• Әдебиет
  • 07 Наурыз, 2009

Болар елдің баласы...

Озық ойлы азамат, қазақ тілінің қолданылу аясының кеңеюіне лайықты үлес қосып жүрген ұлт жанашыры Алтынбек Әбішев жайлы әңгіме өрбітпеу әсте мүмкін емес еді. «AltinSOFT» сауда белгісінің негізін қалаған оның тың жобалары қазақ тілінің қоғамда жандануына жаңаша серпін әкелді.  «Болар елдің баласы он бесінде баспын дейді, болмас елдің баласы отызында жаспын дейді» дегендей Алтынбек отызға тұяқ іліктірмей-ақ шетелден ғылым үйреніп келіп, алғашқы еңбегін Абай атасын насихаттаудан бастады. Ұлы ойшылдың шығармаларын жинақтап, дыбысты мультимедиялық диск жасап шықты. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жасалған бұл өнімді кім-кім де компьютеріне орнатып, ақынның өмірі және шығармашылығымен толық таныса алады. Одан кейін «Қазақтың ұлы тұлғалары» сериясымен «Әміре Қашаубаев», «Махамбет Өтемісұлы» т.б. мультимедиялық дисктерді жарыққа шығарды. Комьпютердегі қазақша шрифтерді түзеп отыратын «Казконвертор» атты еңбегінің орны ерекше. Бұны қазақ тілін комьпютерлендірудегі тамаша құбылыс деуге негіз бар. Ол өткенде ғана KZ510 маркалы электронды қалта тілмашы мен KZ2000 маркалы мультимедиялық дыбысты электронды сөздікті өмірге әкелді. Электронды қалта тілмашта қазақша-орысша, орысша-қазақша 50000 сөздік қоры мен Абай шығармалары жинақталған. Ал, мультимедиялық дыбысталған электронды сөздік қазақ, ағылшын, қытай, орыс, түрік тілдерінің арасында ортақ аударманы қамтамасыз етеді. Бұл тілмаш құрал мемлекеттік тапсырыс бойынша жарыққа шықты. Бес тілді қамтыған, заманауи технологияның соңғы үлгісімен жасалған бұл құрал әрбір қазақтың мақтанышы. Қалта сөздікті АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия сынды мемлекеттердің азаматтары да қолдана алады. Аталмыш жоба өткен жылы Лондон қаласында өткен брендтік өнімдер көрмесінде жоғары бағаланды. Мемлекеттік тілді балаларға үйрету үшін суретті сөйлейтін кітаптар жасауға ең бірінші болып қол жеткізген де осы – «AltinSOFT». Бұл өнімдер «Менің алғашқы кітабым» сериясы бойынша 30 түрлі атаумен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша шығарылды. Он бес мың данамен басылған инновациялық кітап еліміздің бала-бақшаларына тегін таратылды. Сөйлейтін кітап бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне қарай үш сатыға бөлінеді. Жыртылмайтын қағаздан жасалған туынды баланың психологиясына оңтайлы. Бұндай инновациялық оқу құралдары арқылы тіл үйренуді қазіргі таңда Ұлыбритания мен Израиль елдері ғана қолданып жүр. Біздің ел әлемдегі үшінші мемлекет. Жоғарыдағы инновациялық жобалар авторы Алтынбек Әбішевпен кездесіп, оны сөзге тарттық: – Сіз жасаған жобалар көптің көңілінен шығып жүр. Бұның сыртында «ТІЛ» атты журнал да шығарыпсыздар. Ондағы мақсаттарыңыз қандай? – Кейде асыра сілтеп, тіліміз өшіп, өліп барады дегенді көп айтамыз. Бұлай деп зарлай беру тілдің тамырына балта шабумен бірдей. Көпшілікке де әсері жаман болады. Содан кейін адамдарда қазақ тіліне деген теріс пікір қалыптасады. Қайта керісінше, баспасөз құралдарында тіл туралы жақсы жаңалықтар айтылуы керек. Қазақ тілі көркейіп келеді десек, ел ішінде жақсы ой қалыптасады. Өз басым, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, қазақ тілін білетін азаматтар тілді білмейтіндерді үйретсін!» дегім келеді. Қазақ тілі ешқандай өркениеттен шеттеп, артта қалған тіл емес. Құдайға шүкір, дамыған. Көркемдік жағынан бай, әуезді. Бір сөздің қаншама синонимі бар. Оның болашағына сенуіміз керек. Сол себепті «ТІЛ» журналын шығарып отырмыз. Журналдың бетіндегі айтылған ой-пікірлер адамдардың көкірегіне сәуле құятын болса ісіміздің алға басқаны. – Мемлекеттің негізгі құндылықтарының бірі – оның мемлекеттік тілі. Тілдің қазіргі ахуалына көңіліңіз тола ма? – Мемлекет өркениетті, дамыған елге айналуы үшін міндетті түрде мемлекеттік тілі болуы керек. Бұл бұлжымайтын қағида. Қазіргі қалыптасқан жағдай: біріншіден, кеңестік саясаттың салдары. Екіншіден, орыс тілінің күнкөріс құралына айналып кетуі. Осыдан арылуымыз керек. Тілімізді көркейтіп, аясын кеңейту үшін «Қазақ тілі ауылдағы адамдардың, малшы мен шопанның тілі» деген ескі көзқарасты жоюмыз қажет. – Алда қандай жоспарлар бар? – Балаларға арналған қызықты бағдарламалар, мультфильмдер жасауды ойластырудамын. Сосын театр тақырыбына көңіл аударып, драматургия саласы бойынша қыз балалардың тәрбиесіне байланысты шығарма жазып жатырмын. Наурыз айында сахнаға шығару ойда бар. Аты әзірше құпия. Бұл еңбекті жазғандағы мақсат – жастарды имандылыққа тартып, тәлім-тәрбие мәселесінде пайдамыз тисе деген ой. Алдағы уақытта қазақ тілінде кино түсірсем деген де жоспарым бар. Бейбітгүл ИСАЕВА

8803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы