• Руханият
  • 12 Сәуір, 2012

Бисен хазірет

d0b1d0b8d181d0b5d0bd-3Елімізде өз өмірін дін жолына арнап, Ислам дінінің көркейе түсуіне риясыз еңбек еткен небір ишан, ахун, мақсұм, хазіреттер болғаны тарихтан белгілі. Көп жағдайда дін ғұламаларының өмірі адам төзгісіз қиыншылықтарға толы болатыны жасырын емес. Себебі, жамандыққа жақсылықпен жауап қататын, бойында имани ілімі бар тұлғалар ілуде біреу болып халыққа қызмет етумен өтеді. Осындай жандардың бірі – Ақтөбе облысы, Қобда ауданы Жарық елді мекенінің Жаманкөл жайлауында дүниеге келген, халық қадірлісі Бисен хазірет. Бисен хазіреттің әкесі Абдолла да бүкіл ғұмырын діни ағартушылық ісіне арнаған жан болған. Ол бірнеше рет Мекке-Мәдинеге қажылық сапарда болған жергілікті елге танымал қажылардың бірі екен. Абдолла қажы қажылыққа соңғы рет барғанда қат­­ты науқастанып, елге жете алмай, кеме үстінде Жерорта теңізінде қаза табады. Сапарластары сүйегін теңіз­ге беріп, киім-кешектерін, тұтынған заттары – исі сіңген шапан, мәсі, сақал-мұртын бастыратын ұстарасын ұрпақтарына әкеліп табыс етеді. Бұл заттарды ұрпақтары құран оқытып, Жаманкөлдегі зиратқа жерлейді. Басына айшықты белгі орнатады. Абдолла қажы көзі тірісінде Ор­талық Азияның діни-ағартушы­лық орталықтары Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Үргеніш қалаларында болып білім беру ісімен танысады. Өзінің балаларын да сол орталықтарда оқы­туға тырысады. Ақыры төрт ұлы­ның біреуі, ілім-білімге икемі бар, зейін­ді Бисенді он бес жасында Бұхарадағы айтулы медреселердің біріне оқуға түсіреді. Табиғатынан зерек шәкірт медресені ойдағыдай тәмамдағаннан кейін, Түркияға Стамбул шаһарына оқуын жалғастыруға аттанады. Қасында Ойыл бойының азаматы Сағидолла атты жігіт те болады. Стамбул қаласында оқыған жылдары Бисен атамыз сондағы Мәтіл паша атты түріктің үйінде жатып оқып, бір жағынан үй қызметкері болып тұрған. Стамбул шаһарында бес жыл оқып, 23 жасында елге оралады. Шәкірттік жылдарында Мәтіл пашаның үш қызының ортаншы­сы Па­лу атты арумен көңіл жарасты­­рып, үйленуге уәде байласқан. Елге ба­­рып, рұқсат алып келуге уәделескен. Бірақ елге келген соң ол уәдені орындай алмайды. Аласапыран уақыт дауылы үміт жібін үзеді. Елге келгенде Меккеге қажылыққа кеткен әке қазасының үстінен шығады. Әкесі Абдолла қажының сапарлас­тары оның аманатын орындап, заттарын, киімдерін тапсырып, өсиетін жеткізеді. Әкесі ұлының үлкен діни мектепте оқитынын, одан зор үміт күтетінін, елге оралар шақта сәулетті мешіт салып қоюды мақсат еткенін, ол арманын орындай алмай бара жатқанын, мүмкіндігі болса соны орындауын, сосын бір ғасыр өткен соң бір ұрпағы келіп бір уыс топырақ алып кетер деп болжау айтып, аманат тапсырыпты.

Хазірет оқыған Стамбул шаһары Үш жыл Бұхарада, бес жыл Стамбулда оқып теология ілімін терең меңгерген Бисен хазірет елге үлкен оқымысты болып оралады. Европалық үлгімен киінген, жол сөмкесі, бинокль, қалта сағаты, қолшатыр, сақал қыратын аппараты бар жас жігіттің алыстағы далалық аймақ үшін киім киісі, жүріс-тұрысы, тіршілік дағдысы бір қарағанда таңсық, оқыстау көрінетіні өзінен-өзі түсінікті нәрсе. Әке аманаты бойынша жас хазірет атағы Ойыл, Қобда бойына әбден танымал әйгілі шебер Бірман (Бірмағамбет) ұстаның көмегімен Жаманкөл бойында мешіт тұрғызады. Ол мешіт-медреседе сол өңірдің балаларын оқытып, тіл сындырып, ағартушылық ілімге баулиды. Ол үлкен орталыққа айналады. Онда 16 жыл дәріс оқып, шәкірттер дайындайды. Қызыл империяның дінге қарсы әйгілі қаулыларына де­йін атағы дүрілдеп, ел құрметтейтін орын, қасиетті мекен болады. Бисен хазірет Құмсай бойындағы Рахманқұл атты ишанның Сапия атты қызына үйленеді. Қайын атасы Рахманқұл да Терісаққан бойында мешіт ұстаған атақты ишанның бірі болатын. Бисен хазіреттің Сапияға үйленгеннен кейін бір ғажабы дүниеге келген сәбилері шетінен шетіней берген. Түсінен Стамбул шаһарында қалған уәде байласқан түрік аруы Палу шықпай қойған. Қара теңіздің жағасында қол бұлғап қалған аруға деген сағыныш мұңын сейілту мақсатында інісі Уәлидің ұлы Ғалиасқарды қырық күндігінде бауырына салып, бала тұрақтауына ырым етіп сүндеттеп тастаған. Ол ырым қабыл болып, балаларының шетінеуі тоқтаған. Одан кейін дүниеге келген қыз баланы түрік аруының құрметіне Палу деп есімін қойған. Одан соң ұзағырақ жүріп барып көрген ұлының есімін Османғали деп атаған. Сапиядан туған кіші қызы Бибісара 1927 жылы дүниеге келген. Сапия анамыз 1923 жылы өзінің немере сіңлісі Алтынды Хазіретке екінші әйел етіп алып береді. Алтын анамыздан Темірғали, Жақсығали атты ұлдар және бірнеше қыз балалары дүниеге келеді. Бұл кезеңде кейін тарихта аты қалған ұлы дүрбелең жылдары да төніп қалған болатын. 1928 жылғы кеңес өкіметінің бай мен молданы тәркілеу науқаны төн­ген кезде Хазірет ауылы Терісаққан өзенінің бойында отыр екен. Ғұлама Хазіретті қатты сыйлаған, әрі жекжат, ауылдық кеңестің хатшысы Сұлтан Баймағанбетов деген жас жігіт түнде келіп: «Хазірет жезде, ертең мал-мүлкіңді тәркілеп, өзіңді жер аударады, осындай бұйрық келді, тез кетпесең болмайды» деп хабар беріп, жанашырлық танытады. Сол түні шағын түйелі көшпен көрші Ресей еліне өтіп, Орынбор өлкесінен әрі шығып кетеді. Барып қоныстанған жері Башқұртстанның Бекқұл деген елді мекені екен. 1932-1935 жылдардағы қиыншылықтарды сонда өткізіп, сол жерде тұрақтап қалады. Артында қалған елмен хабарласа алмайды. Отызыншы жылдардағы елді ойсыратып кеткен аштық зұлматына ұшыраған кейінгі әйелі Алтын кішкентайларымен бірге қайтыс болады. Інісі Дүйсенғали істі болып атылып кетеді. Өзінің де сыртынан өкім шығарылып, мал-мүлкін тәркілеп, жаназа шығаруға, жиынға бармауға және сайлауға да­уыс беру құқығынан айырған шешім қабылданған екен. Кейін көп уақыт өтпей ұрпақта­ры қуғынға ұшырай бастайды. 1938 жылы орталау мектепті бітірген Османғалиды «молданың баласы» деп қуғындап, комсомол қатарынан шығарады. Бас сауғалаған Османға­ли Мәскеуге кетіп, сондағы кәсіптік-техникалық оқу орнын бітіріп, 1939-1941 жылдары «Метростройда» жұмыс істейді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып ел қорғауға аттанады. Ұлы Отан соғысы бұл әулетке де өз таңбасын аямай басады. Сапия анамыз соғысқа кеткен ұлдарын сарғая күтіп, жүрек дертіне ұшырап, ақыры олардың жүздерін көре алмай, 1944 жылы дүниеден озады. Палу апамызға күйеуі Қанатбайдан қаралы қағаз келеді. Оның Жолдығали, Жаңғақ атты балалары болады. Хазіреттің ұлы Ғалиасқар Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, елге аман-есен оралады. Ғалиасқар соғысқа дейін үйленгенмен, кішкен­тайлары тұрмай зарығып жүріп еді. Ұлы қырғыннан аман-есен оралған Ғалиасқар жұбайы Қарлығаш екеуі кейін өсіп-өнген бақытты шаңырақ­тың бірі болады. Үлкен ұлы Османғали соғыс аяқ­тал­ған соң екі жылға әскер қатарында қалып, соғыстан бүлінген қалаларды қалпына келтіру ісіне араласады. 1947 жылы елге оралған кезде туысқандары Сақмар өзенінің бойында отыр екен. Негізінен башқұрттар тұратын ауылдастары қуанып той жасайды. Хазірет ұлына 1948 жылы 10 маусымда Лұқпан деген кісінің Ғалия атты қызын айттырып алып береді. Хазіреттің өзі 1946 жылы Сапия анамыз қайтыс болғаннан кейін Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында тұратын, ері соғыстан оралмай қалған қырық алты жастағы Толқын атты әйелге үйленеді. Толқын өзі бала көтермегенмен, аса балажан адам болып шығады. Палу апамыздың ұл-қыздарын бауырына басып, тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Хазіреттің кіші қызы Бибісара­ның көзі тірі. Бұл күндері сексеннің сеңгіріне шығып отырған қарт әже немерелері мен шөберелерінің көңілді күлкісінің шуағына шомылып отыр. 1951 жылы Бисен хазірет балаларымен, туыстарымен Ақбұлақ ауданы Бортау, Покровка ауылдарына келіп қоныстанады. Осы Бортау өңірінде Хазірет балалары Османғали, Темірғали, Жақсығали, жиені Жолдығалилармен бірге 1963 жылға дейін тұрды. Ал Покровка ауылы Бортау ауылынан бес шақырымдай жерде еді. Онда інілері Уәли, Қажым, Ықсандар тұрды. Бортау ауылында тұрғанда 1951 жылдың аяғына таман Хазірет тағы да «халық жауы» деген жаламен ұсталып, жасының ұлғайғанына қарамастан, Сібірге – Иркутскіге айдалып кете барады. Бұған дейін де сотталған Хазіретке бұл, әрине, оңай соққы емес еді. Бұл тозақтын тезінен тек Сталин өлген соң 1956 жылы ғана ақталып шығады. 1957 жылы өзімен тұстас Кәрімберген молда, Сағидолла хазірет үшеуі өздерінің оқып, білім алған шаһары Бұхараға сапар шеккен. Оларды інісі Ықсанның қызы Гүлбарам поезға билет алып шығарып салған. Ол осылайша ұзақ та мазмұнды ғұмыр кешкен, бүкіл өмірі соқтықпалы, соқпақтарға толы жолда өткен, халыққа бергені көп ғұлама қария еді. Ол ұзақ жасап барып 1969 жылы 91 жасында дүниеден озды. Ал Толқын әжеміз 1967 жылы дүние салды. Хазіреттің сүйегі өзінің өтініші бойынша Құмсайдағы Бірмән әулиенің жанына жерленген. 1991 жылы Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болып туын көтерген кезде, Түркия мемлекеті ең бірінші болып құттықтап, қолдау көрсетіп тілектестік білдіргені белгілі. Түркия президенті Тұрғыт Өзал, одан кейінгі болған басшылар да ерекше құлшыныс білдіріп, түбі бір түркі халқы екенімізді еске түсіріп, достық қолын ұсынғаны көпшілікке мәлім. Сонан кейін барыс-келіс, аралас-құраласқа ұла­сып, бұл жұмыстар бірыңғай жүйеге қойылып, қалыптаса бастады. Қоғамдық өмірімізде болып жатқан өзгерістер, түрік-қазақ байланыстары Бисен хазірет әулетін де бей-жай қалдыра алмады. Кезінде қатты ауырып дүниеден өтер кезінде Абдолла қажы: «Бір ғасыр өткен соң, ұрпақтарымнан бір бала келіп, бір уыс топырақ алып кетер» деп болжау айтқан екен. Сол топырақты алу бүгінгі ұрпақтарының арасынан Бисен Хазіреттің Османғали атты ұлынан туған шөбересі Жібектің маңдайына жазылыпты. Атасының сол қиын уақытының өзінде Түркия мемлекетінде оқып білім алғандығы үшін қуанышты сәт туғандай еді. Жібек 1993 жылы Ақтөбе қаласында ашылған қазақ-түрік лицейіне 1995 жылы ұлы Нұржанды оқуға береді. Нұржан 2000 жылы қазақ-түрік лицейін үздік бітіріп және сол жылы Стамбул қаласындағы Босфор университетінің халықаралық қатынастар факультетініне оқуға түседі. Ал 2005 жылдың жазында ұлы Нұржан оқу бітірер шамасында Жібектің жолы болып, атасы оқыған елде бір айға жуық болудың сәті түседі. Атасы туралы деректер іздестіріп, Измир, Анталия, Бурса, Стамбул қалаларында болып, түрік ағайындарымен жүздеседі. Осыдан бір ғасыр бұрын атасының осында оқығанын әңгімелеп, Жер­орта теңізінен ырым етіп, 11 түйір теңіз тастарын алып, мешіттерге аялдап құран бағыштап отырған. Елге оралған соң тастарды құйып ескерткішке айналдырып, Құмсай елді мекеніндегі Бисен хазірет басына құлпытас қойып, перзенттік парызын өтейді. Сол маңдағы халықты жиып, ас береді. Ата-баба аруағына арнап құран бағыштайды. Бисен хазіреттің салдырған ме­шіт үйі Жаманкөл елді мекеніндегі ескі қорымда әлі тұр. Төбесіне салған темірді, есік-терезесін колхоз-совхоз тараған кезде бұзып алып кетіпті. Әртүрлі кезеңде мұнда түрлі адамдар тұрған. Мал қамаған, астық қоймасын да жасаған. Бірақ көнекөз қариялардың айтуынша, аруағы олардың бірде-біреуін шыдатпаған. Аз уақытта астан-кестеңі шығып, тұру мүмкін болмаған.

Тағдырдың құдіретін қараңыз. Хазіреттің Түркиядағы Босфор университетін бітірген шөбересі Нұржан Оразұлы былтыр демалуға отбасымен бірге сол елге сапар шегеді. Атасының оқыған жері, бабасының сүйегі қалған жер, өзінің қайталанбас студенттік шағы өткен бұл өлке ол үшін аса қымбат мекен. Анасының тапсыруымен Жерорта теңізі жағалауынан бір уыс топырақ, майда тастар жиып алып, ол елге келгесін бабасы Абдолла қажының Жаманкөлдегі құлпытасының іргесіне салады. Бұл да болса ата аманатының орындалғанының белгісі.

Алпысбай Мұсаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақтөбе

4584 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7371

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6281

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4028

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3414

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3372

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3341

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3069

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3059

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы