• Тұлға
  • 01 Шілде, 2011

Нарынның намысты ері. майдангер Үмбет Өтеғалиев туралы бір үзік сыр

d183d0bcd0b1d0b5d182Аты аңызға айналған адам әр ауылда да бар. Соның бірі – бүгінде жасы сексеннің сеңгірінен асқан майдангер Үмбет ата. Он сегіз жасында ел қорғауға аттанып, бір аяғын майдан даласында қалдырып, Нарын құмындағы туған ауылына оралғасын қос балдақпен, жалғыз аяқпен жылқы баққан азаматтың есімін қыр өңірі жақсы білетін. Оның ерге жалғыз аяқпен мығым отырып, асауларды қалай бұғалықтап, құрықтайтынын ауылдастары аңыз қылып айтатын. Кезінде әкеммен үзеңгілес қатар жүргендіктен бе, Үмбет ағаның кісілігі де, іскерлігі де, биік адамгершілігі де маған жақсы таныс. Жуырда ол кісінің өзімен дидарласудың да сәті түскен еді.Әркім – өз дәуірінің жылнамасы. Ә дегеннен ардагер әңгімесінен соғыс кезіндегі ауылдағы ауыр жағдай көз алдыңызға келеді. Бәрі майдан үшін, күнмен, түнмен санаспай жанталаса еңбек еткен жесір әйелдер, кемпір-шалдар мен балалар... Ағайын соғысқа кеткендерден келген хатты бала Үмбетке оқытады екен, сәлем хатты оқу қандай қуанышты болса, «ол соғыста ерлікпен қаза тапты» деген «қара қағазды» оқу сондай ауыр болса керек. Ондайда жас баланың қаралы хабарды оқуға дәті бармай, өксіп, жылап жіберетін кезі көп болыпты. Аналардың зарлы үні сай-сүйекті сырқыратып, онсыз да жабырқау, жетім көңілдерді құлазыта түседі. Ал үлкен үйдегі шешесі көз жасын төккен аналарға «жылауды қойыңдар, белдеріңді бекем буыңдар, олар жерін, елін қорғап шейіт болып жатыр, ондай боздақтар жұмаққа барады, енді қалғандарының амандығын тілейік» деп шыңдаулы орағын иығына салып, қайрағын белдігін қыстырып, сұсты қалпымен пішен звеносын бастап, өзгелерге қайрат беретін көрінеді. Сонымен 1944 жылдың аяғында жасы 18-ге толар-толмаста Үмбет те майданға аттанады. Ақсақалдың өзі бұл турасында былай дейді: «Анамыз әзірлеген бір дорба құмаршық, ірімшік, құртымызды арқалап, еңіреп жылаған ата-ана құшағынан босап, үш жігіт аудан орталығына кеттік. Артымыздан жүгіріп ерген інілеріміз бізді көш бойы шығарып салды. Туған үйден кету қандай қиын, әлі есімде, қара қыстау үстіне шығып, жаулықтарын бұлғап тұрған аналарды қалай қиярсың?! Жеделдес інімді құшақтап, күнсіңді төбесіндегі айдар шашынан демім жеткенше иіскеп, «бар, үйге қайт, анамызға көмектесіңдер» деп көзімнің жасын іркіп, «соғыс біткесін сол жақтан келіншек, саған жеңге алып келемін» деп күлген болдым. Қайран балалық-ай, інім: «аға, жылдам келіңдер!» деп қоштасты да, жол шетіндегі шоқалға шығып қала берді. Күре жолға түскесін барып сұрапыл соғысқа бара жатқанымды сезіндім, «елге қайтып орала аламын ба, осы Нарын топырағын қайта басар ма екенмін» деп артыма қарасам, үй қарасы мүлде көрінбейді. Ол кезде осындай сауалды майданға аттанып бара жатқан әр боздақ бастан кешкені анық еді». Облыс орталығы Гурьев асып, соғыс өнерін, қару ұстап, ату әскери жаттығуларынан өткен жас жігіттер «соғысқа тезірек қатысып, жауды жеңсек» деген алға мақсат қояды да баяғы. Әскери жаттығу аяқталысымен олар мінген эшелон батысқа жол тартады. Қираған қала, өртенген орман, тек қана тұрбасы сорайып, пештері ғана қалған ағаш үйлер, қысқасы, айтып-айтпай не керек, соғыстың көлеңкелі суреттерін жанарларынан өткізеді. Әскер тиеген пойыз тоқтаған жерде жергілікті тұрғындар өздерінің аш-жалаңаш болуына қарамастан қолда бар тамағын, сусынын ұсынады. Қайран халық! Ардагер ақсақалдың айтуынша, онан әрмен қарай бұлар бір станцияға келіп ұзақ тұрған. «Күн суық, екі қолымды жеңіме тығып тұр едім, бір әжей бізге түсініксіз тілде сөйлеп, қолындағы бітеубас қолғабын шешіп берді, сірә, мені аяған болуы керек» деп еске алады сондағы сындарлы сәттерді оның өзі: «Сосын қолғабын қолыма кигізді де, қойнынан тоқаш алып, күртемнің ішіне тығып жатыр. Сол кездегі бауырмалдық деген қандай десеңші, елде қалған анам есіме түсіп, көзіме келген жасты іркіп ұстауға тырыс­тым. Эшелон батысқа қарай жүрген сайын алдымыздан қираған машина, танк, зеңбірек жиі кездесті. Шала жанған, бықсыған, әлі сөнбеген ағаштар, бұзылған көпір, демек, майдан шебіне келдік деген сөз. Ал бұзылған жолды жөндеп жатқан әскерлердің көңілдері көтеріңкі, басқа тілде айқайлап пойызбен жарыса жүгіріп, қолдарын бұлғайды, бізге жеңіспен оралыңдар дегені болулары керек. Соғыстың алғы шебіне жақындадық, қатты дүмпуден жер солқылдап, алыстан бомба және атыс құралдарының дыбыстары анық естіліп тұрды, қызыл жұлдызы бар самолеттер батысқа қарай ұшып барады. Бізді эшелоннан түсіріп, орман ішіне әкеліп, топқа бөлді. Бақсақ, алдыңғы шепте мерт болғандардың қатарын толтыру үшін, орысша айтқанда, «пополнение» жүріп жатыр екен. Орман ішімен жүріп келеміз, жолшыбай жаралыларды тиеген машина, ат-арба жиі кездесті. Жаралыларды зембілге салып жүгірген әскерлер, санитарлар... Бір сөзбен айтқанда, оқ пен оттың ортасына келіп бір-ақ шықтық. Окоп қазу, атыс құралдарын әзірлеу, қақаған аязда далада түнеу, қаңыраған жылусыз үйді баспаналау, яғни адам төзгісіз соғыс жағдайы басталды да кетті. Бірінші рет соғысқа кіргенде қаншама қантөгіс ұрысқа түстік, әр кескілескен шайқас сайын қатарымыз сиреп, селдіреп қалады. Қатарымыз қайта толықтырып, тағы да шабуыл басталады. Осындай шайқастың бірінде Беларусь жерінде екі рет жарақат алдым». Ал бір аяғынан ардагер үшінші рет жараланға­нын­да айырылыпты. «Үшінші рет қалай жараланғанымды айтайын» деп бастады бұл хикаяны да ақсақал: «танктерге қарсы ұрыста тіке ату арқылы (прямая наводка) немістің бір танкісін өртеп, енді келесі біреуін көздеу құралын нақтылап атып жібергенім есімде. Содан есімді жисам, үсті-басым дәкеге оралған, бір аяғым жоқ, кесіп тастапты. Есім кіргенде арнайы күтуші санитар айтуынан білгенім, жараланғаннан кейін мені соғыс алаңынан шығарып, орманшының үйіне әкеліп, басқа да жаралылармен бірге дәрігерлік көмек жасалыпты. Сол жерде менің аяғымды тізеден жоғары кесіп, мәрлімен орап, дала госпиталіне алып келеді». Бірақ кейіннен майор шеніндегі дәрігер: «аяғыңды қайта ота жасаймын, ең болмағанда өміріңді аман алып қалуым керек» дегесін, қайта отаға келіскен: «Сонымен аяғымды арамен кесіп жатқанын, бәрін біліп жаттым. Ол кезде қазіргідей күшті наркоз болмайтын еді, аржағын айтуға қазір жүрегім шыдар емес. Соғыста ажалмен тікелей арпалысып жатқан дала дәрігерлеріне қарап таңғаласың, олар нағыз батыл, ержүрек адамдар ғой, өз істерінің керемет маманы еді ғой. Иә, соғыстың бітуіне тоғыз күн қалғанда, санның жоғарғы тұсынан тағы қайта ота жасап, жалғыз аяқпен қала бердім. Біздерді ашық машинамен майдан шебінен кері алып жүрді, ал жанымыздан Берлинге – батысқа қарай есепсіз әскер легі өтіп жатты. Шіркін, олардың қатарында бола алмадық-ау деп армандаймыз. Бакудегі госпитальда, одан кейін Татарстанда емделдім. Жара жазылғасын, мені оқуға жібермек болды, мамандық аласың деп үгіттеді, бірақ оған көнбедім, бар арманым елге аман-есен оралу болды. Қос балдақты адамға кейін өмір сүру, мамандықсыз еңбек ету қиын болатыны ойыма кіріп-шықпады. Елге деген сағыныш ештеңеге қаратпайды екен!» Сонымен, Үмбет Өте­ғалиев Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Новобогат ауданы, Орпа ауылына – өзінің туған жеріне қос балдақ, жалғыз аяқпен оралады. Ұлы Отан соғысында СП-365-ші атқыштар дивизиясында болып, көрсеткен ерліктері үшін үшінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, бес қаланы азат етуге қатысқаны үшін 5 медальмен майдан шебінде марапатталады. Соғыстан оралғасын алғашқыда колхозда есепшілік жұмыс атқарған. Алайда отау құруына байланысты тұрмыс-тіршілік қиындай түседі. Сөйтіп жүріп, ол өзінің мүгедектігіне қарамастан жылқышы боламын деп шешкен-дүр. Әрине, соғыс жаныған қайсар жігітке ешкім қарсы тұра алмайды. Өйткені ондағы намыстың қандай қиындықты да бұзып-жарып, алға қойған мақсатқа жеткізетінін былайғы жұрт жақсы білсе керек. Жалпы, әркімге аян, жылқышы болу үшін қайрат та, жүрек те керек. Екінің бірі асаудың жалынан ұстамақ түгілі, маңына жолаудан тайсақтайды. Асауды бұғалықтағанда не құрықтағанда балдағын үзеңгіге тіреп алып, алапат күшпен жұлқынған қыл арқанды тартқанда аспанға шапшыған асау да қуатты қолды бірден таниды емес пе? «Қандай шу асау болсын, қанша жерден туласа да екі балдағы құмға қадалған жалғыз аяқты жылқышыны орнынан қозғай алмайтын. Нарын құмындағы суы кемінде екі метр тереңдіктен шығатын құдықтан қауғамен үйір-үйір жылқыны қос балдақты қолтығына тіреп тұрып суарғанда Үмбет жылқышының қимылына көз ілеспейтін» деседі ауылдағы замандастары әлі күнге. Асауды ұстап, бие саудырып, Қайнар асып, мал өрісін іздеуде басқа жылқышылардан қалысқан жоқ. Жас ұлғайған сайын жазғытұрым уақытта малдарды бөліп сұрыптауда тай, байталдарды күзеуде құрық, бұғалық салып, аяққа тұзақ құрып ұстауда жалғыз аяқпен, қос балдақпен қимылдау қиындай түсті, ал қайыру бермей қашқан жылқыларды қайтару, ұстаудың да оңай емесі белгілі. Оның үстіне денсаулы­ғы мен соғыс салған жарақат сыр бере бастады, сөйтіп, жылқышы құрығын қимаса да тапсыруға тура келді. Ол кезде, өзі айтқандай, «сен соғысқа қатыстың» деп ешкім де жеңілдік жасап, мүсіркемейтін еді. Кейін қолынан келген түрлі қызметтерді атқарды, соғыс мүгедегі ретінде зейнеткерлікке шықты. «Өткен өмірді еске алу сол соғысқа қатысқаннан ауыр екен, үлкейген сайын денсаулығым төмендеп, мына арбаға таңылғаныма бір жылдай болды» дейді ардагер тағы да: «Зейнеткерлікке шыққасын, еліміз егеменді ел болғасын, бала кезімізде жадымызға жаттаған Құран аяттарын қазалы жерлерде оқып, халқыма қызмет атқардым. Ауылымның қуаныш, той дастарқанында батамды беріп, жастарға тілегімді айтамын. Шүкір, халқым сыйлайды, ондайда мерейің өседі, еліңнің еңсесі биік болғанға не жетсін! Балам Оразбек пен келінім Райсаға ризамын, немерелерім Нұржамал, Бақытгүл тұмыс құрған, Думан болса жоғары оқу орнында, кіші немерем Айзада менің көмекшім де, күтушім де, әрқашанда қасымнан табылады, осы ұрпағымның бәрі де мені мәпелеп бағып-күтеді. Құдай қосқан бәйбішем Тана Ахметқызы Жаңылхан және екі бауырым Сұңғат, Елеукен ерте қайтыс болып, өмірдің ауыр соққысын да көрдім». Осы орайда ауылдасымыз Қуанышкерей Жұмағалиевтің айтқан мына бір әңгімесі еске түседі: «Үмбет ақсақалдың інісі Сұңғат қайтыс болғанда оған қазаны естіртіп алып келуге мені жұмсады. Шыныбек деген жерде тұратын, үйге кіріп амандасқаннан кейін Сұңғаттың қайтыс болғанын айттым. Ол кісі болса жалғыз аяқпен бір қолымен жер тірей, оқша атылып тұрып, бір қолына бешпетін ілген бойы жарда сүйеулі тұрған балдағына екі секіріп барды да, «кеттік» деді. Бауырының үйіне жеткенше бір ауыз сөз айтпады, тек қана машинадан түсерде «әттеген-ай, өмір деген осы екен ғой!» деді. Қазақтың салты бойынша жақын-туыс қайтыс болғанда кісілер жиналып барып естіртетін, сол жолы ағаттық жібергенімізді кейін білдік. Бұл кісінің қайраттылығы мен ұстамдылығында шек жоғын сонда көргенмін». Үмбет ақсақал сөзге ұста, зерек, естіп-білгенін есте сақтағыш қасиеті бар, ақын-жырау, абыз-билердің сөздерін жатқа айтады, әр отырысқа орай бата-тілектерді жанынан шығарып, ақындығымен қатар нақыл сөздерді түйдектетіп айтатыны таңғалдырады. Орайында оны да айта кетейік: Соғыста қан кешіп жүріп, ол кісі бір ұрыс саябырсыған шақта Камал дейтін туысымен кездесіп қалыпты. Құшақтасып амандасып, сол бойда қоштасуға тура келеді. Қан майданнан екеуі де аман келіп, артынан Камал өзімен қоштасарда Үмбет ағаның сол жолы жанынан суырып салған өлеңін өзіне оқып береді: Қош, аман бол, бауырым, Камалым, Қатар болды-ау өзіңменен заманым. Жан жолдасым, сенен енді бөлініп, Қан майданға қайта аттанып барамын. Тірі қалсақ, көрісерміз, тілейікші, Артта қалған елдің амандығын... «Ел азаматтары қадір тұтып қолғабыс берсе, аудан орталығындағы дәрігерлер Қизатов Төлеміс және жолдасы Базаргүл Үсенқызы ауырып қалған кездерде маған көп көмегін тигізіп келеді. Сонымен қатар Тұщықұдық ауылының маман дәрігерлері Айгүл Мұхамбетқалиева, Қалыбек, Дина Салиховтар, Ғани Қарабалин, ауданның маман дәрігерлері Сандуғаш Таутанова, Ардақ Уапова, медбикелер Әмина Фаритқызы, Орынгүл Өтешқалиқызы, тағы басқа да дәрігерлерге де алғысым шексіз, оларға мұңсыз ғұмыр бергей. Барлығына айтар тілегім: «жасымды беріп, бейнет көрмегей» деп тілеймін. Енді осыларға шүкіршілік етіп, Жаратқан Иемнен сұрайтыным: «еліміз тыныш, ел ішінде не сырттан зұлымдық болмағай» деймін» деді мейірімді жанарымен күлімдей қараған ардагер. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген, қиындыққа мойымаған қайсар ағаға, Сағи ақынша айтсақ, «даламның бір-бір бөлшегі, қарттарым, аман-сау жүрші» дей бергім келді. Мұрат БЕКТЕНҰЛЫ Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылы

3314 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8767

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7062

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4806

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4192

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4154

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4115

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3845

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3845

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы