• Тіл
  • 13 Сәуір, 2009

Ұлт мықты болмай тілдің жағдайы түзелмейді

AbdigalievБерік ӘБДІҒАЛИ, «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қорының директоры: – Берік мырза, Сіз қазақ ұлтының патриот азаматтарының бірісіз, бұл бағытта атқарған еңбектеріңіз де көп. Ұлтжандылық қасиеті жетіспей жүрген азаматтарымыздың намысын қалай оятуға болады? – Бұл өте күрделі мәселе. Кейде біздің ұлттық намысымыз жойылып кеткен сияқты елестейді. Мысалы, телеарналар қазақ тілді хабарларды түнгі уақытта көрсетіп жатса намыстанбаймыз. Оған етіміз үйреніп кеткен. Сол сияқты Петропавл, Павлодар қалаларының атауларын өзгертуді ойламаймыз. Себебі, бізде «Қазақ, жүрген жерің мазақ» деп өзімізді кемсіту басым. Намысты ұлт ретінде сезінбейміз.  Патша үкіметі кезіндегі отаршылдық саясаты қазақтың ұлттық сана-сезімінен жұрдай етті. Тек 19-ғасырдың аяқ кезі мен 20-ғасырдың басында Алаш зиялылары бас көтеріп «Оян, қазақ!» деп жар салды, ұлтты қалыптастыруға күш салды. Бірақ олардың үні алысқа бармай тұншығып жатты. Бізде мемлекеттік инстинкт, ұлттық намыс, ар-ождан аяқ асты етілді. Жастарымыздың арасында бұл нәрсе енді-енді қалыптасып келеді. Қазір құдайға шүкір, ұлтымыздың намысын жыртып, тіліміздің жоғын жоқтап жүрген азаматтарымыз баршылық. Олар қазақ тілді хабарларды түннің ортасында бергені үшін «КТК» телеранасымен соттасып жүр. Қазақтың намысын осылай ояту керек. «Қазақстандық ұлт», «қазақ ұлты» деген керексіз дискуссиялардың орнына: «Ұлттық намыс деген не?», «Оны дамыту үшін не істеу керек?» деген нақты сауалдарды талқыға салатын дискуссия керек. Өз басым «Ұлттық рух» дейтін пән жасағым келіп жүр. Сол пән арқылы ұят, намыс, парыз, абырой секілді сезімдерді абстракті түрде емес, нақты мысалдармен, ұлттық рухтың қалыптасуына септігі тиетін тарихи оқиғалармен аша білсек. Бізде концепциясы бар. Небір мықты-мықты ағаларымыздың еңбектерін қарап шықтым. Соларды қысқартып, психологиялық әдістермен образды жеткізе білсек, классикалық түрдегі оқулық емес, ұлттық тоқырауларды шешуге арналған оқу құралы болса деймін. – Ана тілімізді дамытуда әлі де болса кешегі отаршылдық саясаттың салқыны сезіледі. Осыдан құтылудың жолы қандай? – Оның жолдарын жаңа талқылап кеттік. Біз тіл оқыту үшін ақша бөлеміз. Ақша бөлу емес, міндеттеу керек. Ұлттық тәрбие, ұлттық психологияны үйрету жеткіліксіз. Өзге ұлттың өкілдері мемлекеттік қызметке қабылданғанда қазақ тілін білген адамның жолы ашық болатынын сезінуі шарт. Қазіргі дағдарыс кезеңінде тілді шетке ысырып қойып, қарнымыздың тоқ болуын ойласақ, онда бұл біздің әлі күнге толыққанды ұлт болып қалыптаспағандығымыздың белгісі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары да қиыншылықты бастан өткіздік. Сол кезеңде «Мұндай тәуелсіздіктің керегі қанша?» деген азамат ағаларымыз да болды. Сонда бодандықтың қамытын мойнымызға іліп, құл болып жүре беруіміз керек пе? «Құлдан ақыл сұрама» деген бар емес пе? Бұл Отанын сатып кеткенмен бірдей. Сол кезде біздің кейбір зиялы қауым өкілдерінің әлсіздігі көрініп қалды. Әлемде неше ұлт азаттық көтерілістер болғанын білеміз. Олар қарнының тоқтығы үшін емес, ұлтының азаттығы үшін күресті. Мысалы, Үндістанның кемеңгер көсемі Махатма Гандиді алайық. Ол бостандық үшін жалаң аяқ жүріп, ағылшынның берген тамағын жемей, бізге тәуелсіздік керек деп шарт қойды. Егер біз қазір тіл мәселесіне көңіл бөлмей, қаржы қарастырмай, ұлт мәселесіне мән бермей қойсақ, онда бұл ұлтымыздың азғанының бір көрінісі болар еді. Тілді мәжбүрлеп үйретпеуіміз керек, онымен кешенді түрде жүйелі айналысуымыз қажет. Егер шын ниетпен тіл үйренем деген азамат ешқандай мәжбүрлеусіз-ақ үйренеді. Ең алдымен үкімет басында отырған, мемлекеттік қызметте жүрген немесе басқа салада жұмыс істейтін азаматтарымыз қазақ тілінде сөйлесін. Талапты күшейтуіміз керек. Қазақ тілінің мәдениетіне, әлеуметтік жағдайына байланысты мәселелер өз шешімін табуы керек. Тілдің тәрбиесіне аса мән беру қажет. Қазір бізде сондай пысық қазақтар көбейіп келеді. Қазақ тілін жаттап алып, көптің алдында сайрайтын қазақтарды көзіміз көріп жүр. Бірақ, кеудесінде қазақтығы байқалмайды. Бойларында орысқа еліктеу не болмаса технократтық ұлтты менсінбеушілік сынды бірнәрсе қылаң береді. Оның бұлайша қазақша сайрағанынан пайда жоқ. Солардың тілді менсінбеуінің арқасында, мемлекеттік тіліміз керек емес болып қалды. Бір жағынан Үкіметтің, бір жағынан оппозицияның саяси ойыншығына айналып барады. «Екі ортада шыбын өледінің» кебін киген зиялы қауым өкілдері ғана тілдің жыртысын жыртып жүр. Тіліміз әлі күнге «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» күнін кешіп келеді. – Мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі қашан көтеріледі деп ойлайсыз? – Биыл мемлекеттік мекемелердің қызмет құжаттарын түгелдей дерлік қазақ тіліне ауыстырып, бітетін соңғы жылы. Бірақ жағдай әлі өзгерген жоқ. Сондықтан біз бұл мәселені тәуелсіздік алған жылдардан бастауымыз керек еді. Сол жылдары балабақша, мектептерге қатты көңіл бөліп, мектеп бағдарламаларын қазақ тілінде жүргізуге баса назар аударғанда, 1991 жылы бірінші сыныпқа барған бала қазір қазақ тілінде таза сөйлер еді. Оның ана тіліне деген құрметі күшейер еді. Соңғы дерек бойынша елімізде қазақтың саны 70 пайызға жақындап қалды, бірақ әлі күнге тілімізді көркейте алмай келеміз. Мысалы, Өзбекстанның қай жеріңе барсаңыз да сіз басқа тілде сөйлеуге хұқыңыз жоқ. Оларда өзбектендіру саясаты күшті. Халық саны бізбен шамалас шығар мүмкін. Бірақ сен қандай ұлт болсаң да өзбек тілінде сөйлеуің керек. Себебі талап солай. Ал біз «Ойбай, тоқтай тұрыңдар халқымыз көбейсін» дедік, көбейді. Ештеңе өзгерген жоқ. Ертең 90 пайыз болады, онда да ештеме өзгермейді. Сондықтан, «2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамыту туралы» бағдарламаны бір қорытындылауымыз керек сияқты. Саннан сапаға көшетін кез келді. Ұлттық сапаны, ұлтымыздың мінез-құлқына байланысты сапаны арттыруымыз қажет деп ойлаймын. – Ұлттық сапаны қалай қалыптастыруға болады? – Ұлттық сапа дегенде, ең алдымен ұлтымыздың біліктілігін арттыруымыз керек. Неге қазақтар бір-бірімен орысша сөйлеседі? Орыс тілінің адамды дамытатын құдіреті бар ма немесе қазақ тіліндегі білімнің сапасы төмен бе? Ұлттық сапаға келгенде осы мәселелерді қарастыруымыз керек. Қазақ сапасына азамат ретінде емес, ұлттық құндылықтарды ұстанып жүрген қазақ ретінде көңіл бөлуіміз қажет. Орыс тілді қазақтарымыздың ішінде де мықты-мықты ұлтжанды азаматтарымыз бар. Бірақ қанша жерден олар ұлтжанды болғанымен айырмашылықтары көзге ұрып тұрады. Осы айырмашылықты болдырмау үшін тіл мен ұлттық тәрбиені қатар жетілдіруіміз керек. Ұлттық тәрбиені орыс тілінде де жүргізсек жақсы болар еді. Өз басым қазақтың мүддесін көздейтін, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, ойын, арманын білдіретін қазақи орыс тілді дамыту жөнінде көп ортада ұсыныс жасап жүрмін. Бізде қазір орыс тілінде ғана тәрбие алып жүрген буынға «сендер орыс тілдісіңдер» деп кеудесінен итермей, керісінше орыс тілінде қазақшылыққа тәрбиелеп, намысын оятуымыз керек. Орыс тілінде қазақ тарихын насихаттасақ, «қазақ» деген біртұтас ұлт екенін сезінуін қамтамасыз етсек, оларда «қазақ тілін білуіміз керек екен» деген түйсік пайда болып, бала-шағасын қазақ тілінде оқытып, қазақша тәрбиелейді деп ойлаймын. «Қазақ, қазақ, қазақ» деп айқайлай бергенше, орыс тілінде қазақылықты насихаттағанымыз дұрыс. Қазақ тіліне деген құрметті жетілдіруді орыс тілінде жүргізсек, ол тілді шектеу емес, қазақ тілін қолданудың бір құралы іспетті болар еді. Қазақтың қазақ тілін қолдауын ең алдымен орыс тілінде жүргізуіміз керек. Кезінде Кеңес Үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде біздің аталарымызды да орыстар солай тәрбиеледі ғой. Біз де сол тұрғыда тәрбиелеуіміз қажет. Сондықтан қазақ тілінің, қазақшылықтың дамуына орыс тілінің мүмкіншілігін қоссақ біз кем болмаймыз деп есептеймін. – Ақиқатында, біз қазақ тілін өгейсітіп алдық. Әлі күнге дейін мемлекеттік тіл өгей баланың күйін кешіп жүр. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? – Тіл - өгей емес, әкесі өгей, нақтырақ айтқанда өзіміз өгейміз. Тіліміз жақындаған сайын біз алшақтап барамыз. Қазақ ұлтының дамуына келгенде тілге бөлек қарамауымыз керек. Ұлт мықты болса, тілдің жағдайы оңбайды. Біздің ұлтымыз мықты болса, ұлттық сапа, ұлттық намысымыз берік болса тіл дәйім осылармен қатар жүреді. Егер ұлттық тәрбие, ұлттық рух, тарихқа байланысты ұлтты қалыптастыратын дүниелермен айналыспай, тек қана тілмен айналыссақ, әлі оншақты жыл тілмен күресіп жүре береміз. Соңғы жиырма жыл мәселенің тек тілде емес ұлтпен байланысты екендігін көрсетті. – Қазақ жерін 130 ұлт пен ұлыс мекен етеді. Осы ұлттарды біртұтас етудің қандай жолы бар? Барлық ұлттың тұтастығын сақтау үшін не істелуі керек деп ойлайсыз? – Біртұтастылық ең алдымен қазақтың өзіне байланысты. Ол үшін ең бірінші қажеттілік – ұлттық идея. Қазақтың дамуына байланысты белгілі бір құндылықтардың төңірегінде қазақтың тұтастығын қамтамасыз ететін –тіл. Бір дін, бір тіл, бір мемлекет, бір ұлт дегеніміз қазақтың тұтастығын сақтап қалуға бүгінгі күні ауадай қажет. Қазақтың тұтастығы этникалық тұрғыда болғанымен, мәдени құндылық жағынан тұтастық байқалмайды. Соның кесірінен тіліміз дамымай келеді. Ең бірінші қазақтың өзі тұтас бір мықты ұлт болу керек. Әр мемлекеттің өз «ядросы» бар, сол сияқты қазақ «ядро» болса басқа этникалық диаспора өкілдері айналасына шоғырланады. Олар қазақтың құндылықтарын, тілін, мәдениетін мойындайтын, үйренетін негізде бірігер еді. Қазақ мықты мемлекет болса ғана өзін сыйлатып, тарихын, тілін құрметтетеді. Сонда ғана тұтастық қалыптасады. Ең бастысы, қазақ басқа ұлт өкілдеріне көңіл бөлуден бұрын, өзінің дамуына көбірек көңіл бөлу керек. Тіпті дамуға байланысты арнайы стратегиялық бағдарлама керек. Себебі, қазақтың дамуына елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері мүдделі. Қазақ сапасы артқан сайын олардың да қауіпсіздігінің кепілі арта түседі. Егер Қазақстанның тілі көркеймей, ұлттық нышандарға, тарихымызға байланысты мәселелер шешілмей жатса, өзге диаспоралар мен қазақтардың арасында қақтығыстар көбейе береді. Еліміз толыққанды мемлекет, ұлт ретінде дәрежесін көтерсе, бәрін беделімен біріктіріп тұрады. Жалпы айтқанда біріктіруші, мемлекет құрушы ұлтқа айналу керек. – «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қоры қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін қандай ықпал етіп жатыр? – Өкінішке орай бүгінгі күні қордың тілді дамытуға үлкен мүмкіншілігі жоқ. Қор мемлекеттік орган – емес қоғамдық ұйым. Бізді мемлекет қаржыландырмайды. «Тұңғыш Президент қоры» қаржыландырады. Мақсатымыз, тілге тек үкіметтің ғана емес, қоғамның да атсалысуына ықпал жасау. Қоғамдық жобаларды қолдау. Қоғамдық ұйымдармен, тұлғалармен жұмыс істеу. Солардың арасында тіл жанашырлары болса жобаларына қолдау көрсету. Тілдің дамуын тек үкіметтен талап етпей, қоғамның да атсалысуына екі жақты жұмыс істеу. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы тағы басқа да ұйымдармен жұмыс жасауға, жұмыстарын қолдауға дайынбыз. Жобаларын қарастырамыз. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын арттыру үшін біз көбіне қоғамдық жобалардың төңірегінде ғана жұмыс істеп отырмыз. Біздің мемлекеттік органдарға, телеарналарға немесе БАҚ-қа тапсырыс беретін мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ оларда жақсы, қызықты жобалар болып жатса қолдауға дайынбыз. – Келіп түскен ұсыныс-жобалар бар ма? – Әрине, келіп жатыр. Біз қазір біраз жобаларды жинадық. 100-ден астам жобалар келіп түсті. Біз ұйымдастырған байқаудың наурыз айында бірінші тоқсаны бітті. «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Сөз мерген» ток-шоу бағдарламасының шығуына, Қазақ радиосында «Нағыз қазақ» бағдарламасының шығуына демеушілік жасап, қолдап отырмыз. «Хабар» арнасының «Қазақшаңыз қалай?» деген реалити-шоу бағдарламасының жүргізілуіне кеңес беріп, қолдау көрсетіп келеміз. Сосын «Айқын» газетімен де келісімге тұрғанбыз. Егер жобаларыңыз болса сіздермен де келісімге тұрып, қолдау керсетер едік. «Айқын» газеті жер-жерлердегі қате жазылған кафе, мекеме, көше атауларын, жарнама, хабарландыруларды суретке түсіріп, сыни мақалалар жариялап отырады. Соның ең қызықты, үздік шыққандарына елу мың теңге ақшалай сыйлық береміз. Бұл жердегі мақсат, қатесін көрсетіп мақтану емес, ұялту. Бұл «Ұят-ай!» деген айбар. Қазір кішкене ғана кафенің емес үлкен көшелердің аттары қатемен жазылып жатыр. Бұндай мәселеге енжарлықпен қарауға болмайды. Кемшілігін бетіне басып көрсету арқылы ұялтуымыз керек. Егер суреттер баспасөз бетінде жарық көргеннен кейін қателері түзеліп жатса, ол біздің жемісіміз деп есептейміз. «Нұр Отан» ХДП-мен келісіп қойдық. Партия енді қате жазулары бар суреттерді көрсетіп, мемлекеттік органдарға талап қояды. – Соңғы кезде қазақ ұлтының мәселесі жайында ғылыми-теориялық тұжырымдар жасап жүрсіздер. Бұған не түрткі болды? – Қазір қазақ ұлтының жаны мен тәні үшін күрес жүріп жатыр. Қазақтар тәуелсіздіктің сыртқы саяси сипаттарынан басқа игілікті көріп отырған жоқ. Мемлекет саясатында ұлтымызға пайдалы субъектілер көрсетілмеген. Қоғамда қазақ мүддесіне қабысбайтын көріністер күн санап өсіп келеді. Ұлттың табиғи түйсігі жақсылық пен жамандықты айыра алмайтын күйге ұшырай бастады. Ұлт руханияты еш құны жоқ бос кеңістікке қарай ығысып барады. Қазақпыз дегеннің бойларында қызғаншақтық, пасықтық, эгоизм, сияқты келеңсіз құбылыстар өршіп тұр. Мұның өзі моральдық азғындаудың нышаны. Оның сыртында қазақтардың әлеуметтік – психологиялық жағдайының нашарлығы, ана тілінің тапталуы, елдегі парақорлық, ұлт ретінде кемсітуге ұшырауы халықтың ашу-ызасын туғызуда. Осы мәселердің барлығы болашағымызға қатер. Ең басты қауіп, жоғарыдағы мәселелер жиналып келіп бір күні лақ етіп төгілетін болса басқа ұлттың өкілдеріне де оңай тимейді. Халықтар достығы жайына қалады. Осылай кете берсе түптің түбінде қазақ проблемасы сыртқа тебеді. Көзге көрініп тұрған қауіп жоқ, қазақтардың қолынан не келер дейсің, бәрі биліктің ойлағанындай болады, деген адам қателеседі. Қазақстандағы басқа ұлттар қазақ ұлтының рөлін көтеру арқылы ғана дами алады. Осындағы барлық этностардың жақсы тұруына, этносаралық жанжалдардың болмауына басты кепіл қазақтың өзі болуы керек. – Сонымен жұмысты неден бастадыңыздар? – Алдымен қазақ тіліне назар аудардық. Өйткені, қазақтың екіге жарылып тұрғаны осы мемлекетік тіл төңірегінде айқын байқалады. Мәселе тілде емес екен, сол тілдің иесі қазақтың өзінде екен. Себебі, ұлттың рухы жоғалған, кембағалдық тұрпаттағы түсінік қалыптасқан, өзін сыйлаудан, құрметтеуден қалып қойған екенбіз. Қоғамдағы орнын білмейтін дәрежеге түсіп кеткен, мемлекеттік сана қалыптаспаған, отаншылдық сезім мен мәдениет төмен. Осы сияқты пікірлерді салыстырып, сараптап отырып бірнеше жылдың алдында «Қазақ миссиясы» атты орыс және қазақ тілінде тұғырнама жазып шығардық. – Ұлттың рухын көтеру үшін қандай басты – басты факторларға назар аудару қажет? – Біз ұлттың саяси сана-сезімін зерттедік. Осыған көп көңіл бөлдік. Ұлттық арманы не? Мемлекетке көзқарасы, саяси тұғырнамасы қандай? Осы сұрақтарға көңіл бөле отырып, халқымыздың тарихына зер салдық. Сонда байқағанымыз, қазақтың ұлт болып тұтасып, бірлікке мойын ұсыну кезеңі жоңғар шапқыншылығы тұсында ерекше көрініс тапқан. Одан кейінде көтерілістер, соғыстар болды. Мысалы, Кенесары көтерілісі, осыған тұстас Исатай-Махамбет көтерілістері кезінде жоғарыдағы жоңғарға қарсы соғыстағыдай бірлік, байланыс байқалмайды. Әркім өзінің ата-бабасының қонысы маңында тар шеңберлі көтерілістер ұйымдастырған. ХІХ ғасырдағы бас көтерудің ішінде маңыздысы Кенесарының көтерілісі. Өйткені оның мазмұны бүкіл қазақтың басын қосу ниетінде болды. Осы көтеріліске әлі күні лайықты тарихи баға берілген жоқ. Кенесарымен қатар соғысқан Махамбет пен Исатай даңқы жақсы көтерілді. Олардың күресін ұлт азаттық емес, таптық күрес ретінде қабылдаған Кеңес Одағы кітапқа енгізуге рұқсат берді. Жоғарыда айтқан ұлттың рухын оятуда кезінде сол көтерілістер әсер етті. Одан кейін қазақ тарихында «Зар заман» басталды. Абай, Ыбырай бастаған биік саналы адамдар халықты білім алуға шақырды. Олар орысты біліммен, болмаса қарумен жеңе алмайтынын түсінді. Одан кейін өткен ғасыр басында тарих сахнасына Алаш көсемдері шықты. Бұлар біліммен толық қаруланған, нағыз мемлекеттік сана-сезімі кемел қалыптасқан, мемлекет құрудың үздік үлгісін меңгерген адамдар еді. – Алаш көсемдері демекші, Ресей жерінде біздің қаншама ұлт зиялыларының сүйегі жатыр, соларды Қазақстанға алып келу үшін қандай жұмыс жүргізілуде? Соның бірі Кене ханның басы дегендей... – Кенесарының басы белгісіз болып тұр. Егер бар болса, Елбасы өзі-ақ барып әкелер еді. Біреулер «Петерборда тұр» десе, енді біреулері «Омбыда ма, Орынборда ма?» дейді. Ол туралы жиі-жиі мәселе көтерген сайын қуанамын. Бір жағынан ұлтымыздың Кенесары алдында айыбын сезініп тұрғаны дұрыс шығар деп ойлаймын. Себебі кезінде елі оны қолдаған жоқ, ұлт болып бірігіп күреспеді. Жанындағы жолдастарының арасында сатып кеткендері болды. Ескерткіш қойылып жатыр, кітаптар шығып жатыр. Дегенмен де, «сүйегі табылмады» деп жоқтауымызды тоқтатпасақ, оның «жетім» қалғанын білдірмесек, ол бас табылсын, табылмасын, жоқ болса да мәселе көтере бергеніміз дұрыс. Кенесары алдында өз кінәмізді мойындауымыз керек. Алаш зиялыларының алдында да кінәліміз. Оларды да бірігіп қолдамадық. Керісінше комунистерді қолдап, бір-бірімізді қойша қырып отырдық. Өз-өзімізді орыстың алдында масқаралап, жығып бердік. Жақында Мәскеуге барып келдік. Ресейде Смағұл Сәдуақасовтың өртенген күлі сақталып тұр екен, соны көрдік. Бірақ, туған жеріне алып келу үшін, жайдан-жай бере салмайды, құқықтық қажеттіліктері бар екен. Мысалы, Әлихан Бөкейханов жайлы Қоғабай Сәрсекеев ағамыз мәселе көтеріп жүр. Кезінде зиялылардың денелерін крематорийге өртеп, көме берген ғой. Оларды «Бауырластар» зиратына жерлепті. Барып көрдік. Бір белгі қоюға болады екен. Сосын, Жүсіпбек Аймауытовтың зираты бар дегенді естіп, «Новодевичье» зиратына бардық. Бірақ ешкім іздеп келмеген соң, орнын ығыстырып, алып тастапты. Тұрғылықты халықтың айтуынша 1960-70 жылдары сол жерде жатқан екен. Енді Жүсіпбек Аймауытовтың зираты жоқ. Ахмет Бірімжановтың күлі Петербор қаласында тұр деген деректер бар. Мен Алаш мәселесін зерттемесем де жиі көтеріп жүремін. Алаштың маған зерттеуші ретінде емес, идеологиялық құндылық ретінде маңызы бар. Кенесары да солай. Оның идеологиялық құндылығы, тәлім-тәрбиелік маңызы өте зор. Егер де шешім болса, олардың сүйегін не күлін әкеліп жерлеуге әбден болады. Мысалы, Ресейде кезінде қырғын соғыс жасаған Деникинді әкеліп жерлеп жатыр. Петропавлға императрицаларын әкеліп жерледі, оны айтып жатқан ешкім жоқ. Солардан кембіз бе? Германиядан Мұстафа Шоқайды немесе Ресейден жаңағы тұлғаларымызды неге әкеле алмаймыз? Әкеле аламыз, әкелуіміз де керек. Олар өлгенде артынан ұрпақтары іздеп келеді деп үміттеніп те кеткен шығар. Алайда, көбінің ұрпақтары да қалмады. Барлары өздерін тек генетикалық тұрғыдан ғана ұрпағымыз деп есептейді. Физикалық тұрғыдан оларға бәрібір. Мысалы, Ә.Бөкейхановтың Мәскеудегі ұрпақтарына барып, кездесу ұйымдастырып, конференция өткізгіміз келген. Бірақ, ешқандай бір қызығушылықты байқамадық. Баяғы Кеңес Өкіметінің езгісіне әбден жаншылып, бойларында үрей қалып қойған. Әрі айтып, бері айтып көрдік. Селт етпейді. Себебі, бұлар екінші, үшінші ұрпақтары екен. Елімізде Құдайға шүкір, Ахмет Байтұрсынов, Қошке Кемеңгеровтың, Міржақып Дулатовтың ұрпақтары бар. Бұларға бүкіл қазақ құрмет жасаса артық болмас еді. Мұстафа Шоқай мен Смағұл Сәдуақасовтың бастарына өзім барып көрдім. Мүмкін, Елордадан соларды жерлейтін үлкен бір «пансионат» сияқты орын белгілесе дұрыс болар еді. Халқымыз бастарына тағзым жасап, Құран бағыштар еді. Келешек ұрпаққа да үлкен тәрбиелік мағынасы бар іс болар ма еді. Мемлекеттен талап етпей-ақ, қаржыландыру болып жатса өзіміз-ақ шамамыздың келгенінше бастаймыз деп отырмыз. Бұған бір саяси шешім керек болып тұр. Бүгін болмаса да болашақта шешімін табатынына кәміл сенемін. - Қазақта Кенесарыдан басқа да көптеген батырлар өтті. Осыларды ұлықтау жөнінен не айтасыз? - Біз Кенесарының жанындағы батырларын еске алмай жүрміз. Құдайға шүкір, Балқашта үлкен батыры Ағыбайға ескерткіш қойылды, бейіті бар. Одан басқа да, қаншама батырлары бар. Мысалы, Атбасарда Тілеміс деген «Жеке батыры» болыпты Оны ерлігі үшін Кенесары «Жеке батыр» деп атаған. Жанайдар деген батыры І.Есенберлин шығармаларында жақсы жазылған. Бірақ ешкім біле бермейді. Баубек деген батыры бар. Иман деген батыры болған. Ол Амангелді Имановтың атасы екен. Сол сияқты, Жәуке, Таймас, Байшығара батырларын халық білмейді. Кенесарының туған інісі Наурызбай батырдың өзі онша айтыла бермейді. Солардың бейіттері қайда жатыр? Білмейміз. Батырларымыздың туған ауылдарының әлі күнге бірінің атауы «Кондратевка», бірінің аты «Семеновка». Ең құрығанда сол ауылдарға аттарын бере алмай жүрміз. Осыларды да түгендеп алсақ жақсы болар еді. Арнайы бағдарламамен батырларымызды түгендеп, тым болмаса көше аттарын берейік. Батырларымыздың қандай болғанын айтып отырайық. Қызылордада Жанқожа батыр, Батыста Есет батыр Көтібаров жөнінде орыстармен ұрысқаны үшін аттарын айтуға рұқсат берілмеді. Дегенмен, олар өз төңіректерінде Махамбет, Исатайлармен қатар танылды. Осы сияқты, ашаршылық жылдарындағы көтерілістер жөнінде де деректер аз. Созақ көтерілісін кім басқарды? Маңғышлақта Адай көтерілісі, Семей жақта Абыралы көтерілісі, Алматы облысының Ақсу жеріндегі көтерілістерді кім басқарды? Мамандардан басқа ешкім білмейді оны. Бұл көтерілістердің рөлі 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінен кем емес. Сондықтан, бұлардың бәрін әділетті түрде халқымызға айту керек. – Қай кезеңде де халық өзі сенген жеке тұлғаның көшбасшылық қабілетіне арқа сүйеген. Ондай оқиғаны басқа халықтар тарихынан көптеп келтіруге болады. Қазақ тарихындағы осындай тұлғалар туралы не айта аласыз? – Қоғамдағы беделді адамдар болсын, демократиялық көзқарастағы қайраткерлерде нақты мәселеге келгенде табансыз. Басқа халықты ренжітіп алмайық, биліктің көңіліне келіп қалмасын деп тайғақтық танытады. Былайша айтқанда, аса белсенді орыс тілді элитаның ықпалынан да жасқанатын сияқты. Орыс тілді элита өздеріне ұнағанды халықтың бәріне ұнайды деп түсінеді. Оларды жеңудің жолы қазақ тілді азаматтар барлық жағынан күшейіп, көшбасшылық қабілетке иелік етуі керек деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметте отырған, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарымыз жаңағыдай нақты шешім қабылдар кезде әлсіздік танытады. Мәселе мінезде болып тұр. Бұларда тіл бар, ана тілін біледі, бірақ оны сөйлететін рух жоқ. Айналасына қарап алып орысшалап кетеді. Сол себепті үлкен саяси қадамға баратын тұлғалар жоқтың қасы деуге болады. – Желтоқсан оқиғасы мен «Невада - Семей» қозғалысы патриоттық маңызы жағынан үлгі тұтуға лайық емес пе? – Әрине, Желтоқсан оқиғасының орны бөлек. Одан кейінгі халыққа әсер еткен дүние «Невада-Семей» қозғалысы болатын. Бұлар үлгі тұтуға татитын оқиғалар. Алғаш «қайта құру» басталған тұста елімізде саяси емес экологиялық, рухани мәселелер күн тәртібіне шықты. Бұл Желтоқсан оқиғасында аузы күйіп қалғанның әсері болар Арал теңізі, Семей полигоны деген сияқты. Одан кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы «Азат» қозғалысын айтпағанда, біздегі саяси ұмтылыстар 2001 жылдан басталады. Ұлттық дамуға тежеу көбейген сайын саяси сана да агрессивті түрде қалыптасып келеді. Тарихта қандай ұлт болмасын оның пассионарлық әрекеті болады. Ол орта буынның рухани мәдениеті толысқан жағдайда іске асады. Біздегі ең үлкен трагедия қазақ ұлты тілдік тұрғыдан екі топқа бөлініп барады. Арасы күн сайын алшақтай түсуде. Осыны болдырмау керек. Сөйте тұра орыс тілді қазақтар арасында этникалық ынтымақтастық бар. – Қазіргі жағдайда қазақтың ең жаман қасиеті жайлы не айтасыз? – Басқа ұлттарға қарағанда қазақта жиі кездесетін ауру ол: жеке бастың немесе бас пайданың қамы. Осы қазір бірінші орында тұр. Әсіресе зиялы қауым болсын, мемлекеттік жауапты қызметтегі адамдардың қай-қайсы жеке бастың қамын көп ойлайды. Солардан арылудың жолы ретінде Алаш көсемдерінің іс-әрекетін ұсынуға болады. Ұлтты осындай образдар арқылы тәрбиелемесе болмайды. Әңгімелескен Бейбітгүл ИСАЕВА

5120 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы