымызға сәйкес компьютер қондырғылары тұр. Бүгін 4 оқырман залы мен кітапхана жұмыс істейді, онда 500 мың бірліктен аса кітап қоры бар. Абонемент жыл сайын арнайы пәндер бойынша оқу және оқу-әдістемелік әдебиеттерімен, мультимедиалық оқыту бағдарламасымен толық­тырылады. Қазақстанның және шетелдердің жоғары оқу орындары арқылы электрондық оқулық­тармен қорды толықтыру үнемі жүргізілуде. Қазақ қатынас жолдары уни­верситеті бүгінде беделді оқу орнына айналды. Он жылда он мың инженер диплом алып, теміржол бойында еңбек етуде. Жас ға­лым­дар ғылыми ізденіспен айналысып келеді. Бұл, ғылыми тұрғыдан қарағанда, жақсы істің бастамасы болды. Осыған орай, Амангелді мырзаның «Сүйікті өмірлік іс – кісіге мәңгілік күш!» деген сөзі жас ізденушілерді ынталандыра түсетіні анық. Ұстаздың шәкірті көп. Сырт елдердегі шәкірттерін айтпағанда, өз елімізде, біздің ортамызда жүрген ізбасарлары болашағынан зор үміт күттіреді. Сөз орайы келгенде, Амангелді Жұма­ғалиұлын Қазақ қатынас жолдары университетінің ұжымы атынан 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтаймыз! Ұстазға зор денсаулықпен қоса ұзақ ғұмыр тілейміз. Еңбегіңіз жемісті болып, шәкірттеріңіз ғылымда көбейіп, абырой-атаққа бөлене беріңіз. Назымбек САДУОВ

3810 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8792

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7076

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4819

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4205

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4169

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4128

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3859

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3858

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы