• Әдебиет
  • 20 Желтоқсан, 2011

Дала, саған сыйынам!

Жұмекен Нәжімеденов Мемлекеттік рәміздер. Бұлардың ұлт үшін орны бөлек. Ұлттық нышандар ұлтқа рух, жігер сылайтын, бойға мақтаныш сезімін ұялататын ерекше құндылықтар. Сол рәміздер қатарында – мемлекеттің Әнұраны да бар. Әнұран авторлары елге жақсы таныс. Оның сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев болса, әні Шәмші Қалдаяқовтікі. Бұл Әнұран негізіне кезінде елімізге кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әні алынды. Әннің сөзі ақын Ж.Нәжімеденовтікі болса, әні Ш.Қалдаяқовтікі еді. Ол ән дүниеге келгеннен бері де біраз уақыт өтті. Еліміз Тәуелсіздік алды. Ата-бабаларымыздың талай ғасыр аңсаған арманы жүзеге асты. Осындайда елге жаңа Әнұран керек еді. Таңдау «Менің Қазақстаныма» түсті. Себебі әннің рухы ғажап еді. Ол тыңдаған жұртты тебірентпей, толғандырмай қоймайтын. Ал уақыттың, қоғамның тынысына орай ән сөзіне өзгерістер қажет болды. Осы жауапты істі Елбасы өзі қолға алды. Ақырында бүгінгі заман талабына лайық Әнұран өмірге келді. Қазақ елінің Әнұраны биікте шалқи берсін! ТОР Жағасында Қиғаштың құмға айналған қыр барлық, Сол қырлардың бауырында біздің ауыл тұр қалғып. Мұржалары есінеп – шықса асықпай түтін ақ, Сол түтінді таратар жел де асықпай күтіп ап. Ағаштар бар қайқы өскен, Көлшік сулар, бір түрлі Арасынан кірпіктің қараған көз сықылды. Тастай бұйра тыныштық! Былтыр ғана түсіндім: таптырмайтын жер бопты ұйықтап қайту үшін бұл. Демалу ма? Жоқ, ол жоқ: ағайын бар... айып бар... Сәл босасаң, – дайын тұр қайқы тұмсық қайықтар. Сен де асықпай қайыққа отырып ап сырғысаң – Майшабақ пен «ащысу» ата-тегі бірге құсар. Бір аға айтты: «Қымсынба, әлгі дәмнен және әкел, бала алыстан келгенмен, өзіміздің бала екен!» Бір шал көрдік жағада, Сәлем бердік сол шалға, Сондай шығар бір Алла кәрі кісі болса, ол да. Таңғалғаным: тілі аппақ, алған сын-ды бор жалап, Тілінде емес әңгіме, отырды қарт тор жамап. Әркімнің өз ісі бар, бар, әрине, өз әлі, Өз әліңді білмесең – тозағы сол, тозағы... Көк аспанда заулаған ракетаның ізіндей Ақ капрон жіпті қарт құлаштап кеп созады. Тор жамайды қария, көзі де әлі көргіш-ақ, Тиіп кетсең үгілер аппақ басы бор құсап; Қолындағы ине ме, инеге ұқсас басқа ма? Не де болса, жасқама – жылпос екен масқара! Жо-жоқ, жыртық жоқ торда, көтерді қарт қарын тік – Сонда аңғардым: тігеді ол кең көздерді тарылтып. Енді жетті басыма шал ісінің шын мәні: Құлағымда әлдекім шалғы-орағын шыңдады, Әлдеқайда күркіреп күліп жатты жын, кәрі – Дүр сілкінген көкірек дүрсілдеуден тынбады, Мың аттылы жарысқан кең өлкеге ұқсадым, Дәмесі жоқ, демі жоқ көлеңкеге ұқсадым. – Ақсақал-ай, – деген сөз айтылғандай жау үшін Қатал әрі еріксіз тарғыл шықты дауысым. – Ұшына да саусақтың жүректен қан тарайды – Қолың сенің, қария, неге қалтырамайды? Басың қалтылдағанша, қолың қалтылдасын да, Түйе өлтіру – түк емес, түйдегімен өлтірудің қасында Ірілер – аз, әдетте, ұсақтар көп, анық бұл, Шабағынан бастайды құртатындар балықты, Балағынан бастайды құртатындар халықты. Кіржің еткені ғана, кейімеді қарт бірақ, мықтылығын торының тексереді тартқылап. – Айыптасаң, – деді, – ұлым, айыпта анау Алланы, Торға тұрар бұл судың балығы да қалмады. Шабақтар да жылпылдап, ұстатпайды бұл шақта, Ал Қиғаштың балығы кетті содан ұсақтап. Қолым қалтырамаса, қайраты бар деп түсін, Қайраттыны сен осы мақтап жүрген жоқпысың?! – Қайрат емес, расы қаталдықтың ісі бұл! Түрме салып жүргенін іші сезген кісінің Қолындағы тас түсіп, сына беред деседі... – Ондай түйсік, шырағым, бірте-бірте өшеді. Жағасында Қиғаштың құмға айналған қыр барлық, Құшағында құмдардың біздің ауыл тұр қалғып, Қолдар ояу, тіл ояу, тұрмыс-күйге бәрі ынтық, Ойлы ауыздар көп онда, ойламас тек қарын түк. Жанап кетсең үгілер аппақ басы бор құсап, Сол шал отыр жағада тор көздерін тарылтып. – Бұл ауылға – дедім мен, – жетпеген бе заң әлі? Тарылтасың онсыз да балықтың тар заманын. Онсыз да тор тар тірлік, тар түсінік, тар ұғым, Тарылтасың сен тағы сорлылардың жарығын. – Ата, халің жоқ шығар ашығатын айғайлап, балықты аула, Шабағын құтқаратын жайды ойлап. Ірілердің шығыны – көндірген іс, бүтін бас Шабақ түгіл бұл тордан қоңыз да аман құтылмас! – Түп пиғылың, міне, енді құлағыма кірді шын, Әй, білгішім, білгішім, Өзің тойып алған соң балықты аяп тұрмысың?! – Жымың етіп күлді шал, естіген жоқ өзге ешкім: Мен болмыспен бетпе-бет Жекпе-жек кеп кездестім! «Өзің тойып алған соң?» Өзіме аян өз емім, Әлі күнге сол сөздің шын салмағын сеземін. Табиғатты қорғаштап жыр жазып ем бір мықты, Әсерімен сол жырдың түзетпек ем тірлікті. Жағасында Қиғаштың «сап-сап» болдым мен өстіп. Содан кейін ешкіммен жарымадым кеңес қып, Серіктерім қайыққа бастай берді, Абайлап сөзге тартты, «Бала ғой, қызып қалды» деп ойлап. Көтеріңкі сөздердің көмір болды ақыры, Күшке тимес жыр жаздым – өмір болды ақыры. «Қалғиды» деп халқымды, «самарқау» деп елді мен «Суреткердің көзімен» көрмек болып кергіп ем. Көрінгенмен ақ борды жалағанға тілі ұқсас, Қызыл екен қарт тілі, бор бас емес, күміс бас. Өш, өш, көңіл желігі! Көлеңкең де бойға айып, Мықты екенбіз, көлеңке, қарынсыз бір тойлайық. Сенбейді екен мына жұрт тоқ кісінің сөзіне, Халық қамын ойласақ, тоймай тұрып ойлайық! КІМ КІНӘЛІ? Көгіс-сұрқай аяқтары тырбиып Өліп жатты тротуарда балапан: Атқан секілді еді жаңа ғана таң, Әлдекімге өлетін де уақыт болып қалған ба? – Жаным жидіп қарадым мен әлгіге. Күн жиектен арқан бойы тұр биік, Күнде де емес әңгіме, Көлеңкеге, кері басқан шегініс, Жердегі жай, күйбің-күйкі болмыс бұл: Балапанның емес пе еді тегі құс?! Өлімтігі жерде жатыр сол құстың – Аспан қайда, жер қайда, Көңіл, шіркін, иланбаса қиын, ә! Мынау ажал сыймады алғаш миыма, Қимағандық шығар, бәлкім, өлімге, Балапан да құс емес пе, тегінде, Қанаттының қасіреті – шын батты... Ту сыртымнан біреу баяу тіл қатты: – Жас көңілдің үміті мен дәмесі Зор келеді, сол қаза – осы, дәл осы, Құс болған соң қанатына еркелеп, Ұясынан ұшамын деп ертерек Мерт болған да, не шара, Уа, не шара? Тым ертерек талпынған ғой, бейшара! – Деді әлгі адам қайғылы үнмен өте бір, (сонысымен бар парызын өтеді). Титтей сұр құс – мамығын жел қозғасын, балапанын жарық дүние соңғы рет Әлдилесін! Жасыл бұта, көз жасыңды мөлдірет! Сен де, достым, балапаныңды есіңе ал, Мұндай жайды ойламаппын өз басым, Тоқтай тұршы, ойланайық, осыған: Кім кінәлі? Ана-құс па, асыға Қатер кешіп қорек-тамақ тасыған, Ажал барын ескертпеген жасынан? Ұясы ма, тым биікке салынған? Әлде оянып өмір атты дабылдан Қанаты ма, мезгіл жетпей қағылған? – Айту қиын. Ойланған жөн мұны әлі, Кінә болса – бәрі, бәлкім, кінәлі? Ерубаев Саттар жиырма үш жасында Балапан ед расында, Төлеужан мен Құдаштың да басында Үрпек мамық болатын Ұқсамайтын Абай, Ілияс, Қасымға, Балапандар еді осылар расында. Балапанның бәрі бірдей емес пе?! Қарғаның да балапаны – балапан, Қыранның да балапаны – балапан, Балапанды «сорттамадың» деп бірден, Қызыл сөзбен байбаламға кептірген Әлдекіммен адрессіз егеске Түсетұғын секілдіміз біз кейде: «Балапанды – күзде санау» жоқ есте, Бәлкім, әлі жоғалтармыз талайды? Жоғалта да, білмейміз біз, санай да, Білмейміз біз іздей де! Өз жарасын өзі жалар қыңсылап Ит сияқты – ортақ мінез бұл, сірә, Қаза өткен соң – әйел ғана сыңсыған! Сөзін ұқтым кеше мен бір баланың, «Мені жылдам таныңдар, Әйтпесе, өліп қаламын!» Өлме, қалқам, бол аман, Бірақ Абай, Махамбет Топырағына бұлданбаған моламен! Аспан жақын секілді еді ол кезде, Балапандар балапанмен тең өсті. Іліге алмай өткендердің оң көзге, Бәрі бірдей қырандар да емес-ті, Мұның бәрі – айқын жай, Сөз секілді ойда піскен, айтылмай. Ұшқыр лайнер дауысы кейін естілді, Сондықтан да жұрттың бәрі кеш білді, Мен – сенемін ағайынға, жолдасқа, Сондықтан да кінәсі жоқ ешкімнің Тірі жүргеннен басқа. Қай балапан қарға болар – кім білген, Қай балапан қыран болар – кім білген, Ең қиыны – өлгені үшін әтешті Шатастыру тірі қалған бұлбұлмен! Биіктігі ұяның Оятқанда бала-құстың қиялын Тиямын деп кім бере алар кепілдік, Қыран болсын, торғай болсын, ол мейлі, Талпынғанның бәрі бірдей өлмейді, Бәрі тірі қалмайтыны секілді. Отан-ұя балапанға толы әлі, Болмағандар күні ертең-ақ болады, Балапан-құс құлап өлсе, ұядан Қанатына – обалы, Дер едік те, Біз де өтер ек айналып, Бірақ, бірақ ұмытуға болмайды: Алда тағы болатынын ондай күн, Ұялардың, халықтардың бағына Балапандар талпынарын тағы да Тағы өкініш болмас үшін, тімтініп «Кім кінәлі» демес үшін бір күні – Ата-топырақ, алғы қауым зиялы, Табиғаттан алам десең сый әлі, Халқым менің, тұмар байлап киелі Күзеткендей тұлпар туар биені, Қыран күтсең, күзет барлық ұяны, Таңдаймын деп тасырланба, Қатайма, өлтіріп ап таңдағаннан не пайда?! МАХАББАТ ПЕН ҚАРА ТАС Махаббат деп бастасаң – елең қағып құлағы Жұрттың бәрі қыз жайлы жыр екен деп ұғады. Бояу да көп бұл сөзде, Мағына бар әр басқа Кемпірқосақ секілді сан құбылған, арбасқан. Махаббаты Цезарьдің – биігі екен даңқтың; Құлагерді «Ақанның махаббаты» деп ұқтым. Сенбеуші едім кәдімгі ағашқа – сол еменге Ғұмыр бойы Толстой ғашық бопты дегенге. Екі зәулім емен тұр. Екі еменге сол ұлы, Ұлы қария күн сайын жүреді екен жолығып, Солқылдатып жүрегін қайғы емгенде бір арда, Ақыл-ойдың не бір тың шыңдарына шығарда, Келген екен сол жерге сақалынан жас парлап Анна жайлы ғажайып романын бастарда, Тұрмыс тартып етектен, Қиял шырқап аспанға, – Ақыл-ой мен ақшаның басын зорлап қосқанда, Келеді екен сол жерге, Мейірім тілеп тастан да, Үй ішінің бітпейтін дау-шарынан қашқанда. Кей ағамыз жеңгейге өкпе артқанда балаша, «Жас иісі» секілді қауышатын оңаша, Сол бір екі еменмен сыбдырға бай, сырға нық Толстой да деседі, жолығыпты ұрланып. Мәңгі тозбас сезімге, – тозбайтұғын зат шыдар – Ең тұрақты махаббат, бәлкім, табиғат шығар?! Қос кәрі емен тұр әлі. Сол қос емен түбінде Төңкерілген астаудай қабір жатыр бүгінде. Емендер тұр асқақтап! Мылқау топырақ-қабірі, Табиғаттың өзіндей әрі қатал, әрі ұлы – ескерткіш жоқ, Қорған жоқ, Үйілген тек топырақ, Құстар сайрап алыста, судырар тек жапырақ... Сенбеуші едім кәдімгі ағашқа – сол еменге Ғұмыр бойы Толстой ғашық бопты дегенге: Қос еменнің ұлы жан атын жайып әлемге Ғашықтығын кетіпті ол, қабірімен дәлелдеп. Сүю үшін еменді, туу керек емен боп, Емендерге мен бір сәт қарап тұрдым елеңдеп Қос қара емен құпия жыр айтатын сықылды, Сәл тыңдасаң жаныңды мұңайтатын сықылды, Орыс төрі – осы жер! Қалғандардың барлығы босағада сықылды, №2-ші күзет осы арада сықылды... Уа, ұлы жар – табиғат! Ұлы анам да сен едің, Бояуын бер шыршаңның – Сәл сарғайып келемін, Рухын бер бұл жердің, Жұпарын бер гүлдердің – Бір шырқайын Тау әнін! Саусағымен ауаның Қара бұлтты ақ шыңға байлап қойып сауамын! Сонда бурыл тасқынды ақтарармын мен-дағы, Талқан болар бөгетің – қолдан қойған қорғаның, Табиғаттың өзіндей, дәл өзіндей болғалы Пісіп жатыр әзірге ой мен шабыт толғағы. Ал бүгінше талаппен «мен де болам» дегенде Тәуәп етем басқалар егіп кеткен еменге. Өз еменім – болады! Қазіргі әнім – қиын ән, Өзгелерге жете алмай өз көңілімде ұйыған. Безген шақта һаярдың есебі бар сыйынан, Дала, саған сыйынам! Жерігенде жолдастан – көңілдердің қағынан, Әділдіктің тағынан, Бұлбұлдардың бағынан, Бір қаталдық көргенде, адам, сенен тағы да Емен түгіл, мұң айтып қара тасқа шағынам... ТЕМІРҚАЗЫҚ Айсыз қара түндерге ат құлағын қақтырып Тәуекелдің қолына тағдырымды лақтырып, талай жорттым жолсызбен, айдалада ақ тымық, барабанын құлақтың тыныштыққа шақтырып, Тыныштық па? Бәлкім, үн-дыбыс шығар бұ-дағы, Ауық-ауық жолшының шыңылдаса құлағы? Сайтан сыбырласқандай қара түнде молдамен, Бір құпия келісім тапқан сын-ды болды әлем. Түсініксіз құр сыбдыр. Ескі Құран парағын Аударғандай әлдекім, елең қағып қарадым. Темірқазық жұлдызын белгілеп ап сонда мен Талай-талай үйлерге адасқан боп қонған ем. Құпия үміт жұлдызы! Армандардың жас, асыл Нұры болып тасасың! Жаса, жаса, ақ жұлдыз – ақ тілеулер жасасын, Қарт әже жоқ, Жас иті жоқ қызды ауылдар жасасын! Біздің дала кең, шіркін, Адаспасқа жоқ амал. Адасқанда басыңа келген ойдың көбі адал, Сыбдыр естіп қияқтан, сыр түю де қоғадан Сезім, сезім екен ғой сескену де моладан. Иесіз қыстау, еңкеу жер елес беріп не түрлі, Болады-ау жон-арқаңа кірпі аунаған секілді. Ақыл қандай сасқалақ, Көңіл қандай күйгелек – Сұлы мұрты тізеңе қадалғанда ине боп, Сөлін екті даланың ол да саған, шырқырай Тартысқанда тістесіп мың дию мен бір Құдай. Жас терідей даланы созып алған тәрізді, Дию жеңіп Құдайды – өзі қалған тәрізді, Көлеңкелер арбасқан, Салушы еді маған мұң, Айсыздығы түндердің – Жайсыздығы ғаламның. Темірқазық жұлдызын белгілеп ап сонда мен Арулардың аулына адасқан боп қонған ем. Жалғыз жанған маяктай теңіз кезген кеме үшін Нысана ғып өсіп ем, сенім тұтып сені шын. Жұлдыздардай көктегі жымың қаққанда толған қыз, Ат қазықтан адасып, Тоқым төсеп қонғанбыз. Иісіне жап-жасыл түтінімнің, түндіктің, Сүйгеніме қайтарған сонда мені сен жалғыз! Босағамның жұлдызы! Беріктіктің қазығы, Беріктігімнен басқа болған емес жазығым. Бір қалып жоқ өмірде, ақ жұлдызым, нұр-жүзім, Көлеңкенің өзі де бірде – қысқа, бірде – ұзын. Сонда сенсің маңдайды аудартпаған бағыттан, О, аппақ ар, Ақ арман – менің биік жұлдызым! ЖАЛҒЫЗ ҚАЙЫҢ Бермен қара, ақ қайың, қайың, қайың, Мен бір саған жаңа ұйқас дайындайын. Басқа жақсылығым жоқ, қайғырайын, Жалғыз тұр деп ақ қайың уайымдайын, Одан саған не пайда? Қайың, қайың! Жел өтінде ыс-пыс боп, ырсыл қағып, Тас қабақта тұл-жалғыз тұрсың нағып? Жағдайыңды, жел айтты, нашар деп тұр, Жапырағыңды тағы да шашам деп тұр. Тоғай атты халқыңнан қалай бездің, Орман деген еліңнен қашан кеттің? Неге кеттің, япыр-ау, ерен өткір Балта болды ма еліңде керемет бір? Әлде қуып шығарып тас қабаққа, Ниет етті ме, ел итеріп тастамаққа Түпсіз сайға тік жардан, құламаған? Болды ма, ісің көпке әлде ұнамаған? Үндемейді ақ қайың, Тілді көмей жұтқан сын-ды, Салдырамай, күлдіремей Шытыр-шытыр ұшады жапырағы – Өскендіктің белгісі үлбіремей. Бермен қара, ақ қайың, қайың, қайың, Аямайын, тек қана уайымдайын. Көңіл үшін, ақ қайың, бір тіл қатшы, Сары жапырақ, тіліңді жылтылдатшы! Жел өтінде ыс-пыс боп, ырсыл қағып, Тас қабақта тұл-жалғыз тұрсың нағып? Әлде ісің болды ма еркін бірер – Әлдекімді сескентер, серпілдірер? Жағдайыңды жел айтты, нашар деп тұр, Жапырағыңды жан-жаққа шашам деп тұр. Жел басынбас еді ғой орманда өссең, Орманыңнан, айтшы, енді қашан кеттің? «Мен – керемет» деп, әлде «мен – керемет», Көзге түсіп қалдың ба елден ерек? Қайратыңнан хабар ғып, сес ұқтырып, Әлде біреуді алдың ба өшіктіріп? Берілдің бе есерлеу елеске бір? Бұл тұрысың, әйтеуір, емес тегін. Неге кеттің, япыр-ау, ерен өткір Ббалта шықты ма еліңнен керемет бір? Айтшы маған сырыңды, қайың, қайың, Уайымдасам, түсініп уайымдайын. Сонда ақ қайың аш белін бір бұрады, Жапырағының тілімен сыбдырады: «Уайымдама, бел қатқан, буын бекіп, Бұтағымды жел ұрса уілдетіп. Көзге шұқып, «қайың» деп өкпелеткен Орман деген елімнен көпте кеткем. Бірақ, бірақ қорғайды мені ол әлі, Кей ымыртта бұлт болып көк алалы Жылы жаңбыр төгеді, жапырағы Қарғып келіп мойныма оралады. Мені ешкім жоқ қорлаған, ашық тепкен, Жапырағымды күз ғана шашып-төккен. Қиып түссе – арман не, қайзалағыш Бір көк топас балтадан қашып кеткем! Жүрек толса – жас төгу дайын емі, Бұл тұрғаным – қайғы, рас, уайым елі. Бәрінен де қауіпті ед өткір балта, Өйткені оның сабы – «өзім», қайың еді. Жоқ, көнбеске кеткем жоқ, Көкайыл да, Болған емен, жолым бар ағайынға. Орман атты елімде – қайың атым, Топырағым, тамырым – тоғайымда!»

3599 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы