• Қоғам
  • 05 Қыркүйек, 2012

Білімдінің алды жарық

Кеше Астанадағы Назарбаев универ­ситетінде өткен ҚР Президен­тінің ин­терак­тивті лекциясы шеңберінде Мемлекет басшысы білім беру бағытындағы тұңғыш «Білім» телеарнасын іске қосты.  Жаңа арна өз жұмысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ин­те­р­активті дәрісін тіке­лей эфирде таратудан бастады. Оған 5 миллионнан астам студент, жоғары, кәсіптік оқу орын­­­дарының оқытушылары, балабақша қызметкерлері мен ата-аналар қатысты. Президент дәріс оқымас бұ­рын студенттер мен оқытушылар қауымымен кез­­десіп ой бөлісетін дәстүрдің өзі үшін үлкен қуаныш екенін айта отырып, жаңа оқу жылы­ның басталуымен құттықтады. – Ықылым за­ман­­нан бері қарай қазақ атам «Білекті бірді жы­ғады, білімді мыңды жығады» деген сөз қал­дырған. Қа­зақтың бұл мақалының өзектілігі бү­­гінгі күнде айырықша болып отыр. Бұл заман бі­­лек­ке сенетін емес, білімге сенетін заман болды.

Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімізбен ғана бағаланады. Инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл бұл заманда. Терең білім тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ойы, азаматтарымыздың алдас­паны, – деп тоқталған Мемлекет басшысы әлемнің озық университеттерінде оқытушылар мен студенттерге дәріс оқи жүріп, әсіресе, соңғы рет әлемдегі бірінші рейтингте саналатын Кембридж университетінде болған кезінде Қазақстанның білім беру ошақтары, университеттері неге түбінде сондай бола алмайды деген ойға келгенін жасырмады. – Тәуелсіздіктің 20 жылынан бері қарай да біздің жағдайымыз, қаражатымыз болмады. Дегенмен, осы ой мені Назарбаев университетін салуға алып келді. Бұл жоғары оқу орнына өзімнің атымды бердім, осыдан басқа Қазақстанда менің атыммен аталатын бірде-бір мекеме жоқ. Сондықтан да, осы университетке мән бере отырып, Қазақстандағы басқа оқу орындарын кеміткім келмейді. Бүгінгі Қазақстан элитасы, елді басқарып жүрген азаматтар сол университеттерден шықты. Алдарыңда тұрған мен де сол оқу орнынан шықтым. Дегенмен, ол кездегі білім беру мен қазіргі білім беру, сондай-ақ ХХІ ғасыр талабы да өзгеше. Сондықтан да, осы университет басқа оқу орындарына тәлім-тәрбие беретін озық оқу орны болсын деп салдырдым. Соның тұңғыш өрендерісіңдер. Бақытты, табысты болыңдар, елдің тілегін ақтаңыздар! – деді Мемлекет басшысы. Президенттің айтуынша, мойындалған мемлекеттік егемендік – бұл кез келген халықтың орасан зор әрі аса қымбат ресурсы. Сондықтан да, біздің еліміз осы жылдар ішінде әлемдік мойындау мен жаһандық саяси салмаққа иеленуге жұмыс істеп келді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Тәуелсіздік жыл­дарында, яғни бір ғана ұрпақ аясында Қазақстан дамушы ел­­ден, экономикасы өсім үстіндегі табысы орташа деңгейдегі мемле­кет­ке айналды. Тәртіп пен еңбек сапа­сы – өте маңызды. Осы қарапайым ережелерсіз табысты әлеуметтік жаңғырту жайында айту қиын. Елбасы егер әр қазақстандық өз тағдырының еңбекқор қожайыны болмаса, елдегі бар жақсыны арт­тыруға үлес қоспаса немесе оны бағаламаса, онда мемлекет қаншалықты халықтың әл-ауқатын арттыруға күш салса да ол өспейді дейді. Бұл орайда құр қол қусырып отыруға болмайды. Мемлекет тиісті жағдай жасап отыр. Мемлекеттің ең басты мақсаты – жұмыс істей алмайтындарға, яғни зейнеткерлер мен мүгедектерге көмек көрсету. Ал қол-аяғы сау азаматтарға еңбек етуге жағдай жасалуда. Сосын Президент әр қазақстандық өзінен «елім жақсы болуы үшін мен не істедім және Отанымның дәулеті артуы үшін не істедім?» деп сұрауы тиіс деп санайды. Егер елде жақсы болмаса, онда ешкімге де жақсы болмайды. Яғни, мемлекеттің әл-ауқаты – ол әр азаматтың әл-ауқаты. Сондықтан әрқайсысы осы елді қастерлеп, Отанның дәулетін арттыру жайында ойлануы қажет. «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивті дәрісі барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке мектепке дейінгі тәрбие мен білімнің заманауи әдісін енгізуді тапсырды. Бұлар инновациялық, білім беру технологиялары, креативті болуы шарт. Ал орта білім беру жүйесінде еліміз 12 жылдық білім беру жүйесін енгізу жұмыстарын жалғастыратын болады. Жаңа білім беру стандарттары әзірленеді. 12 жылдық білім беруді қамтамасыз ету үшін тағы да қосымша 522 мектеп салынады. Сонымен бірге орта білім берудің инфрақұрылымы да жақсара түспек. Бұйырса үш ауысымда оқу жойылады. Сосын Үкіметке ілкі мектептерде жан басына шағып қажыландыру жүйе­сін енгізуді, жақын бесжыл­дықта 120 мыңнан астам мұғалімді қайта даярлаудан өткізуді тапсырды. Дербес мектептерді дамыту мәселесіне де көңіл бөлу қажет­тігін ескертті. Бұйырса Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры университет айналасында жоғары технологиялық-ғылыми өндіріс­терді шоғырландыру бойынша нақты жоспарлар әзірлейді. Сон­дай-ақ, «Самұрық-Қазына» қоры уни­верситетпен бірлесе отырып, индустриялық кәсіпорындар тапсырысымен жұмыс жасайтын инжиниринг орталығын құратын болды. Бүгінгі күні Зияткерлік мектептердің желілері де белсенді даму үстінде. Биыл 35 білім мекемесі Зияткерлік мектеп стандарттары бойынша жұмыс істей бастаған. Алдағы кезде білімге электрондық жүйе де енгізіледі. 2012 жылы бұл 600 мектепте енгізіледі. Соның арқасында ауылдағы және мүмкіндігі шектеулі балалар да электрондық оқу материалдарына қол жеткізе алады. «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты дәрісі барысында Мемлекет басшысы жастарды кітапты барынша көбірек оқуға шақырды. Сөз орайы келгенде Гарвард университетінің ұрандарының бірін мысалға келтірген Президент барлық білім алушыларды белсенді түрде еңбек етуге, жан-жақты болып, спортпен шұғылдануға, өнерге қызығуға, ғылыммен, тілдерді меңгерумен айналысуға шақырды. Б.Әбдіғаппарқызы

4493 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8280

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6785

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4534

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3916

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3883

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3843

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3571

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3571

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы