• Тұлға
  • 07 Шілде, 2011

Айы оңынан туған азамат

45452Мен Маңғыстауға 1971 жылы барып, бірер жыл Өзен геологиялық барлау экспедициясында жұмыс істеп, сонан кейін Ералиевтегі (қазіргі Құрық) Қарақия барлау экспедициясына ауысып кеттім. Бұл жер сол кездегі Жаңа Өзенге қарағанда қазақы жер екен. Олай дейтінім, Жаңа Өзенде мен барғанда қазақтар өте аз болатын. Небәрі 15-16 пайыз ғана. Ал Ералиевте, негізінен, қазақтар. Сырттан барған адамға бәрі тосын. Содан да қандай әңгімеге де құлағың түрік. Адамдар бас қосқан кезде алдымен күнделікті тіршілігін, сол тіршіліктің басы-қасында жүрген азаматтарды әңгіме ететіні белгілі ғой. Ел аузында жүрген азаматтардың бірі Ералиев автобазасының директоры Төкен Жұмағұлов болатын. Өзі жап-жас екен. Бұрын таксист болып істепті. Іскерлігі сұмдық көрінеді. Айра-жайрасы, алқам-салқам болып жатқан автобазаны ұршықша иіріп, қазірдің өзінде қатарға қосып, аяғынан тік тұрғызыпты. Екпіні ерен, тепкіні қатты көрінеді. Міне, осындай гу-гу әңгімелер біздің де құлағымызға жетіп жатты. Бірақ мен ол кісіні сыртынан бірер рет көргенім болмаса, бетпе-бет сөйлескен eмеспін. Не деп сөйлесем? Мен қарапайым жұмысшымын. Ол болса білдей басшы. Оның үстіне біз сөйлесетіндей ондай ортақ мәселе жоқ.

Көп ұзамай Маңғыстау облысы дүниеге келді де, мен облыстық газетке орналасып, Ақтау қаласына көшіп кеттім. Ал Ералиев аудан орталығына айналды.

Бір күні сол ауданның идеология хатшысы Ғани Карин бір топ жас ақындарды жұртшылықпен кездесуге шақырды. Бардық. Кеш әдемі өтті. Сонан кейін бір үйге қонақасы дайындап қойған екен. Соған алып барды. Сонда отырғанда көзі де, өзі де қатар күлімсіреп Төкен Жұмағұлов кіріп келді. Бұл қонақасының Төкеннің дайындатқанын сонда бір-ақ білдік. Менің Төкенмен алғаш рет дәмдес болғаным – сол жер. Төкен көп отырған жоқ. Үлкен ас желініп болғаннан кейін, алдында жатқан екі-үш жілікті жалаңаш қолымен бір-бір ұрып сындырды да, «ал енді жолдарыңыз болсын, менің тығыз шаруаларым бар еді» деп кетіп қалды.

Енді, міне, қарап отырсам, оған да қырық жылға тақап қалыпты- ау. Оны былай қойғанда, Төкеннің алпыс жылдығын кеше ғана тойлаған сияқты едік қой. Сол тойда оқыған өлеңімнің де күмбірі әлі басыла қоймағандай.

Жатыр бүгін қуанып бар тұсымыз,

Өзіңізге көп біздің алғысымыз.

Ел мен жұртың қаумалап тойлап жатқан

Құтты болсын, ағажан, Алпысыңыз!

Қиындықты қақ жарып кешкен ағам,

Маңғыстаудың желіндей ескен ағам.

Жал-құмдардың ішінде туғанменен

Толқындардың жалында өскен ағам.

Тұла бойы қайрат-күш қайнап тұрған.

Жігері бар намысы қайрап тұрған.

Бір сиқыр бар сөзінде сайрап тұрған,

Бір сиқыр бар көзінде ойнап тұрған.

Жаралған ол күресіп, тартысуға,

Жаралған ол шайқасып, шарпысуға,

Отыр ағам , мінеки, алдарыңда

Отыздағы жігіттей Алпысында.

Ақтарылып бүгін ол шешіледі,

Аспандатып көңілін өсіреді.

Ағысындай Жайықтың есіледі,

Маңғыстаудың желіндей көсіледі.

Жаралғандай жансың ғой жарасымға,

Бауыр болған бар жақсы, бар асылға.

Азаматтар өзіңдей сирек-сирек

Маңғыстау мен Атырау арасында,

Тіпті мынау қазақтың даласында!

Төкен ағамның алпысқа толған кезінде жазылған өлеңді тағы да қайталап отырған себебім, оның бейнесін бірқыдыру, тәп-тәуір жасап шыққандықтан болса керек. Бұған тек бір-ақ өзгеріс жасауға болады: жетпісінде отыз бес жастағы жігіттей. Шынында да, солай. Әлі де шып-ширақ. Бүгін-ертең бәйгеге қосатын таңасқан арғымақтай жұтынып тұр. Сол баяғы бір түйір артық еті жоқ, сымға тартқандай тіп-тік қалпы. Кім-кімді де өзіне магнитше тартып алатын күлімсіреген көз, келісті келбет. Бәрі баяғыша! Ал оның асу да, өрі де көп, аңызағы мен аязы да көп өткен өміріне қарап отырсаң, жетпіске келе тұра бір мінсіз сымға тартқандай сыптай боп жүргеніне еріксіз таңғаласың.

Ол бірер жыл бұрын өзінің өткен өмірі туралы ғұмыр­на­малық кітап жазып бітірді. Сол кітаптың алғысөзін жазған заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев былай дейді: “Шарапатынан халқына шашу шашып, ел намысы жолында еңбек етіп жатқан ақпейіл жанның қай тілеуін де Хақ Тәңірдің өзі жеткізіп жатқаны кәміл. Өз келешегіне өзі жол салып, ешкімнің жебеуі мен демеуінсіз адал еңбегімен жете алған қарапайым қазақ ұлының өмір жолы мен жан дүниесі кейінгі жеткіншектерге өнеге болары сөзсіз”.

Иә, ол кітапты оқып шыққан кез келген адам Төкен өмірінің үл­гі-өнеге болатын тұстары мол екеніне көз жеткізетініне біз кепіл.

...Төкеннің Төкен болып қалыптасқаны, ел аузына азамат болып ілінгені, сөз жоқ, оның «Гурьевводстройдың» автоба­засына директор болған кезінен басталады десек, түк те қателеспейміз. Оның ол кезде жиырма бестегі қылшылдаған жап-жас кезі. Кеше ғана адам болуы қиын тентек атанған, күндер өте киномеханик болып ел аралап жүретін, сонан кейін қатардағы таксист боп баранка айналдырған, бірте-бірте туабітті етінің тірілігінің арқасында Мәскеудегі Бүкілодақтық политехникалық институтын сырттай оқыған, енді ғана қызметке аяғын іліктіріп, сатылаған бірер жұмыстың басын қайырып, автопарктің жөндеу механикалық шеберханасына меңгеруші болып бес-алты ай ғана істеген жігіт үлкен бір автобазаның директоры болып шыға келуі оңай болмаса керек. Оның бәрі – жатпай-тұрмай еңбек етудің, қандай тапсырманы да қолына алған бойда тап-тұйнақтай етіп бітіріп тастайтындығының арқасы. Өзі де қашан көрсең де мұнтаздай болып жүретін жігіт жұмысқа да мұнтаздай болып шықты.

Төкен директор болып келген кезде ол автобаза көтерем болғандай төрт аяғы төрт жаққа кетіп тұралап жатыр екен. Оны орнынан көтеріп, аяғына қою оңай емес еді.

Ал айналасындағы жұмыс істейтіндердің көбі мемлекет қамынан гөрі өздерінің жеке бастарының қамын көбірек ойлайтын, бергеннен гөрі алғанды жақсы көретін жырынды біреулер болып шықты. Тағы да олардың Төкенді баласынып, шекелеп қарайтынын қайтерсің. Бәрінен осысы жанға қатты батты. Өйткені біреудің сені менсінбегенінен өткен қорлық жоқ қой. Төкеннің олардың кейбіреулерінен арылып, кейбіреулерін тезге салу керек болды. Біртіндеп солай етті де!

Ал автобазаның жағда­йын жаңа айттық. Ескі авто­ма­шиналар­ды былай қойғанда, келгендеріне бір жарым жыл ғана болған авто­ма­шиналардың өздері күтіп айдамағандықтан істен шыққан. Ал оларды жөн­дейтін орталық бүкіл Қазақстанда жоқ боп шықты. Сонау Днепропетровскіде. Ал оның басшысы Нишпуренко жанына адам жолатпайтын бюрократ, бюрократ болғанда бетоннан құйылған бюрократ көрінеді. Оның алдына талай жайсаңдар мен майсаңдар барып, маңдайлары тасқа тигендей болып қайтады екен.

Ал Төкен сол бюрократтың бетон қабырғаларын сөгіп, иі қанған терідей жұп-жұмсақ қалпына түсіріп, не қаласа соны кезектен тыс беретін етіп қайтқан ғой. Өзінің алғыр­лы­ғымен, іскерлігімен, адамға жол таба білетін Құдай берген қасиетімен!

Сол – сол ғана екен, күні кеше тұралап жатқан автобаза көп ұзамай- ақ бойын тіктеп, тек облыс қана емес, республикадағы автобазалардың алдыңғы қатарына шыға бастады.

Жақсы адам, іскер басшы, жұмыстың көзін білетін адам қай жерге де керек. Ондай адамға құда түсушілер жан-жақтан қаптап кетеді. Бұл – ежелгі үрдіс. Ондай адамды, әдетте, бірқалыпты жұмыс істеп тұрған көрсеткіштерінің бәрі жақсы жерге емес, қайдағы бір құты қашқан, бей-берекеттік орын алған жерлерге жібереді. Бір сыннан кейін екінші сынға салады. Не көтерсін, не кері кетсін дейді. Мұндайда абырой үстіне абырой аласың, не жиған абыройыңнан жұрдай боласың.

Төкен Жұмағұловты енді қиыр шет, қиян түкпірдегі Ералиев автобазасына директор етіп жіберді. Бұл автобаза бұрынғы басқарған автобазадан әлдеқайда ауқымды. Техникасы да көп, жұмысшысы да көп. Ең қиыны, барып қайтатын маршруттары өте шалғай. Маңғыстаудың атақты мың жолы ғой баяғы. Жердің ой-шұңқыры көп. Жазда аптап, аңқа кептірген аңызақ жел, көз қаратпайтын ала шаң. Қыста қанша қалың киім кисең де денеңе мың-миллион ине боп қадалатын үскірік. Асты-үстін қайта-қайта қарап, қаншалықты қатайтып, бекітіп жібердім деген машинаңның өзі жүздеген, кейде мыңдаған шақырым жүріп қайтып келген кезінде ішіп алған адамдай буын-буыны кетіп былқылдап, сылқылдап қалады. Оларды шұғыл түрде қайтадан қатарға қосудың өзі оңай шаруа емес.

Төкен қай жұмысқа барса да, алдымен екі мәселені қолға алады. Біріншісі – тәртіп. Екіншісі – кадр. Бұл – оның берік ұстанымы. Одан оны ешкім де тайдыра алмайды. Бұған келгенде ағайынгершілік те, таныстық та жүрмейді. Бетің бар, жүзің бар демейді. Қаққан темір қазықтай қатады да қалады. Әрине, ол ешуақытта да бас-көзге қарамай бұрап үзіп, бүктеп сындырып жібермейді. Тәртіпке көнбейтіндерін тәрбиелеп көреді. Көнбеді ме – онда бетіңнен жарылқасын! Төкен бұл автобазада да сол әдеттен жазған жоқ. Бәрін қолына алды.

Содан болса керек, Ералиев автобазасы бірер жылдың ішінде-ақ республикаға, тіпті Одаққа белгілі бола бастады. Оған дәлел, ол кезде әр республикада бір-бірден экспериментальді автобазалар болатын. Оған, әрине, автобазалардың ең үздігі ғана таңдап алынады. Ералиев автобазасы аз уақыттың ішінде сондай деңгейге көтерілген еді. Мұның себебін Төкен өзінің кітабында былай түсіндіреді: “Мен Одақтың жер-жерін аралап, автобазаларды арнайы көре жүріп, мынаны: заман прогрестікі екенін жете түсіндім. Маған білімді, өнертапқыш мамандардың керек болғаны сондықтан. Инженерлік-техникалық таланттарды тәрбиелеу мүмкін еместігін, бұл қасиет адамға туа бітетін қасиет екенін аңғардым. Осындай адамдарды автобазаға топтастырудың нәтижесінде жаңа сұраныстар пайда болды. Мәселен, диагностика деген цех. Оны Россияның бір түкпірінен әлгі мамандардың бағыттауымен іздеп тауып алдық. Бұл – машинаның қай жері бұзылғанын дәл де, қолма-қол анықтап беретін рентген сияқты цех. Әуелі, жөндеу аймағына кіретін машинаның ақауын анықтау үшін жөндеу картасын жасадық. Жөндеу аймағының ішінен екі қабатты диспетчерлік пункт ашылды. Өндіріс бастығы бірінші қабатқа, диспетчер екінші қабатқа орналасты. Айналары әйнек. Бастық пен диспетчер бәрін көріп отырады әрі теледидар арқылы бәріне бақылау жасайды. Жөндеу картасының ішінде қай машина қандай жөндеуді қажет етеді, қалай жөнделеді және басқа да атқарылатын жұмыстар ватман қағазына түсіріліп, көрсетулі тұрады. Оған күнделікті түзетулер енгізіліп, өзгеріледі, оны директордан бастап, барлық цех басшылары көріп отырады”.

Бұл техникасы әбден жетілген ХХІ ғасырда емес, сонау ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары, қиыр шет, қиян түкпірдегі Маңғыстаудың Ералиев автобазасында жасалынған шаруа! Қалай тәнті болмассың! Қалай таңғалмассың! Республикадағы жалғыз ғана экспериментальді автобаза деңгейіне бұл автобаза көтерілгенде, енді қандай автобаза көтерілмек! Осының бәрі қаншама қайраттың, іздемпаздықтың, жатпай-тұрмай ұйымдастыра білудің арқасында ғана мүмкін еді. Ол мүмкіндік Төкеннің бойында молынан жиналған екен. Тағы да ол, ең алдымен, өзіне қатал бола білді. Осы жылдар ішінде ол төрт-бес сағаттан артық ұйықтап көрген емес. Күн демей, түн демей жұмыс басында жүрді. Командировкалардан қайтқан кезінде үйіне бармай, алдымен жұмысқа бас сұғатын. Өз аяғымен барлық цехты аралап шығатын. Оның үстіне ол ғұмырында ішімдікті аузына алып көрген емес. Арақ-шараптың дәмінің қандай екенін ол осы уақытқа дейін білмейді. Бұл туралы ол былай деп жазады: “...бір жолы жолдас-жора қауқылдасып: “тым құрыса, бір бокал шарап ішші” деп әбден зорлады. Қояр емес. Қолыма бокалды қалай алдым, әлгі өзінен-өзі быт-шыт болып сынып кетті. Өзім де, өзге де аң-таң. Содан қайтіп олар іш деп айтқан емес.

Жалпы, әулиенің тұқымымын ғой. Тана атам әулие кісі болған. Жарықтықтың жүрген жеріне кесір, кесапат, жаманшылық жоламайды екен”.

Енді оның өмірінде жаңа кезең басталды. Облыстық автотрестің бастығы боп тағайындалды. Үлкен қызмет. Ал үлкен қызмет үлкен жауапкершілік ап келеді. Талап та үлкен, міндет те үлкен. Сол үшін талап пен міндеттің үдесінен шығу кім-кімге де оңай емес. Бұл кезде Төкен 34 жаста ғана болатын. Бойын­да қуат, ойында суат бар. Тепсе темір үзгендей тегеурін бар. Тәлім де, тәжірибе де жетеді. Құдайға шүкір, бәрін таразылап, кесіп-пішіп отыратын парасат пен пайымнан да кенде емес. Енді жұмыстың көлемі мен ауқымы ғана емес, адамдармен қарым-қатынас та қатпар-қатпар боп, күрделеніп, іріленіп кетті. Сылай, сипай қарайтындар емес, сынай, міней қарайтындардың қатары әлдеқайда көп боп шықты. Түйедей ісіңді түймедей етіп елеусіз қалдыратындар да, түймедей кемшілігіңді түйедей етіп көрсететіндер де аз емес екен...

Бірақ олай екен деп, екі шоқып бір қарап, анаған бір, мынаған бір жалтақтап, жалпақтап өмір сүруге бола ма. Адал жолыңды, адастырмас бағытыңды біл. Ол үшін жұмыс істеу керек. Оның ығын, көзін таба білген жөн. Сонда ғана жұмысың нәтижелі, жемісті болмақ. Өйткені жұмыс деген әйтеуір әй-шайға қарамай далбақтап шаба беру емес, ол үлкен іскерлікті талап етеді. Иілмейтін нәрсені иіп, бүгілмейтін нәрсені бүге білетіндей шеберлік қажет. Сонымен бірге кей кезде тіке тартып кететін нартәуекел де жолдасың болсын. Бұл туралы Төкен өз кітабында былай деп жазады: «Өзекті жанға бір өлім» деген тәуекелдің көкесі де көбіне бізде. Алған беттен қайтпаймыз. Ал оның көп жағдайда өзіңе бедел әкелетіні бар. 1975-1976 жылдары Маңғыстауда Қаламқас-Қаражамбас кен орындары ашылды. 1978 жылы осы кен орындарына 300 шақырым асфальт жол салу керек болды. Осы жолдың ұзынбойғы жобасын көру үшін министрдің орынбасары Теодор Лазаревич Каплан келді. Қасында жол құрылысы тресіне басшы болып келген И.Зотолкин бар.

– 300 шақырым жол салуды нөлден бастау қиын болады,– деді Зотолкин. Сөзінен осыны қоя қойсақ қайтеді, өте қиын екен дегенді аңғаруға болатын еді.

– Оңай не бар. Мұны біз сөзсіз жүзеге асырамыз, – дедім мен.

Ол маған сынай әрі таңырқай қарады.

Каплан мен Зотолкин Форт-Шевченкоға барып, бірінші хатшыға кірді. Ол бізді бастап жүру үшін жанымызға қалалық атқару комитетінің председателі Ш.Жүсіповті қосып берді.

Қалың қар. Жол жоқ. Машиналар қайта-қайта бата береді. Жүргізушілер батқан машиналарын шығара алмай әлек. Өзім айдап шығарып беріп жатырмын. Содан Шақпақ ата деген әулиенің басына соғатын болдық. Алдымыз күртік қарға толы терең сай еді. Жүргізушілердің ешқайсысының өтіп шығуға батылдары жетпей түр.

– Действительно опасно, – дейді Зотолкин.

– Ничего такого, – деп Шанды Жүсіповтің УАЗ машинасының жүргізушісіне:

– Қане, рульді маған бер, – деп орнына өзім отыр­дым. Жанымда – зам. министр.

– Төкен, зам. министрді өлтіріп алмайық, – деді Шанды шынымен жүрексініп. Терең сай, оппа қар...

Каплан да жүрекжұтқан екен:

– Вперед, Жумагулов! – деді.

– Конечно, вперед! – деп арғы бетке қалың қарды қақ жарып, заулап өттім. Қалған тоғыз машинаны да өзім айдап өткіздім.

– А, ты, Жумагулов, очень рискованный персонал, – деді Kаплан маған, сосын Зотолкинге қарап сұрады: – как ты думаешь, Иван Никитич, он построит дорогу?

– Видимо, так, – деді анау».

Міне, көріп отырғанымыздай, бір ғана тәуекелмен-ақ келген адамдардың көкейлеріндегі жол саламыз ба, сала алмаймыз ба деген күмән-күдігін сейілтіп жіберген.

Жол өз мезгілінде абыроймен салынып бітті. Оның қалай салынғанын, оған қаншама қажыр-қайрат жұмсалғанын тәптіштеп айтсақ, онда ұзақ-сонар әңгімеге кетер ек.

Тәуекелге қайта оралайық.

Күндердің күнінде Төкенге бәлелі жала жабылды. Айдың күні аманында оны ұрлықшы, жемқор еткісі елді. Оны бастағандар анау-мынау емес, атынан ат үркетін, әрекеттерінен жер тітіренетін пәрмені де, тепкіні де аса күшті адамдар еді. Ол кісілер қайтыс боп кеткендіктен мен олардың аттарын атамай отыр­мын. Олардың Төкенмен өштескені сондай, қалайда оның қолына кісен салып, түрменің түбінде шірітпек. Төкеннің басына аса қиын шақ туды.

Кезінде олармен Төкеннің дәм-тұзы жарасқан адамдар болатын. Келіспеушілік – болмайтын нәрседен басталды. Қолынан іс келмейтін алаяқтау аты шыққан біреуді бір автобазаға бастық қой деп талап етті. Төкен оны қалай жұмысқа алсын. Әрі-бері түсіндіріп көрді. Түсінбеді. Талап етіп отырып алды. Бірақ Төкен көнбеді. Сол – сол екен, олар екі жақтап Төкеннің соңына түсіп берсін. Жамап-жасқап жүріп, отыздан астам пункттен тұратын жала жапты. Министрлік те, облыстық партия комитеті де құлағдар болды. Тексеруден тексеру жүрді. Іс насырға шауып бара жатты. Қараптан-қарап жүріп күйіп кетпек. Тексерушілердің көбі тамырын тым тереңге жіберген әлгі екеуінен кәдімгідей именеді. Әрине, олардың ішінде әділдікті айтатындар да болды. Ондайларды бірден ауыстырып жібереді де, орнына басқа тексерушілерді алдыра қояды. Қиыннан қиыстырып тор да, тұзақ та құра бастады. Мұндай қиянатқа төзе қоятын Төкен бе?! Келсең кел, күтіп алайын деген де жоқ. Тіке шабуылға шықты. Тағы да нартәуекел!

Облыстық партия комитетінің кезекті бір пленумында ағайынды әлгі екеуінің бүкіл бет-пердесін сыпырып алып, айдай әлемнің алдында аймаңдай етті. Екеуінің жұртқа жасап отырған зорлығы мен зомбылығын, заңға да, адамшылыққа да жатпайтын істерін пленум мүшелерінің алдында жайып салды. Шындығына келсек, ол тұста ол фактілерді жариялауТөкеннің қолынан басқа ешкімнің қолынан келмес еді. Көп ұзамай бұл дау Мәскеуге дейін жетті. Төкен толық ақталып шықты. Егер сонда ол тәуекелге бармай, аңысын аңдып бұғып отыра бергенде тағдырының тәлкекке түсуі әбден мүмкін еді.

Бірақ аңдыған жау алмай қоймайды деген рас екен. Сілтесе шоқпар-сойылы көп, соқса тоқпағы күшті олар ақыры іліктен сылтау, сылтаудан себеп тауып, жұмыстан шығарып тынды.

Төкеннің ақ екеніне әбден көздері жеткен министрліктегілер әр жер, әр жерден қызмет ұсынып көріп еді, олардың ешқайсысына көңілі соға қоймады.

Сондай күндердің бірінде өзі інісіндей жақсы көретін басшы қызметкерлердің бірі Меңдеш Салихов телефон соғып: “Мен “Тенгизнефтестрой” тресінің бастығы Сәкен Мұқашевпен келісіп қойдым, сіз сол трестің механизация және транспорт басқармасына басшы болып барыңыз”, – деп тұр. Ойлана келе, ол осы жөн шығар деп тартып кетті...

Келгеннен кейін көп ұзамай істі өзінің дағдысы бойынша кадрдан бастады. Құдайға шүкір, іздеген адамға іскер де табанды жігіттер баршылық қой. Оларды бірінен соң бірін әкеп орын-орындарына отырғызды. Вахталық жүйені жойып, тұрақты жұмыс істеуге көшірді.

Өзі сағат бесте тұрады да, тура алтыда жоспарлауға отырады.

Қоқыстың ішіне көміліп тұрған мекеме екен, соның бәрін тазартып, әктеп-сырлап, аз күннің ішінде аппақ жұмыртқадай етіп қойды. Біртіндеп спорт залын, фин саунасын, шаштараз, бассейн салдырды.

Ал жұмыс мүлде басқаша қарқын алып кетті.

Сөйтіп, шүкір, бүл жерде де абыройсыз болған жоқ. Еткен еңбек, төккен тер еш кетпеді. Елеусіз, атаусыз қалмады. Құрметтің құт құсы басына қайта қонды. Бір күні Мұқашевтің орнына трест бастығы боп келген Шамиль деген жігіт Төкенге бас инженер болыңыз деп қолқа салсын. Бұл бас тартты. Өйткені өзі, біріншіден, құрылысшы емес, транспортшы, екіншіден, кілең бірінші басшы болып келеді, енді осы жасқа келгенде біреудің қарамағына барып жалтақтап отыратын жағдайы жоқ. Біраз уақыт өтті. Шамиль Төкенді шақырды. «Мен мына тірліктен қорқып отырмын. Адамның сотталуы мүмкін мекемеге айналыпты. Менің орныма сіз бастық болыңыз, мен бас инженерлікті місе тұтайын» дейді. Ал Төкен: «Айналайын-ау, мен құрылыс маманы емеспін ғой, тіпті құрылыстың кейбір терминдерін де білмеймін» деп ат-тонын ала қашса да қояр емес. Ақыры, ол жоғары жаққа айтып жүріп, дегеніне жетіп тынды...

Енді ол он сегіз басқармасы бар трестің екі тізгін, бір шылбырын қолына алды. Шытырман-шылығы көп ұйымдастырушылық жұмыс басталды да кетті. Көп ұзамай бұл треске “Монолитстрой”, “ҚұлсарыОтделСтрой”, “Құлсарыпромстрой” сияқты үш трест қосылды. Жұмыс бұрынғыдан да ауқымдалып, іріленіп кетті, бірақ шешінген судан тайынбас. Шиленіп қалған жерлерді шешті, шатысып-бытысып қалған жерлерін тарқатты. Жұмыс қызды да кетті.

Күндердің күнінде облыс әкімі Р.Шырдабаев шақырып, оны Жылой ауданының әкімдігіне өзін қалап отырғанын айтты. Әрі-бері барғысы келмей бұлтарып көріп еді, бірақ Шырдабаев тақымдап қоймады. Лажсыз көнді.

Айтып-айтпай не керек, Жылойға 4 жыл 2 ай 28 күн әкім болған кезінде қыруар шаруа бітті. Бұл барғанда ауданның бюджетінде қайыршының қолына ұстататындай да қаржы жоқ екен. Ауданның қалтасын бірқыдыру қалыңдатып алды. Халықтың әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарып қалды. Қанша құрылыстар салынды. Мектептер, емханалар бой көтерді. Жолдар жөнделді. Әлденеше көпірлер де салып тастады. Сонымен бірге елдің еңсесі көтерілді. Бекет ата мешітін жұрт айтып жүретіндей етіп келістіріп тұрып дүниеге келтірді. Мерей де, мәртебе де төрге шықты.

Әсіресе, Төкеннің Құлсарыдағы су тасқыны кезіндегі еңбегі ерен болды. Егер оны алдын ала ауыздықтамағанда, әлгі біткен шаруаның бәрі су астында қалар еді. Ең сұмдығы, халық қасірет шегер еді. Үйсіз-күйсіз қаңғырып қалған, көз жасы көл боп төгілген адамдарды, қарттар мен балаларды көргеннен өткен қасірет бола ма? Міне, ол өзінің жанкешті еңбегінің арқасында соның алдын ала білді. Су тасқынының қатерлі болғаны сонша, оны көруге бір топ адамдарымен үкімет басшысының өзі келіп кетті. Олар да атқарылып жатқан іске дән риза болды...

Көп ұзамай ол “Құрмет” орденімен марапатталды. Осындай көп жұмыстардың басын қайырып, көңілін бір демдеп алған Төкен бір күні өз бетімен трестке барса, трест тарап кетудің , талан-таражға түсудің сәл-ақ алдында тұр екен. Іші қанжылады. Аяп кетті. Енді болса мүлдем құрдымға кетпек. Сонан кейін ол салып ұрып бірден облыс әкіміне барсын. Жағдайды түсіндірсін. Оның рұқсатын алған соң ол көп ұзамай тресті заманға сай жекешелендіріп, мүліктерін жұмысшыларға таратып берді де, “Тенгизнефтестрой” акционерлік қоғамын ашып алды. Осы тұста тағы да Төкеннің өзіне сөз берейік. “Хош. Мекеменің біраз шаруасын оңдап, оң-солымды танып алған соң өмірдің талабына сай, АҚ-ның структуралық құрылымын кеңейтіп, шетелдік технология мен шетелдік мамандарды бірте-бірте тарту керек болды. Алғаш 1998 жылы венгр-герман бірлескен “Рейнхольд и Махла” компаниясымен бірлесіп, “Тенгизтехносервиз” деп аталатын жауапкершілігі шектелген серіктестік аштық... Сондай-ақ сантехникалық, электромонтаждық, термоөңдеу, жылу изоляциясы, дефектоскопия, кәсіпшілікте жер қызметі жұмыстарын атқару – топырақ тасу, бетон құю, тағы басқа жұмыстар қамтылды. Он жыл өтті, осы көрсетілген қызметтер мүлтіксіз, қауіп-қатерсіз, жоғары жұмыс тәртібімен атқарылып келеді. Қазір жылдық табыс миллиардтап есептеледі, тек бюджетке түсіретін салығымыздың өзі 15 миллиард 900 мың теңгеге жетті».

Сөйтіп, Төкен Жұмағұлов оншақты жылдың ішінде кәсіпкер ретінде бүкіл республикаға танымал болды. Танымал болғаны ғой, ол кәсіпкер ретінде Президентпен бірге шетелдерге сапарға да шығып қайтты.

Қазір ол қаншама шетелдік, отандық компаниялармен тізе қосып, еліміздің игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Соның арқасында мыңдаған адамдар жұмыспен қамтылып отыр...

Шүкір, қазір ол үбірлі-шүбірлі үлкен ата атанды. Өткен өмірдің қызығын да, шыжығын да бірге бөліскен, ауыртпалығын бірге көтеріскен жан жары Дина қадірлі Анаға айналды. Ұлдары Абай мен Қайрат ат үстінде жүр. Қыздары да орындарын та­уып, отау құрып кеткен. Олардан өрген немерелер мен жиендер де желкілдеп өсіп, жетіліп келе жатыр.

Біз бұл мақаламызда Төкен Жұмағұловтың өткен жолдарын үзіп-жұлып қана шолып өттік. Ол жолды түгел қамту мүмкін емес. Өйткені ол өте терең, аса ауқымды.

Бүгінде өзінің Жетпісін жемісті қарсы алып отырған Төкен ағамызға қарап отырып, оны еріксіз Айы оңынан туған азамат дейсің.

Бар бол, Төкен аға!

Темірхан МЕДЕТБЕК

3142 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9122

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7266

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5005

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4390

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4354

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4315

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4049

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4041

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы