• Әдебиет
  • 23 Қараша, 2012

«Тай-құлындай тебіскен қайран, дос...»

Балалық шаққа саяхат... Бердібек ағамызға дейінгілер осы саяхатқа сапар шекті ме, шекпеді ме, кім біліпті... Біз – осындай ұлы саяхаттың болатынын әу бастан-ақ біліп өскен ұрпақ, бақыттымыз. Сапардың да сәттісі, қуантатыны, жылататыны болады. Балалығын соғыс есейткен, өмірінің ерте, тым ерте ержеткен қиын сәтін есіне түсіріп, көп саяхатынан мұңайып қайтатын сол кездің ұрпағына деген аяушылық сезімі басым өзімде. Әдебиеттерден не оқысам да, ересектерден не тыңдасам да осыған саятын... сол кездегі көп естелік! Ал ақын Жұмекен Нәжімеденовтің балалық шағына мен бала күнгі досы, досы болғанда да қиын-қыстау күндерде қайран балалықтан қол үзбеуге себепші болған досы – Идаят Қонысов ағамен бірге саяхат шектім. Сексенге таяған ақсақал тың, қуатты. Күтімі де үлкен кісіге лайық келісті көрінді. Сөзі де, әсерге беріле айтқан әңгімесі де шып-ширақ. Сонау алыста қалған көмескілеу күндерден емес, күні кеше болған қызықты оқиғадан сыр шерткендей...

– Қошалақтың шағылы мен құм шо­қал­дары, асыр салып аунайтын жасыл жайлауға бергісіз жібектей сусыған ақ шағылы ойынқұмарлықтан ертерек арылып, ойқұмарлыққа ертерек шалдыққан бізді таң бозынан күтіп алатын. Қозы-лақтың, бота-құлынның арасында өскен қырдың қара сирақ баласына бұдан артық жер жұмағы болады деп сендіру әсте қиын болатын. Қырда туып, құмда өскен, әсіресе Қошалақ атты киелі өлкеде ержеткендердің қатары сиреп те қалды-ау... Ұмытпасам, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяқ кезінде, дәлірек еске түсірсем, мың тоғыз жүз алпыс жетінің жазында Жұмекен ақын – мені, бала кезгі досын іздеп келіп, бірге жүрген сол аз күннің ішінде Қызылобаның сырт жағында, көл жағасында демалып, бала күнгідей асыр салып едік. Ұмытылмас шақтарды еске ала отырып, сырласып едік... Қасымызда Жұмекеннің сыныптас досы Идаят Әжіғалиев, оның аудандық газет редакциясындағы әріптесі Құрыш ­Елемесов болған. Тай-құлындай тебіскен қайран, дос... Ат құлағында ойнап өскен қыр елінің жігіттері жаратылысынан шымыр да, ойлары анық, танымы терең екендігін өз болмысымен дәлелдеген Жұмекен досымды жиі есіме аламын. Бір оқиға көз алдымда мәңгілік қалып қойды. Мен жылқышының баласы едім. Тай үйретуге біз ерте жарадық. Енді қайтейік, алдымыздағы ағалар мен қажыр-қайраты тасыған әкелер басқыншы фашистермен соғысуға әскерге алынды. Елде қалған қариялар мен соғысқа кеткен жарларын күтіп, солардың еншісіндегі ауыртпалыққа иықтарын тосып, күндіз-түні бел шешпеген шешелердің жарым көңілдеріне жаутаңдап, қабақтарына қарағыштап мөлдіреген «тірі жетімек» – бұғанасы қатпаған жасөрім балалар едік. Тұрмыстың тауқыметін ерте тартқандардың бірі – балалығын сұм соғыс жалмап, еркелейтін шағында балалық еркіндіктен ерте айрылған Жұмекеннің болмысы да осылай қалыптасып еді. Ашақ сордың төңірегіне мал өрістетіп, әскерге аттанған әкесінің төңкерілген қазан астындағы ізін көріп қайтып жүретінбіз. Бала Жұмекеннің төңкерулі қазанға телміре қарап тұрған шақтарын жүрегім сыздап талай есіме алып едім. Тай үйретеміз деп біздікінде басқосамыз. Жұмекеннің атасы Нәжімеден ақсақал өңірге аты мәлім ауқатты тұрмыс иесі болды. Тай үйретуге тақымы жарап қалған немересіне әппақ матамен тысталған құс мамығынан жасалған көпшік береді әжесі. Тай үйрету машақатымен жүріп, әлгіндей көпшіктің әлденешеуі жарылып, жарылған тыстан бұрқыраған ақ мамығына талай көмілгеніміз де есімде. Балалық қияңқылық па, әлде қызық көрем бе, кім білсін, мен мінген тайдан ол мінген тай озып кетсе, Жұмекен мінген тайдың шабынан оқыс түртіп қалып, тулаған тайдан досымның құлағанына мәз болған күндер де еске жиі түседі. Талай құс жастықтың мамығына бөленіп едік... Тағы бір қасиеті – Жұмекен күй тыңдау десе ішкен асын жерге қоятын. Біздің үйде патефон болды. Әкеміз Астраханнан күйтабақтар алдыртатын. Әлгі күйтабақтарды айызымыз қана тыңдайтынбыз. Әрине, үлкендер «бұзып тастайсыңдар» деп, еркімізге бермейді. Біз оның да айласын табатынбыз. Қырдың шақырайған ыстығында мал да, жан да көлеңкеге тығылмай ма. Патефон мен күйтабақтарды үлкендер түс кезінде ұйқыға кіріскен бойда Жұмекен екеуміз құшақтап алып, Ашақ сорының маңайына, шоқал арасына жайғасамыз. Күйді емін-еркін ойнатып, құлақ құрышын қандыра тыңдаймыз. Жұмекен бір тыңдаған күйін құлағына құйып ала қоятын. Қазір ойласам, көкірегі күй әуенімен күмбірлеп тұрады екен-ау. Атасы жасатып берген домбырасымен әлгі тыңдаған күйді мүдірместен айнытпай тартып шығады. Таңғалатынмын... Нәжімеден ақсақал соғыстан оралмаған жалғыз ұлы Сабыреденнен қалған тұяғы Жұмекенді бетінен қақпай еркелетсе де, немересі есті болып өсті. Ол өте жауап­кершілігі мен тиянақтылығы арқасын­­да төңірегіндегілерді де ойландыратын. Мынадай бір тентектігіміз еске түссе, қалай күлмеспін. Бірақ балалықтың аты балалық. Бір күні сол үйде ойнап жүріп, түннің біруағына дейін жасырынбақтың қызығына түсіп кетіппіз. Он екі қанат ақ үй. Төрде шаңырақ көтеретін бақан тұратын. Оны киімілгіш орнына пайдаланатын. Жасырынбақ ойыны қызған кез еді. Жұмекеннің қарындастары бар. Іздеуші кім болғаны есімде жоқ, бақанға өрмелеп шығып, жасырынып отырған Жұмекен құлаған бақанмен бірге ұшып келіп ұйықтап жатқан атасы мен әжесінің ортасына топ ете түссін. Шошып оянған атасы болса, «бұ қайсың, қағынғыр!» деп атып тұрғанда, Жұмекен екеуміз алды-артымызға қарамай біздікіне қарай зытып бердік... Сол кеткеннен екі күн бойына атасынан ыңғайсызданған досым, үйіне беттей алмады. Атасы үшінші күні өзі іздеп келіп, «ұрыспаймын, үйге қайт» деп, лақ сойып, Жұмекенді қонақ етіп қарсы алып, ашуын басады... Ой түбіне жетпейсің. Осындай-осындай балалық шақтың көріністерін сонау алпыс жетінің жазында Жұмекенмен басқосқанда айтып, рақаттана күлкіге қарық болып едік. Қайран дос ерте көз жұмды. Артынан бара алмадым. Бірақ көкейде сайрап естелік қалды, – деп тұжырымдады Идаят аға әңгімесін. – Соңғы кездесуіңізден есте қалған сәттер де болар... – Иә, – деп бір күрсініп алған Идекең, – бар, бала күнгі досыңмен сағынысып көріс­кен сәтіңде қалай да бір балалықтың нышаны оянады екен. Біз де, ол кезде отыздан асқан жігіттер, жоғарыда айтқан төртеуміз де бала күнге қайта айналып соққандай болдық. Мен сол кезде жұмыс бабымен республиканың түкпір-түкпірін аралаған «ГАЗ-63-ті» көл жағасына тоқтата салып, апыл-ғұпыл суға қойдық та кеттік. Бірімізден-біріміз озып, шомылдық, асыр салдық. Бір кезде машина қойған жаққа көзіміз түсіп еді, тұрған орнымызда мелшидік те қалдық. Мәссаған! Машина жоқ!.. Біз суға түскен қайраң тұста кабинаның төбесі ғана қылтиып тұр!.. Асығып жүріп қол тежеуішті қоюды ұмытыппыз! Өткен күннен адам тектен-тек елес іздемейді. Ойы тиянақты, еліне тұлға болған азаматтар бір-бірінің шыққан биігін, асқан асуын, бел-белесін еске алады, қуанады. ­Идаят Қонысов аға қазір Орлы ауылында тұрады. Аз ғана сәттік кездесуден керемет әсер алып қайттым. Балалық шағына жасаған саяхатына бірге барып қайтқандай, көптен таныс адамдай қимай қоштастық.

Әңгімелескен Қалампыр Кенжеғалиқызы Атырау

P.S. «Қазығұрт» баспасынан қазақтың белгілі ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Әнұранның авторы Жұмекен Нәжімеденовтің жеті томдық толық шығармалар жинағы жарық көрді. Өмірден ерте озған теңдессіз дарын иесінің баға жетпес асыл мұрасы арада отыз жылдай уақыт өткен соң толық түгенделіп, жақұттай жарқырап, туған халқының игілігіне айналып отыр. Үстіміздегі жылдың 28-қарашасында, Жұмекен Нәжімеденовтің туған күніне орай, сағат 11.00-де, Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде аталған жеті томдықтың тұсаукесер рәсімі өтеді.

5844 рет

көрсетілді

63

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы