• Тұлға
  • 04 Қазан, 2012

«Өнердің аспанында жарқыл қағып...»

1970 жылдың күз айы басталар кезі. Сол кезде Гурьев (қазіргі Атырау) деп аталған қаламызда атақты өнер майталмандары – Сейілхан Құсайынов, ағаның жұбайы – қобызшы Раушан Нұрпейісова және Боздақ Ырзақановтар негізін қалаған музыка училищесі жаңа оқу жылын бастағалы жатқанда, өзіміз көріп жүрген ұстаздар арасынан арықша келген бойшаң бір жігітке көзіміз түсті. Ол кезде менің сол музыка учлищесінде оқып жүрген кезім болатын. Училище директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Боздақ ағай жаңадан келген маманды ұжымға таныстырып, оған ұстаздық ету саласында сәт-сапар тілегенде, сол кездің өзінде республика көлемінде аты белгілі болып қалған – бұл күндері домбыра-приманың атасы ретінде мойындалатын Өтепберген Хамзин екенін бір-ақ білдік.

Жас ұстаз біздің училищеге жаңа леп әкелгендей еді. Өйткені қызметке кірісер-кіріспестен, өз музыкалық аспабы – домбыра-примамен концерт беретіндігін жариялады. Сөйтіп, біз музыканттың өз аспабын игеру деңгейінің өте жоғары екенін, бұрын біз естімеген көптеген классикалық шығармаларды өз мәнерінде жоғары талғамда орындағанын көрдік. Сол кезден бастап екеуміздің арамызда шығармашылық байланыс орнап, батыс өңірінің оркестрге бейімделіп түсірілген жалын атқан күйлерін жарыса тартып, басқа да Еуропаның классик композиторларының музыкалық шығармаларын құйқылжыта орындап жүрдік. Өтақаң сияқты виртуоз орындаушыны Құрманғазы оркестріне Шамғон ағамыз үй алып беріп шақыртуында да үлкен мән бар. Себебі Өтепберген Хамзаұлы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып жүргеннің өзінде-ақ талай музыка тарландарын мойындатып, солардың батасын алды. 1961 жылы консерваторияның дайындық курсына түсерде академик Ахмет Жұбанов қасындағы әріптестеріне қарап: «мына бала болашақта өте мық­ты өнер адамы болады» десе, 1-курсқа жаңа аяқ басқан студентті Құрманғазы оркестріне жұмысқа шақыртқан КСРО халық артисі, профессор Шамғон Қажығалиев сол кездің өзінде оркестрге концертмейстер бол деп қинапты. Өтақаңның атақты ұстаздарының бірі – Латиф Хамиди өз шәкіртіне сабақ беру кезінде ризашылық сезімін жасыра алмаған екен. Ал кім болса соны өз класына алмайтын, шәлкес мінезді Фуат Мансуровтан білім алғандығын Өтақаң үлкен мақтаныш сезіммен еске алады. Қазақ фольклорлық музыка аспаптарын қажымай-талмай іздестіріп жи­нақтап, оларға өмірге жолдама берген атақты ғалым Болат Сарыбаев ағамыз бірде Өтепбергенге қарап: «Сен өте дарындысың, сондықтан сені көре алмайтындар өте көп болады, байқап жүр, ондай жағдай менің басымнан да өтіп жатыр» депті. Ақын Ф.Оңғарсынова Өтепберген жайлы бір мақаласында «Адамның тым таза, талантты болуы талай ортаға қауіп төндіреді» деген пікір келтірген екен. Ойлап қарасақ, жүзден астам шәкірт тәрбиелеп, өмірге жолдама беріп, олардың 30-ы республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттары болса, осындай нәтиже көрсеткен ұстазды табу қиын шығар. Өтақаңның музыка саласындағы нағыз өмірі консерваторияны бітіргеннен кейін басталды деуге болады. 1972 жылы оркестр сол кезде Мурманск, Архангельск, Ленинград қалаларында концерттер қойып, 1-қазанда Мәскеуде, Кремльдің съездер сарайында атақты Утесов ансамблімен бірігіп концерт беруді жоспарлаған болатын-ды. Қазанның 1-і күні әдеттегідей жауапты концерттердің алдында оркестр дайын­далады. Оркестр орыс қалаларын аралағанда репертуарға орыс классик-композиторларының музыкалық шығармалары көптеп енгізілетіндігі белгілі. Композитор Н.Будашкиннің домбыра-примаға арналып жазылған 3 бөлімді концертінің 1-ші бөлімін Өтепберген Хамзин сәтті орындап шықты. Ал 1976 жылы оркестрдің Италия гастролінде осы концертті орындаған Өтепбергенге қызуқанды итальяндықтар аяқтарынан тік тұрып қошемет көрсеткеніне өзім куәгер болдым. 1990 жылы Ленинградтағы Р.Корсаков атындағы консерваторияға білімін жетілдіруге барған Өтепберген профессор А.Шаловтың сабақ өткізу кезінде 4-курс студенті шығарманың бір қиындау жерінің аппликатурасы мен штрихтарын келтіре ойнай алма­ған. А.Шалов студентінің балалайкасын қолына алып, сол қиын жеріне дұрыс аппликатура таба алмай біраз кідіріп қалғанда, осы жағдайды көріп отырған Өтақаң рояль үстінде жатқан басқа балалайканы қолына алып, профессордан кешірім сұрап, өзінің шығарманы қалай түсінетіндігін балалайкамен шебер ойнап көрсеткенде А.Шалов былай депті: «Біз Алматыны шеткері қала санаймыз. Міне, көрдіңіздер ме, бізге қандай маман келді!». Кейін А.Шалов Өтепбергенге мінездеме бергенде былай дейді: «Ө.Х.Хамзин – жоғары білікті примашы, ол тек өз республикасында ғана емес, сыртқары жерлер­­ге де белгілі». Бірде Өтақаңды консерваторияға жұмысқа шақырған сол кездегі ректор, КСРО халық артисі, профессор Ғазиза Жұбанова Хамзиннің консерваторияға жұмысқа қабылдануы туралы өтінішін сол кездегі факультет деканы Ш.Баспаев пен кафедра меңгерушісі Ф.Балғаева­ға жібергенде, өтініш бұрышына «Кәсі­би біліктілігі жоғары кадр» деп жазуы­­ның өзі неге тұрады десеңізші! Осындай бір түйір жазығы жоқ өнер иесін жұмыстан шығарды. Домбыра-прима кластарында басқа ұстаздарда оқып жатқан кейбір студенттер өз ұстаздарына көңілдері толмай, Хамзиннің класына ауысамыз дегенде, кафедра бастықтары, өздері қамқорлыққа алып отырған мұғалімдері «нансыз» қалама деп қорқып, 20 адамға қол қойдырып, «жоғары» жаққа «домалақ арызды» айдап жіберіпті. Өтепберген консерваториядан кетсе де, артына өшпес із қалдырды. Қаншама кластық концерттер беріп, тамаша өнер­паздарды дайындап үлгерді. Бұл күнде республиканың әйгілі халық ор­кестрлері мен музыка мектептерінде дом­быра-прима кластарына жетек­шілік етіп отырған өнер шеберлері Қазақстан Респуб­ли­касының Құрмет грамотасының иегері, «Халыққа білім беру ісінің құрметті қызметкері», доцент Өтепберген Хамзаұлының шәкірттері болып табылады. Ағамыз өмір­дің қатал сындарына қас­қая қарсы тұра білді, өзіне нақақ жала жапқан талайлар бұл кезде дым бол­мағандай, Өтақаңды көргенде жалпылдап амандасып, шүйіркелескен болады. Нарынның наркескен ақыны Нұралы: – Қашанда халық оған жаршы болар, Асылын алақанмен аршып алар. Өнердің аспанында жарқыл қағып, Тұрады Өтепберген, Қаршығалар, – деп өлең арнаған еді. Олай болса, еткен еңбек пен төккен тер босқа кеткен жоқ. Өтаға, өзіңіз тәрбиелеген шәкірттеріңіз жеткен 70 жасыңызға әлі талай «жақсы жылдар» қосылсын деген ақ тілегін әрдайым айта жүретіні анық. Айтқали ЖАЙЫМОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор

3739 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы