• Тұлға
  • 05 Шілде, 2012

Шәкірттерін ғылымға баулыған

Егемен Қазақстанның гүлденуіне, ғылым мен білім беруді дамытуға айтарлықтай үлес қосып жүрген көзі ашық, көкірегі ояу ғалымдар аз емес. Солардың бірі Қазақ ғылымына еңбегі сіңген ғалым, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті магистратура және PhD докторантура институтының Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушанбек Әбсаттаровпен жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Раушанбек аға, сұхбатымызды сіздің ғылым жолына қалай келгендігіңізден бастасақ? – 1962 жылы Т.Г. Шевченко атын­дағы Киев мемлекеттік универ­ситетінің философия факуль­те­тіне оқуға қабылдандым. Универ­ситет қабырғасында жүргенде ұйымдас­тырылатын ғылыми үйірмелерге қа­тысып жүрдім. 3-курста Украина студенттерінің ғылыми конференциясы мен конкурсына қатысып, «әл-Фарабидің әлеуметтік көзқарасы» тақырыбында ғылыми баяндама жасадым. Осы білім бай­қауында бағым жанып, жүлделі үшінші орынға ие болған едім. Сонымен қатар кон­курс кезінде менің баяндамамды Киев уни­верситетінде шығатын «Хабаршы» жур­налының философия сериясына ұсын­ды. Сол журналда осы баяндамам жеке ғылыми мақала ретінде жарияланды. Сол кезден бастап ғылымға деген ықыласым ерекше оянып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуды қолға алдым. Университетті аяқтайтын жылы үш ғылыми мақалам жа­рық көріп, дипломдық жұмысымды «әл-Фа­рабидің әлеуметтік көзқарасы» тақырыбы бойынша сәтті қорғап шықтым. 1967 жылы аталған білім ордасын бітіргеннен кейін, басшылық тарапынан аспирантураны жалғастыруға ұсыныс жасалған болатын. Сол жылы аспирантураға түстім. Аспирантураға түскеннен кейін ұстаздарым «дипломдық жұмысыңды әрі қарай жалғастырып, кандидаттық диссертация жаз деп» кеңес берді. Бірақ әл-Фарабидің әлеуметтік-саяси көзқарасын терең зерттеу үшін араб тілін білу керек болды. Өкінішке орай, мен араб тілін білмедім. Сондықтан да кандидаттық диссертация тақырыбын өзгертуге тура келді. Жалпы әл-Фарабидің әлеуметтік, саяси-философиялық көзқарасына арналған оннан аса мақалам шыққан. Кандидаттық диссертациямды, «Қазақ пен украин ұлттарының жақындасу заңдылықтары» деген тақырыпта жазып, екі жарым жылда бітіріп, сәтті қорғап шықтым. Осы ретте ғылым жолына түсуіме және ғалым болып қалыптасуыма ықпал еткен ұстаздарымды атап өткім келеді. Олар Лениндік сыйлықтың лауреаты, философия ғылымдарының докторы, профессор И.Д.Назаренко, Украина Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, КСРО Ғылым академия­сы­ның корреспондент-мүшесі В.И.Шинкарук, философия ғылымда­рының докторлары, профессорлар Д.С.Дмитриченко, И.Ф.Надольный, И.В.Бычко, Е.В.Жариков, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.Н.Алексюк және басқалар. 1971 жылдың қаңтарында Қазақстанға жолдамамен келіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия-экономика факультетінің аға оқытушысы қызметіне тағайындалдым. Сөйтіп, аға оқытушы, доцент қызметін 17 жыл атқардым. 1988-1997 жылдар аралығында партиялық және Президент Әкімшілігі аппаратында жауапты қызметтерде болдым. Қандай қызметте болмасын ешуақытта ғылымнан қол үзбегеннің арқасында 1990 жылы Киев университетінде «Ғылыми-техникалық революция және қоғам өмірінің интернационализациялануы: әлеуметтік-философиялық талдау» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. 1997 жылдан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-де еңбек жолымды жалғастырып келемін. Осы аталған білім ордасында кафедра меңгерушісі, кейіннен декан қызметін атқардым. Қазіргі уақытта аталмыш университеттің магистратура және PhD докторантура институтының саясаттану және әлеуметтік-философия пәндер кафедрасының меңгерушісімін. Ғылым жолында зерттеген көптеген еңбектерім басылымдарға жарияланып тұрды. Қазіргі күнге дейін зерттеу еңбектерім – 36 монография, кітап, оқу құралдары мен кітапшалары және 600-ге жуық ғылыми және оқу-әдістемелік мақалаларым жарық көрді. Соның 54-і шетелде басылды. Бүгінде ғылымға келгеніме еш өкінбеймін. Кезінде білім ордасында білім беріп, дұрыс жолға баулыған шәкірттерім қазіргі таңда еліміз бен шетелдің түкпір-түкпірінде жоғары лауазымды қызмет атқарып жүр. Жүрегіме жақын мамандығымның арқасында ұстаздық жолды таңдап, 20 ғылым кандидаты мен 4 ғылым докторын, 2 PhD докторанттарын тәрбиеледім. Осының өзі ұстаз үшін ең керемет бақыт деп білем. – Магистрлер мен PhD докторант­тар­дың ғылыми ізденісін арттыру мақсатында университетте қандай шаралар қарастырылған? – Біріншіден, магистратура мен PhD докторантура даярлауда ерекшеліктер мен проблемалар бар. Бұл мәселе – елімізге жаңаша ғылыми кадрларды даярлау. Біздің кәсібіміздің алдына қойған мақсат – жоғары деңгейде даярлығы бар ғылыми кадрлар даярлау. Мәселен, біздің кафедрада саясаттану, әлеуметтану, халықаралық қатынастар, философия, дінтану, мәдениеттану мамандықтары бойынша кадрлар дайындаймыз. Білікті маман даярлау үшін біз еліміздегі белгілі ғалымдарды жұмысқа тартып отырмыз. Сонымен қатар шетелдің танымал ғалымдарын да шақырып, магистр мен PhD докторанттарына дәріс оқыту және ғылыми жетістіктерімен тәжірибе алмасу жұмыстарын да жүзеге асырып келеміз. Біз осы мамандықтар бойынша XXI ғасырдың талабына сай мамандар әзірлеу үстіндеміз. Сондықтан біз әлемдік және отандық ғылыми жетістіктерге сүйене отырып, магистранттар мен PhD докторанттарға дәріс оқып қана қоймай, солармен бірге қоғамның өзекті мәселелеріне зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. PhD докторантурада ғылыми же­тек­шілікке шет мемлекеттердің белгілі ға­лымдарын бекітеміз. Заман талабына сай PhD докторанттарын даярлау үшін екі ғылы­ми жетекші бекітіледі. Бірі – отандық, екіншісі – шетелдік. Былтырғы жылы алғашқы екі шәкіртіміз PhD докторлық диссертациясын қорғады. Олар әлеуметтану саласынан – Жанна Кәрімова мен саясаттану саласынан – Мақсат Сәрсекеев. Ал үстіміздегі жылы алты PhD докторанты ғылыми диссертация қорғамақ. Оқыту барысына қайта оралатын болсақ, шәкірттерімізді әлемнің ғылыми жетістіктері мен заманауи технологияларды пайдалана отырып оқытамыз. – Саясаттану және әлеуметтік-фило­софия­лық пәндер кафедрасының тарихына тоқталып өтсеңіз? – Абай атындағы ҚазҰПУ-нің магистратура және PhD докторантура институтының саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының іргетасы 2009 жылы қаланған болатын. Қазіргі уақытта кафедрада 15 ұстаз қызмет етеді. Оның 12-сі – ғылым докторы, профессорлар болса, қалғандары – ғылым кандидаты, доцент. Кафедрадағы ұстаздар еліміз бен шетелге танымал өз ісінің білікті мамандары деуге болады. Ұстаздардың әрқайсысы ең кем дегенде 2 монографияның авторы әрі ғылыми мақалалары шет мемлекеттерде жарияланып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, кафедрада қызмет атқаратын ұстаздар заманауи білім жүйесін жетік меңгерген ғалымдар және шәкірттерінің жоғары деңгейден көрінуі жолында ерінбей еңбек етеді. – Халықаралық байланыс қызметін орнату мақсатында кафедра қаншалықты рөл атқарып отыр? – Қазіргі уақытта аталмыш кафедра шетелдік ғалымдармен тығыз байланыс орнатқан. Әсіресе Франция, Англия, Германия, АҚШ, Түркия, Оңтүстік Корея, Жапония, Венгрия сынды дамыған елдермен білім жүйесінде іскери келісімшарт жүргізілуде. Сонымен қатар осы шетелдік жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтармен өзара тәжірибе алмасу үстіндеміз. Сондай-ақ Мәскеудің, Киевтің, Минскінің, Санкт-Петербордың танымал университеттерімен, ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс­тамыз, біраз білім ордаларымен тығыз байланыс та орнаттық. Мәселен, өткен жылы желтоқсан айында Ресейдің халықтар достығы университетінің гуманитарлық факультетінің студенттеріне лекция оқыдым және ұстаздармен тәжірибе алмастық. Жақын арада Оңтүстік Кореяның Чоннам ұлттық университетінің шақыруымен олардың ұйымдастырған халықаралық «Қазіргі әлемдегі диас­поралар проблемалары» атты ғылыми конференцияға қатысып, баяндама жасадым. Сонымен қатар сол университеттің саясат факультетінің студенттеріне лекция оқыдым. Берлин қаласында кафедра ұстаздарының «Қоғамдағы әлеуметтік-философиялық және саяси-құқықтардық проблемалары» атты монографиясы неміс тілінде аударылып, 15 баспа табақ болып шыққалы отыр. Осындай ғылыми еңбектерді шығару мақсатында Франция және Оңтүстік Корея елдерімен келісім жүзеге асып жатыр. Яғни осы мемлекеттердің ғалымдарымен бірлесе отырып, ғылыми зерттеу еңбектерін шығаруды ойластырып жүрміз. Кафедраның әр мүшесі шетел журналдарында озық мақалаларын жариялауды жыл сайынғы дәстүрге айналдырып келеді. Сондай-ақ университетіміздегі кафедрамыздың шығаратын «Хабаршы» журналының әлеуметтік және саяси ғылымдар сериясында шетелдік ғалымдардың үздік материалдары жиі басылуда. Міне, бұл орнатылған байланыстың барлығы шәкірттеріміздің жоғары деңгейде білім алуына үлкен септігін тигізері анық. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

1623 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9284

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7361

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5104

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4486

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4450

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4408

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4146

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4138

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы