• Тұлға
  • 26 Қыркүйек, 2012

Ғұмыр-дария (Дүкенбай Досжан прозасы туралы)

«Бүгін «Жұлдыз» редакциясында Оралхан Бөкеймен ұшырастым. Жазушының «Атау-кересі», кержағы тілге тиек болған еді. Ол айтты: қаламгер туған жеріне, табиғатына ұқсап туады, шығармаларым көбіне Алтайдың ақ қар, көк мұзына қолын үсітіп, маралдың мүйізін таңдайына басып айға шапшып апшыған кейіпкерлер; ал Дүкеш – сенің шығармаларың шымырлап аққан дарияның кеңқолтық арнасы секілді, кей тұсы терең, иірімі мол; кей тұсында балдыр, шұбалғысы шырмалып жатады деп күлді. Болса – болар дедім» (Жазушы күнделігінен, 1991 жыл, 12 қаңтар). Замандас кісілердің әзіл-қалжыңы қатар жүретіні мәлім. Қалжыңдап айтылсадағы қаламы ұшқыр жазушының әлгі сөзінің жаны бар ма деп ойлаймын.

Бұл күнде қазақ прозасының көкжиегін кеңейтуге өз сөзін, өзіндік көркемдік бояуын қосып жүрген Дүкенбай Досжанның «Дария», «Таразы» романдарын, «Күміс керуен» хикаятын қадала сүзіп оқып шыққанда – жазушының кейіпкер әлемі, олардың тереңнен қозғап, ұзақтан қайырған сөз саптасы, жер төңкерілгендей жүрісі, ірі тураған іс-әрекеті, сөздің ішкі қуаты, мазмұнның екінші, тіпті үшінші астарлы мегзеу-ишарасы әлгі айтқан дария ағысын елестетеді. Аяқ астынан апшу, ашыну сирек. Нендей хикметке көне білген, өмірдің қанша қыл өткеліне жығылып-сүрінген кілең өлермен жандар. Төзімін тасқа жаныған жанкешті кейіпкерлер. Әрине әлгі үлкен ағыстың ирелең-бұралаңы, теріс тартып кететін тұсы жетеді, ең ғанибеті: өмірде кездесетін жақсы-жаман кептің бәрі, тіршіліктің сан түрлі айшығы, реніші... мұңы... қызығы... сағынышы... опынысы... жер тіреген қайғысы... құс қанатына ілескен үміті... оттай ыстық сүйіспендігі, әттең-ай дегізген опасыздығы... қамшының өріміндей өрілген мағыналы өмірдің шежірелі хикметі көңілді қозғайды. Тереңнен тербетіп, тебірене күрсінтеді. Жүрегімен төгіп айтады. Алақанмен сипағандай құмның жал-жал шағылы есепті сөйлем көбіне толқынданып салалас-сабақтасқа тартады. Жазушының көп қабатты тұспал мегзеуі, қиял-ғажайып символы мен философия қатар өрілген «Күміс кер­уен» хикаятын алайық. Бұл хикаят әуелі 30 мың таралыммен қазақша (Д.Досжан, Жолбарыстың сүрлеуі, Хикаяттар, А., «Жазушы», 1984 жыл), белгілі жазушы Иван Щеголихиннің мөлдіреген аудармасымен, артынша 100 мың таралыммен орысша (Д.Досжан, Серебрянный караван, повести, М., «Художественная литература», 1985 год) жарық көрді. Әлденеше шетел тілдеріне аударылды. Әңгіме мұнда емес. Сөз түйіні: шығарманың мынау ұнамды, мынау ұнамсыз деуге келмейтін, көп қырлы, барша дәуірде, барлық қоғамда, қай өмірде өзгермейтін, үлкен әріппен жазылатын ұлттық мінезді бойына сіңірген, қазақы қалыптың тұңғиығына сүңгіген, қазақ прозасында алғашқылардың бірі боп экспрессионизм – ой ағынымен жазылған, жай оқу мүмкін емес, жүректі толқытар суретшілдігі басым, бірегей қолтума көркемсөз өрнегі. Ұлтқа тән сөзге тұру, мәрттік, аңқаулық, серілік, кеңқол­тық, ақ­көңілдік, жуастық, көнбістік, аңқаулықты іздесеңіз – жүз беттік «Күміс керуенді» оқыған ләзім. Кешегі қызыл төңкеріс лебін, ашаршылықты, бірін-бірі көрсеткен, бірін-бірі жау санаған зұлматты, одан кейінгі толқын-толқын катализм–ашаршылық нәубетті қамтыған шығармадан адам жан сарайының қалтарысы қапысыз ашылады. Мінездің ұңғыл-шұңғылын кезесіз, бұрын-соңды ашылмаған аралға аяқ басасыз. Мұнда арғы-бергіні көретін рентген сезгірлік, от боп шарпыған құштар көңіл, кісі психикасын іреп-сойған хирург қандауыры қабат көлденеңдейді. Қаламгердің мол тоқып, көп ізденгеніне көз жеткізесіз. Оқиға Қызылқұм шөлінде отыз жылдан бері түйе баққан Досмағамбеттің ай жарығының астында шаршап-шалдығып келе жатып, баяғы Ұлы Жібек жолының қоңыраулы керуен тізбегін көруінен басталады. Бұрын жалғыз ұлы Кемеңгер айтса сенбей жүретін. Бұл не сонда? Қияли болу ма, әлде қиялға ілесу ме?.. Елсіз, тіршіліксіз, уақыттың өзі тоқтап қалғандай алапат құм ішінде ғана бүгінгі мен кешегінің ұштасуы, әлде мезгіл алдындағы шарасыздық, екіге бөлінген тағдырдың кешегі өмір мен бүгінгі тіршілікті ойша салыстыруы болар. Санадағы қиял мен қарадүрсін суішкілік тіршілікті алма-кезек таразылау... Әлгі керуен күміспен күптегендей ай жарығына шағылып сызып келеді. Желқом-жадысы, жасау-жиһазы, балақанасы, аяқ басысы тым көне, баяғы тарих тәспісінен үзіліп қалған өмір тізбегі дерсің. Көштің бұйдасын ұстаған жолбасшы, алды-артын орап қошеметтеген торғауыты, бір бүйірлеп ойқастаған кірекеш, жолбикесі жоқ, ең соңында жаяу салпақтаған жалғыз қара – әне бір жылы палуандыққа түсіп, аздап миы шайқалып, аяңдап құм ішіне безген Палмантай пақырға ұқсайды. Көздің жауын алған салтанатты тізбекте есі дұрыс ие болмауы – аса үрейлі суық сезіледі. Түйешінің жон арқасына мұздай тер құйылып кетеді. Ирек мойыны изектеген түйелер тақай түседі. Иек артпадағы құм шағылына жұтылып жоқ болады. О, тоба деген! Досмағамбет түн ішінде, құм дауылы көтеріле қыр беткейге жоқ қарап емес, жол қарап шыққан. Соңына ерген жалғыз перзенті Кемеңгер әне-міне орта мектепті бітіріп, кәмелеттік аттестат алып, қос аяқты зырлауығымен қиян түкпірді жайлаған ата-анасына алып-ұшып жетпекші еді. «Құм көтерілер болса жолға шықпа, шырағым» деп әкесі өткен жолы құлағына құйып жіберген. Ұжым басшысы белсенді Барыпкел: «Бұйырса әкеңнің мирасқоры етіп, ирек бишікті қолыңа ұстатып түйеші етеміз... озат атанасың!.. казитке суретің шығады!.. екі-үш жылда облыстық мәслихаттың депутаты етеміз!.. Шақар шалдың алдынан өтіп қайт!.. Бол да бол!..» деп дегбірін алып, асықтырып, бозбаланы жолға шығарып жіберген. «Сорлы бала дауыл көтерілгенде қиян түкпірге шығып кетпесе игі» деп Досмағамбет түйешінің зайыбы – ұлты өзбек Зайтуна кейуана зар илейді. Жер үсті көпсігендей болып алапат дауыл көтеріледі. Көне қыстаудың есік-тесігін құм басып, түйеші терезенің көзін сындырып, содан қыстырылып шығып, шағылдың үстіне көтерілгені жаңа. Баяғыда Айқожа ишан айтып отыратын: табиғат адамның пейіліне тартады, апат келерде пенделер Құдайын ұмы­­­­­­­­тып... жөнсіз тәкаппарсып, көзін бақырайтып, қолын тарбайтып, «маған... маған... өзіме... өзіме...» деп, байлық жинау­дан өзгені ұмытып кетеді деп. «Қызылқұм» ұжымында Құдайын ұмытқандар некен-саяқ кезігер, ал көрер көзге ашкөзденіп, кеңірдектесіп, не болса соған жүйкесі тозып, екі иығын жұлып жеген кісілер көбейгені рас. Түйеші Досмағамбеттің көз алдынан осы мезет ауыл белсенділері кілкіп өтеді. Дүниеде ой қартаймайды, жан қартаймайды, ­көңіл қартаймайды (Д.Досжан, Жолбарыстың сүрлеуі, Хи­каят­тар, А., «Жазушы», 1984, 284-бет) дейді түйеші. Құм ішінде вездеход көлігімен жүйткіп жүретін, ұжым басшысын екі-үш жылдан асырмай келген жағына шәпкесін қисайтып жіберетін, елге жайылған лақап есімі Бас Бух екі ауыз сөзінің бірінде: ауыздарыңа сақ бол!.. көкжөтелге шалдығып, емделіп қайтуға қаржы сұраса – ведомостке қол қойғызып жатып: аузыңа сақ бол!.. жоғарыға марапатқа қағаз жөнелтсе – оңаша шақырып алып: аузыңа сақ бол, жарқыным... Пәлі-ай! Ауызға сақ болатын несі бар, сөзге семіретін, араққа есіретін ауылдың шо­лақ белсендісі – шенеунігі емес, сұраса – айтады, сұрамаса – ұмытып қалады. Малмен мал болған халден не сұрайсың?! Ауыл философы деген жанама есім ие­сі Досмағамбеттің өмір жолы ойлы-қыр­лы жермен түйе көкпар шапқандай кеп. Пәшеспен атысып, оң башпайды жаралап, немістің лақа бас трофей бәтеңкесін киіп, кекірейіп ауылға оралғанда – жиырма үштегі түбіт мұртты бозбас еді. Ойхо-о-о-ой, дүние жалған! Жаудың оғынан аман қалған жанды туған жерде кім керек қылсын деп істемеген ісі қалмапты. Түйе көкпар шапты. Түркістанның бозақоры атанды. Қасапшы өзбектің піскен әңгелектей бүйрек бет қызын алып қашамын деп пышаққа түсті. Салынып ішті. Берекесі кеткен соң арақты қоя қаламын деп – көкнәрға көшті; көкнәр көкжөтел қылатын болды деп – далбасалап шайдың шамасын ішті; со пәледен құтылуы қиындаған соң – Келес­тен алғызып насыбай атты; темекі тартты. ­Бұл көрмеген құқай кем. Төрт жыл соғыс­та сыз жерге түнеп, ашты-тоқты жүріп, басын оққа байлағанда сыр бер­меген саушылығы кейінгі кезде жіңішкерді; көкжөтел қармады ма, бауыры әлсіреді ме, жүйкесі жұқарды ма, буын-буыны сырқырай ма, асқазаны бүріп ауырады ма, қуығы тұтады ма, қойшы әйтеуір, ақжелеңділер әулеті мұның төбесін көргеннен дәрісін ала жүгіреді. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі жүрген уағында баяғы өзбек келіншегі құрсақ көтеріп ұл тауып береді. Аруанасы егіз тапқандай қуанды. Кешегі кемел социализм дәуірінің іштей іріп-шіруін жазушы сырттай суреттемей – кереғар мінездер шарпысуы­нан іздейді. Қайшылық қақтығыстан шығады. Социализмді су түбіне жіберген «жан да, мал да ортақ» деген арба сынбас, өгіз өлместің кебі көрінеді. Осы қазіргі ауыл әкімі Барыпкелдің әкесі, жер барып айтпасын, жарықтық жақсы кісі еді, ферма меңгерушісі болатын. Қымызға қанса-ақ түйешімен қызыл кеңірдек болушы еді. Көзқамандар тіріліп кеткендей көрінетін. Досмағамбеттің көкесі: Мәдениет деген үлкен сөз құм ішіне соқпады. Радионың үні өшкен, газет алмаймыз, кино көрмейміз, «Әліппеден» өзге кітап жоқ. Ертеден қара кешке салбырап ұйқы басады да тұрады. Түйеңді санап ал, басыма бостандық бер! Барыпкелдің әкесі: кино, газет, әлгі мәдениет – иығыңа іліп киер көйлек болмайды. Қарныңның тойғанына мәз болып жүре бер, көкешім. Досмағамбеттің көкесі: Арманым – көлігі ызғыған тас жолдың бойына жету, көшенің шаңын жұту, кеңсе күзету, әркім ұрлап тасып әкетіп жатқан ортақтың қазанына шөмішімді салу. Барыпкелдің әкесі: Бай – байға, сай – сайға құяды. Қанша ұрласаңдағы бүйірің томпаймайды. Тегің малайдан шыққан, көкешім. Кішкентай Досмағамбет араға түсіп, үлкендерді сабырға шақырады. Ертеден қара кешке сөз қағысудан шаршамайтын екі еркек аңырайысып: «Мына бала тегін емес» деп таң қалысады. Аңысын аңдыса – шекесі торсықтай, қалың қастың астынан ақ қарасы айқын үлкен жанары жалт еткенде – кісі бойы­н түршіктіретін ­ке­­пие­ті бар кішкентай – өсе келе мұқым өз­­ге­ре­ді. Көрші келіншек: «Көксоққанның жанары алмас» деп жүзі күйеді. Анасы: «Тіл-көзден аман болғайсың!» деп ішінен өпектейді. Кемеңгер өсе келе, ренжіп тұнжыраса, я ашуланып көтерілсе – булығып тіл-ауыздан қалатын жат мінез жамады. Жанарын ашса-ақ, көжиек кері шегініп, алыстағы тау тақай түсіп, бауырында қаптап жайылған түлік, жылап шыққан бұлақ, қаздиып қарауыл қараған ай мүйізді құлжа алақанға салғандай шалынады. Шеке тамыры солқылдап, миы шағады ма-ау. Лүпілдеген жүрегі құрғыр лоблиды ма. Оқиға төмендегіше өрбиді. Кейіпкердің жан сарайының бір есі­гінен еніп, келесі бөлмесін аралап, түкпірлеп түсінген сайын ой ағынына арбалған оқырман Барыпкелдің, Досмағамбеттің, Кемеңгердің, Бас Бухтың күнде көріп-біліп жүрген кісілерден өзгеше, бөлекше... өзге полюстің... оқыс оқиғаның шырмауынан шығып, әрқилы... әрқалай... әртарап қазақы болмыстың отына май тамыза түседі. Қақтығыстан аршыған арпадай тазарады. Қай ортаға, қай қоғамға тастай батып, судай сіңген болмыстан кейіпкер сатылап, нарық заманының бесаспап типтік бейнесіне көтеріледі. Образға биіктейді. Келе-келе құмның әрбір түйіршігі сөйлейтіндей, әр түп сексеуіл сұрқай кеңіске өз үні, өз сипатымен белгі бере­тіндей; қиыр кеңісте бағзыдан қалған балбал тас, сүрлеу жиегіндегі опырылған мола-там, әрбір жәндік, әрбір мақұлық шығарманың өн бойында бүлкілдеп соғып тұрған үлкен өмірдің жүрегіндей кепке енеді. Жазушы кейіпкер мінезін түк­пірлеген кезде – романтик; құба дүз шөлдің көрінісін көз алдынан өткізгенде – қатал реалист; тағдыр туралы ой түйгенде – философ; Ұлы Жібек жолының керуенін елестеткенде – мис­тик; бір адамның алақұйын апшуға түсіп екіге бөлініп кереғар кеп шерткенде – авангард стилист; адам мінезінің тұңғиығына сүңгігенде – импрессионист рөлін ойнайды. Рас, қиялсыз өмір – құр тұлыпқа мөңіреу ғана. Бояусыз стиль – қарабайыр очерк қана. Осы екеуінен тізгінін ірке білген қаламгер найқалған ұлы дарияның ішінен тұнып аққан ғажайып арнасына ұқсап: бүгінгі прозаның әртарап сүрлеуіне түседі. Кемпірқосақ бояуын іздеп жан таптырмайды. Л.Толстойдың «Жан диалектикасы» эссесінде тербеткендей әуелі түйсік, түйсіктен – сезім, сезімнен – ой, ойдан – пайым, пайымнан – ақыл логикасын өріп, өз кейіпкерін мүсінші қолындағы саз – слепок секілді әспеттеумен әлек. Қоғамның айнасы қолыңызда. Өмір айнасынан өз жолын іздеп арпалысқан Кемеңгер, тіршіліктің алыс-жұлысынан сірісі шығып, мезі болып үндемеске айналған Досмағамбет, бүгінгі нарықтың бір-бір бишікеші Барыпкел, Бас Бухты – уақыттың эволюция сатысынан айна қатесіз түстеп танып аласыз. Ұжымның аңқау, кеңқолтық мүшелерінің сыбағасын аузынан жырып, ортақтың майлы кемігін сорып, серілік тіршілік кешкен Бас Бух кеше екі сөзінің бірінде: «Ауыздарыңа сақ болыңдар!» деуші еді; енді ай сайын астанаға барып, мәртебелі лауазым иелерімен жалғасып: «Шилі өзен қамыс-ай, бізді ойлай жүр таныс-ай!» деп әндетуді бастапты. Кейіпкердің мінезін қалыптаған жалғыз сөйлем төмендегіше. Оқиық. «Демалысы атқан оқтай зу етіп өте шығыпты. Ас­тананың сыра сорып, көкбақа болған жұ­қа мешкей, картада қолы шыққыш, кий көздегіш журналисін ішінен бір боқтап; көзіне түссе-ақ көңіл құртын қоздырып жіберетін артист келіншекті екі боқтап; қыруар қаржыны аз күнде жаратып, шашып үлгерген өзінің көңілшек мінезін үш боқтап; желі азынап, құмы бораған бейрахат мазасыз құм ішін төрт боқтап... танауының астынан «бізді ойлай жүр таныс-ай» деп әндетіп поезға шығыпты; келіншегім өлтіреді деп жапонның жібек шәлісін, иісі бұрқыраған апорт алмасын тиеп алыпты» (сонда, 287-бет). Шағын сөйлемнен бет шарпыған шындық лебі сезіледі. Барлық ортада, барша өмірде, қай қоғамда, нарықтың қай сатысында өзгермейтін адам ғана. Әсіресе қазақы таным, қазақы мінез ешқашан өзгермейді дейді автор. Хикаят оқиғасы домбыраның қос ішегіндей екі көлбеуде өтіп жатады. Астыңғы ішек: баяғы Чарли Чаплиннің фильмдегідей – кішкентай мұртты кісі зыр қағып жүгірер еді, өктемсіген жуан жұдырық әлгі байғұстың төбесінде дамылсыз ойнар еді... сол зыр қаққан кішкентай пенде – түйе түлігін ішкері құмда сақтап қалуға жанұшырған Кемеңгер; үстіңгі ішек: жұрт үстінен жонып жеуге, жуан жұдырық болуға жанын салған Бас Бух пен Барыпкел. Ойламаған жерден Бас Бухтың ілгері басқан аяғы кері кетіп, есебінен жаңылып, іші өткеннің – арты біледі дегендей, кикілжіңі көбейеді. Қайық бөкселі келіншегі құм ішінде жоғалып Палмантайдың қолында айға жуық жүріп... тамағын істеп... кірін жуып оралады. Жүрегін күдік кеміріп, өңеші сорайып, шөжіп, жүдеп бара жатқан Құдай қосқан қосағы: «Палмантай нақұрыспен араңда не кеп болды» деумен үңірейіп ол отырар. Ішсе болды – келіншегінің кеудесі зорайып құбылатындай. Көзі сіркеленеді. «...Зайыбы мықынын билетіп төргі бөлмеде төсек салып жатқан. Көз алдына түбін ұйық балшық тұтқан, беті шарайнадай мөлдіреген көлшік елестейді. «Шешініп түссем, салқындасам, бәлкім ішті тескен күдігім азаяр... ұмыт болар...» деп, бір кем ішімдікке битін салады. Ендігі кезекте әлгі көлшік түбіндегі ұйыққа жұтылсам – жұтылайын, тұншықсам – тұншығайын деп, шешініп ақ мамық төсекке гүмп береді. Жұтпа ұйық көлден тырбанып шығамын деумен жан терге түседі. Таңалакеуімде төсектен саудыраған құр қаңқа түрегеледі. Ащы түтінге ұқсаған кешегі күдік көкейін қайыра кеміреді...» (сонда, 333-бет). Бас Бухтың күйі кетеді. Келесі тарауда шыңыраудан қауға тартқан Кемеңгердің көзіне бір кезде сыныптас, сырлас, құрдас Айман қыздың сұлбасы елестейді. Ту сыртынан алабажақ ай туады, күн сынып шығады. Баяғы тарих көшінен үзіліп қалған күміс керуеннің сылдыр, сыңғыр қоңыраулы үні қайыра құлағына шалынады. Бұрындары Айқожа ишан айтатын: әр өлкенің қасиет-қадірін арқасына сап, шұбап жүретін керуені болады... әлгі керуен ілуде ниеті таза, тілеуі жақсы кісіге шалынады... тіршілікте кісіні қияли ғып аздыратын, берекесіз кеп кешіріп тоздыратын, ағзасына күш-қуат дарытып адымын оздыратын – туған топырақтан бойына жұққан кепиеттің я аз, я көптігінен деп. Кемеңгер құм сипатты толқынданған ойын түгендеп тәуекел қазығына қазықбау шалады. Келесі тарау: астыңғы ішектің үні қатқылдана күмбірлеп – Досмағамбет, Кемеңгер, Палмантайдың іс-әрекеті ірілей түседі; үстіңгі ішек – Бас Бухтың аудан әкімінің орынбасарлығына өсіп, Барыпкелдің істі болуымен тәмам. Соңғы, бесінші тарау – Кемеңгердің жүрек шерін тербетуі. Шарықтап шартараптан көңіл сорлы, таппаған бір тиянақ неткен қуыс деп ақын жырлағандай – кейіпкеріміз Кемеңгердің көңілі әлде жаманшылыққа, әлде жақсылыққа елеңдеп, елегзи берген соң қолындағы қауғасын тастай салып қыстау желкесіндегі құм жотаға көтеріледі. Кеудесі удай ашып, ентігіп-демігіп қыр арқаға ілігеді. Неге сонша алып-ұшып тапырақтап жүгіргенін өзі де түсінбейді. Белін жазып, алақанын қағып, қиыр алысқа көз жібереді. Жүрегі жаншыла соғады... Әлі де құм үстінде үлкен өмірдің шетпұшпағы, өз салтанаты, өз қызығы, өз жосығы шеру тартып күміс керуен есепті шыр айналып жүргені – бойына тәуекел сіңіреді. Өлмес өмірдің рухы өспірімнің болмысын тік көтеріп аспандатып әкетеді деп аяқталады хикаят. Америка жазушысы Уильям Фолкнердің Нобельдік сыйлық иеленген кездегі бір ауыз сөзі осындайда еске түседі. «Дүние ауысар... заманақыр таянар... өмір өзгерер, әйтсе-дағы тіршілік­тің бас иесі – Адам бойындағы өмірге деген құштарлық пенде шіркін қаншалық пұшайман болып тәлтірек қағып, тағдыр алдында тізе бүкседағы қайсар рухы қолтығынан демеп қайыра белін жазатыны анық; адам рухы ешқашан ұшты-күйлі, ызым-ғайып жоғалмақшы емес!» Айтса – айтқандай ғой! «Таразы» романы «Күміс керуеннің» табиғи жалғасы секілді. Баяғы хикаятта­ғы Кемеңгер мұнда Өмірсерік болып көл­денеңдейді. Қызылқұмды кезіп, өткен ғасырларда құм көшкінінің астында қал­ған қаланы қазған археолог-қазбагер, бір­де тарихшы ғалым, келесіде ілкідегі ірі мұражайға көненің көзі – жәдігер жинау­шы болып кино лентасындай неқилы хикметтерді бастан кешіріп оқырманды жіпсіз жетелейді. Жарық дүние кісінің көптігінен ортасы шүңейттенген үлкен жәрмеңке дейді. Әлгі жәрмеңкеде дәм жазып кіммен кезікпеді... кіммен ұшыраспады дейсің!.. «Жақсы адамдар өмір бойы тағдыр базарынан бірін-бірі шарқ ұрып іздеп жүреді, табыса қалса – кісі ойына келмеген игілікті істерге кенеледі; ұшыраса алмаса – өмір бойы өзегі өртеніп құр сүлесоқ өтеді деген сөз, сірә, шындық шығар деп түйеді. Бірін-бірі іздеген адамдар осынау тағдырдың қан базарында табыса берсінші деп тілейді» (Д.Досжан, Таразы, роман-толғау, А., «Жазушы», 1992 жыл, 543-бет). Өмірден үлесіңді алдың ба, ар таразысына түстің бе деген сауал шығарманың негізгі тіні, өзегі. Әр кейіпкердің ісіне, мақсұтына алма-кезек ұрымтал тұста соғатын құм дауылы – тағдыр таразысы іспетті. Өмірсерік, зайыбы Аңса, жер шетінде жүрсе де жерлестерінен кіндігі үзілмеген Палмантай (хикаяттағы Палмантай – құм кезбесі, романдағы Палмантай – қазбагер), қойшы Иса – оқшау қимыл, оғаш мінез, ордашарқы әрекетімен көрінетін көп қырлы бейне-болмыстар. Күнде қалған тулақ, тулақта малдас құрып мүлгіген шаршаулы диқан немесе шошақ басына шығып балбал тасқа ұқ­сап ұзақты күн сағымға көз сұғын қадаған бозбала... тандырға нан жауып бүгілген кейуана... тандыр пешіндей жанып кеткен шілденің күні... бәрі-бәрі жазушы көзіндегі өмір суреті. Ұлттық матрица. Егер әлгі көріністен я баланы, я диқанды алып тастаса шығарманың өн бойына сызат түсер еді. Сызат түскен құрылыс құлайды. Қазақы болмыс жартыкеш күйде қалар еді. Тоқетері: Д.Досжан қаламы әлгі болмыстың іші-сыртын, күмбезін, босағасын, табалдырығын түгел тінтіп қазып жазуға дағдыланған. Оқиғаның бетінен қалқып, қызығын теріп, көлеңкесінен жеріп, жеңіл-желпі алақолдыққа бармайды. Нені көрсе де – ұңғыл-шұңғылына үңіледі, нені жазса да – үтірін, қос нүктесін қолмен қойғандай ғып, алды-артынан ыза су өтпетіндей етіп өрнектеп шығады. Қас шеберлік осы болар, сірә! Қайсар рухты, төзімі темір, қиындық көрген сайын ширыға түсетін Өмірсерік, Кемеңгер секілді бейнелердің өнердегі өмір жасы ұзақ боларына кәміл сенесіз. Найқала аққан дарияға бой сала сүңгіп шыққандай хал кешесіз. Үлкен ағыстың алқын-жұлқын, апаш-құпаш көркем прозадағы толқын мінезі көпке дейін жадыңыздан еш жуылмайды. Серіктесіп, селбелесіп, сырласып өтер двойник-серігіңіз секілді әрдайым жаныңыздан табылады. Көкірек көзіңіз ашылады. Құмдағы адамдардың жігері құм болып кетуінен сақтандырады. Бақыт Сарбалаев

7804 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы