• Тұлға
  • 20 Қыркүйек, 2012

Қазыналы Қарағанды

Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайыновпен әңгіме  

– Әбілғазы Қалиақпарұлы, Қара­ғанды облысын еліміздің басқа өңірлерінен ерекшелеп тұратын қай жағын алдымен атар едіңіз? – Ең алдымен, Қарағанды облысы жер көлемі жағынан Қазақстандағы ең үлкен облыс болып табылады. Оның аумағы 428 мың шаршы шақырымды құрайды. Яғни, біздің жерімізге бірнеше еуропалық мемлекетті сыйғызып жіберуге болады. Біз Қарағанды жерінің еліміздің тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбек және саяси атамекені екендігін ерекше мақтан тұтамыз. Қойнауы қазынаға толы Қарағанды жері республиканың минералдық-шикізаттық кешенінде аса маңызды орын алатыны белгілі. Қазақстанның темір-марганец, баритополиметалл, мыс, сирек кездесетін металдар және көмір кенінің ең мол қоры орналасқан өңір. Қарағанды облысының тағы бір ерекшелігі – оның тиімді географиялық орналасуында жатыр дер едім. Көптеген көліктік магистральдардың біздің аумағымыз арқылы өтуі еліміздің басқа өңірлерімен шаруашылық байланыстарды нығайтуға, экспорттық әлеуетті Орталық Азия, Ресей және Қытай нарығына шығаруға үлкен мүмкіндік береді. Осыдан аз ғана уақыт бұрын Елбасы қатысуымен өткен телекөпір кезінде құрылысы басталған, ғасырдың ғаламат жобасы атанып үлгерген Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл теміржолдары салынып біткен соң мүмкіндіктеріміз бұдан да ұлғая түсері сөзсіз. – Экономиканың қай салалары облыс үшін айрықша маңызға ие, өнеркәсіптің қай саласы ерекше дамыған? – Бүгінгі күні Қарағанды облысының экономикасы қарқынды дамып келеді. Өзіңіз білесіз, оның негізін тау-кен өнеркәсібі, өңдеуші кәсіпорындар құрайды. Қара және түсті металлургия үлесіне облыстың барлық өнеркәсіптік өнімінің 80%-дан астамы кіреді. Сонымен қатар металлургиялық комбинаттардың өнімдерін өңдеуге бағытталған машина жасау және металл өңдеу саласын атап кету керек. Химия және фармацевтикалық өнеркәсіп те жақсы дамып келеді. Бір айта кетерлігі, соңғысы отандық өнеркәсіптегі санаулы жоғары тех­нологиялық салалардың бірі болып табылады. Өңірлік және жалпы еліміздің сұранысын қанағаттандыруға бағытталған құрылыс материалдары өндірісі де даму үстінде. – Өңірдің металлургиялық саласында қандай ірі жобалар жүзеге асырылуда? – Қарағанды облысында еліміздің басқа өңірлеріндегідей ел Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген үде­мелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы қызу жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге Индустриаландыру картасына облыс­тан экономиканың түрлі салаларының 56 жобасы енгізілді. Олардың ішіндегі ең ірісі деп «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының «Өндірісті дамыту және жаңғырту» жобасы болып табылады. Ол болат шығару көлемін 2015 жылы 6 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Жалпы құны 133 млрд. 554 млн. теңгені құрайды. Жобада қазіргі жұмыс істеп тұрған өндірістерді одан әрі жаңғырту және жаңадан қосымша қуаттылықтар салу көзделінген. Атап айтқанда, осы жоба аясында Мемлекет басшысының біздің облысымызға өткен жылдың қараша айындағы жұмыс сапары кезінде екі өндіріс іске қосылды. Олар – №2 домна пеші мен №3 әзірлемелерді үздіксіз құю машинасы. Домна пешін реконструкциялау оның пайдалы көлемін 400 куб метрге дейін ұлғайтып, өндірісті 15%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Жобалық қуаттылыққа шыққан соң ол жылына 1,3 млн. тонна шойын беретін болады. Ал үздіксіз құю машинасына келер болсақ, ол компанияға өзінің шаршы әзірлемелер (блюм) өндірісін жолға қойып, 1,2 млн. тоннаға дейін өндіруге мүмкіндік берді. Бір айта кетерлігі – бұған дейін мұндай өнім шетелден әкелініп келген болатын. Біздің облысымызда сондай-ақ «Silicium Kazakhstan» ЖШС металл шақпақтасын шығару бойынша бірегей жоба жүзеге асырылуда. Кәсіпорында бірінші пеш іске қосыл­ған уақыттан бері 15 170 тонна кремний шығарылды. Осы айдың басында екінші пешті де іске қостық. Соның арқасында зауыт жылына 25 мың тонна кремний шығаратын болады. Silicium Kazakhstan жобасын жүзеге асыру тек біздің облысымыз үшін ғана емес, бүкіл республикамыз үшін өте маңызды. Жоба инновациялық әрі бәсекеге қабілетті болып табылады. Экономикалық тиімділігімен қатар оның әлеуметтік маңызы да зор. Қазірдің өзінде 423 жаңа жұмыс орны құрылды, кремний өндірісі сияқты металлургияның тың бағыты бойынша мамандар даярланды. Жобаның іске қосылуы Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласындағы қойылған міндеттер үдесінен де шығады. Себебі, өндірістің мұндай түрлері еңбекпен қамтуға және кадрлар даярлауға негіз болады. Тағы бір маңызды жобалардың бірі – «Металлургия-металлөңдеу» ин­дустриалдық паркі» ЖШС инфра­құрылымының құрылысы. Оның жалпы құны 25 млрд. 462 млн. теңгені құрайды. Инфрақұрылым нысандарының құрылысы 2012 жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Индустриалдық парк базасында 2011 жылдың желтоқсан айында Президент Жарлығымен «Сарыарқа» арнайы эконо­микалық аймағы құрылды. Оның басым бағыттары металлур­гиялық өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі, дайын металл бұйымдарын, машиналарды, құрал-жабдықтарды, автокөлік құралдарын, компьютерлер мен электр жабдықтарын шығару болып табылады. Сонымен қатар мұнда химия, құрылыс материалдары, бейметалл минералдық өнімдер де шығарылмақшы. Бүгінгі күні «Сарыарқа» АЭА қатысушы мәртебесін 53 компания алып үлгерді, 11 жоба бойынша жұмыстар басталып кетті. Олардың арасында Қарағанды кешенді құймалар зауытын атап кетуге болады. Мұнда Химия-металлургиялық институттың ғалымдары әзірлеген «Қазақстандық» деп аталатын құйманы шығару жоспарланып отыр. Жобаға бүкіл әлемге белгілі «Тиссен Крупп» сынды неміс компаниялары қатысады. Жалпы құны – 82,5 млрд. теңге. Осы ретте «КМК Профиль» ЖШС «Профильденген илек шығару өндірісін кеңейту» жобасын да атай кетуге болады. Оның жалпы құны – 331 млн. теңге. Жобалық қуаттылығы жылына 20 мың тонна өнім. Кәсіпорын өнімі өңіріміздің, жалпы еліміздің құрылыс саласына өте қажетті өнімдердің бірі. Кәсіпорын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өнімдерін қайта өңдейді. Сатып алу көлемі Қазақстан Республикасындағы металл трейдерлерінің сатып алу көлемінің 15%-ын құрайды. Өндірісте металл өңдеу саласындағы ең жаңа ресейлік және еуропалық технология­лар қолданылады. Сондай-ақ «АзияМетиз» компа­ниясының болат сым өндірісі жобасына да тоқтала кетуге болады. Оның жалпы құны 210 млн. теңге, ал жобалық қуаттылығы жылына 8 мың тонна. Бұл темірбетонды конструкцияларға арналған болат сым шығаратын еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Патенттеу желісі металлургиялық ақауларды жойып, жоғары сапалы сым алу үшін шикізат дайындауға мүмкіндік береді. Мырыштаудың технологиялық желісін пайдалану сымды коррозиядан кедергілік және электрохимиялық қорғанышын қамтамасыз етеді. Тағы бір инновациялық жобалардың бірі – «Сары Қазына» кәсіпорны. Жоба өт­кен жылдың 9 желтоқсанында Мемлекет бас­шы­сының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір кезінде іске қосылған болатын. Оны жүзеге асыру арқылы Қоңырат кенішінің минералдық түзілімдерінен жоғары сапалы катодты мыс алынатын болады. Қазақстанда мұндай әдіс алғаш рет қолданылып отыр. Жобаның жалпы құны – 7,3 млрд. теңге. Жобалық қуаттылығы жылына 10 мың тонна мыс, 145 жаңа жұмыс орындары құрылады. Қазір жаңадан салынып жатқан кәсіпорын­дардың бірі – мыс концентратын шығаратын «PROFILEX» зауыты. Жалпы құны – 3,3 млрд. теңге. Мұнда 80-ге тарта жұмыс орындары ашылатын болады. – Бұл жобалардың облыстың, жалпы ел экономикасына тигізер әсері қандай болмақ? – Ең алдымен, бұл дегеніміз жүздеген жаңа жұмыс орындары, жұмысшылардың тұ­рақ­ты жа­ла­қысы, олардың отбасыларының жайлы өмі­рі деген сөз. Сонымен қатар экономи­ка­­­ның түрлі салаларында қажетті бәсекеге қабі­летті, сапалы өнім шығарылатын болады. Сондай-ақ бұл бюджетке қосымша салық түсім­де­рі ғой. Соның арқасында біз әлеуметтік өзек­ті мәселелерді шешуге мүмкіндік аламыз. Ал егер жалпы айтатын болсақ, аталған жо­баларды жүзеге асыру өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге, Қазақстан Республикасының экономикалық қуатын нығайтуға еселі үлес қосуға мүмкіндік береді. – Сұхбат соңында тілегіңізді айта кетсеңіз. – Қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар «Ана тілі» газеті туған тіліміздің тұғырын биік­те­ту­де, ана тілімізді ардақтап, айбынын асыру­­да атқарған істері аз емес. Алаштың ардақты­лары туралы, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғалар­дың өмір-тарихы жайында зерттеу мақала­ларын қалың оқырман сүйсіне оқып келеді. Салт-дәстүрімізді насихаттау, атадан қалған асыл құндылықтарымызды, мұраларымызды дәріптеу, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру де басылымның басты бағдарының бірі. Алдағы уақытта да осы бағыттарыңыздан таймай, ұлттық құндылықтарымызды насихаттай берулеріңізге шын жүректен тілектестігімді білдіремін. – Әңгімеңізге рақмет! Батырбек Мырзабеков, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Қарағанды облысындағы өкілі

2515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы