• Тіл
  • 17 Сәуір, 2009

Айылын жияр емес

Ақтөбе қаласында «Қазақойл-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Соңғы үш жылдан бері мекемеге Берікбай Жанесенов басшы болып келеді. Кәсіпорынның құрылғанына он жыл уақыт өтті. 500-ге жуық адамы бар іргелі кәсіпорын осы мерзім ішінде өндірістік жағынан табыс биігінен көрініп, талай асуларды бағындырған да шығар, біз оған шек те келтірмейміз. Алайда, мемлекеттік тілдің бағын ашып, көсегесін көгертуде мардымды іс- қимыл көрсете алмай отырғанын айтуға тиістіміз. 2007 жылдың 13 наурызында мекемені сол жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік тілге толығымен көшіру туралы ұжым жетекшісінің бұйрығы шыққан. Оған да, міне, зулап екі жылдан астам уақыт өтті. Өкініштісі сол құжат шаң басқан күйі қызмет тартпасында «тұншығып» жатыр. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы бірінші рет «Қазақойл-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2007 жылдың маусым айында зерттеу жүргізген. Басқарма мамандарының сол зерттеу-талдау анықтамаларына қайта бір көз жүгіртсек мекемеде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту туралы ауыз толтырып айтарлық жұмыс жасалмаған. Сол кезде штаттық құрамның 9 пайызы, басшылық құрамның 23 пайызы ғана мемлекеттік тілде іс қағаздарын әзірлей алады екен. ... Міне, араға екі жылға жуық уақыт, дәлірек айтсақ, бір жыл тоғыз ай салып басқарма мамандары аталмыш серіктестікте зерттеу жүргізген кезде де айтарлықтай өзгерістердің болмағандығын көріп, қатты қынжылды. Штаттық және басшылық құрамның қазақ тілін қаншалықты «қадірлеп» отырғандығын бөлімдердегі іс қағаздарын қараған кезде көзге бірден шалынды. Он бөлім бастықтарының дені қазақ ұлтынан болса да тілге деген титтей де жанашырлық сезілмейді. Мысалы жеке құраммен жұмыс істеу бөлімінен 2008 жылы шыққан 212 шығыс құжатының 208-і немесе 99 пайызы орыс тілінде дайындалған. Құжаттардың түрлеріне көз жіберсек, айталық, қызметкерлердің еңбек демалысына шығу кестесі, бөлімнің жұмыс ережесі, лауазымдық нұсқаулар, іс сапар туралы есептер, хабарландыру, ескерту хаттары сияқты күрделі емес дүниелерді мемлекеттік тілге аудару онша қиындық келтірмейді ғой. Мұнай өткізу, еңбек және қоршаған ортаны қорғау, күрделі құрылыс бөлімдерінің материалдары да түгелдей орыс тілінде. Бұлардың бәріне жеке-жеке тоқталып, оқырмандарды мезі еткіміз келмейді. Өйткені бөлімдердегі іс қағаздарын парақтап, қарап отырған кезде Қазақстанда емес, Ресейдің бір іргелі кәсіпорынын тексеріп отырғандай күй кешесің. Өйткені қазақ тіліндегі құжаттар немесе олардың аудармалары ұшыраспайды. Мұндай келеңсіздік нені көрсетеді? Ең алдымен серіктестік аппаратында іс қағаздарын мемлекеттік тілге кезең-кезеңмен көшірудің нақты іс-жоспары бекітілмеген. Мекемеде мемлекеттік тілді барынша кеңінен қолдану барысына мониторинг жүргізілмейді. Аппараттық кеңестерде бөлім бастықтарының мемлекеттік тілде іс жүргізу жайы туралы есептері мүлдем тыңдалмайды. Қызметкерлердің басшылармен, әріптестерімен күнделікті іс-қимыл, қарым-қатынасы үшін орыс тілін қолдану жағы өте басым. Аппаратта түрлі деңгейдегі басқосулар, жиын – жиналыстар, алқалы мәжілістер тек қана орыс тілінде өтеді. Алғашқы 2007 жылғы тексерістен кейін екі жылға жуық мерзім өтсе де серіктестік мемлекеттік тілге көшу жөнінде ұмтылыс танытатын емес, қайта керісінше, «Не істер екенсіңдер?» дегендей айылын жимай отыр. Сол кездегі анықтамада жазылған талаптардың бірде-бір бабы орындалмаған. Мекемеде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның орындалуына назар аударылмағандығы былай тұрсын, аталмыш құжаттағы көпке ортақ заң талаптарын белінен басып, шекесінен қарайтын қызметкерлер де табылды. Солардың бірі кеңсе меңгерушісі – Г.Байқадамова. Байқадамова өзі қазақ ұлтынан бола тұра өз ана тілін құрметтемейтіндігін, турасын айтсақ менсінбейтіндігін байқатты. Басқа басқа, өз қандастарыңыз қарсылық көрсетіп, дөрекі мінез танытып жатса не дерсіз! Ең алдымен айтарымыз – жалпы мекемеде орнықты материалдық-техникалық база жасалмаған. Қазақ тілін оқыту кабинеті жоқ. Бұл да болса немқұрайлылықтың белгісі. 2004-2006 жылдары мекемеде мемлекеттік тілді үйрету курсы болған. Онда кезінде отыздан астам қызметкер дәріс алған. Жанесенов осында басшы болып келгеннен тілді үйрету курсы тоқтап қалған. Осы оқыту курсы дегеннен шығады, өткен 2008 жылы мекеме 718 мың теңге бөліп, 30 қызметкерін «Тілдерді оқыту орталығында» оқытқан. Сонда жалпы саны 60 қызметкердің мемлекеттік тілден толық хабары бар. Бұл ұжымдағы жеті адамның бірі қазақша жаза білмегенімен ауызекі түсінеді деген сөз. Сондықтан оларға тиісті жағдай жасап, материалдық жағынан ынталандырып, тілге деген қызығушылықтарын оятса, іс алға басар еді. Мемлекеттік тіл десе мұрынын шүйіретін кейбір шолақ бастықтарға арнаулы кабинет беріп қойғанша, Жанесенов елінің ертеңін ойлап, қазақ тілі кабинетін көздің жауын алатын құрал-жабдықтармен жасақтап, тіл мәселесін осынша ушықтырмай, сөзбұйдаға салмай, шұғыл шешіп жатса кім не айтады дейсің.Өкініштісі мемлекеттік тіл турасында бірде бір шара жүзеге аспай отыр. Мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттар жоқтың қасы. Бұдан екі жыл бұрынғы көрініске ешқандай өзгертулер енгізілмеген. Мысалы, 2007 жылы қабырғаларға ілінген көрнекті ақпараттар, бөлімдердегі жұмыс кестелері, үлгілер түгелдей орыс тілінде болса, арада екі жыл өтсе де сол қалпында тапжылмай тұр. Бір ізділік жоқ. Серіктестік қызметкерлерінің лауазымдары кейбір есіктердің сыртына орысша және ағылшынша жазылған. Сонда біздің қазақ тілі үшінші де болмай, жетімсіреп, шеттеп қалып тұр ғой. Тіпті бір қызығы, ұят та болса айта кетуге тура келеді, ерлер мен әйелдерге арналған дәретханалардағы нұсқаулық бір ғана ағылшын тілінде жазылған. «Осы ұжымда мемлекеттік тілді дамытуға не кедергі болып тұр?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Былайғы жұртшылық бар мәселе кадрларда ғой деп, көкейге кептелген ойларын бүкпесіз жайып салар еді. Сондықтан көпшіліктің осындай пікіріне жауап беру үшін ең алдымен серіктестікте еңбек ететін мамандардың ұлттық құрамына назар аударайық. Егер 2007 жылы 429 қызметкердің 358-і, яғни 84 пайызы қазақтар болса, 2009 жылы штат кестесі бойынша бұл сан 447 қызметкерге өскен, оның 69-ы, яғни 18, 7 пайызы өзге ұлт өкілдері. Сонда 81 пайыздан астамын қазақ ұлты құрап отырған мекемеде мемлекеттік тілдің халі мұнша мүшкіл болуы тек оған деген жанашырлық пен қолдаудың жоқтығынан десек қателеспейміз. Сағындық Ниянқұлов. Ақтөбе облысы

3555 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы