• Тұлға
  • 26 Қыркүйек, 2012

Жалындап өткен жас ғұмыр

Қазыналы Қазалының қасиетті топырағында туған, тумысы бөлек тұлғаның бірі – Ғани Мұратбаев. Ол ХХ ғасыр басындағы жастар ұйымының аса талантты өкілі болатын. Оның бойына біткен күш-жігер мен ақыл-парасат қаршадайынан халықты өзіне қаратты. Ғани 1902 жылы 3 маусымда Сыр өзенінің Арал теңізіне құяр сағасына жақын Қазалы уезінде, қазіргі өз атымен аталатын ауыл аймағында дүниеге келген. Төрт жасында әкесі Мұратбай, он төрт жасында анасы Бәтима өмірден озған. Әке-шешеден етек-жеңін жимай айырылса да, қайсар бала қатыгездікке мойымай, жетімдіктің жетегінде кеткен жоқ.  Анасы Ғаниды көзі тірісінде ояз орталығы Қазалы қаласындағы орыс-түзем мектебіне оқуға берген-ді. Бұл мектепте үш жыл, содан соң бастауыш училищеде үш жыл оқып, 1917 жылы орыс революциясының өршіп тұрған кезінде Қазалыдағы оқуды тәмамдап, бір жылдай революциялық комитет құрамында қызмет істеді. Алайда, алғыр ойлы жігіт білімсіз іске аспайтынын түсініп, Ташкент қаласына оқу іздеп барады. Мұнда педагогикалық училище­ні және мемлекеттік мектепте оқып, білім алады. 1919 жылы жастар ұйымына мүшелікке қабылданады. Осы күннен бастап Ғанидың жалындаған өмірі жастар ұйымымен тығыз байланыста өтті. Сол кезеңде саяси сана-сезімі де, өмірге көзқарасы да көп жастардан озық Ғ.Мұратбаев жастар жұмысының үлгілі ұйымдастырушысы болды. 1916 жылғы, одан кейінгі оқиғалар салдарынан аштыққа, жалаңаштыққа ұшыраған жетім балаларды интернаттарға, балалар үйлеріне, мектептерге тарту ісіне белсене араласты. Музыка зерттеушісі, қазақ әндері мен жырларын және күйлерін нотаға түсіруші Александр Затаевич Ғанидың айтуымен қазақтың халық әндері «Дудар-ай» мен «Қатын жырауды» жазып алды. Бұл әндер А.В. Затаевич құрастырған «Қазақтың 1000 әні» атты жинаққа енгізілді. 1921 жылы 22 наурызда Ғани Мұратбаев­тың бастамасымен Ташкент қаласында – «Жас Алаш» газетінің тұңғыш нөмірі жарыққа шықты. Ғанидың газетке қойған ұраны: «Заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті – бірігіп ұйымдасуда. Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езілген Күншығыс жастары!» 1925 жылы 15 сәуірде Ғани Мұратбаев Мәскеудегі «Биік тау» санаторийінде ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды. 16 сәуірде Ғанидың денесі салынған табыт қоштасу үшін Мәскеу қаласындағы Шығыс Еңбекшілері Коммунистік университетінің залына қойылды. Балтық теңізі флотының 200 теңізшісі құрметті күзетте тұрды. 18 сәуірде 15 мың мәскеулік Ғаниды ақтық сапарға аттандырып салды. Қазақ елі мен жастары атынан Нәзір Төреқұлов пен Жүсіпбек Арыстанов сөз сөйледі. Өткен аптада Сыр өңірі, нақтырақ айтсақ Қазалы жұртшылығы Шығыстың жарық жұлдызы атанған, көрнекті қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығын жоғары деңгейде атап өтті. Мерейтойға қатысушылар алдымен Жанқожа батыр, сондай-ақ атақты шайыр Қарасақал Ерімбет ескерткіш-кесенелеріне тағзым етті. Қазалы қаласындағы Ғани мұражайына соғып, осындағы жәдігерлермен танысты. Қонақтар сондай-ақ кезінде Ғани білім алған, қазір М.Горький атындағы №16 мектепте болып, Ғани оқыған сыныпты, отырған партасын тамашалады. №266 мектеп-лицейде «Жалындап өткен жас ғұмыр» тақырыбында ғылыми-тәжірибе­лік конференция өтті. Оны Қазалы ауданы­ның әкімі Мұрат Имандосов ашып, кіріспе сөз сөйледі. Жиында Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Қуаныш Сұлтанов және өңірге танымал ғалымдар сөз сөйледі. Шара бұдан әрі Ғани Мұратбаев ауылында жалғасты. Осында «Атамекен» аллеясы ашылды. Жұртшылық Ж.Тұрсынов атындағы Қазалы халық театры қойған «Қазалым – атамекен», «Біздің Ғани» атты театрландырылған көріністерді тамашалады. Көпшілікке облыстық мәдениет басқармасының тапсырысымен түсірілген «Ғани» деректі фильмі ұсынылды. Бұл күнгі айтулы оқиға – ауыл орталығында Ғанидың еңселі ескерткішінің ашылуы еді. Мұнда сөз алғандар Ғанидың қамшының сабындай қысқа ғұмырында соңына өшпес із қалдырғанына тоқталды. Қазақтың тойы күрессіз, ат бәйгесін­сіз, ақындар айтысынсыз өткен бе?! Бұл жолы да со­лай болды. Қазақша күрестен республика­­лық турнир өтті. 16 ақын қатысқан республика­лық ақындар айтысы болды. Онда бас жүлдені Мұхтар Ниязов иемденсе, бірінші орынға Сара Тоқтамысова ие болды. Ат бәйгесіне республиканың әр түкпірінен 129 ат қатысты. Жүлдегерлерге алты жеңіл көлік тігілді. Жетіскен Мәкеналы Қызылорда облысы Қазалы ауданы

4506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы