• Тұлға
  • 26 Қыркүйек, 2012

«Уйғур авази» – достыққа дәнекер

«Уйғур авази» – өзіндік тарихы бар басылым. Басылымның бас редакторы болып осыған дейін аталған басылымның бас редакторының орынбасары – жауапты хатшы қызметін атқарған Мұхтаржан Жумаров тағайындалған болатын. Мұхтаржан Махаметұлымен болған сұхбат барысында біз газеттің тыныс-тіршілігі, жаңа бағыттары туралы әңгіме өрбіткен едік.

– Мұхтаржан Махаметұлы, республикалық «Уйғур авази» қоғамдық-саяси газеті Қазақ­стандағы бұқаралық ақпарат құралдары ішінде өзіндік тарихы мен орны бар басылым екені анық. Осы ретте «Уйғур авази» газетінің қалыптасып, даму кезеңдеріне тоқталып өтсеңіз... – Бүгінгі «Уйғур авази» газеті туралы әң­гіме қозғаудан бұрын, Қазақстандағы ұйғыр бас­пасөзінің тарихи кезеңдеріне тоқтала кеткен­ді жөн санаймын. Өйткені газеттің бүгінгідей дәрежеге жетуі сол тарихи кезеңдермен тікелей байланысты. Қазақстанда ұйғыр тіліндегі басылым сонау 1918 жылы дүниеге келген. Алайда «Садаий таранчи» («Дехқандар дауысы») атымен жарық көрген басылымның өмірі ұзақ болған жоқ. Араға біраз уақыт салып, яғни 1921 жылы белгілі қоғам қайраткері Абдулла Розыбақиевтің бастамасымен және тікелей басшылығымен «Кәмбәғәлләр авази» («Кедейлер дауысы») деген атпен жаңа газет пайда болды. Әртүрлі саяси кезеңдерге байланысты оның аты да «Колхозчилар авази» («Колхозшылар дауысы»), «Йеңилиқ авази» («Жаңалық дауысы»), т.б. деген сияқты бірнеше рет өзгерді. Бүгінгі таңда Алматы облысының Панфилов ауданында қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде «Жаркент өңірі – Яркәнт тәвәси – Жаркентская новь» атымен жарық көріп жатқан газет сол «Кәмбәғәлләр авазидің» жалғасы болып табылады. Өткен ғасырдың бірінші жартысында Жетісу өңірінде ұйғыр тілінде бірнеше газет-журнал жарық көрді. Ал «Уйғур авази» газетіне келетін болсақ, оның негізі 1957 жылы 1 наурызда қаланған еді. Сол кездегі заман талабына сай оған «Коммунизм туғи» («Коммунизм туы») деген атау беріліп, ол 1991 жылға дейін сол атаумен шығып келді. Социалистік жүйе күйреген кезде, бұдан әрі қарай коммунизм туын көтерудің мәні қалмағандығы түсінікті болды. Осыған байланысты газет атауы журналистер және көпшіліктің қолдауымен «Уйғур авази» («Ұйғыр дауысы») болып өзгертілді. Шын мәнінде бұл газет жоғарыда аталып өткен ұйғыр тіліндегі басылымдардың ішінде ең тұрақты және салмақты болып саналған «Кәмбәғәлләр авази» газетінің жалғасы болуы керек еді. Бұл туралы Қазақстан Журналистер академиясының президенті, белгілі қаламгер Сағымбай Қозыбаев мырза да айтқан болатын. Өкінішке қарай, газет шыға бастаған кезде бұл мәселеге ешкім мән бермеген. Кейінгі жылдарда ұйғыр журналистикасының майталмандары осы олқылықты түзету жөнінде пікір айтқанымен, нақты жұмыстар қолға алынбады. – Басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? – Жалпылай сипаттама беретін болсақ, «Уйғур авази» еліміздегі басқа қоғамдық-саяси бағыттағы басылымдар сияқты рес­публикамыздағы саяси тұрақтылықты, ұлтаралық келісім мен достықты, еларалық ынтымақты, бейбіт өмірді уағыздап, қоғамдық пікірдің қалыптасуына септігін тигізіп келе жатқан байсалды газет. Айырмашылығы – тек оның ұйғыр тілінде жарық көретіндігі. Сол арқылы газет елімізде және дүниеде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды ұйғыр халқының өз ана тілінде танысуына мүмкіндік жасап келеді. Осындай жемісті еңбектің нәтижесінде газет Қазақстан Журналистер одағының Кемел Тоқаев атындағы жүлдесінің иегері болғандығын (2001 ж.), Қазақстан Рес­публикасы Журналистика академиясының ең жоғары жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» жүлде­сін жеңіп алғандығын (2005 ж.), Қазақстан хал­қы Ассамблеясы ұйымдастырған «Азаматтық, Бейбітшілік және ұлтаралық келісім мәселелері бойынша ең үздік мақалалар» конкурсында жеңімпаз атанғанын (2005 ж.) айта кеткен жөн. Газетіміздің бүгінгі таңдағы таралымы он бес мыңды құрап отыр. Ал енді басылымға ұлттық газет тұрғысынан зер салатын болсақ, «Уйғур авази» газеті – ұйғыр халқы үшін газет сөзінің шеңберінен де маңыздырақ екенін байқау қиын емес. Өйткені бұл мемлекеттің қолдауымен жарық көріп жатқан жалғыз ресми басылым. Сондықтан халқымыз кез келген мәселе бойынша, айталық мектепке бала жетпесе де, оқулық шықпай қалса да, бірер атаудың аудармасын таппаса да, ең алдымен бізден көмек сұрайды. Кейбір мектеп, көшелерге белгілі тұлғалардың есімін беру, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру туралы пікір айтып келетіндер де бар. Айтпақшы, осы орайда бұрынғы Панфилов қаласының атын қайтадан Жаркент деп атау жөніндегі ұсыныс ең алғаш болып «Уйғур авази» газетінде жарияланған еді. Алматы облысы, Қызылағаш ­ауылында орын алған табиғи апат салдарын жою­ға қазақстандық ұйғырлар тарапынан 13 миллион 693 мың 284 теңге көлеміндегі көмектің жиналуына да республикалық ұйғыр этномәдениет орталығы мен «Уйғур авази» газеті бастамашы болды. – Осындай жұмыстарды жүзеге асыруға ықпал етіп отырған редакция ұжымы туралы да айтып берсеңіз. – Газет жарық көрген күннен бастап көп­теген ұйғыр жазушы-ақындары, ғалым-журналистері үшін тәжірибе мектебі, шынығу алаңы болғандығы анық. Әр жылдары бас редакторлық қызметті атқарған Махаммет Әзизов (1957-1960 жылдары басқарған), Ахметжан Маметов (1960-1971 жж.), Абдулла Машуров (1971-1979 жж.), Турдахун Назаров (1979 -1987 жж.) және Юлдаш Азаматов (1987-2012 жж.) секілді белгілі тұлғалардың есімдерін айрықша құрметпен атаймыз. Себебі, газеттің қалыптасып, бүгінге дейін сақталып, осындай биік дәрежеге көтерілуіне есімдері аталған азаматтардың сіңірген еңбегі зор. Енді газет ұжымының бүгінгі құрамына келетін болсақ, олардың бәрі өз жұмысына барынша берілген, қаламы жүйрік, ел арасында беделі жоғары азаматтар. Олардың арасында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», Қазақстан Журналистер одағы мен Жазушылар одағы сыйлықтарының лауреаттары, Алматы облысы Панфилов, Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандарының құрметті азаматтары бар. Бірақ сол қызметкерлердің ішіндегі ең кішісінің жасы қырықтан асты. Мұны айтып отырған себебім, қазірдің өзінде газетімізге қажетті кәсіби мамандардың тапшылығы байқалуда. Егер біз осы бастан жоғары оқу орындарында бір кездердегідей арнайы бөлімдер ашып, ма­ман даярлауға көңіл аудармасақ, жарты ғасырдан артық тарихы бар басылымды сақтап қалу қиын болатыны сөзсіз. – Өзіңіз «Уйғур авази» газетінің басшылы­ғы­на жаңадан келіп жатырсыз. Бас редактор ретін­де алдағы уақытта қандай мәселелерді қолға алу­ды жоспарлап отырсыз? – Жоғарыда айтқанымдай, «Уйғур авази» газеті өзіндік тарихы бар, тілі мен стилі, бағыт-бағдары орныққан басылым. Сондықтан айтарлықтай өзгерістер бола қояды деп айта алмаймын және оны жасауды қажет деп санамаймын. Бірақ кез келген БАҚ үшін заман талабына сай болу, заманауи технологияларға қарай жаңғыру ең маңызды мәселе екені белгілі. Мүмкіндіктің болғанынша, редакцияның техникалық базасын нығайтуға, газеттің электрондық нұсқасын дамыту тәрізді шаруаларды қолға алып жатырмыз. Сонымен қатар газетті билік пен қарапайым халық арасындағы, ұлттар арасындағы көпірге, сондай-ақ Қазақстандағы ұйғыр халқының үніне айналдырғым келеді. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Дәуіржан Төлебаев

3152 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы