• Қоғам
  • 12 Қыркүйек, 2012

Қой бастаған көк серке

Қазақтың қызық қасиеті бар. Әлі күнге ешкі десе елең ете қоймайды. Қазақы стереотипке сүйенсек, Сексек ата төлі сүйкімсіздеу. Не үшін? Ешкім ештеңе демесе де, тастан тасқа секіріп, секеңдеп жүретін ешкінің еленбегені былай тұрсын, төрт түліктің сапына да енбей қалыпты. Тек қойға қосарлап айта салады. «Еті аз, қылшықты, одан қалса ауызда майы қатып қалады» деп мұрын шүйіретініміз тағы бар. Ал сол ешкі малының сан түрлі ауруға ем сүті, мамыққа бергісіз түбіті, қала берді, қылшығы мен терісінің өзі күллі адамзаттың қажетіне жарап келе жатқанын есімізге түсірсек ше? Күллі адамзаттың дейтініміз ешкіні елемей жүрген біздің ел ғана ма дерсіз. Ерінбеген елдер ешкіден еселеп пайда табуда. Иесіз жатқандай елестейтін иен даласы бар қазақ жерінің климаты ешкі өсіруге де қолайлы болар еді, бірақ жуықта қолға алынатын түрі байқалмайды. Қолда бардың қадірін білмей жүрген біз бүгінде өзгенің өніміне қол созып отырмыз. Неге?

Емізіктің орнына – ешкі сүті! Әлі күнге Қазақстанда ешкі сүтін өндіретін ірі өндіріс орны жоқ дегенге сенесіз бе? Кім біледі, кезінде мыңғырған мал айдап, миллиондап ет өткізген ел ешкі сүтіне жарымай отырғанына сену қиын шығар. Бірақ, бұл – рас. Елде ешкі сүтін өндіретін өнеркәсіп ашу аракідік айтылып қалады. Бірді-екілі ғана жеке азаматтардың шағын шаруашылықтары бар. Оның өзінің аясы тар. Сөйте тұра Сексек ата тұқымын көбейту, оны көл-көсір табыс көзіне айналдыру ешкімнің ойына келер емес. Ешкінің басқа емес, сүтіне ерекше мән беріп отырған Еуропада осыдан екі ғасыр бұрын дәрігер мамандар ана сүтін тек ешкі сүті ғана алмас­тыра алатынын айтты. Егер тарихқа көз жүгіртсек, біздің бабаларымыздың өмірлік бай тәжірибесінде бұл бұрыннан бар екенін байқауға болады. Әл-Фарабидің өзі ешкі сүтінің қасиетіне ерекше мән беріп, ол туралы өз еңбектерінде жазып қалдырған. Өйткені ешкінің сүті сан аурудың дауа­сы десек, өзге елдер осы сырқаттарға шипа іздеп шарқ ұрып жүргенде, күнделікті сусындарының арасында ешкі сүті кездесетін біздің халыққа бұл аурулар жолай қоймаған деседі. Бұрын, әрине. Қазақ әлсіреген адамдарды әлдендіру үшін, әсіресе кішкентай балалардың өсіп-жетілуі үшін күнделікті ешкі сүтін ішкізуді әдетке айналдырған. Тіпті ешкі сүтінің емдік қасиеттерін күшейту үшін оны түрлі қоспалармен бірге қайнатуды да білген. Мысалы, көздің бұлыңғырлануына қарсы күнжітпен, іш өтуге қарсы арпа жармасымен қоса қайнатқан қоспаларды ішкізген. Кейінгі кездері еліміздің тағам­тану академиясы да ешкі сүтінің емдік, профилактикалық қасиеті туралы айтып-ақ келеді. Өкпеқұрт, қант диабеті, асқазан, ішек жолдары, аллергия мен анемия сияқты ауруларды емдеуде, олардың алдын алуда ешкі сүтінен асып түсетін дәм жоқ екен. Бұл сондай-ақ өкпе аурулары мен суық тиюден қорғайды. Сонымен қатар гепатит, астма және т.б. ауруларға ем болып табылатын ешкі сүтін түрлі тағамдарға аллергиясы бар адамдар да еш қорықпай іше беруіне болады. Тері мен буын ауруына шалдыққан, өтіне тас жиналған жандарды, фибромиома мен балалар эпилепсиясы дертін емдеуде де ешкі сүті – таптырмас дауа. Тағамтану академиясы маманда­рының мәліметіне сүйенсек, ешкі сүтінің құрамында 12 түрлі дәрумен бар екен. Әсіресе тиамин дәруменіне бай. Бұл – «В» тобы дәрумендері арасындағы адам денсаулығына аса пайдалы дәрумен. Оған қоса құрамында С және А дәрумендері де кездесетін ешкі сүтінің ақуыздық, майлылық, дәрумендік және микроэлементтік құрамы бойынша басқа сүт өнімдерінен артықшылығы – оның азықтық және биологиялық құндылығының жоғарылығында. Мысалы, біз күнделікті қолданатын сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүті түрлі минералдар мен микроэлементтерге де бай болып шықты. Оған қоса сиыр сүтіне қарағанда анағұрлым ағзаға сіңімді де. (Білуімізше, сиыр сүтінде темірдің мөлшері көп. Сондықтан оның сіңімділігі ауыр). Ешкі сүтін еш күдіксіз күнделікті қолдануға болатын тағы бір қасиеті – оның сиыр секілді бруцеллезбен ауырмайтынында. Жалпы ешкі малының өзі басқа үй жануарлары секілді ауруға бейім емес. Ешкі тіпті ешқашан түберкулезбен де ауырмайды екен. Осының бәрін біле тұра, мол мүмкіндік көре тұра отандық дәрігерлер неге ана мен балаға ешкі сүтін ішуге кеңес бермейді дейміз ғой. Қызылды-жасылды шетелдік дәрумендер мен тетрапакеттегі түрлі қоймалжыңдарды ішуді ұсынғанша, табиғи ешкі сүтін ішуді ұсынса, қай ана қарсы болар еді. Емшек сүтіне жарымаған балаға емізік беріп емексіткенше ешкі сүтін беріп есейтпей ме?! Өйткені ана сүтін алмастыра алатын сүт ешкі сүті екенін әлем мойындап үлгерді. Тағы бір дерек, елде бала туу жа­сындағы әйелдердің көбі анемия ауруы­на шалдыққан. Ешкі сүтінің анемияға аса пайдалы екенін ескерсек, неге жаппай ешкі сүтін күнделікті қолданатын азық-түлік қатарына енгізбеске. Оған қоса жетілмей туған шараналардың адам қатарына қосылуына да ешкі сүтінен жасалған қоспалар көмектесер еді. Мысалы, Ресей нарығында ешкі сүті негізінде жасалған, ана сүтін алмастыратын қоспалар баяғыда пайда болған. Ол аз десеңіз еуропалық ірімшіктер мен йогурттардың құрамының дені ешкі сүтінен тұрады екен. Ал біздің отандық нарықта ешкі сүтіне мүлде мән берілмеген. Ешкі сүтінен тұратын балалар тағамдарының тоқсан пайызы шетелден келеді. Рас, бізде отандық сүт өнімдерін шығаратын өндіріс орындары бар, бірақ осы ешкі сүтін өндіруді ешбірі қаперіне алар емес. Тек 2009 жылдан бастап «Ақ бас­тау» атты компания голландиялық өндірушілермен серіктесіп, ультрапас­терленген ешкі сүтін шығарып келеді. Ультрапастерленген ешкі сүтінің 1 литрінің бағасы 800 теңге, сатылым бағасы 1300-1500 теңге, сақталу мерзімі алты ай. Алайда жалғыз «Ақ бастаудың» өнімдері елдің нарығын жаулай алмасы анық. Сондықтан елдің Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселені қаперге алып, ешкі сүтін өндіруді қолға алғысы келетін азаматтарға жағдай жасаса, елдегі шипажайлар диеталық тағамдарының мәзіріне ешкі сүтін енгізсе, жаңа туған балаларға есейгенше берілетін биологиялық тағамдардың қатарына ешкі сүтінен жасалған қоспалар кірсе, отандық дәрігерлер, диетологтар тарапынан аталған өнім көбірек насихатталса құба-құп болар еді. Түбіт түтіп, тері илеп табыс тапса... Ешкінің еті мен сүтінен бөлек тағы бір пайдасы – оның түбіті. Әйелдердің бөкебайы, мойын орағышы, шәлі, қолғап дейсіз бе, түрлі түбіттен тоқылатын бұйымдар мамықтай жұмсақтығымен, жеңілдігімен, жылылығымен жанға майдай жағады. Қазақ талғамында ешкі түбіті түйе жүнінен де қымбат, тіпті жібекпен теңдес саналған. Түбіт иіруге де икемді. Жалпы ешкі жүнін түбіт, қылшық деп екіге бөледі. Оны ешкі түлеген кезде қылшық жүнмен бірге қырқып алып, түтіп, қылшығынан бөледі. Дамыған елдерде түбітті түтіп, қылшығынан айы­ратын түрлі техника ежелден болуы тиіс. Бірақ мен мұның Сізге әжелерден қалған жедел әрі жеңіл әдісін айтайын. Бала кезімде Бақытжамал әжемнің қасында отырып, түбітті қылшығынан тазалау мен үшін қиямет-қайым болатын. Бала болған соң жалығатын да шығармын. Бірақ әжелердің сол кезде бір қулығы болатын. «Қылшығынан тазартып әрі таудай етіп түбіт түтсең Құдай сол таудай боп түтілген түбіттің астына қалаған нәрсеңді қалдырады» дейтін. Сөйтіп, бір топ қыз таудай түбітті әп-сәтте түтіп тас­тайтынбыз. Түбіттің басты қасиеттері – жылу сақтағыштығы мен ылғалды көп сіңіргіштігі. Түбіттің табиғи түсі көбіне ақ, қара, қоңыр боп келеді. Ақ түсті түбітті кез келген түске бояуға болатындықтан, жоғары бағаланады. Ешкі орта есеппен бір жылда 300 грамм түбіт берсе, ал ешкінің кейбір тұқымының түбіті 800 грамға дейін жетеді. Өз кезегінде түбіттен тазаланған қыл­шық та қажетке жарап отырды. Әсіресе арқан-жіп ескен кезде міндетті түрде еш­кінің қылшығын қосқан. Ол ар­қанның беріктігіне кепіл болған. Сонымен бірге тақыр кілем, алаша секілді бұйым­дарға да пайдаланылған. Қабырға­ға ілініп, еденге төселетіндіктен олардың тез тозатыны да белгілі. Ал ешкінің қылшығы қосылған төсеніштер тесілмейді екен. Бұл ретте арнайы жүргізілген зерттеулер қазақтың жергілікті жүнді ешкілерінің түбіті мен қылшығы сапасы бойынша әлемдік нарық талаптарына сай, бірақ олардың өнімділігі өте төмен екендігін көрсетті. Осы себепті ешкінің генотиптік және паратиптік (бағу-азықтандыру) жағдайларын ғылыми негізде жақсарта отырып, түбіт түсімі мен сапасын арттыру да алда тұрған мақсаттардың бірі. Ал ешкінің терісі – таптырмас былғарылардың бірі. Ешкі терісінде май бездері қой терісіне қарағанда азырақ болатындықтан, емізікше қабатында бос қуыстар көп болмайды, ал торлы қабаты берік, мықты болады. Өзеңді құрайтын талшықтар тобы берік және жуандау келіп, бір-бірімен ілінісе және көлбей орналасқандықтан, былғарыға әрі беріктік, әрі жұмсақтық қасиет береді. Сондықтан былғарылық шикізат ретінде өте жоғары бағалана­ды, одан жеңіл аяқкиімге арналған өте әсем былғары – шевро дайындалады екен. Бұл да білгенге бағаланбай жатқан бір байлық... Ешкі өсір, еңбегің қайтар еселеп! «Есі кеткен ешкі өсіреді» деген де мәтел бар қазақта. Есі кеткен дейтіні – ешкінің өсімталдығына қарай айтқаны. Еңбегінің еселеп қайтып, есі кете, ешкі өсіруге ден қойған жанға қарата айтылса керек. Өйткені ешкі малының ең басты ерекшелігі – кез келген жағдайда өсуге бейімділігі. Біріншіден, күй талғамайтын жануар, сондықтан оларды кез келген орында, басқа үй жануарларымен бірге бағуға болады. Ең бастысы орны құрғақ, өкпек жел болмаса болғаны. Оның бір дәлелі мезгіл талғамай төлдей беретін ешкілердің қара суықта туған лақтарын әжем бауырына қысып, үйге кіргізетін. Аяғынан тұрып кеткенше жылы жерде асырап, емізікпен сүт беріп, қатарға қосып жіберуші еді. Оған қоса қазақтың шұрайлы жері мен климаты ешкі өсіруге аса қолайлы екенін жоғарыда айттық. Тағамтану академиясының президенті Т.Шарманов Израильге барған сапа­рындағы ешкі сүтін өндіруді қолға алған елдің әдіс-тәсіліне таңғалған екен. Жерінің қолайсыздығына қарамастан заманауи тәсілдерді қолданысқа енгізу арқылы жағдай жасап, ешкі шаруашылығын түлетіп отырған елдің еңбекқорлығына шынында да таңғалуға болар. Ендеше жері шұрайлы һәм құнарлы қазақ жері ешкі өсіруге өзі-ақ сұранып тұр емес пе? Оған қоса соңғы жылдары мал басының азайып кеткенін, кезінде мыңғырған мал басының миллионға жеткенін жиі мысалға алатын болдық. Сондықтан ешкі өсіріп, еңбегін еселеп қайтарып отырған елдерден үлгі алып, қарекет қылған абзал. Қазақ «Ешкілі бай – еселі бай» деп бекер айтпаған шығар... Ешкі жайлы ескі пікірден арылсақ Иә, ешкі туралы айтпас бұрын ең алдымен ешкіге деген ескі көзқарастан арылу керек. Бұл біздің санамызға сіңіп қалған секеңдеген сүйкімсіз жануар болмауы керек (тышқан өсіріп, табысқа кенеліп отырған елдер де бар ғой). Бір қауым елді аштықта аман алып қалған ешкілерді еске түсіріңіз. Ал отар-отар қойды қасқырдан қорғаған серкелер ше? Серке дегенде сөз бөлек. Бауыр­жан Момышұлының серке туралы былай дегені бар: «Қазақта серке деген сөз бар. Серке отарды бастайды. Қасқыр келсе, мүйізімен сүзіп жолатпайды. Сол себепті серке деген сөз біздің қазақ әдебиетінде бейнелі ұғым болып қалды. Жұрт көңілі толғандарына «Е, мынау серке жігіт екен ғой» дейді. Ешкіде теке де болады. Бірақ текенің бәрі серке емес. Текеде мүйіз қысқа, серкеде ұзын. Серке – көсем, оған жалғыз ешкілер ғана емес, күллі қой бағынады.Текелер қызғаншақ келеді. Олар төбелескенде мүйіздері сарт-сұрт етіп, Құдай салмасын, өлген-тірілгеніне қарамайды. Ешкім олардай төбелесе алмайды. Ал серкелер төбелеспейді, қызғаншақ емес. Тыңнан соқпақ салып, жол бас­тайды. Жақсы серкелерді қазақтар ешуақытта пышаққа жықпаған. Оларға сенген, құрметтеген. Сол себепті серке біздің фольклорда, әдебиетте ерліктің бейнесі ретінде қолданылған. Серке – намысшыл, қорасына қасқыр тисін, кім тисін, қарсы барады, өзін құрбандыққа шалады. Қойдың қошқарға бағынбай серкеге бағынуында осындай сыр бар». Кеше «Серке» деген ел газеті ел игілігіне жараса, бүгін «Серке» атты сайт өз қызметіне кірісті. Қазақ өнерінің серкесіне айналған Серке Қожамқұловтың да есімі тектен-тек қойылмаса керек. Сондықтан ешкі дегенде езу тартпас бұрын, ескі стереотиптен арылайық.

Қазақ біреуді келеке еткенде, (кейде қолдағы барын байлығына айналдырып отырғандарға қарата да) «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дейтіні бар. Солай қылжақтайтын қазақтың қорасынан бүгінде бес ешкі де таппайтын болдық. Өйткені бақпайтын болды. Сөйтіп, ақыры ешкі сүтін емге іздеп таппайтын болды. «Бақпасаң мал кетеді, қарамасаң қатын кетедінің» кері осы шығар. Ал берекесін бес ешкіден тапқан елдердердің ысқырығын қайдам, бренді жер жарады. Д.ІЗТІЛЕУ

8285 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8232

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6757

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4504

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3885

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3852

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3814

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3542

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3540

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы