• Әдебиет
  • 20 Желтоқсан, 2011

Өркен жайған қазыналы өлке

Атыраудағы Махамбет Өтемісұлы атын­дағы драма театрында респуб­лика тәуелсіздігінің 20 жыл­дық мерекесіне арналған салтанатты жиналысқа қатысушылар облыс әкімі Бергей Сәулебайұлы Рысқалиевтың мазмұнды баян­дамасын зор ықыласпен тыңдады.– Бүгінгідей абыройы асқан, қалаған экономикасы, дербес саясаты бар, болашағына нық сенген Қазақстан бұрын-соңды болған емес және бұрын-соңды мұндай биікке жеткен жоқ, – деп сөзін бастаған Бергей Сәулебайұлы шекарасын мызғымастай бекіткен, мемлекеттік рәміздерімізді, ұлттық теңгеміз және елордамыз – жаңа Астананы дүниеге әкелген, дүниежүзі мойындаған асқақ рухты елдің жетістіктерін мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті. – «Елдік береке-бірліктен, тын­дырымды тірліктен бастау алар» деген, бүгінде республикамен бірге қарқынды дамып келе жатқан атамекен, қазыналы өлке Атырау жері – ерен істер, алып жобалар алаңы, – деді облыс басшысы. Облыс жан-жақты дамып, Тәуелсіз­діктің 20 жылдығын үлкен-үлкен жетіс­тіктермен, бұрын-соңды болмаған тарихи жобалармен, биік көрсеткіштермен, ең бастысы, ежелден қаймағы бұзылмаған ата дәстүр, берік орнаған ынтымақ-татулықпен қарсы алып отыр. Атырау – мұнайы мен газы, пайдалы қазба байлығы бар, өркенді экономика­ның өрісін кеңейтіп, ел мен жердің ырыс-ынтымағын асырып, талай батырлар мен ақындардың, күйші-жыршылардың кіндік қаны тамған қасиетті де киелі атырап. Өткенімізді таразылып, болашаққа бастау болар осындай салтанатта алынған асуларға біз тағы бір көз салып, кешегі мен бүгінгіні салыстыра қарасақ, бұл айырмашылықты айқын сезінеміз. Әрине, айтуға оңай болғанымен, «қалай көркейді» деген сауал көптің көкейінде. Әсіресе, жас ұрпақ туған елінің кешегісі мен бүгінгісін білуге тиісті. Тәуелсіздік алдында қандай өңір болатын? Көз алдымызға Кеңес Одағы кезінен қи­рап, экономикасы қаусаған, әкімшілік пәр­мені әлсіреп, нарықтық тетіктері іске аспай, шаруашылық байланыстары үзілген, халық жұмыссыз босып, абыржыған тоталитарлық жүйенің бір бөлшегі елестейді. Жердің, елдің байлығына қарамастан, облысқа жеткілікті көңіл бөлінбей, өңірдің тыныс-тіршілігі, шаруа-жайы өскелең заман талабынан кенже қалғанын, тұрғындарға жайсыз тигенін жақсы білесіздер. Бұл – өткен күннің еншісінде қалған шындық. – Иә, бұл айтылғандардан мұнай­шылар, балықшылар, бұрғышылар, құрылысшылар «қол қусырып отырды» деп айтуға болмайды. Олар шөлейтті өлкенің өркендеуі үшін заманына сай ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, жас ұрпақты тәрбиеледі. Бірақ өз қолдарымен өндірген қазба байлықтың ел игілігіне жаратуын көрмеді. Маңдай терлерінің қызығын Одақтың орталығы тамашалады. Ал бүгінгі Атыраудың аяқ алысы қалай? Мұнайлы өлкенің тәуелсіздік белесіндегі жемісті жылдарына кезек берсек, ел қолға алған ауыр жүкті көтере білді. Енді, міне, өмірдің сол бір өткелін абырой­мен өңгерген тамаша кездің куәсіміз. Оған нақты мысал, жалпы, өңірлік өнім – 600 есеге, өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,5 триллиондық межені, бүкіл ел­дегі инвестицияның 28 пайызын құрап, мемлекетіміздің экономикалық қуаты­ның тірегі – мұнай мен газ тиісінше, 8 және 20 есе артық болды. Ерекше атап өтер жайт, Қазақстан мұнайының ғасырлық тарихы болса, «қара алтынның» игілігін тәуелсіздігімізді алғаннан кейін көрдік. Ендеше, осы жерде Елбасының ерен еңбегін қалай айтпасқа?! – деді Бергей Рысқалиев. Инвесторларға икемді жұмыс істеуге толық кепілдік беріп отырған мемлекет саясаты облыста жүйелі жүзеге асып, қазба байлықты ел қажетіне жаратудың нақты мүм­кіндігі ашылды. Жерімізде дүниежүзі­лік маңызды – мұнай қоры мол Теңіз кенішін, ғасыр жобасы саналған Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игеру сияқты ірі жобалар қарқынды жүруде. Одан басқа Атырауға ат басын бұрған 400-ден аса бірлескен кәсіпорындарда шетел­діктермен иық тіресе мыңдаған қа­зақ­тың жас қыз-жігіті мамандықты, технологияны меңгеріп, еңбек етуде. Бергей Сәулебайұлы өңірдің, халықтың мақсат-мүддесін жауапкершілікпен сезініп, жергілікті атқарушы билікпен әріптестікте жұмыс істеп, облыстың қарқынды дамуына, тәуелсіздіктің баянды болуына атсалысып келе жатқан «Теңізшевройл», NCOC, «Аджип», «Шеврон», «ҚазМұнайГаз», «Ембі­мұнайгаз», КТК, АНПЗ сияқты басқа да көптеген шетелдік, отандық кәсіпорын­дарға облыс халқы атынан рақмет айтты. Жасыратыны жоқ, өтпелі кезеңнің қиындықтарын ең ауыр сезінген ауыл тұрғындары болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің күрт төмендеуі, дамымаған инженерлік желілер, халықты жұмыспен қамту және басқа да шешімі табылмаған әлеуметтік мәселелер село өміріне елеулі әсер етті. Дер кезінде қабылдаған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде құлдыраған шаруашылықтың бәрі жаңаша дамып, қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешенінің дамуы тұрақтанды. Ежелден бабаларымыз өміріне арқау еткен ата кәсіп – мал басын көбейтуде, егін өнімінде айтарлықтай өсім бар. Ауылдықтардың тұрмысын, әл-ауқа­тын көтеру – басты назарда. Бүгін облыс орталығында, аудандарда «барлық пробле­малар шешілді» деп айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ селоның тұрмысы да жақсарып, қажетті озық инфрақұрылым қалыптасып келеді. Ендігі күш-қайратты, барлық қаражатты ауылдық жерлерге салатын боламыз, – деп атап өтті облыс басшысы. – Осы қарқынмен біз алдағы 2 жылда облыстың бүкіл ауылдарының басты-басты проблемаларын шешіп, нүкте қоятын боламыз. Сонымен қатар, өңірде қордаланған барлық әлеуметтік проблемалар, халық күткен көптеген өзекті мәселелер экономикалық жетістіктердің арқасында түпкілікті шешімін тауып, облыстың бүкіл инфрақұрылымы түбегейлі өзгертілді. Қысқаша айтқанда, Тәуелсіздік жылдары облыс бұрын-соңды болмаған алып құрылысқа айналып, 200-ден астам білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет ғимараттары, басқа да көптеген әлеуметтік маңызды нысан салынды. Оның бәрі қазір халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Одан басқа соңғы 5-6 жылда бұрын облыс өмірінде болып көрмеген алуан іс, көптеген жұмыс, үлкен-үлкен жобалар тындырылды. Сондай-ақ өңірде тұрғын үй құрылысы ең жоғары қарқынмен дамып, республика­да рекордтық көрсеткіштерге жетті. Тек соңғы 3 жылда 15 мың отбасы жаңа қоныс тойын тойлады. Бүгінде қаланың өскені сондай, «Ал­магүл», «Көркем», «Нұрсая», «Жерұйық», «Жеті қазына», «Жұлдыз», «Гауһартас» сияқты жаңа қалашықтар пайда болды. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй секторы қарқынды дамып, «Балауса», «Мирас», «Көкарна», «Самал» сияқты көптеген жаңа ықшамаудандар күн санап көркейіп келеді. Одан басқа Атырау жерінде атқарылып жатқан ауқымды іс жетерлік. Міне, ағайын, нәтижесінде орындалуы ондаған жылдарды керек ететін, көлемі зор, ауқымы мол жұмыстарды уақытынан бұрын аяқтап және алдағы ұзақ жылдардың проблемаларын шешіп отырған өңір – Атырау облысы. Бұрын осындай жағдай болады деп ойлап па едік?! Тұғырлы тәуелсіздіктің жемісін көріп, Елбасының дана саясатын абыроймен орындап жүрген Атырау өңірінің бүгіні – осындай, – деп аяқтады құттықтау сөзін облыс әкімі Бергей Рысқалиев. Салтанатты жиында облыс әкімі Б.Рысқалиев отыздан астам азаматқа Елбасы атынан мемлекеттік наградалар тапсырды. Соңы мерекелік концертке ұласты. Өтеген Нәукиев АТЫРАУ

3376 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы