• Тіл
  • 25 Шілде, 2012

Шетелдегі қандастарымыз қамқорлықтан шет қалмасын

«Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол – білім. Он шетел тілінде сөйлесе тіпті жақсы, бірақ он шетел тіліне орап ана тілін тұншықтырып тастаса, ол – кешірілмес күнә. Сол себепті де, мемлекеттік тіл – ол біздің мемлекетімізді құлатпай ұстап тұратын бір мықты діңгек екенін ұрпақтарымыз біліп өсуге тиіс» деген еді Елбасы Н.Ә. Назарбаев. Көкірек көзі ояу әрбір қазақ өз ана тілінде көркем сөйлеп, ата-бабаларымыз ардақтаған тіл байлығын келер ұрпаққа жеткізу азаматтық аманатым деп түсінуі тиіс. Ұрпақтан-ұрпаққа, бабадан-балаға жалғасқан ұлы мұра – ұлттың тілі. Оның мәртебесін көтеру баршамыздың парызымыз ғой.  

Тәлім-тәрбие де тілден басталады. Халқымыз қашанда өз ойын көркемдеп, мақалдап-мәтелдеп, бейнелеп сөйлеуге шебер. Бірақ бүгінгінің жастары осы шеберліктен кенже қалып бара жатыр емес пе?! Олай дейтінім, күнделікті оқу орындарында, қоғамдық көліктерде, көшеде сөздік қорымызда кездеспейтін сұрықсыз сөздерді еститініміз жасырын емес. «Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек» деген бабаларымыздан қалған сөз бар. Қазіргі жастарымыздың тілінде дәм де, мән де қалмай бара ма деп қынжыласың. Аға буын замандастарымыз сияқты біз де кезінде арман болған жасыл қала Алматының кітапханалары мен оқу залдарының табалдырығын тоздыра жүріп білім алдық, есейдік. Ал қазір бәрі басқаша. Жастардың бір кемшілігі сол – сөйлесе кетсең, көпшілігі мүдіріп, аузына сөзі түспей, білген сөзінің өзін таза қазақ тілінде жеткізе алмайды. Ана тілінде таза сөйлей алмайтыны, сөйлемдерінің басы мен аяғы араласып кететіні бірден байқалады. Бұның өзі, әрине, тіл ұстартуға зер салмағандықтың салдары. Әрине, бұл салдардың ұшы отба­сында жатыр. Кейбір аталар мен әжелеріміз бөгде тіл арқылы өздерінше «мәдениетті» болып көрінгісі келе ме, немерелерімен өзге тілде шүлдірлесіп, нәтижесінде тілін өзі жаралап тұрғанын түсінгісі келмейтіні жасырын емес. Қазақтың сөз құрамы кеше ғана қалыптаса бастаған жоқ, ол бағзы заманнан бері қарай, яғни ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Сол мұрамызды кейінгі ұрпағымызға саф алтындай сақтап жеткізу – парызымыз. Олай дейтінім, біз сол қазақ балабақшасы мен қазақ мектебі тапшы болған замандағы балалардың ата-аналарымыз. Балаларымыз орысшаланған ортада өсті. Жас сәбиге не кінә қоясың?! Отбасында ата-анасымен бірге болатын аз уақыттарында олармен ана тілімізде сөйлестік және талап қойдық. Бала тіліне бөгде сөздің араласпауын ата-ана тыймаса, өзге тілді «сөздік қор» молая түсері сөзсіз. Ендеше, таза сөйлеу де мәдениеттіліктің бір белгісі. Екінші себеп, жастардың санасын ғаламтор жаулап алды. Кітапхана мен оқу залдарында орындалатын ізденістің, еңбектің бәрін еш қиындықсыз-ақ ғаламторыңыз атқарып тұр. Жаһандану жағдайында тіл білгеннің артықтығы жоқ, бірақ өзге тілге өз тіліңді он орап, өзегін өртесең, өз тіліңнің өшкені емей немене! «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» техниканың озық заманында мүлде компьютер қолданбасын дегенім емес, тек орнымен қолданса жөн болар еді. «Елге ел қосылса – құт» демекші, атажұртқа оралып, халқымыздың санын молайтып жатқан бауырларымыздың алдында тұрған күрделі мәселенің бірі – тіл мәселесі. Қытайдағы қазақ қытайдан, Моңғолиядағы қазақ моңғолдан көп нәрсе үйренеді. Олар байырғы бай да кең, ұзын да ұғынықты, өткір, асыл қазақ тілінің қаймағын бұзбай, қайтадан өзімізге әкелушілер. Зерттеуші ғалымдардың пікіріне сүйенсек, шетел қазақтарының Қазақстанға оралуының тағы бір пайдалы жағы – олар қазақ тілін дамытуға өз үлестерін қосуда. Жылда, жаз айларында атажұртына деген сағынышын арқалап, студент болуға ынталы жастар легі келеді. Аталмыш елден келген жастар ұлттық тілге, салт-дәстүр, дінге сызат түсірмей сақтап келген. Қазақтың ежелгі дәстүрі мен рухани дүниетанымын жақсы сақтай білген олар ұлттық жадымыздың қайта түлеуіне де зор үлес қосары даусыз. Өздері басқа елде туып, ер жетіп, тәрбиесі сол өзі мекен еткен елдің салт-санасын қабылдауға мәжбүр болған жасқа атажұртына оралғаннан кейін, тарихи Отанның әлеуметтік өміріне бірден араласып және тез ортаға бейімделуіне кедергілер кездесіп жатады. Филология ғылымдарының докто­ры, белгілі ғалым Нұргелді Уәлиұлы «Қазақ тілі тілдік тұлғаның капиталы болуы тиіс» деген мақаласында: «Атажұртына оралған қандастарымызға орыс тілін үйреткеннен гөрі, шетелдегі қазақтарға өз ана тілінде оқуға мүмкіндік беру жағын қадағалағанымыз жөн болар...» деген ұсыныс айтады («Ана тілі», 2-8 қыркүйек, 2010 ж.). Ғалымның бұл ұсынысын қолдайтындардың бірімін, себебі де жоқ емес. Мысалы, өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап, Қытайда жоғары оқу орындарында ақылы білім беру тәртібі жолға қойылды. Оқу бітірген қазақ шаруасының баласы жұмыс орнын конкурс арқылы немесе еңбек биржасы арқылы өзі табуға тиісті болды. Осылайша, экономикалық және әлеуметтік құлдырау күйіне түскен қазақ отбасының ұл-қыздары өз қаражат-қаржысымен жоғары оқу орындарын, тіпті атақты университет бітіргендерінің өзі жұмыс орындарын таба алмайтын көрінеді. Сөйтіп, қазақ жастары жоғары оқу орындары емес, орта мектеп білімін толық алуға да құлықсыз болуда. Аудандық және ауылдық қазақ орта мектептері қысқаруға, өзара бірігуге мәжбүр. Бұл жағдай қазақ оқытушы­ларының жұмыста қысқаруына әкеп соқты. Ал қазақ оқу-ағарту, білім берудің әлсіреуі қазақ тіліндегі мерзімді басылымдар мен кітап шаруашылығын күйзеліске ұшыратты. Мұның, әрине, тіл мәселесіне айтарлықтай әсері бола­тыны даусыз. Қазіргі Қытайдағы қазақ­тың болашақтағы элитасы болатын талантты жастардың бір бөлігі осындай жолдармен білім алып, тәрбиеленіп жатыр. Бейресми ақпарларға қарағанда, 2010 жылдан бастап ұлттық тіл жазуын­да­ғы оқулықтар баспадан шығарылмай­тын көрінеді. Бұл сынды саяси шаралардың тез қарқынмен жүргізілуі аз санды ұлттарды ассимиляциялауға асығудың айқын көрінісі екенін ақпарат құралдары жазып жатыр. Аты-жөні қазақ болғанмен, түр-тұлғасы, ойлау жүйесі қытайлардан аумайтын, аты – қазақ, заты – қытай жаңа буын өсіп келе жатыр. Бұл Қытай Халық Республикасындағы қазақ тілінің қазіргі ахуалы. Қазақ диаспорасы ана тілін сақтап қалуға қанша әрекеттеніп тырысқанмен, «қос тілді» оқытудың құрығына ілініп, дәрменсіз күй кешуде. Қазір жаһандану үрдісі тұтастану дегенді білдіріп жатыр. Тіл бірлігі бар жерде, егеменді елдің тұтастығы да мықты болады. Ұлттық тілімізде сөйлейтіндердің санын көбейту – ана тіліміздің қажеттілігін арттырудың бірден-бір жолы. Сондықтан біз бір менталитетті қазақты жік-жікке бөлмей-ақ, ортақтықты, ұқсастықты, бірлік пен тұтастықты насихаттап, әлемдегі бүкіл қазақтың бірден-бір Отаны – Қазақ елі екенін дәріптеуіміз керек. Тағдыр тәлкегімен туған топырағы­нан көз жазып, әлемнің 40-тан астам еліне тарыдай шашылған қандаста­рымыз туған Отанына оралғаннан кейін оларға «оралман» деп қарамай, жергілікті өмірдің тыныс-тіршілігіне кеңінен араласып кетуіне көмектесіп, бауырымызға тартсақ, моральдық жағынан үлкен демеу болары даусыз. Ана тілімізді қастерлеп, қадірлеу – ежелгі әдет-ғұрып, салтымыз. Қазақ халқы ежелден шешендікке әуес, тіл өнері дамыған халықтың бірі. Ана тілі ардагер ақындарымыздың жыр арқауы­на айналған. Мысалы, Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Сүйемін, туған тілді – ана тілін, Бесікте жатқанда-ақ берген білім, Шыр етіп жерге түскен минутымнан Құлағыма сіңірген таныс үнім. Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты, Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным», – деп тебірене жазған. Сондықтан ата-бабаларымыз ұрпағына аманат еткен ұлттық құндылығымыздың мәңгілік болуы жолында бір қазақ емес, бар қазақ жұмылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Р.ӘБІШЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

3656 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы