• Қоғам
  • 07 Желтоқсан, 2012

Қарт Ертіс жағдайы алаңдатады

Табиғат Қазақстан жерін өзенді-көлді сулар қорымен байытқан. Алайда соңғы жылдары еліміздегі өзен-сулардың жағдайы қараусыз қалып бара жатқандай әсер қалдырады. Арал мен Балқаштың арнасы сарқылып, Каспий теңізінің балығы азайып кетті деп атой салып едік, енді Аралдың суы арнасына қайтып келе бастады деп бөркін аспанға лақтырып, қуанып жатқан қазақстандықтар бүгінгі таңда жиырма жылдан бері Ертіске жер астынан жылжып келе жатқан керосин көлінің құрықталмай жатқандығына абыржулы. Басын Қытайдан алып, Кенді Алтайдың таулы өлкесін қақ жарып ағып жатқан Ертіс өзені Қазақстан үшін де, Ресей үшін де маңызы зор табиғат байлығы. Иірімінде тайдай балығы тулаған, суы суармалы егін шаруашылығына пайдаланылатын Ертістің басына соңғы кездері қа­ра бұлт үйіріле бастады. Қолда бар бай­лықты тиімді пайдалана алмай келе жатқан адам қаракетінің салдарынан ырзығы мол, ырысты қара саба аталған Ертістің арнасы тайыздап, суының құрамынан адам ағзасына аса зиянды ауыр металдар мен техникалық, ауылшаруашылығы өнеркәсіптерінен шыққан күл-қоқыстардың қал­дықтары табылатындығы жасырын емес. Түбінен сынық ине көрініп жататын тап-таза, мөп-мөлдір су қоймасын жалбыз басып, суы сападан айырылып, қатты ластанып барады. Осы орайда өскемендік эколог-ғалым Виктор Инюшиннің пікіріне сүйенсек. Ертіс өзеніне онға тарта шағын өзендер құяды, олардың арнасымен көктемгі кездерде күл- қоқыстар үлкен өзенді әбден лайлап, судағы диоксидтер құрамын бірнеше есеге арттырып жіберетін көрінеді. Ертіс өзеніне байланысты мә­селеден Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, т.б. өкілетті органдар, ең бастысы –Үкімет біршама уақыттан бері хабардар. Таңғалдыратыны экологиялық апат алдында тұрған өзен тағдырына жоғары жақтан жанашырлық байқалмайды. Оған үкіметтік деңгейде кешенді бағ­дарлама қабылдап, Ертісті сақтап қалу мақсатындағы кезек күттірмейтін шараларды жедел түрде қолға алып, болашақта ұлттық резерват деңгейіне көтеру қажет. Жаратушымыздың маңдайымыз­ға берген байлығын орынсыз ысырап ете берудің алдын алып, тұщы су пайдалануға қатаң бақылау орнататын кез жетті. Естуімізше Ертістің басынан көрші Қытай мемлекеті де ірі өндіріс көзі бар Қарамай елді мекеніне ірі канал салып, Қара Ертістің суының төрттен бір бөлігін. яғни жылына 4,5 текше шақырымға дейін тұщы су көлемін алып жатыр. Соның әсерінен өзен бойындағы су электростанцияларының энергия өндіру қуаты 27,5 пайызға азайып, 1480 млн.кв.сағат кем өндіруде.Бұл дегеніңіз мемлекеттік қауіпсіздік жағдайына да әкеп тірейді. Міне, осындай ашкөздік көзқарас салдарынан Ертіс суы тартылып барады. Ертіс су бассейні аймағында 250 мың гектар суармалы егістік бар. Онда 4 миллиондай тұрғын тұрады. Ғалымдардың зерттеуінше, Ертіс су бассейніндегі тұщы су қоры кейінгі 20 жылда күрт азайып, елді мекендер Ертіс өзені суын пайдалануды екі есеге арттырған. Шетелдердегі Ертіс өзенінің бөліктері қалай пайдаланылып, қорғалып жатыр?! Ол бізге жұмбақ. Бірақ Өскемен, Семей, Павлодар сияқты ірі қалалар төңірегіндегі Ертіс жайы қалай? Семей қалалық, Өскемендегі санитарлық-эпидемиологиялық мекемелер мен ШҚО-ның табиғат қорғау департаменті бұл мәселе бойын­ша жыл сайын журналистермен кездесулер өткізіп, мәселені жариялап отырады. Табиғатты, Ертіс суын қорғауға байланысты облыстық, экологияны қорғау департаменті титан, магний, цинк комбинаттарына ірі мөлшерде айыппұл салып, табиғатты қорғау прокуратурасына жөнелтеді. Ертістің суын бақылау Семей өңірінде 13 жерде жүзеге асады. 28 су жүретін жүйеге бақылау орнатылған. Өткен жылдарда «Семей су каналы», «Семей былғары мех» комбинаты кәсіпорындарына су бассейнін ластағаны үшін көлемді айыппұлдар салынған. Ал Семей өңіріндегі ең өткір мәселе – қаладағы қоқыс-лай су аға­тын дюкер болып тұр. Сол дюкердің негізгі желісі Семейдегі жаңа аспалы көпір астындағы су табанымен өтеді. Ол қала шетіндегі Мұқыр ауылды мекеніне барады. Мұнда арнайы тазалаудан өткен су қайтадан Ертіске құйылады. Айғайлай-айғайлай қасқырдан да ұят болды демекші, дюкер жыры басталғалы он жыл өтсе де, ол әлі бітер емес. 2003 жылдан бері мемлекет бюджетінен үш млрд. теңгеге таяу қаржы бөлінсе де, дюкер құрылымы әлі «Семей су каналы» қазыналық мекемесіне өткізілген жоқ. Соның салдарынан ескі дюкерлер мен басқа құбырлардан (әсіресе көктемдегі) аққан лас су Ертісті әбден бүлдіреді. Бұрын Ертісте 20-ға таяу түрлі балық кездессе, қазір оны тізбелеуге бір қолдың саусақтары-ақ жетеді. Педагогикалық институт экологтарының зерттеуі бойынша, Ертіс суында мыс, жез, қорғасын, хром, т.б. ауыр металдардың құрамы қауіпсіздік деңгейінен жоғары екендігі, ал аммиак – 8есе, басқа суль­фаттар – 5,7 есе көбейіп кеткен­дігі анықталған. Соның салдарынан мұнда ақ қайран, шортан, шабақ сияқты балық түрлері ғана кездеседі. Оның өзінде де Ертіс сырын білетін қалалықтар көкбазарларда балық сатып алғанда, тек Зайсан мен Бұқ­тырма, Шар су қоймаларынан ұстал­ған балықтарды ғана тұтынады. Себебі Семейден төменгі арнасында ұсталған балық еті организмге өте зиян Тағы бір мәселе, жетпісінші жыл­дардың соңында Семей қаласының шетінде орналасқан әскери аэро­дромның жанармай қоймасынан жер астына кеткен авиакеросиннен қордаланған керосин көлі бүгінгі таңда Қазақстан экологтарын ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықты алаңдатып отыр. 1997 жылғы зерттеу жұмысы жер астындағы жанар-жағармайдың көлемі алты мың тонна деген қорытынды жасады. Ұзақ жылдар бойы бұл апаттың алдын алу жұмысы қолға алынбаған. Тек 2002 жылы алматылық «Казгидек» фирмасы аталған проблеманы зерттеуге кіріскен. Бір жылдан кейін білікті мамандар аталған проблеманы залалсыздандыру жұмысына кірісіп, оның жұмысына үкімет тарапынан 36 миллион теңге шығын жұмсалған болатын. Алайда жер үстіне тек жүз тоннадай ғана жанармайды шығару мүмкіндігіне қол жеткізілді. Халықаралық сарап­шы­лардың зерттеулеріне сүйенсек, бір кездегі Кеңестік дәуірдегі Семейдегі әскери әуежайдан төгілген авиация жанармайының жерасты суларын ластап, Ертіске жақындағаны жайлы баспасөзде аз жазылып жүрген жоқ. Керосин көлі әлі де жерастын кеулеп мысықтабандап Ертіске келе жатыр. Семей өңірі тұрғындары үшін ғана емес, көршілес Ресей үшін де аса қауіпті экологиялық апаттың зардабын қазір қала тұрғындары тартып отыр. Юность елді мекеніндегі Аякөз кө­шесінің тұрғындарының құдықтан су орнына керосин алып отырғандарына да бірнеше жылдың жүзі болды. 2005 жылы осы экологиялық апатты залалсыздандыру жұмысын жүргізуге арналып тендер өткізіліп, оны өскемендік «ЭкоАир» фирмасы жеңіп алған еді. Ертіс өзеніне төнген осы апатты залалсыздандыру жұмыстарының жобаларын дайындау үшін республикалық бюджеттен бірнеше миллион теңге қомақты қаржы бөлінгендігі бүгін аз да болса көңілге демеу болғанымен игерілгені қуантпайды. Алайда қарт Ертіске төнген қауіпті құрықтауға бөлінген аз қаржы кейбір кәсіпкерлер үшін тек табыс көзі болып қалған сыңайлы. Бірнеше жыл қордаланып қалған апатты жергілікті экологтар халықаралық сарапшылардың және үлкен қаржының күшімен ғана шешуге болады деген пікірде. Өйткені экологиялық апаттың алдын алу үшін жағдайды егжей-тегжейлі терең зерттеуді қажет етеді. Өткенде облыстық әкімдік Ертіс өзені су бассейніне байланысты мәселені арнайы қарап, тиісті шаралар белгіледі. Бірақ өскемендік В.Инюшин сияқты ғалымның өзен суын тазарту жобасы назарға ілінбей қалғаны өкінішті. Жоғарыда айтылған керосин көлінен туындайтын апаттың жағдайы да жабулы қазан күйінде қала беруі қатты алаңдатады. Сүйеубай Байқадиұлы, журналист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Семей

6564 рет

көрсетілді

93

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8107

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6688

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4433

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3818

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3784

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3745

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3474

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3468

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы