• Тұлға
  • 26 Қыркүйек, 2012

«Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін...»

Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы тілдерінің ХIV қалалық фестивалі аясында Алаш қозғалысының көсемі, қазақ әліпбиінің, қазақ тіл білімінің, түркі тілтану ғылымының, әдебиеттанудың атасы, ұлы ұстаз, ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына арналған ­«Ахмет Байтұрсынұлы: қайраткер аманаты және ұлт мұраты» атты республикалық ғылыми-конференция өтті. Конференцияға Алматы, Семей, Қарағанды, Торғай жерінен ахметтанушы ғалымдар келді. Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешовтің сөзіне жүгінсек, Алаш қозғалысының көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туған жылы нақтыланып, тарихи дерек қалпына келтірілуі керек.

– «Алаш қозғалысы» деп аталған мақсатты саяси күрестің рухани көсеміне айналған ­Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлігі оның ағартушылығымен, ақындығымен, ғалымдығымен қосылып, қазақтың жаңаша азаматтық тарихының, мәдени тарихының, ғылым тарихының тың беттерін жазды. Ахаңның осы зор тұлғасын жасаған оның ұлтшылдығы болатын. Бүгінгі қазақ ұлтының алдындағы міндет – Алаш заманындағы міндеттен жеңіл деп айта алмасақ керек. Өйткені, тәуелсіздігіміздің рухани тұғырларын бекітуде ұлт боп атқарар жұмыстарымыз әлі де жетіп-артылады. Сондықтан Алаш зиялыларының, оның ішінде, Ахмет Байтұрсынұлының күрескерлік өнегесі де, шығармашылық тағылымы да бізге сабақ. Тағы бір мәселе, қазіргі анықтама­лықтарда, мектеп оқулықтарында Ахаңның туған жылы 1973 жыл деп көрсетіп жүргенін білесіздер. Қазір Семей қала­сындағы Абайдың мемориалдық мұражайында Ахаңның өз қолымен жазған орыс тіліндегі өмірбаяны бар. Сонда ол «1872 жылы Торғай облы­сын­да 5 қыркүйекте мешін жылы ту­­дым» деп жазып кеткен. Біздің Ахаң­­ның өз сө­зіне сенгеніміз дұрыс деп ойлаймын. Қалай болғанда да Ахмет Байтұрсынов сияқты ұлт көсемінің туған күнін нақты датасымен атап өткен дұрыс, – дейді басқарма бастығы. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этно­логия институтының директоры Хангелді Әбжанов былай деді: – Ахаңның туған жылын бір деректе 1872 жылы, бір деректе 1873 жыл деп көрсетеді. Оның себебі ол заманда қазіргідей жазып, тіркеп отырған АХАЖ жоқ, Ахаңның көрсеткен мәліметіне ғана сүйеніп айтуға болады. Дегенмен туған күнге байланып қалуға болмайды. Туған күн деген ол шартты дүние ғана. Ал Ахаңдай тұл­ғаға үздіксіз назар аудару керек, ол тұлғаның үлгі-өнеге­сі, мұрасы үздіксіз зерттеліп, насихатталып, жарқырап көрініп тұру керек. Мәселен, Шоқан Уәлиханов бірде 1837 жылы, енді бір жерде 1835 жылы туды деп жүрдік. Соңында Шоқанның өзі толтырған анкета табылды. Сонда ол 1835 жыл деп жазылыпты. Сонымен ол дәйектенді. Осындай ізденіс жалғасып жатса, Ахаңның да туған жылы нақтыланады. Ахаңтануға әлі Омбы бар, Петербор бар, Ташкент бар, тіпті Қытай бар, Ахаңның жүрген жерлеріндегі деректерді, мұрағаттарды, кітап­ханаларды ақтару керек. Сол заманның газет-жур­нал­дарын ақтару керек. Сонда бұл анықтала түсетін шаруа. Сөз кезегін Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбет алды: – Бұл Ғасыр саңлағының 140 жылдығына арналып отырған бірінші жиын емес, дегенмен республикалық деңгейде өткелі отырған алғашқы салтанатты шара екені рас. Осы жиынға жүктелгелі отырған міндеттер де бір төбе. Оған басты себеп, Ахмет Байтұрсынұлының аяулы есімі ресми ақталған 1988 жылдан кейін, тұлғаның өміріне қатысты жұртшылық назарына ұсынылған мұрағат деректерінің ғылыми айналымға түскенімен, өз дәрежесінде еленіп-екшеленбеуі. Әлбетте, 2003-2006 жылдары ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан дайындалып, «Алаш» баспасынан жарық көрген ғалымның бес томдық шығармалар жинағына енген соны деректер, атап айтсақ, қайраткердің қолымен жазылған ресми құжаттардағы туған күні туралы айғақтардың қажетті деңгейде негізге алынбауы, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» сынды қоғами ортада келеңсіз жағдай туғызуда... Дегенмен, ХХ ғасыр басында қазаққа керекті істің басынан табылып, ұлт мүддесі үшін арымен жұмыс атқарған, халқының рухани көсемі атанған Ахметтің туған кү­нін қате жазуы мүмкін бе?! Ендеше, ұлт ұстазының өз дерегін неге ескеріп, елемейміз. Десек те, бүгінгі жиынды ахметтанудағы ағаттықтарға тоқтау болар бірден бір шара деп үміт етемін. Тарихи тұлғаның туған мерзімін «5-қыркүйек 1872, мешін жылы» деп, нақты айтуымызға негіз болып отырған, ғалымның 1929 жылы өз қолымен жазған «Өмірдерегі» (Жизнеописание) және әр жылдары (1920-1925 ж.ж.) өз қолымен толтырған мемлекеттік мекемелердегі түрлі ресми сауалнамаларға берген жауаптары. Сондай-ақ, Орынбор мұғалімдер мектебін бітіргендігі туралы куәлікте туылған мерзімі «5-қыркүйек 1872» деп көрсетілген, бұл – бірінші дерек, сонымен қатар, «Анама хат» атты өлеңі де Ахмет­­­­тің «1872 жылы» туылғанына дәлел бола алады. Енді осы айтылған айғақтарға хронология бойынша жеке-жеке тоқталсақ. Мәселен, түрмеден анасына жазған тоғыз шумақ өлеңіндегі: «...Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам» деген жолдар, әулет басына түскен «1885 жылғы оқиғаны» меңзеп отыр. Деректерге сүйенсек, бұл әкесі Байтұрсын мен үлкен әке­сі Ақтастың бiрнеше ағайындарымен қоса, «15 жылға итжеккенге жер аударылатын тұсы». Демек, 1885-тен бала Ахметтің 13-ін шегерсек, оның туған жылы – 1872 жылы болып шығады. Бұл – екі. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, 81-қоры, 1-тізбесі, 1652-ісі, 6-парағында (бұдан әрі – ҚР ОММ) Ресей коммунистік партиясының «Жауапты қызметкерлерге арналған» 20 сұрақтан тұратын сауалнамасының «туған жылы» деген тұсына: «1872, 49 жас» деп жазған, құжат 1921 жы­лы толтырылған. Бұл – үш. ҚР ОММ., 5-қор, 18-тізбе, 158-іс, 1-парағындағы «Сайлауға түсу сауалнамасы» 1921 жылдың 11-қазанында толтырылған. Сауалнама 29 сұрақтан тұрады, осындағы жасы деген тұсқа – 49 деп көрсетеді. 1921-ден 49-ды шегерсек, 1872 шығады. Бұл – төрт. 81-қордың 11,12-парақтарында «Қызметкерлерге арналған» 42 сұрақты сауалнаманың 2-сұрағына: «1872 ж., 5/ІХ., Торғай тумасы» десе, отбасы туралы 9-сұраққа: «Әйелім: Бадрисафа – 46 жаста, Балаларым: Қазихан – 14 жаста, Аумат – 7 жаста, Шолпан – 5 жас­та, ағаларым Қали, Кәкіш, Мәшен – Торғай уезінен, қарындасым Зиляш – Қостанай уезінде» деген дерек береді. Бұл – бес», – деп қайраткердің туған жылына қатысты бұлтартпас дәйектер келтірді. «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлт мәдениеті» тақырыбында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы бұл ауқымы кең тақырып екенін атады: – Мемлекетті маңызды істерге, шешімді қағи­даттарға жұмылдыратын – саясат болса, біз содан Алаш тағылымын байқай алмай жүрміз. «Алаш тағылымы» деген не? Ол – иман мен тазалық, ой мен істе бірлік. Елшіл барша ғалым айтып-жазып жатқандай, біздің бар салада отарсыздандыру үдерісі жүру керек еді. Алаш – осы жолдағы біздің әрі әліппемізге, әрі нұсқаулығымызға жарар темірқазық-тын. Қоғамның ең жанды, ең мәнді буыны мен тетігі – білім мен мәдениет. Күнде сөз болып жүрген тазалық та, отарсыздандыру да, идеология да осы салалардан басталып, салалармен аяқталады. Өкінішке қарай, аталған салаға Алаш рухы, тәжірибесі, мұрасы өз дәрежесінде жетпей тұр... Бізде Алаш қағидаты мен ұстанымы орнаса, біз әрбір шараны жүзеге асырмас бұрын, «осыны Әлихан, Мұстафа, Ахметтер қалай жасар еді?» деп ойланар едік. Олар да құдайы көршілерімен санасқан, алайда толық теңсіздікке жетпеген ұлтының мүддесін жоғары қойған. Алаш зиялыларының портретін іліп, кітаптарын сөреге тізіп қойып, сонымен шаруаны шектегеннен не ұқтық? Кітап ашылған жоқ. Портрет портрет күйінде тұр. Бұрынғы өткен бабаларымыздың суретшілер ойша кескіндеген көркем бейнесін тұсымызға іліп қойып жүрміз ғой. Алаш тұлғаларының портреттері де сол дерегі аз тұлғалардың бейнесіне ұқсап барады. Ал шындығында бұлар – отаршылдықпен, әділетсіздікпен бетпе-бет келіп күрескен, азат рух пен тазалық туралы ұшан-теңіз үлгі-өнеге, мұра қалдырған теңдессіз қабілет иелері, тіпті тәуелсіз мемлекет құру идеяларының авторлары емес пе! Олардың шығармаларындағы барлық дерлік ой-тұжырымдар бүгінгі күнмен берік сабақтасып жатыр. Азаматтық тарихымыздағы ұлт мәдениетін байыптауға жіті көңіл бөлінген уақыт – ХХ ғасырдың бас ширегі. Неге бұлай болғаны түсінікті. Біріншіден, идеологиялық ұстанымдарға сәйкес, төңкеріске дейінгі кезең қазақтың «қараңғы уақыты» деп есептеледі. Екіншіден, төңкеріске дейінгі ғана емес, төңкерістен кейінгі де мәдени-рухани шаралардың барлығына дерлік Алаш зиялылары мұрындық болғандықтан, олардың тарихи ісі әдейі ұмтылады. Бір ғана мысал келтірейік. Алаш көсемдерінің бірегейі А.Байтұрсынұлы 1920-1921 жылдары Халық ағарту комиссары (бүгінше министр) болды. Осы қызметте тұңғыш мемлекеттік баспаны, Академиялық орталықты, Ғылым комиссиясын, Халыққа білім беру институтын (КИНО) ашты. Ал рес­ми тарих осы туралы бір ауыз сөз жазған жоқ. Әрине, мұндай мысал қыруар-ақ. Айталық, мәдени ұйым мен музей ісіне қатысты ғылым игілігіне айналмаған факті­лер де аз емес. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орын­­ба­сары Шерубай Құрманбайұлы Ахмет Байтұрсынұлы тек қана қазақ терминологиясын ғана емес, жалпы қазақ тілінің негізін салу үшін үлкен қызмет еткен ғалым дей келе, терминологияны бөліп қарауының себебіне үңілді: – Бірақ Ахаңның терминологияны бөліп алуының өзіндік себебі бар. Қазір енді терминтану бүгінгі лингвистика биігінен қарағанда көптеген елдерде жеке, кешенді ғылым ретінде қаралып жүр. Екіншіден, ол лингвистиканың бір тармағы ретінде қаралғанның өзінде мұның өзі тіл білімінің ең өзекті мәселесі санатына айналды. Сондықтан да осыны мәселе ретінде қарастырып отырмыз. Терминология туралы айтқанда екі ұғымның, біріншіден, бұл жасалған бүкіл ғылым мен білімнің саласындағы терминдердің қоры дегенді, екіншіден, терминология бүкіл термин саласын зерттейтін ғылымның саласы деген екі ұғымның басын ашып алуымыз керек. Біз Ахмет Байтұрсынұлына қатысты осы екеуінің де басын біріктіріп алып отырмыз. Өйткені А.Байтұрсынов терминтанудың да ғылым ретінде ғылыми негізін қалаушы және атаулардың да жасалу үлгісін көрсеткен ғалым, – деп ХХ ғасырдағы қазақ терминологиясы Ахаң есімімен тығыз байланыс­ты дегенді айтады. Жиында сөз сөйлеген А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек, Абай атындағы ұлттық педагогика университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиевтер де ахметтануға байланысты тың ойларымен бөлісті. Конференция А.Байтұрсынұлының мол мұраларын насихаттау, қазақ елінің мемлекеттік мұраттарын рухани-мәдени даму аясында қарастырып, осы үдерістегі мемлекеттік тілдің қызметіне ғылыми баға беру көзделген болатын. Сондықтан да ахметтанушы ғалымдар қазақ әліпбиінің жасалуындағы ұлттық тіл білімінің қалыптасуындағы, ұлттық сөз өнері теориясының жазылуындағы Ахаңның тарихи миссиясына ғылы­­­­ми сараптау жасады. Сөзіміздің басында айтып өткен­дей бұл күнгі басты мақсат Ахмет Байтұрсынұлы­ның туған жылын нақтылау болатын. Конференция қорытындысы бойынша ғалымдар қарар қабылдап, Білім және ғылым министрлігіне, Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Үкіметке ендігі оқулықтарда Ахмет Байтұрсынұлының туған жылын 1872 жыл деп көрсету жөнінде үндеу жолдады. Ия, «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, ойлайтындар мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін», — деп өлместігіне сеніп кеткен Ахаңдай кісінің, өз қолымен жазып кеткен туған жылын бір күнге де бұрмалауға болмайды. Бұл тарихқа қиянат. Дәл осы күні түс ауа Елордада Қазақстан халқы тілдерінің ХIV қалалық фестивалі қорытындыланды. Бір ай көлемінде тілдер фестивалі аясында 300-ден астам шаралар ұйымдастырылыпты. Оған қаладағы барлық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, кәсіпорындар, жоғары және арнаулы оқу орындар мен мектеп, лицей, балабақша ұжымдары бір кісідей атсалысты. Осы шаралардың ішінде 70-ке жуық ша­ра А.Байтұрсынұлының 140 жылдығына арналыпты. Фестивальді қорытындылау барысында шараны өткізуде белсенділік танытқан азаматтарға Алғыс хаттар табысталды. Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

3859 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы