• Тұлға
  • 13 Шілде, 2011

Бізді спорт қауыштырып, стадион табыстырды

15115Бес саусақтың бірдей еместігін халық жиі айтады. Мұны көбіне адамға қатысты, оның іс-әрекетіне, мінез-құлқына қатысты қолданылатынын білеміз. Мен де ой-тұжырымымды осыған орайластырғалы отырмын. Әнеу бір жылы «Бахус» кәсіпорнына бардым. Бұл өзі 1956 жылы өзінің алғашқы өнімін берген зауыт еді. Ол кезде оны «Шампан зауыты» дейтін жұрт. Ұжымы шағын – 102-ақ адам. 20 жастағы мені тағдыр осы зауытқа алып барды. Қалаға тіркелу құжатым болмаса да жұмысқа қабылдады. Тіршілік. Кәсіпорынның алғашқы директоры армян ұлтының өкілі еді – Андрей Андреевич Андреян. Қазір де сондай. Алғашқысы аса бір салмақты, сабырлы кісі болатын. Студент кезімде де ұжымнан қол үзбей, журналистика бөлімінде оқитын орыстілді жігіттермен барып, қабырға газетін шығарып жүрдім. Басқаша айтқанда, менің өмірімде өзіндік орны бар кәсіпорын ғой бұл. Соны айтып қайтайыншы деген ниетпен ойымды қағазға түсіріп, «Бахустың» қазіргі басшысына жолықпақ болғам. Ол әрі қалалық мәслихаттың депутаты екен. Жазғанымды кіреберістегі әйелге тапсырып, жай-күйімді соған айтып, енді шақыртатын шығар деп кете бардым. Менің хат-қағазым директор-депутатқа жетпей, әлгі әйелдің үстелінің үстінде қалып қоюы да мүмкін ғой. Әйтеуір ол жақтан хабар-ошар болмады. Депутаттың жақсы кісі екендігіне еш шүбә келтірмеймін. Әйтпесе, «Халық қалаулысы» атала ма, тәйірі! Бір кінәрат қарауындағылардан кеткен шығар. Байқайсыз ба, оқырман? Мен оның тіпті аты-жөнін де ауызға алмай отырмын. Ол депутат ретінде біраз істі қолға алып жүрген-ақ шығар. Әртүрлі ойлар, әртүрлі пікір әр үйде. Көреген көңіл жел сөзге, сірә, ери ме? Марапат, мадақ, мақтаудың бәрі дұрыс та, Сынаудың бәрі дұшпандық емес, әрине, – деп марқұм Қадыр ағамыз кемең­герлігімен айтып кеткендей, бахустық директор-депутатты сынап-мінеуден аулақпын. Тек сөздің реті келген соң мысал етіп отырғаным ғой. Мен тілге тиек ететін екінші кісі де директор. Ол да – қалалық мәслихаттың депутаты. Онымен алғаш рет 1998 жылы дидарлас­тым. Бізді қауыштырған – спорт. Дәлірек айтқанда, Алматының Орталық стадионы. Дағдылы әдетім бойынша «Қайраттың» ойынын көруге барамын. Сол кезде стадион­да бұрын бола қоймаған үрдіс басталды. Бостандық ауданының ақсақал-көксақал жанкүйерлері күтпеген жерде қуанышқа бөленді. Аудандық ардагерлер кеңесіне стадион басшылығы жылы ықылас-ниет білдіріп, футбол жанкүйерлерін ақысыз-пұлсыз стадионға кіруге рұқсат ететіндігін хабарлайды. Тек фотосуретіңді тапсырсаң болды, өтпекті (пропускіні) бірден аласың. «Бұл неғылған батпан құйрық?» деп ойладық сонда. Байқасақ, стадион Бостандық ауданының аумағында екен. Бұрынғы басшылар мұны білмегені ме сонда? Міне, әңгіме осында. 1998 жылы Олег Владимирович Печеник аренаға директор болып орналасты. Жап-жас жігіт. Ол 1992 жылы қазақтың дене тәрбиесі институтын бітірді. Мамандығы – футбол жаттықтырушысы. Бұған дейін бірер жерде қызмет атқарды. Қайда жүрсе де өзінің іскерлігін таныта білді. Соны дер кезінде аңғарған қала әкімдігі стадионды басқаруға Олег Владимировичтің лайық екенін ескеріп, үлкен орынның тізгінін ұстатты. Ол стадиондағы микрофондық хабарламалардың тұрақты түрде қазақ, орыс тілінде жүргізілуін енгізді. Бұған арнайы қаржы бөлді. Табло жазуларының да екітілділігін қадағалады. Ұжым мүшелерінің көрермендерге ілтипатты, мәдениет­ті қызмет көрсетуіне назар аударды. Стадионның жарнамалық жазулары, ішкі, сыртқы тазалығы – бәрі-бәрі директордың көз жанарынан тыс қалмады. Бірақ қанша күш салса да, үлкен ғимараттың сол кездегі сиқы онша емес-ті. Оның үстіне Қазақстан футболы Еуропа бірлестігіне (УЕФА-ға) өтуге талпынып жатты. Оған қабылдану үшін стадион құрлықтың өркениетті деңгейіне сай болуы тиіс. Әрі Қазақстанның атақты аренасы өзінің 50 жылдығын атап өтуге жақындап қалған-ды. Осы мәселелер хақында көп толғанған жас директор қала әкімдігіне мәселе қойып, стадионды жаңартып, жөндетуге қаржы бөлдіруге кірісті. Ұсынысы қолдау тапты. Қазір Орталық стадионның іші-сырты соншалық әсем, соншалық көрікті. Осындай жемісті еңбегін көрген ФИФА мен УЕФА басшылығы Олег Владимирович Печеникке Алғыс хат жолдады. Қойшы, Олекеңнің оңынан айы туып, солынан күні шығып дегендей, қолға алған ісі өрісін кең жая бастады. Мен оның кабинетіне кіріп, өз ниетімді – көңіл риздығымды білдіру мақсатында біраз әңгімелестім. Байқасам, Олекеңнің қазақ тіліне деген ықыласы тіпті өзгеше. Қаражаяу емес, едәуір ден қоятындығын аңғартты. Соны байқаған мен: «Біздің тілде, - еке, - ке, - е» деген сыпайылық жұрнақ бар. Бұлар құрметтейтін адамның есіміне, онда да алғашқы буынына жалғанады. Мысалы, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлын аса құрметтеп, қазақтар «Нұреке» дейді деп, әлгі ойымды нығарлап: Сізді де сыпайы әрі өте қысқа да нұсқа түрде «Олеке» десем, қабақ шытпайсыз ба?» дегенімде әдептілік танытып, «Айтыңыз, айтыңыз. Олай болса, Сізді Сәке дейді екенбіз ғой» деді. Сөйтіп, мен стадионның салыну тарихын әңгімелеп отырып, бұл жерде бұрын киім-кешек базары (барахолка) болғанын, стадион құрылысы басталғанда күн сайын 2-3 мың студент жұмыс істегенін, мен де күрек ұстап, зембіл көтеріп, машинаға топырақ тиегенімді, кейін комментатор, хабарламашы болып, стадионды қазақша сөйлеткенімді әрі мақтаныш сезіммен, әрі бұдан да хабардар болсын деген ниетпен ойымды жеткізбеймін бе баяғы. Сол кездесу, сол әңгіме желісі бізді жақындастыра түсті. «Спорт бізді қауыштырды, стадион бізді табыстырды» деуімнің сыры, міне, осы. Халық үшін тындырған ісің қашанда көзге түспей қоймайды. Олег Владимировичтің атқарып жүрген ауқымды жұмысы оны тағы бір белес­ке көтерді. Бостандық ауданының 22-округ тұрғындары оны 2009 жылдың көктемінде Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына сайлады. Бұл – кім-кімге болса да өте ауыр жұмыс. Ең күрделісі сол – халық алдындағы жауапкершілік, өзіңе сенім білдірген адамдардың көңілінен шығу. Мұндағы шаруа қалыпты мамандығың бойынша атқарып жатқан кәсіби қам-қарекеттен тіпті басқа. Күніне бірнеше адаммен жолығасың. Олардың әрбірі өзіндік талап-тілекпен, ұсыныс-пікірмен, арыз-шағыммен келеді. Бәріне тиянақты жауап беруің керек. Оны жалғыз өзің шеше алмайсың. Көбінің түйіні басқа мекемемен, басқа кәсіпорынмен, тіпті басқа адамдармен байланысып жатады. Сондықтан депутаттық істі тиянақты тындыру үшін өзіңмен қоян-қолтық қызмет атқаратын көмекшілеріңді таңдауға тиіссің. Нақ осы тұста қателеспеуің қажет. Олег Владимирович көрегендік байқатты. Өз қарауында – стадионда техникалық қауіпсіздік инженері болып қызмет атқарып жүрген Миржан Икинді көмекшілікке алды. Ол политехникалық университетті біті­ріп келіп, жұмыс істей бастағанына көп уақыт өтпесе де, аса ұқыпты, алғыр, тиянақтылығымен көзге түсіп жүрген-ді. Олекең жаңылыспады. Тағы бір жасты депутаттық жұмыстың ауқымына тартты. Әйгерім Маматаева ҚазҰУ-дың шығыстану факультетін тәмамдап, қалалық әкімдіктің жастар саясаты басқармасында қызмет атқарып жатқан-ды. Ол халық арасында жиі болып, олардың өмір тіршілігімен аралас жүруден тар­тынбады. Жастармен жұмыс депу­таттық қызметтің күретамыры десек те болады. Оларды спортқа тарту, отаншылдыққа тәрбиелеу, ұйым­шылдыққа жұмылдыру, бойына тәуелсіз Қазақстанның өскелең талап-тілегіне сай жақсы қасиеттер ұялату – осының бәрі Олег Владимировичтің ішкі ой-жоспарын қалыңдата түсті. Сөйтіп, ол жастарды тәрбиелеуде өмірдің ащы-тұщысын көп көрген, өнегелі ардагерлердің орны мәнді де маңызды екенін сезініп, өзіне оң қанат боларлық көреген қария іздестірді. Олар Бостандық ауданында аз емес. Олекеңнің ықыласы соғыс ардагері Қадырғали Сұлтанғалиевке түсті. Жасы 80-нен асса да, өзін өте тың сезінетін Қадекең істің мән-жайын терең түсінді. Бұл компанияға кейін ҚарМУ-ді бітірген Ольга Аркадьева – политолог болып, халық бизнес академиясын бітірген Әзизжан Тұрғанов экологиялық патруль бағдарламасын жүргізуші болып орналасты. Олег Владимировичтің депутаттық қызметті жүргізудегі негізгі тірегі, міне, осылар. Командалық спорт жарысында әрбір ойыншының ортақ мақсат үшін жұмыла іске кірісетіндігі тәрізді осы топтың іс-әрекетінде өзара үйлесімділік бірден қалыптасты. Соның арқасында тындырылған шаралардың ауқымы молая түсті. Оқырмандарға түсінікті болу үшін Бостандық ауданындағы 22-округтің Абай даңғылы – Есентай өзенінің жағасы – әл-Фараби даңғылы – Фурманов көшесінің аумағын қамтитындығын еске сала кеткен жөн болар. − Біздің округте 27 мыңнан астам адам тұрады, – деп әңгіме бастады Олекең. Солардан 2009 жылы – 450 өтініш, 2010 жылы – 562 өтініш, биылдың 5 айында 97 өтініш түсті. − Тұрғындар қандай мәселеге көбірек назар аударады? − Ауланы жөнге келтіру, аяқжолға (тротуарға) асфальт төсеу, кірешікті (подъезді) жөндеу, көгалдандыру, кішкентай балалардың ойын алаң­дарын жасау сияқты ұсыныс-пікірлерді жиі жазады. Бұларды көп жағдайда КСК арқылы жүзеге асырып келеміз. Осындай ортақ іс-шаралар, кәсіпорын, мекемемен бірлесіп атқаратын қам-қарекеттер легі жиі кездеседі, – деді Олекең. Расы сол. Мысалы, депутаттың араласуымен 1500 шаршы метрге жуық жер асфальттанған, сайлаушылардың талап етуі негізінде «Айсұлу», «Автомобилист», «Дос-3», «Береке», «Машиностроитель» ПКСК-ның аумағында қурап, шіріп, құлауға жақын тұрған, жүргіншілерге қауіп туғызатын 100-ден астам ағаш кесіліп, аула, көше бойы тәртіпке келтірілген, барлық үйлердің ауласындағы балалар ойнайтын алаңқайға 260 қапшық құм тасылып төгілген. «Дос-3» ПКСК-ның ауласынан жалпы көлемі 130 шаршы метрлік баскетбол алаңы асфальттанған. − Жекелеген адамдардың – сайлаушылардың талап-тілегін орындау жайы қалай? «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» болып жатқан жоқ па? – дедім мен әңгіменің мазмұнын қоюлата түсу үшін. − Мен тізбектеп айта берсем, тым мақтанғандық болар. Жалпы, біздің қолға алған ісіміз қарауымдағы қызметкерлердің біліктілігі, іскерлігі арқасында жүзеге асып жатыр. Сіз солармен де тілдесіңізші, – деп ақыл-кеңес берді Олекең. − Біздің округте 370-тен адам еңбек ардагері, 40-тан астам соғыс ардагері тұрады. Өткен жылы депутат тарапынан – 64 адам, биыл 40 адам материалдық көмек алды. Біз олардың санаторияларда демалуына, немере, шөберелерінің кинотеатрларға, спорт жарыстарына, жаттығу секцияларына, мәдени орындарға тегін баруына қолұшын береміз, – деп біраз ардагерлердің аты-жөнін атап, әңгіме желісін бірден жалғастырды Қадырғали ақсақал. Ол 22-округте 10 жыл бойы ардагерлер арасында қоғамдық жұмыс жүргізіп, соның аса нәтижелі болуының белгісі ретінде былтыр Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталғанын мақтаныш сезіммен еске алды. Біз Қадырғали ақсақалмен әңгімелесіп жатқанда Әйгерім қолындағы дәптерін ашып, жақынырақ келіп отырды. Әлгінде Олекең осы кісілермен сөйлессеңіз екен деп ишарат білдірген еді ғой. Әйгерімнің жақын келуі әңгімелесуге дайын екендігін аңғартты. − Біздің округте Анастасия Кузьмина деген соғыс ардагері тұрады. 1918 жылы туған. Соның пәтеріне линолеум төсетілді. «Вечерний Алматы» газетін 30 ардагер алып тұрады – ақысыз-пұлсыз. 15 зейнеткер Олег Владимировичтің тікелей өзі ұйымдастырған «Денсаулық тобына» тегін қатысады. Оны Айна Бейісова жүргізетінін білетін шығарсыз. Тұрмысы нашарлау отбасындағы 1-4-сыныпта оқитын балаларға біз мектеп құралдарын тегін таратамыз. Циркке апарамыз. Биылдың өзінде 80 бала циркті тегін тамашалады. Бірінші қазан – Қарттар күні ғой. Ал бірінші маусым – Балаларды қорғау күні. Сол күндері Орталық стадионда мерекелік қойылым, көрсетілім, спорт ойындары ұйымдастырылып, шеберлігімен көзге түскендерге кәделік сый-сияпаттар береміз. Ал мына бір көмек көрсету шарасын Олег Владимировичтің өзі тікелей араласып, жүзеге асырды. Біздің округте Сергей Афанасьевич Бендюков деген соғыс ардагері тұрады. Аяғы жоқ. Мүгедек. Соның машинасы бұзылып, қапелімде кәріп боп, үйде отырып қалды. Біздің депутатқа өтініш білдіріп, көмектесуді сұрады. Олег Владимирович бұл іске шұғыл кірісіп, үш айдың ішінде машинаның рулін жаңадан салғызып берді. Ол сол күндері басқаға емес, тура өз әкесі алдында перзенттік борышын өтеп жүргендей сезінді өзін. Біз Олег Владимировичті осындай шынайы адамгершілігі үшін құрмет тұтамыз. – Әйгерім бұл сөзді жастарға тән жоғары леппен, екпіндете айтты. Осы тұста есіне түссе керек, Қадырғали ақсақал сөзге қайта араласты. − Әйгерім, ана 10 жастағы балаға Олег Владимировичтің қалай көмектескендігін де айта кетейік, − деп, Әйгерімнің жауабына қарамай, әңгімені өзі жалғастырды. – Үй-күйі жоқ, қасында баласы бар бір мосқал адам үйлердің жертөлелерінде (подвалдарында) түнеп жүреді екен. Ондайларды «бомж» дейді ғой. Баланың жасы онда. Фамилиясы – Скрыльников, есімі – Александр. Тіпті ешқандай құжаты жоқ. Осы баланы Олег Владимирович балалар үйіне қабылдатты. Ол ғана емес, Азиада Ойындарының қарсаңында іске қосылған жаңа тұғырдың (трамплиннің) жанынан ашылған спорт мектебіне де қабылдатты. Олекең – көпшіл кісі. «Әке көрген оқ жонар» деуші еді ғой қазекем. Оның сөзінен, ісінен әке көргендікті, зор адамгершілікті аңғарасың. Әсіресе, ардагерлерге деген ықыласы тіпті өзгеше. Жаңа жыл, Наурыз мерекесі, Жеңіс күні, Тәуелсіздік күні, тағы басқа мейрам қарсаңында кейде депутат тарапынан, кейде тура өз атынан дастарқан жа­йып, үлкен кісілерді шақырып, өзінше бір құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырып келеді. Бір ғажабы, сондайда мақтанып, «Мен сөйттім, мен бүйттім» деп, кейбір депутаттардай суырылып, сұңқылдамайды. Табиғатында өте аз сөйлейтін кісі ғой. Оның бар ыстық ықыласы жылы шырайынан-ақ, күлімдеген жанарынан-ақ сырт көзге байқалып тұрады. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Депутаттыққа өтер алдында сауысқандай саңқылдап, уәдені үйіп-төгетін, ал сайлаудан кейін бұрынғы айтқандарын ұмытып, сонысына қарамай, біраз іс тындырғансып жүретін депутаттардай емес Олекең. Оның сөзі ісіне дөп келіп жатады. Бір отырыста алда атқарылатын депутаттық іс-әрекеттердің жос­парларын жайып салды. Салиқалы жоспар. Өткен екі жыл ішінде ол тындырған жұмыстарды іштей саралап жүретін ардагерлер Олег Владимировичке қазақ-орысы болып, бейне бата бергендей болды. Сонда депутаттық жолыңыз қалалық мәслихатта сәтті жүріп жатқанына біз куәміз. Енді бұдан да гөрі жоғары қарай талпыныңыз. Келесі сайлауда Мәжілістің депутаттығына ұсынуымыз әбден мүмкін. Биіктей беріңіз, Олег Владимирович! – деді Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Біржанов барша қарттардың жүрекжарды ақ ниетін білдіріп. Иә, депутаттың да депутаты бар. Олекең қазірдің өзінде мәслихаттағы біраз әріптестерінен озық тұр. Сұлтанғали Қаратайұлы, ардагер-журналист

2846 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9153

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7283

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5023

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4407

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4372

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4332

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4067

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4059

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы