• Руханият
  • 29 Наурыз, 2012

...Алаш елін аралап жүр

d0bdd0b0d183d180d18bd0b74Самарқанның көк тасы еріп, жылғалардан су ағып, бүкіл әлем жасыл желекке бөленетін күн – Наурыз мерекесі еліміздің барлық өңірлерінде сән-салтанатымен тойланды. Жер-дүние бусанып, ескінің жаңаратын кезеңі – әз Наурызды Астана жұртшылығы ерекше қарсы алды. Бас қаланың салтанатты шаралары «Қазақ елі» монументінің алдында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен басталды. Ықылым заманнан-ақ ата-бабаларымыз зор ниетпен тойлап келе жатқан ұлық мерекелердің бірі Наурыз мейрамы екендігі даусыз. Сондықтан да болар, бұл күні бас алаңға алыс-жақыннан келген жұрт көп жиналды. Алаң жасыл кілемге оранып, барынша көктемгі көрініске лайықталып безендірілген. Мұнда қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер, қызылды-жасылды киінген қыз-жігіттер мен декоративті құрылымдармен жасалған қызғалдақтар құдды бір қыстақтан көктемеге көшіп келіп жатқан ауылды көзге елестетеді. Осындай көктемге сай барынша әрленген алаңда ұлттық спорт ойындары: кір тасын көтеру, арқан тарту, асық ойнау, шахмат сайысынан жарыстар өткізу мерекенің көрігін қыздырды. Тойшыл қауым Наурыз көжеден дәм татысып, түрлі ұлттар мен ұлыстардың өнер ұжымдары мен әртістерінің өнерін тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл күні Астанаға да күн нұрын сеуіп, қар еріп, жер бусанып жатты. Мемлекет басшысы алаңның ортасына шығып, бүкіл Қазақстан халқын Әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. – Бүгін ғасырлар қойнауынан бастау алған ерекше, ұлық мерекеміз келіп жетті. Наурыз – жақсылықтың жаршысы, жаратылыстың шынайы жыл басы. Қазақстанда оны еліміздің барлық этнос өкілдері атап өтеді. Бұл – күн мен түн теңелетін достық пен бірліктің мерекесі. Шығыстың Жаңа жылының басы болғандықтан, біз бұл күннен барлық жақсылықты, ізгілікті күтеміз. Мен барша қазақстан­дықтарды осы мәртебелі мерекемен құттықтаймын! Бұл күндері еліміз тұрғындары өз ауласын, үй ішін тазалап, ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашып, бір-біріне жақсылық тілейді. Ренжіскен ағайын бір-бірімен қауышып, көріседі, бір-бірінен кешірім сұрайды, жетім-жесірлерге көмектеседі. Туыс-туғандар мен дос-жарандар бір-бірімен кездеседі, тамаша көктем мерекесін қарсы алуға дайындалады. Одан жақсылық күтеді. Сондықтан, Наурыз – ерекше мереке, – деді өз сөзінде Елбасы. Сосын биыл тәуелсіздік жылдарының үшінші он жылдығындағы тұңғыш Наурызды атап өтіп отырғанымызды, сондай-ақ, Наурыз мерекесі әр уақытта да барлық халқымыздың бірлігіне, Қазақстанның болашағына, еліміздің дамуына арналып келгенін сөзіне арқау етті. «Бұл мереке ұлт пен ұлысты ешқандай жағдайда да бөлмейді. Тілімен де, ділімен де, көзқарасымызбен де біз бір ел, бір жұрт болып өмір сүріп келеміз», – деді Н. Назарбаев. Сондай-ақ, бір ел ретінде өмір сүріп келе жатқан Қазақстан халқының қолға алған істерінің барлығы ел азаматтарының өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталғандығын да атады. Сөзінің соңында әр отбасына жақсылық пен бақыт, жарқын болашақ, береке-бір­лік тіледі. Бұл күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алаңдағы этноауылда болып, тұсаукесер рәсіміне қатысып, тоғызқұмалақ ойынын да тамашалады. Түске таман алаң төріндегі үлкен сахнада 400 адам қатысқан «Жер-Көк» деп аталатын музыкалық театрландырылған көрініс болды. Үстеріне қазақтың ұлттық киімдерін киген қыз-жігіттер ұзақ ұйқыдан оянып, гүлдермен көмкерілген жасыл жейдесін жамылған балауса дарқан даланың бейнесін сомдады. Негізінен бұл мезетті Сарыарқа төсін мекен еткен халықтар ежелден Жер-Ананың тынысымен теңеген көрінеді. Биылғы жылы ұйымдастырушылар тарапынан қосылған тағы бір жаңалық – халық ертегілерінің танымал кейіпкерлері болып киінген «Ағашаяқ» алып қуыршақтар этноауыл арасында әрі-бері жүріп, мерекеге өзіндік жарасымдылығын сыйлады. «Қазақ елі» алаңындағы мерекелік салтанаттың соңы Роза Рымбаева, Рамазан Стамғазиев, Тамара Асар, Қарақат, Әлқуат Қазақбаев пен қобызшылар тобы, «Белес» пен «Қоңыр» этнотоптары, тағы басқа өнер ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұлас­ты. Кеңестік кезеңде құрдымға кете жаздап, тек Қазақ елі тәуелсіздігін алып, етек-жеңін қымтаған 20 жылдың ішінде ғана қайта түлеген Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы биыл елімізде бес күнге жалғасты. Бірлік пен игіліктің, өзара түсіністік пен қоғамдық тұрақтылықтың символына айналған Ұлыс мерекесі – үш мың жылдан бері салтанатты түрде Балқаннан Орталық Азияға дейінгі ауқымды өңірде тойланып, өз бойына гуманизм, достық пен төзімділік сынды құндылықтарды сіңірген мейрам. Сондықтан да, бұл мейрамның бір ұлтқа ғана емес, жалпыға ортақ болуы, ұлыстардың ұйытқысы болуымен шын пейілдегі жалпыхалықтың мейрамына айналуы шарт. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін, ең алдымен, Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ауқымын да мазмұнын да кеңейте түскен орынды. Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

2799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7423

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6310

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4057

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3443

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3403

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3369

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3098

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3087

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы