• Тұлға
  • 20 Қыркүйек, 2012

Ерлік ұмытылмайды

Алматы қаласына қарасты Алмалы ауданы әкімдігінің Мәжіліс залында Чернобыльдағы атом электр стансаларын қалпына келтіруге атсалысқан қазақстандық ардагерлерді марапаттау рәсімі болып өтті. Шараны генерал Мұрат Қалматаев құттықтау сөзімен ашты. Ол Тәуелсіздік алғалы 20 жыл ішінде елімізде көптеген игі бастамалар қолға алынып жатқанын тілге тиек етті. Әсіресе, мемлекетіміздің гүлденуіне оң ықпалын тигізген қоғам қайраткерлері мен батырларды жас ұрпақ біліп, қадірлеу керектігін тілге тиек етті. Содан кейін Мұрат Дүйсенбіұлы Украина Президенті В.Януковичтің Жарлығымен Чернобыльдағы атом электр стансаларына үлесін қосқан адамдарға арналған «Құтқарушы батыр» куәлігі мен төсбелгісін тапсырды. Бұл марапатқа Есенбек Айдарбеков, Сергей Голубчин, Василий Столярин, Валерий Енменовтер ие болды. Жиын аяқталған соң марапатқа ие болған Есенбек Айдарбековпен жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Сіз Чернобыль қаласындағы атом элекр стансасында болдыңыз ғой... – Иә, болдым. Украинаның Чернобыль қаласына мен аяқастынан барған болатынмын. Мен өзім 1972-74 жылдары Қиыр Шығыстағы Примор аймағында әскери борышымды өтедім. Одан кейін 1977-1982 жылдар аралығында Мәскеудің автомобиль жол институтында оқыдым. Оқуды қызыл дипломмен аяқтағаннан кейін мені жас маман ретінде Өскеменге жіберді. Мен бұл өңірде жұмыс істеп жүргенімде бір күні әскери комиссариатқа шақырып, көп ұзамай мені Чернобыльға жіберді. Мен алғаш рет Чернобыль қаласына келгенімде, қалада ағаштардың жапырағы қоп-қоңыр болып кеткенін байқадым. Бізге мамандар ағаштарда пісіп тұрған жемістерді жеуге болмайтынын ескертті. Тіпті, жұтатын ауаның өзі де ауыр екендігін сезіндім. Тамағымыз бірден бітіп қалып, біз сыбырлап сөйлейтін халге жеттік. Қысқасын айтқанда, мен Чернобыльда 1987 жылдың мамырынан қарашасына дейін, яғни 6 ай уақыт болдым. Негізінен сол кезде бұл жерге барған қызметшілер әрі кетсе 2 айдан артық уақыт болмау ке­рек деген шешім қабылданған еді. Алайда, біз мерзімнен 3 есе көп уақыт болдық. Осы уақыт ішінде мен ең алдымен Чернобыль қаласындағы автоколоннада диспетчер, қадағалаушы, бақылаушы және көптеген қара жұмыстарды атқардым. Одан кейін біз Чернобыльдағы атом электр стансаларындағы блоктарда жұмыс істедік. Біз Чернобыльда зақымданған 3-ші блокты қалпына келтірдік. Бұл жерде жұмыс өте ауыр болды. Ешқандай тәжірибемнің жоқтығына қарамастан, мені прораб етіп тағайындады. Осылайша күндіз-түні аянбай еткен еңбектің арқасында 3-ші блок 1987 жылдың желтоқсан айында іске қосылды. – Чернобыльдағы апаттың ең қауіпті жарылыс болғаны белгілі... – Бұл өзі 1986 жылдың 26 сәуірінде болған еді. Осы кезде АҚШ-тың ғарышкерлері ғарыштан Чернобыль қаласында жарылыс болатынын біліп, Қара теңізде жүрген америкалық флоттарға хабар жеткізеді. Хабарды естіген бойда америкалық теңізшілер тез арада қашып үлгереді. Апат болғаннан соң Кеңес Одағы жарылыс болғанын бірден хабарлаған жоқ. Ал шетелдің «ВВС», «Азаттық радиосы» жә­не көптеген ақпарат құралдары дереу арада хабарлап жатты. Тек 1 мамырдан кейін ғана Кеңес Одағының Бұқаралық ақпарат құралдары жарылыстың болғандығы жөнінде хабарлады. Әрине, бұл өте кеш болды. Одан кейін Чернобыльді қайтадан қалпына келтіру үшін 15 республикадан мамандар тартылды. Алматыдан барған 6000 адамның көбісі зиянды сәуленің құрбанына айналды. – Қазіргі қызметіңіз жайында айтсаңыз? –Чернобыльдан Қазақстанға 1987 жылдың аяғында келдім. Отанға оралғаннан кейін мен Өскеменнің құрылыс жол институтында аға оқытушы, доцент болып қызмет еттім. Көп ұзамай үйлендім. Екі қызым бар. Құдайға шүкір, қыздарым жоғары оқу орнын тәмамдады. 2002-2007 жылдары Алматыдағы Қазақ автомобиль жол институтының кафедра меңгерушісі, ал 2007-2012 жылдары аталмыш институттың оқу-ісі жөніндегі проректоры болдым. Ал биылғы жылдан бастап Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде профессор болып, «Тасымалдау мен жол қозғалысы» бойынша мамандар даярлап жатырмын. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Нұрлан ҚҰМАР

3734 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы