• Әдебиет
  • 19 Сәуір, 2012

Байқожадай ер болған...

Байқожа деген атау ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазалы уезінің карталары мен кітаптарда және түрлі жинақтарда аталғанымен, осы атауға нақты сипаттама берілмеген. Байқожадай ер туралы бүгінде жарытып айтар адам аз. Қалай болғанда да Байқожа есімді кісінің тарихта болып, жұртшылық алдында беделі болғаны оның атындағы жер атауының, теміржол стансасының болуы көп нәрсені аңғартады. 1902-1906 жылдар аралығында Орынбор-Ташкент теміржолының салынуы үстінде орыс инженерлері жергілікті тұрғындардың өтінішімен бекетті Байқожа атандырған. Бұл турасында «Туркестанская ведомость» газетінде ІV класты Байқожа стансасын атап жазған. Ауызша шежірелер деген тарихтың бас­тауы ғана емес, тұйықтан шығара­тын жол болып табылады. Бұл тұстарда шежіреден хабарым барлығы көмекке келді. Көп іздену нәтижесінде Байқожа есімді баба­мыз­дың Әлім руының Қарасақалы екенін анықтадым. Қарасақал Ерімбет Көлдей­бекұлы өзінің (1846-1916) шежіре өлеңінде: ... «Екеуі «Алты Әлімнің» «Қарасақал», Ішінде бізді айтады, «Сарбасы», – деп атаған. Осы Сарбас аталығынан біз әңгіме етіп отырған Байқожа Мамайұлы Түркібаев та тарайды. Байқожа туралы «Байқожа құмағы», «Байқожа моласы», «Байқожа бекеті» сияқты атаулар бар. Академик С.Толыбековтың «Кочевое общество казахов в XVII – начале ХХ века» (1971) кітабында Байқожа теміржол стансасы жайлы ... «Свое название она получила от когда-то находившегося здесь могильника Байкожы» деп айтылады. Ал филология ғылымдарының докторы Берікбай Сағындықовтың «Ғаламның ғажайып сырлары» (1997) атты іргелі зерттеу еңбегінің 134-бетінде Байқожа жайлы аз-кем деректер кездестірдім. Байқожаның ұл перзенті болмапты, жалғыз қызының аты Ханша екен. Осы Ханша Берікбай ағаның арғы бабаларының бірі Мүсірбайға тұрмысқа шығыпты. Бекеңнің жазуынша, Мүсірбай бабасы 1818 жылы туған, ал Ханша одан 25 жас кіші болыпты. Ал ғалымның өз әкесі Сағындық 1878 жылы өмірге келсе, Бекеңнің өзі 1938 жылы дүние есігін ашқан кісі. Ғалым ағамыз ел аузындағы әңгімелерден Байқожаның үнемі сұлтан (кейде хан деп те аталған) Елекей Қасымовтың қасында болған батыры деседі. Елекей сұлтан Қасымов 1812 жылы туып, 1890 жылы Төрткөлде (Сыр жаға­сында) қайтыс болғаны, оның моласының Перовск уездік картасына түскенін оқып білдік. Демек, Байқожа сұлтанмен замандас, әрі силас болса, онда оның да 1818-1819 жылдарда өмірге келіп, ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарының аяғында қысқы қонысы, қазіргі «Байқожа» теміржол бекеті маңында қайтыс болған деген болжам жасаймыз. Сыр еліндегі Шөмекей, Керей, Шекті, Қарасақал руларын 1846 жылы Е.Қасымовтың басқарғаны және 1842 жылы Ақмешіт бегі Жақыпбекке қарсы қазақтарды басқаруы, 1853 жылы Ақмешіт бекінісін алуға қатысуымен қатар, оның 1847 жылы Сыр қазақта­рын Қожанияз бекпен бірге тонауға қатысуы түрлі жинақтарда жазылып қалған. Алайда Елекей сұлтан Хиуа бектеріне адал қызмет атқармаса керек. Хиуа ханы 1849 жылы Елекейді Хиуаға алдап шақыртып, әйелі мен шешесін, баласын қамап тастайды. Сұлтанның өзі де 3 жыл бойы Хиуа түрмесінде қа­мауда жатқан мұрағатта сұлтан­ның 1852 жылы түрмеден қашып шығып, орыс мемлекетіне адал қызмет ететінін хабарлаған жазбасы да кездесті. Елекей сұлтанның түрмеден қашу­ына досы, батыр Байқожа көмектесіпті. Елекей сұлтанның түрмеде жатқанын білген Байқожа Хиуаға аттанады. Бір, екі күн барлап, Елекейдің қай жерде қамауда отырғанын біліп, түн қараңғысында еппен үйге еніп, бектің қарауылын өлтіріп, Елекейге «шық» – деп бала-шағасына қаратпай, қосарындағы атпен алып кетеді. Ертеңіне сұлтанның қашып кеткенін бек естіп, бірнеше жасауылмен оларды қуады. Жолай бектің жауырыншысы бегіне «анау аттылының бір өзі бес жүз кісіге қарсы шабатын батыр, олар бізге алдырмайды, абырой барда, кері қайтайық» деп, бекті кейін қайтарған деседі. Ал мұрағаттағы жазбаларда 1852 жылдын 2-ақпанында Сұлтан Базар Сауқымовпен Елекейдің өз жігіттері Жанымқұл Рахыметов, Байқожа Түр­кібаев және Досмұхамбет Құламбаевт­ардың көмегімен Хиуа түр­месінен Елкей сұлтан қашып шығады. Сұлтанды босатқаны үшін Елекей сарбаздарын Орынбор генерал-губернаторы арнайы шақырып, сыйлықтар берген. Бұдан басқа Байқожаның Қуаңдария өзенінің бойындағы сексеуіл нуында жолбарысқа кезігіп, жолбарысты соғып алған оқиғалары ел әңгімелерінде айтылады. Сол тұста жолбарыстың Сыр елінің қай жерінде болса да көп болғанын мұрағат құжаттарынан оқи аламыз. 1846 жылы Төртқара Масақбай Мыңтаев, 1853 жылы Шекті Манақ Қилыбаев бастаған аңшылардың 5-6 жолбарысты өлтіріп, өздерінің де жаралы болғаны жазылыпты. Бірде Байқожа ой үстінде жүріп, ауылынан аулағырақ шығып кетсе керек, бұрыннан өшігіп, сыртынан бақылап жүрген хиуалықтардың сарбаздары қарусыз, жаяу жүрген Байқожаны найзамен шаншып өлтіріпті. Қияметтік дос болған Елекей сұлтан 1857-1858 жылдары өмірден өткен Байқожа досына арнап Сыр талын шыбықтап өріп, мұнара тұрғызған. «Байқожаның шыбығы», «Байқожаның моласы» деп, сол жер бүгінге дейін Байқожа есімімен аталуда. Кезінде әсем өріліп салынған мұнара құлап, төбешікке айналған. Десе де, Байқожа есімі 150 жылдан бері халық жадында сақталған. Біз де ел ішінде батыр атанып Байқожадай ер болғанын ел есіне сала отырып, ол кісі жайлы тың деректер мен ауызша әңгімелер мен толығып жатса, батыр тұлғасы ашыла түсер еді демекпіз. Тынышбек Дайрабай, зерттеуші

3717 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы