• Тұлға
  • 05 Шілде, 2012

Көркемсөз - жанның сәулесі

Мерекеге жақсы тарту-таралғымен, өнегелі іс, өрісті шаруалармен жету — қашаннан бар үрдіс. Астана күні қарсаңында жаңа инновациялық қадамдар, өндірістік жетістіктер туралы жер-жерден ақжолтай хабарлар естіледі. Cолармен қатар түрлі мәдени шаралар, рухани саладағы жетістіктер де мерекелік әлеуетін биіктете түседі. Осы орайда қазақ әдебиетінің інжу-маржандарын жүйелеп шығаруды мақсат етіп, «Әдебиет әлемі» және «Сөз өнері» атты айдармен соның алғашқы кітаптарын оқырмандарына ұсына бастаған «ҚазАқпарат» баспа корпорациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы баспа және полиграфия ісінің қайраткері Сәуле АХМЕТОВА ханымға жолығып, жаңа кітаптар шоғыры турасында әңгімелеп беруін өтінген едік.  — Астана күніне жақсы тартумен келіп отыр екенсіздер, жаңа кітапта­рыңыз ғұмырлы болсын! Мінеки, сол айдарларыңыз бойынша жарық көрген ұлтымыздың мақтан тұтар біртуар перзенттері Мұқағали Мақатаев пен Мұхтар Шахановтың таңдамалы жинақ­тары оқырманға жол тартты. Кітаптың сыртқы мұқабасынан бастап, ішкі безендірілуіне дейін өзгеше екен... — Жылы лебізіңізге рахмет! Біз бұ­ған дейін де оқырмандарымызды бірталай құнды дүниелерімізбен қуант­тық деп ойлаймыз. Жұмыстарымызды түгел тізбелеп жатпай-ақ бірер мысал келтіре кетейік. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» онтомдығы әдебиетсүйер қауым үшін ғана емес, ұлтымыздың өткен-кеткеніне, болашағына бейтарап қарамайтын кез келген адамға қажет ерекше қазына деп есептеймін. Араға жарты ғасырдан астам уақыт салып барып тәуелсіздік талаптарының рухында барынша толымды етіп дайындалып, ғылыми дереккөздерімен қамтыла отырып дайындалған бұл онтомдық ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі қазақ әдебиетінің тарихы ғана емес, бүкіл еліміздің мәдени жылнамасы іспеттес. Өкініштісі сол, таралымы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес үш мың ғана, ал оны сұраушылар қатары күннен-күнге көбейіп отыр. Бәлкім, алдағы уақыттарда қосымша таралым жайын ойластыру керек болар. Бұдан бөлек бес томдық «Қазақ музыкасы» антологиясы да — көзі ашық оқырманның кітап сөресінен орын табатын дүниеліктер. Кітап өндірісіне маманданған біздің ұжым, оқырманның хабардар болып отыруы үшін айта кетейік, өнімді тірлік жасап жатқан баспалардың бірі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жыл сайын көптеген әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығарып келеміз. Көптен бергі арманымыз болып келе жатқан қазақ әдебиетінің алыптарын түгендеу жұмыстарын өткен жылдан қолға ала бастадық. — Қазіргі оқырманның кітапқа деген сұранысы қандай? Жаһандану үрдіс алған, әлемтор дүниені жаулап бара жатқан заманда кітапқа деген сұраныс бәсеңсімей ме? — Заман қалай құбылса да, адам өмі­рінде «тасқа басылған» кітаптың орны бөлекше болып қала беретіні даусыз. Мұны әлемнін озық ойлы ғұламалары әлдеқашан мойындаған. Жақсы кітап — жан азығы. Оқылатын кітапқа сұраныш еш уақытта бәсеңсімейді. Бір ғана мысал келтіре кетейін. «Әдебиет әлемі» сериясымен былтыр «Мұқағали» жинағын шығарғанымыздан хабардар боларсыз. Қағазы, безендірілуі, қалыбы ерекше болып жарық көрген кітабымызды жұртшылық ерекше ықыласпен қарсы алды. Мерейтойы тұсында ғана емес, одан кейінгі аралықта да тарту сипатындағы кітапқа деген сұраныс баршылық. Жұрттың тіпті бұл кітабымызды той-томалақтар­да сый-сияпат ретінде ұсынғандарының да куәсі болып жүрміз. Бұл — қазақ оқырманы нарыққа көшкен алғашқы жылдардағыдай емес, есін жиып, оң-солын түгендей бастағанының көрінісі емес пе?! Ұлы Ғабеңнің «Көркем сөз — жанның сәулесі» деген сөзі бар. Сол сәуледен шуақ алған ұрпақ қана ұшпаққа жеткізсе керек. Қазақ әдебиетінің алыптарын түгендеген жоғарыдағы жұмыстарымыз биыл өз жалғасын тауып отыр. Тақауда оқырман қолына «Әдебиет әлемі» айдарымен «Ғабит Мүсірепов», «Оралхан Бөкей» сынды эксклюзивтік жинақтарымыз тимек. — Енді оқырман көзайымына айналып отырған «Сөз өнері» айдарымен жарық көрген Мұхтар Шахановтың «Махабатты қорғау» кітабына оралайық. Оқырман жыр жинағын қалай қабылдауда? Алдағы уақыттарда қандай кітаптар жарық көрмек? Осы тұрғыда әңгіме өрбітсек. — Кітап атаулының бәрін қымбат қағазға түрлі-түсті етіп басу шарт емес. Дүниежүзінде қалыптасқан стандарт қалыптағы кітаптар оқырман сөресі­нің денін құрауы түсінікті. Дегенмен, әр кітап өз жаңалығын арқалай келсе, қанеки. Осы есеппен уақыт сынынан өткен, әлдеқашан оқырманының жүрегін жаулаған әдебиет үлгілерін бөлекшелей шығару озық елдерде қашаннан бар үрдіс. «Әдебиет әлемі», «Сөз өнері» айдарлары аясын­да шығатын кітаптарымызды сол озық дәстүрлерге лайықтай шығаруға ұмтылуымыздың себебі сол. Бір айта ке­терлік жайт — бұл кітаптарымыздың бір­­қатарын біз баспаның өз қаржысына шығарып, кеткен шығындарымызды кітап сату арқылы жабуға әрекет жасап жатырмыз. Кей әріптестеріміздің мемлекет бөлген қаржыға ғана кітап шығарып, қол қусырып қарап отыратыны жасырын емес қой. Шүкіршілік, бұл тұрғыда ондаған жылдардан бергі тәжірибелеріміз өз нәтижелерін беріп отыр. Таяуда Мұхтар ағамызбен шымкенттік оқырмандардың кездесуі өтті. Сонда жұрттың кітапқа деген сұранысын, қызығушылығын көріп қатты толқыған жайымыз бар. «Кітап өтпейді емес, жетпейді» деген ежелгі әңгіменің растығына бұл жолы да көз жеткізіп қайттық. Жалпы «Сөз өнері» деген айдары­мыздың аясында алдағы екі-үш жылдың ішінде елу кітап шығаруды жоспарлап отырмыз. Жақын арада оқырман Қарауылбек Қазиевтің, Оралхан Бөкейдің, Тәкен Әлімқұловтың, Сейдахмет Бердіқұловтың кітаптарымен қауышатын болады. Асекеңнің, Асқар Сүлейменовтың «Мінәжаттағы»: «Таңның салқын шапағымен, Жау жақ бетке ағызғанда, Кө қазаны терге толған Аттарға серт!» деген өлеңіндегідей әңгіме ғой! — Кітап өндірісіндегі жұмыста­рыңыздың қайнап жатқан шағы сияқты. Осындай қарбаласта уақыт тауып әңгімелескеніңізге рахмет! Көзайым кітаптарыңызбен оқырмандарыңызды қуанта беріңіздер дейік! Әңгімелескен Динара ІЗТІЛЕУ

2928 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9293

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7366

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5108

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4490

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4454

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4413

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4150

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4142

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы