• Тұлға
  • 28 Сәуір, 2011

Сәбит ЖАДАНОВ: Мәскеу қазақ елін сол кезде-ақ мойындаған...

d0b6d0b0d0b4d0b0d0bdd0bed0b2-1Сәбит Хайырұлы Жаданов. Бұл есім сонау жетпісінші һәм тоқсаныншы жылдар аралығында есейген ұрпаққа жете таныс. Сол кездің сөзімен айтсақ, «Сәбит Жаданов – «постпред». Бүгіндегі баламасы – тұрақты өкіл. Жеткіншек жасынан елден жырақтап, кейін шеттен оқу бітіріп, ел ісіне араласа бастады. Сәбит Хайырұлы бірден «білімді бала» атанды. Тұрақты өкілдікке дейін талайды тәнті еткен тиянақтылығы әрі қолынан іс келер қабілеттілігі арқасында айтулы азаматтардың аузына ілікті. Одаққа аты мәшһүр А.Косыгин, Н.Тихонов, Н.Рыжковпен үзеңгі қағыстыра жүріп, есімі елге мәлім Д.Қонаев, М.Бейсебаев, Б.Әшімов, сондай-ақ бүгінгі ел тізгінін сеніп тапсырған Нұрсұлтан Назарбаевтай Алаштың ардақты ұлдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, халық игілігі жолында қалтқысыз қызмет етті. Талай тарихи оқиғалардың ортасынан табылып, сындарлы сағаттардың куәсі болды. Елдің тағдыры шешілген сауалдардан да сырт қалмады. Сол тұстағы қазақтың тыныс-тіршілігі һәм рухани дүниесі, мәдени өмірі жайында да көп білетін ұрпақ өкілінің бүгінде айтары мол. Жақында сексен жасқа толғалы отырған Сәбит аға әлі күнге ел өміріндегі елеулі оқиғаларға үн қосып отырады. Әрі Қазақстан Премьер-министрі кеңсесі жанындағы «Көмек» атты ардагерлер қоғамының төрағасы. Ұлт басылымы «Ана тілінің» редакциясына жиі хабарласып тұратын Сәбит Хайырұлымен әңгімелескен едік. – Сәбит Хайырұлы, жиырма жылдай КСРО Министрлер кеңесіне қарасты Мәскеудегі ҚазКСР Министрлер кеңесінің тұрақты өкілі болдыңыз. Айтыңызшы, бұл құзырлы орган немен шұғылданды? – Бұл сауал сол тұстың өзінде көп адамды қызықтыратын. КОКП-нің XXVI съезінен кейін Димаш Ахметұлы Германияның Социалистік партиясының хатшысы Эрик Хоннеккерді шығарып салуға шыққан кезінде өзімен бірге мені де ертіп алды. «Бұл – біздің өкіліміз. Жолдас Жаданов» деп мені таныстырғаны сол еді, хатшы «Сіздер сонда Мәскеуде не тындырасыздар?» деп сұрады. Сол кезде мен әзіл-шыны аралас: «Біз Мәскеуде Димаш Ахметұлы жүктеген барлық тапсырма бойынша жұмыс істейміз» деп, «Бірақ капиталистік елдердегідей тыңшылықпен шұғылданбаймыз» деп қосып қойдым. Шындығында да, солай. Тұрақты өкілдіктің араласпаған һәм айналыспаған мәселесі жоқ десем, қателеспеспін. Әрине, негізгі мәселе – ел экономикасы дегенімізбен, мемлекеттің тағдырына қатысты түрлі түйткілдер алдан шыққанда және оны шешуге сенің септігің тиерін сезген шақта қалай аянып тұрарсың. Тұрақты өкілдік одақтас республикалардың жоғары жақпен, органмен арасын жалғаушы болатын. Республиканың, ел азаматтарының мәселелерін һәм мүдделерін жоғары жақтың алдына мәселе етіп қою да осы өкілдікке міндеттелетін. Оған қоса сан алуан жылдық жоспарлар, халық шаруашылығын дамытудың бесжылдық жоспарларын талқылау секілді жиындарға да бел шеше кірісетін. Кеңестік жүйе бойынша әр өндіріс ошағы, әр өңір алдын ала жасалған жоспар бойынша жұмыс атқаратын. Арнайы ғылыми-зерттеу институттары, құзырлы органдар, басқа да ел экономикасына жауапты мекемелер елдің алдағы 15-20 жыл ғұмырына жететін жоспар құратын. Сол жылдардың қорытындысында алынатын өнімнің көлеміне дейін болжам жасалатын. Яғни атақты «Госплан СССР» деген болатын... – Ал бұл тұрақты өкілдік ел экономикасына, әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерден өзге республиканың рухани дүниесіне қаншалықты ықпал ете алды? Әсіресе, сол кездері «ағалап» алдыңызға барған кейінгі буын жастарға нендей көмек көрсете алдыңыз? – Жоғарыда атап өткенімдей, өкілдіктің араласпаған мәселесі жоқ. Тіпті Мәскеуге, Ленинградқа, басқа да Одақтың ірі қалаларында орналасқан жоғары оқу орындарына оқуға түскен қазақ жастарына қолұшын созып, көмек көрсеттік. Кезінде Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов пен Үкіметті басқарған Нұртас Оңдасынов­тай азаматтардың арқасында ұлттық кадрларды даярлау науқаны басталғаны белгілі. 1947 жылдан бастап Алматы қаласында сынақ тапсырып, жоғары балл жинаған талапкерлер автоматты түрде Одақтағы ірі білім ордаларының студенті атанатын. Міне, осы білім қуып келген жастарды қанатының астына алып, қамқор болу бізге жүктелетін. Олардың жатақханаға орналасуы, шәкіртақыларының қол­дарына уақтылы тиюі, қыл аяғы олардың қауіпсіздігі деген мәселелер болатын. Кейде үштік баға алып қалып немесе бір өрескел қылығы үшін оқудан шығарыла жаздап, жатақханадан қуылатын жастарды жанымыз қалмай жүріп, арашалап қалатынбыз. Әлі есімде, 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басында бізге Харьков қа­ласындағы қазақ студенттерінен хат келіп жетті. Хатта жастар өзде­рінің қысымға ұшырағандарын, стипендияларын бермей жатқандарын жазыпты. Олар өздеріне «ұлтшыл» деп айдар тағып, жала жауып жатқанын жеткізіпті. Дереу алып-ұшып Харьковке жеттім. Мән-жайды зерттеп кеп жіберсем, бір оқытушы феодалдық қоғам, артта қалған елдер туралы дәріс оқыған кезде үнемі Қазақстанды мысалға алып, біздің қаракөздердің намысына тие берген екен. Ол жерде дәріс тыңдаушы өзге ұлт өкілдері де болған көрінеді. «Украиндар – бауырларымыз» деп жүргенде ұлты украин оқытушымыз неліктен қазақ елін мұқатып, кемсіте береді? Қала берді, Қазақстан Одақтас республикалардың ішінде дамыған елдердің қатарына енгелі қашан?!» депті біздің қаракөздер намысқа булығып. Тіпті жатақхана комендантына дейін қазақ жастарын кемсітіп, жатақханадан шығартпақ болған. Сөйтіп, оқу орны басшылығымен, факультет декандарымен сөйлесе жүріп, бұл дауға нүкте қойғыздым. Сонымен қатар бас­шылыққа мұндай сорақылыққа бұдан әрі жол бермеуі керектігін айттым. Біздің қазақ жастары сол кездің өзінде өжет әрі намысшыл еді. – Қазақ елінің әдебиетіне осы Кеңес дәуірінде сүбелі үлес қосқан қаламгерлер аз емес. Сол кезеңдегі елдің әдеби әлеміне қаншалық әсер ете алдыңыздар? – Кеңестік дәуір – кітаптан бас алмайтын кез еді ғой. Жастар әдебиетті керемет сүйіп оқитын. Оған қоса Мәскеуде төрт жыл сайын кітап жәрмеңкесі өтіп тұратын. Сол жәрмеңке-көрмелерге 15 одақтас республиканың ең үздік әдеби шығармалары қойылады. Атағы алысқа кеткен қаламгерлер де осы жерде жиналып, бас қосатын. Сол кездегі елдің баспа ісі комитетінің төрағасы Шерияздан Елеукенов пен кітап ісінің білгір маманы Шолпан Сарымсақованың арқасында бұл жәрмеңкелерде қазақ кітабының насихатталуынан бағы жанды деп атап өтсек болады. Бұл жәрмеңкелер­ге қазақ әдебиетінің жауһарлары – І.Есен­берлиннің «Көшпенділері», осы көр­меден кейін Халық жазушысы атанған Әбдіжәмил Нұрпейісовтің әйгілі «Қан мен тері» секілді туындылар қойы­латын. Сол кездері біздің таланттар осы әдеби жәрмеңке арқылы одақтас респуб­ликалардан өз оқырманын тауып жатты. Айталық, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Әнуар Әлімжанов шығармалары елге бірден КСРО мен шетелге кеңінен таныла бастады. Мен ең алғаш осы жәрмеңкеде махаббаттың мәң­гілік жыршысы атанған Әзілхан Нұр­шайықовпен танысқан едім. Осынау халықаралық әдеби форумдарда Сайын Мұратбеков, Қадыр Мырзалиевтермен де жақынырақ танысып-білістім. Бұлардан бөлек, менің ең жақын болғаным әрі қызмет бабымен қарым-қатынас жасаған тұлғаларым – Қазақстан Жазушылар одағының Мәскеудегі өкілдері Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Роллан Сейсенбаев еді. «Қазақ тілі» қоғамын басқарып жүрген тұстары да Мұқағалиды еске алуға арналған кеш, қазақ жазушыларының шығармаларын аударған аудармашылармен кездесу ұйымдастырып, әдеби әлемнен ұзамайтынбыз. Мәскеулік оқырман қазақ қаламгерлерімен, олардың шығармаларымен жақсы таныс-тын. Бүгінде мені қынжылтатыны – Мәскеу қазақ қаламгерлерінің шығармаларына шөлдеп отыр. Аудармаға ерекше мән беру керек. Кезінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» әлемдік кеңістіктен ойып тұрып орын алғаны белгілі. Сол арқылы қазақ әдебиетін әлем мойындады. Өйткені ол кезде әдебиеттің насихаты көп еді. Ұлы ұстаз да – кітап болатын. – Кезінде балет өнерімен қазақ балдырғандары Мәскеудің өзін таңғалдырғанына тарих куә. Бұл да – қазақ өнерінің ешкімнен кем түспейтінінің бір көрінісі. Сол уақыттары еліміздің талай таланттары топ жарғанын да білеміз. Тұрақты өкіл сол кездегі қазақтың мәдени өміріне қандай баға берер екен? – Кезінде Жамбыл ақын, Күләштай бұлбұлдар бастаған қазақ өнерінің онкүндіктері дәстүрлі өтіп тұратын. Осы онкүндіктер біздің талай таланттарымыздың жұлдызын жарқыратты. «Ах, Самара, городок!» деп сахнаны дүр сілкіндірген Роза Бағланованың да бағы осы мерекелерде жанды. Одақтас республикалардың ең үздік театрлары гастрольдетіп жиі сапарлайтын. Оның ішінде Шәкен Айманов, Әзірбайжан Мәмбетов, Қалтай Мұхамеджанов, Асанәлі Әшімов бастаған драма театр ұжымының өнерін мәскеуліктердің жоғары бағалағаны есімде қалды. Оларға мақтау қағаздары мен грамоталар тапсыру маған жүктелетін. Өнер адамдары – өте көңілді халық. Бірақ бала сынды өкпелеп қалатын кездері де жоқ емес. Жомарттықтары және бар. Арасында атақ сүймейтіндері де көп кездесетін. Керісінше, күлкілі жағдайларға қалған кездер де бар. Актер Андреевті өкілдікке шақырып, мақтау қағазын бермек болғанымда, «қазақтың етін асып, арақ қоймасаң – бармаймын» деп келмей қойғаны да бүгін езуге күлкі үйіреді. Әртіс халқы тым еркіндеу ғой. Әсіресе, елден келген өнерпаздарды Мәскеуде күтіп алып, орналастыру, шығармашылық жағдай жасау менің мойнымда болатын. Соның арқасында қазақтың талантты перзенттері Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Әзірбайжан Мәмбетов, Шамғон Қажығалиев, Ескендір Хасанғалиевтер, Әлібек Дінішевтермен достасып, қоян-қолтық араласып тұрдық. Қалай десек те, Мәскеу қазақ елін сол кезде-ақ мо­йындаған. Әдебиетімен, өнерімен өзі­нің өміршеңдігін дәлелдеген еді. Сұхбаттасқан Динара ІЗТІЛЕУ

2658 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8791

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7076

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4819

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4205

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4169

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4128

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3859

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3858

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы